Хадистер
Етеккір – әйелдер тазалыққа ерекше көңіл бөлетін кезең. Дінімізде де бұл мәселе жан-жақты қарастырылған. Біз оны осы кітапта келтірілген хадистер мен түсіндірмелер аясында ашуға тырыстық. Етеккір кезіндегі тазалықтың бұрын қалай сақталғаны және сол күндері әйелдердің нені ескергені жөнінде өз дәуіріндегі дәрігердің жазғанын келтіреміз. Сұрақ-жауап түрінде жазылған үзіндіні түсіну оңай.
Етеккірдің қоғамдық және тазалық қырлары. Дәрігер Әли Кемал Белвиранлының «Ислам ұстанымдары» кітабынан алынған сұрақ-жауап.
Сұрақ: «Елімізде қыздар көбіне қай жастан бастап етеккір көре бастайды?»
Жауап: «12–13 жаста».
Сұрақ: «Қыз баланың етеккірі жақындағанын сырттай байқауға бола ма?»
Жауап: «Зейінді әрі түсінігі мол ана қызының дене бітіміндегі өзгерістерден оның етеккірі жақындағанын аңғарады».
Сұрақ: «Қызы он екі жасқа жақындаған білімді, түсінігі мол ана осы кезеңде ең алдымен не істеуі керек?»
Жауап: «Мұндай кезеңде ананың ең маңызды міндеті – қызына етеккір туралы түсіндіру. Ол үшін қызымен құрбысындай сырласып, бір күні зәр жолынан аздап қан келгенін байқауы мүмкін екенін, одан қорықпау керегін, мұның болашақта ана болатын қыздардың бәріне тән қалыпты құбылыс екенін айтады. Оның етеккір деп аталатынын, жүктілік пен босанғаннан кейінгі кезеңді есептемегенде, 45–50 жасқа дейін ай сайын қайталанатынын түсіндіреді. Алла әйелді осындай жаратылыспен жаратқанын, мұнда талай иләһи мақсат барын айтып, етеккір кезінде тазалыққа ерекше көңіл бөлуге баулиды».
Сұрақ: «Ана осы міндетін атқармаса не болады?»
Жауап: «Ол өзінің бұл мәселеден бейхабар екенін немесе қызына жеткілікті жанашырлық танытпағанын көрсетеді. Қызының өмірде жасқаншақ, тұйық, ашушаң, өңі солғын болып өсуіне де себеп болады».
Сұрақ: «Анасының өзі қызына кеңес беруге жетерліктей білмесе, не істесін?»
Жауап: «Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) “Ілім үйрену – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз” деген хадисі бар. Осы хадиске сай әр мұсылман ана бұл мәліметтерді білуге міндетті. Қыз балаларға өздеріне қажет мәліметтерді үйретуге, олардың сауатты болып өсуіне мектеп те жауапты».
Сұрақ: «Етеккір десе, ойға ең әуелі не келеді?»
Жауап: «Тазалық».
Сұрақ: «Неліктен?»
Жауап: «Әйелдің тән саулығы, көңілінің тыныштығы мен сергектігі етеккір күндеріндегі тазалығына да байланысты. Етеккірдің ай сайын белгілі мерзімде басталып, аяқталуы, қанның қалыпты мөлшерде әрі ауырсынбай келуі де маңызды».
Сұрақ: «Сонда тазалық әйелдер үшін ерлерге қарағанда маңыздырақ па?»
Жауап: «Иә, әлдеқайда маңызды».
Сұрақ: «Тазалыққа әйелдер неліктен сонша мән беруі керек?»
Жауап: «Етеккір, жүктілік, босану мен босанғаннан кейінгі кезең секілді физиологиялық құбылыстар және гормондық өзгерістер әйелдің тазалыққа мұқият қарауын қажет етеді. Бұған мына себептер де қосылады:
– әйелдің жыныс мүшесінің екі дәрет жолының арасында орналасуы;
– осы тұста бөлінділер мен қалдықтардың болуы;
– осы аймақтағы көптеген май безінен бөлінетін заттар;
– сол тұста өсетін түктер;
– етеккір кезінде және одан кейінгі күндері бөліндінің көбеюі;
– етеккір қанының өзіне тән өткір иісі.
