وَعَنْ عَدِيِّ بْنِ حَاتِمٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «الْيَهُودُ مَغْضُوبٌ عَلَيْهِمْ، وَالنَّصَارَى ضُلَّالٌ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Ади ибн Хатимнен (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Яһудилер қаһарға ұшыраған, ал христиандар тура жолдан адасқан».1
Түсіндірме
Алла елшісі (с.а.с.) «Фатиха» сүресінің соңғы аятындағы «мағдуби аләйһим» тіркесі Алланың қаһарына ұшыраған яһудилерді, ал «даллин» сөзі тура жолдан адасқан христиандарды меңзейтінін түсіндірген. Яһудилердің қаһарға ұшырағаны Құранның бірнеше аятында айтылады.2 Сол аяттардың бірінде былай делінген: «…Содан олар қорлық пен жоқшылық қамытын киіп, ақырында Алланың қаһарына ұшырады. Иә, солай болды, өйткені олар Алланың аяттарына сенбей, пайғамбарларды нақақтан-нақақ өлтіретін еді. Иә, солай болды, өйткені олар үнемі (Аллаға) қарсы келетін һәм күнә жасауда шектен шығатын»3. Ал келесі аятта олардың Алланың қаһарына ұшырағаны анық айтылады.
«Бұзауды тәңір тұтқандар, шүбәсіз, жақында Раббыларының қаһарына ұшырайды һәм бұл дүниеде қорлық көреді. Біз жалақорларды, міне, осылай жазалаймыз!»4
«Исрайыл ұрпақтарынан күпірлікке бой алдырғандар Дәуіт пен Мариямұлы Исаның тілімен лағынеттелді. Өйткені олар (Аллаға) қарсы келіп, азғындықта үнемі шектен шығатын еді».5
Аяттарда яһудилердің пайғамбарларды нақақтан-нақақ өлтіргені, Алланың әмірлеріне бағынбағаны, астамшылық пен азғындыққа бой алдырғаны айтылады. Олар осы істері үшін Алланың қаһарына ұшыраған. Ал христиандардың тура жолдан таюына қасиетті кітаптарды бұрмалау, әзірет Исаға құдайлық сипат телу және дінбасыларын өздеріне тәңір тұту секілді істер себеп болған.