Хадис

Кутуб ситтә, № 3867

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
514. Етеккір кезіндегі тазалық
Нөмірі
№ 3867 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
3867
Кутуб ситтә, № 3867 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ أَبِي حَازِمٍ قَالَ: «سَأَلْتُ سَهْلَ بْنِ سَعْدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: هَلْ أَكَلَ النَّبِيُّ ﷺ النَّقِيَّ؟ فَقَالَ: مَا رَأَى النَّبِيُّ ﷺ النَّقِيَّ مُنْذُ ابْتَعَثَهُ اللَّهُ تَعَالَى حَتَّى قَبَضَهُ فَقُلْتُ: هَلْ كَانَتْ لَكُمْ مَنَاخِلُ؟ فَقَالَ: مَا رَأَى النَّبِيُّ ﷺ مُنْخِلًا مِنْ حِينِ ابْتَعَثَهُ اللَّهُ تَعَالَى حَتَّى قَبَضَهُ. قُلْتُ: كَيْفَ كُنْتُمْ تَأْكُلُونَ الشَّعِيرَ غَيْرَ مَنْخُولٍ؟ قَالَ: كُنَّا نَطْحَنُهُ وَنَنْفُخُهُ فَيَطِيرُ مِنْهُ مَا طَارَ وَمَا بَقِيَ ثَرَيْنَاهُ فَأَكَلْنَاهُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالتِّرْمِذِيُّ. «النَّقِيُّ»: الطَّعَامُ الْأَبْيَضُ الْحَوَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Хазым былай деген: «Сәһл ибн Сағдтан (р.а.): “Алла елшісі (с.а.с.) кебексіз ұннан пісірілген ақ нан жеген бе?” – деп сұрадым. Ол: “Алла оны пайғамбар етіп жібергеннен өмірден озғанға дейін ақ нан көрмеді”, – деп жауап берді. “Електерің бар ма еді?” – дедім. “Алла оны пайғамбар етіп жібергеннен өмірден озғанға дейін ол елек те көрмеді”, – деді. “Арпаны елемей қалай жейтін едіңдер?” – деп сұрадым. Ол: “Арпаны тартып, үрлейтінбіз. Үрлегенде кебегі ұшып кететін. Қалғанына су қосып, илеп жейтінбіз”, – деді».1

Түсіндірме

1. «Нақи», басқаша айтқанда «хуари» – қайта-қайта еленіп, кебегінен арылған ақ ұн.

2. Хадис Алла елшісі (с.а.с.) заманында арабтар арасында елек кең таралмағанын көрсетеді. Сондықтан арпа ұнынан ас жасамас бұрын оны үрлеп, ірі кебектерінен ажыратқан.

Риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) кебегі аралас ұн пайдаланғанын көрсетеді. Бұдан ұнды елеу мәкруһ деген үкім шықпайды. Сәһлге қойылған сұрақ сахабалардың кейінірек бұрын үрлеп тазартқан кебекті елекпен ажырата бастағанын аңғартады.

Арпаның негізгі азық болуы және ұнның кебегін үрлеу арқылы ғана тазарту Алла елшісі мен сахабалар заманындағы ас ішу салтын көрсетеді. Кебегі толық алынбаған ұн құнарлы болады. Кебек аралас арпа ұнының наны қатты әрі дәмі жұтаң болғандықтан, оның ең алдымен қоректік қасиеті бағаланғанын көреміз. Алла елшісі мен сахабалары асты өмір сүруге қажет азық деп білген. Олар «дәмді ас ішсем», «тамақтан рахат алсам» деген құмарлыққа берілмеген. Автор мұндай құмарлықтың жеке адам мен қоғамға кесел әкелетінін айтып, олардың асты өз жаратылыс мақсатына сай тұтынуда алғашқылардың бірі болғанын пайымдайды.