Етеккір кезінде әйелдің денесінен, тері мен демінен, шап тұсы мен омырауының астынан “менотоксин” деп аталатын улы иіс тарайтынын да айтуға болады. Осындай жайттар әйелдің тазалыққа қаншалықты мән беруі керегін аңғартады деп ойлаймын».
Сұрақ: «Қыз-келіншектер үшін тазалықтың маңызын түсіндік. Енді сол тазалықты қалай сақтаған жөн?»
Жауап: «Бұл тазалықты сақтау үшін әрбір қыз-келіншек:
– дәкеден қиып тігілген жұмсақ мата немесе теңіз жөкесін және сапалы сабын дайындап қоюы керек;
– қалыпты күндері де, етеккір кезінде де күніне кемінде бір рет дәке не жөкені жылы сабынды суға малып, шап тұсын жуып, құрғатып отыруы керек;
– кешке жатарда тісін тазалап, аяғын, әсіресе саусақтарының арасын, сабындап жууы керек;
– әдеттегі күндері кемінде күнара, етеккір күндері күн сайын жылы сумен жуынуы керек. Жуынғанда шап тұсын, омырау мен қолтық астын, саусақтарының арасын сабынды матамен жуғаны жөн. Шашын қымбатқа жасатқанын мақтанышпен айтып, бұзылып қалмасын деп етеккір кезінде жуынудан тартынған, қажетінде ғұсыл алмаған талай әйел ақырында ауыр дертпен ауруханаға түсіп, жатыр немесе сүт безі қатерлі ісігіне шалдығып, өмірден озған. Әйел де, ер де өзі аңсаған амандық пен денсаулыққа иман, құлшылық және тазалық арқылы қол жеткізеді».
Сұрақ: «Әйел етеккір кезінде неліктен ыстық не суық суға емес, жылы суға жуынуы керек?»
Жауап: «Етеккір кезінде денесі онсыз да шаршап, әлсірегендіктен, суық суға жуынған әйелге суық өтіп, түрлі қауіпті ауруға жол ашуы мүмкін. Шап тұсын суық сумен жуу сол аймақты салқындатып, микробтардың белсенділігін арттырады. Кейбір қыз-келіншекте суық судан етеккір мерзімінен бұрын, бірден тоқтап қалуы мүмкін».
Сұрақ: «Ыстық судың қандай зияны бар?»
Жауап: «Ол етеккір қанының көбеюіне себеп болады».
Сұрақ: «Етеккір кезінде қандай мата қолданған жөн?»
Жауап: «Етеккір кезінде қолданылатын мата:
– өте жұмсақ, мысалы, дәкеден қиып тігілген;
– міндетті түрде үтіктелген;
– ауыстыруға оңай болуы керек».
Сұрақ: «Осы мақсатта мақта қолдануға кеңес бересіз бе?»
Жауап: «Сапасы төмен, талшығы ірі мақтаны ұсынбаймын. Мұндай мақта қанды көбейтеді. Ал дәріханада орам күйінде немесе сырты залалсыздандырылған дәкемен оралып сатылатын арнайы мақтаны ұсынар едім. Оны үтіктеу де, жуу да қажет болмайды. Керек кезде бір төсемдей етіп қиып алып, іш киімге салады, былғанған соң тастайды».
Сұрақ: «Қаражатын аямайтындарға етеккір күндері қандай іш киім мен төсем қолдануды ұсынар едіңіз?»
Жауап: «Оларға галантерея дүкенінде сатылатын, етеккір күндеріне арнап тігілген іш киімді, ал төсем ретінде дәріханадағы арнайы “Pak Band”-ты ұсынар едім. Мұндай іш киім ұзақ жыл пайдалануға жарайтындай берік. Бірақ “Pak Band” кейбір отбасыға қымбатқа түсуі мүмкін, өйткені әр төсем бір рет қана қолданылады. Сондықтан мата дүкенінен арзан дәке алып, бірнеше метрін үтіктеп, дайындап қойған жөн. Қажет кезде орам мақтадан қайшымен 5–6 сантиметрдей қиып алып, оны үтіктелген дәкеге қаптап, іш киімге немесе оның арнаулы орнына салады. Былғанған қаптаманы жуып, үтіктеп, қайта пайдалануға болады. Сонда шығын тек мақтаға кетеді».
Сұрақ: «Қалай болғанда да, бұл шығынға жатпай ма?»
Жауап: «Денсаулық пен тазалық тұрғысынан пайдасы мол мұндай кеңесті орындауды үлкен шығынға жатқызбас едім».
