Хадис

Кутуб ситтә, № 3955

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
535. Алла елшісі мен сахабалары жеген тағамдар
Нөмірі
№ 3955 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 15
3955
Кутуб ситтә, № 3955 · тараудағы реті: 15Риуаят етуші: Сәһл ибн Сағд

وَعَنْ سَهْلِ بْنِ سَعْدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنَّا نَفْرَحُ بِيَوْمِ الْجُمُعَةِ، كَانَتْ لَنَا عَجُوزٌ تَأْخُذُ أُصُولَ السِّلْقِ فَتَطْرَحُهُ فِي الْقِدْرِ، وَتُكَرْكِرُ عَلَيْهِ حَبَّاتٍ مِنْ شَعِيرٍ، وَاللَّهُ مَا فِيهِ شَحْمٌ وَلَا وَدَكٌ، فَإِذَا صَلَّيْنَا الْجُمُعَةَ انْصَرَفْنَا، فَنُسَلِّمُ عَلَيْهَا فَتُقَدِّمُهُ لَنَا، وَكُنَّا نَفْرَحُ بِيَوْمِ الْجُمُعَةِ مِنْ أَجْلِهِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ. «تُكَرْكِرُ»: أَىْ تَطْحَنُ.

Қазақша аудармасы

Сәһл ибн Сағд (р.а.) былай дейді: «Жұма күндері қуанатынбыз. Арамыздағы бір қария әйел жапырақты қызылшаның тамырын қазанға салып, үстіне арпа дәнін үгітіп пісіретін. Алламен ант етемін, бұл аста іш май да, ерітілген май да болмайтын. Жұма намазынан шыққан соң сол әжейге барып сәлем беретінбіз. Ол әлгі асты алдымызға қоятын. Жұма сайын қуанатынымыз да содан еді».1

Түсіндірме

1. Бұхари келтірген кейбір қосымшалар хадисті айқындай түседі: «Арамыздағы бір әйел егістігінің төрт әулек жеріне жапырақты қызылша егетін. Жұма күні қызылшаның тамырын жұлып, қазанға салып, үстіне бір уыс тартылған арпа қосып пісіретін. Қызылшаның тамыры астың ішіндегі етті сүйектей көрінетін. Біз жұма намазынан шығып, әлгі әйелге сәлем беріп, үйіне баратынбыз. Ол сол астан әкелетін, біз жейтінбіз. Осы асты күтіп, жұма күнін асыға тосатынбыз». Бір риуаятта жұма намазына ертерек бару үшін ертеңгі асты да, түскі ұйқыны да намаздан кейінге қалдырғандары айтылады.

2. Хадистен түйетін тағылымдар

• Әйелге сәлем беруге болады.

• Ас жұпыны болса да, қонаққа ұсыну – мұстахаб.

• Сахабалардың қанағатшылдығы, тұрмысының жұпынылығы, намазға ықыласпен асығатыны байқалады.

• Ахмад ибн Ханбал осы хадиске сүйеніп, жұма намазын күн тас төбеден ауғанға дейін оқуға рұқсат деген. Зәйн ибн әл-Мунир, керісінше, хадистен жұма намазы күн ауғаннан кейін оқылған деген үкім шығарған. Оның айтуынша, жұрт әдетте күн аумай жатып көз шырымын алатын. Сахабалар жұмаға арнайы дайындалғандықтан, күндізгі ұйқыны намаздан кейінге қалдырғандарын айтады.

  1. 1Бұхари, Атғима 17, Жұма 40, 41, Харс 21, Истизан 16, 39; Мүслим, Жұма 30, 32, (859, 860).