3. Ибн Хажар Сәһлдің сөзінен пайғамбарлыққа дейінгі кезеңнің бөлек қарастырылғанын байқайды. Оның айтуынша, Алла елшісі сол кезеңде Шамға барып, ол жақта ақ нан мен елек көруі мүмкін. Пайғамбарлықтан кейін негізінен Мекке, Мәдина мен Тайыфта болған. Бұл араб өңірлерінде елек те, ақ ұн да қолданылмаған. Шам төңірегіндегі Табукке барғанымен, ол жақта ұзақ тұрақтамаған. Сол қысқа уақытта ақ ұн мен елек көрмеуі мүмкін.

4. Осы тұста бір сұрақ туады. Кейбір риуаяттарда Алла елшісі мен сахабаларының бірнеше күн аш қалып, қарындарына тас байлағаны айтылады. Өзге риуаяттарда Алла елшісінің отбасына бір жылдық азық бөліп бергені, олжадан түскен бір түйені төрт адамға бөлгені, умра кезінде жүз түйе құрбандыққа шалып, етін кедейлерге таратқаны, бір бәдәуиге бір отар қой бергізгені баяндалады. Әбу Бәкір, Омар, Осман, Талха (р.а.) сияқты дәулетті сахабалар жандарын да, малдарын да Алла жолында аямаған. Алла елшісі садақа беруге шақырғанда, Әбу Бәкір бар малын, Омар малының жартысын берген. Әскер жасақтауға шақырғанда, Осман мың түйе берген. Бір қарағанда үйлеспейтін осы деректерді қалай түсінуге болады?

Ғалымдар бұл риуаяттарда олардың өмірінің әр кезеңі суреттелгенін айтады. Дүниеден безіп, жоқшылықты артық санау көзделмеген. Бір риуаяттарда Алланың берген кеңшілігі айтылса, бірінде көп жеудің, тоя тамақтанудың мәкруһтығы аңғартылады.

Ибн Хажар келтірілген хадистердің мақсаты байлықтан бездіру болмағанына назар аудартады. Ибн Хиббан «Сахихында» Айшаның: «Біздің құрмаға тойғанымызды айтқан адам өтірік айтады. Құрайза алынғанда ғана біраз құрма мен іш майға қолымыз жетті», – дегенін келтіреді. Хайбар алынғанда Айша: «Енді құрмаға тоямыз», – деген. «Китаб әл-атғимадағы» бір риуаятында: «Алла елшісі (с.а.с.) құрмаға тоятын болған кезімізде дүние салды», – дейді. Ибн Омар (р.а.): «Хайбар алынғанда құрмаға тойдық», – деген.

Ибн Хажар осы риуаяттардан кейін былай түсіндіреді. Сахабалардың көпшілігі һижретке дейін Меккеде жоқшылық көрді. Мәдинаға келгенде де жағдайлары ауыр еді. Ансар оларға баспана мен дүние-мүлік жағынан жәрдем берді. Бәни Надыр алынғаннан кейін және кейінгі жеңістерден соң тұрмысы түзелген мұһажирлер ансардың бергенін қайтарды. Осы жайды Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзі де аңғартады: «Алла жолында мен көрген қорқынышты ешкім көрген емес. Алла жолында мен көрген жәбірді де ешкім көрген емес. Отыз күн мен отыз түн өткенде Біләл екеуіміздің азығымыз оның қолтығына сыятын мөлшерден аспаған кез болды». Молшылыққа қолы жете тұра, Алла елшісі осы өмірді өзі таңдаған. Тирмизи Әбу Умамадан мына сөзді жеткізеді: «Раббым Меккенің кең жазығын маған алтын етуге ұсыныс білдірді. Мен: “Уа, Раббым! Бір күні тоқ, бір күні аш болуды қалаймын. Ашықсам, Саған жалбарынайын. Тойсам, Өзіңе шүкір етейін”, – дедім».

  1. 1Бұхари, Атғима 22, 10; Тирмизи, Зүһд 38, (2365).