Сұрақ: «Етеккір кезіндегі әйелдерге тағы қандай кеңес бересіз?»
Жауап: «Күн сайын бір рет жылы сумен жуынып, жылы сабынды дәке не жөкемен шап тұсын күніне кемінде бір рет жуып, құрғатып жүрген әйел үйінде хош иіс те сеуіп жүрсін».
Сұрақ: «Қандай хош иіс ұсынар едіңіз?»
Жауап: «Оны әркім өз талғамына қарай таңдайды. Ұнатқан иісін жиналған іш киімінің арасына да қоя алады».
Сұрақ: «Бұл тазалықты тұрмыстағы әйелдер ғана сақтай ма? Тұрмыс құрмаған қыздар да осылай тазалануы керек пе?»
Жауап: «Әрине, олар да сақтауы керек. Әсіресе қыздардың жастайынан тазалыққа дағдылануы өмір бойғы денсаулығына әсер етеді. Кейбір қыздар анасының қате кеңесіне еріп, қыздық пердесіне зақым келеді деп шап тұсын жуудан қорқады. Тіпті лимон не сірке суын ішіп-жесе, қыздық пердесі ериді деп ойлап, оларды пайдаланбайды. Мұның бәрі – жыныс мүшесінің құрылысын білмеуден туған қате түсініктер. Жоғарыда айтылғандай, шап тұсын жылы сабынды дәке не жөкемен тазалаудың қыздар үшін қаупі жоқ».
Сұрақ: «Етеккір күндері қыз-келіншектер тағы нені ескергені жөн?»
Жауап: «Қатты шаршаудан сақтансын. Жақсы киім киіп, әсіресе тазалығына көңіл бөлсін. Күндерін дұға етіп, көтеріңкі көңіл күймен өткізсін. Етеккір күндері мазасыз не ашушаң болып жүретін анасы мен туыстарынан осы мінезді үлгі алмасын. Ауырсынса, қан мөлшері әдеттегіден көп не аз болса немесе басқа шағымдары болса, кідірмей дәрігерге қаралсын. Суық душтан, бойына, әсіресе аяғына суық тигізуден, ұзақ жаяу жүруден, атқа немесе велосипедке мінуден, аяқпен басатын тігін машинасын қолданудан, ауыр жүк көтеруден және ұйқысыздықтан сақтансын. Тұрмыстағы әйелдер күйеуіне, ерлер де жұбайына осындай күндері көбірек мейірім мен түсіністік танытсын».
Сұрақ: «Дененің кейбір тұсындағы түктерді қалай кетіреді?»
Жауап: «Оған ұстара, түк кетіретін арнайы залалсыз жабысқақ зат немесе тазалық ұнтағы қолданылады. Ұстара қолданса, сапалы жүзін таңдайды. Жүзін ұстараға орнатқаннан кейін өте ыстық суда үш минуттай ұстап, залалсыздандырады да, суыған соң пайдаланады. Өзге құралдарды қаптамасындағы нұсқаулыққа сай қолданған жөн».1
Ас пен сусын
Адамның ұлттық және діни болмысын қалыптастыратын негізгі мәдени салалардың бірі – ас мәдениеті. Оған ас 2пен сусынның өзі, адал, мубах, мәкруһ, харам және қасиетті деп саналатын түрлері, сондай-ақ соларға қатысты әдеп, сенім мен тұтыну тәсілдері кіреді.
Әр мәдениет пен өркениеттің өзіне тән киімі сияқты өз ас мәдениеті де бар. Исламның да өзіндік дастархан дәстүрі қалыптасқан. Мұсылмандықты сақтау үшін Исламға сай киім үлгісін ұстанғандай, ас ішу өлшемдерін де ұстану қажет. Кәміл мағынада мұсылман болу үшін Ислам белгілеген өлшеммен тамақтану шарт. Өзге дін өкілдерінің ас мәдениетін ұстанып жүріп, мұсылмандық қалпын сақтау қиын. Мұны өзіңді алдау деуге де болады.
Мәселен, мұсылман дастарқанында шарап, доңыз еті, өлексе, жыртқыш аң еті, Алланың аты аталмай сойылған мал еті мен жәндіктер болмайды. Құран мен хадисте бұл мәдени салаға кең орын беріліп, негізгі мәселелерінен ұсақ әдептеріне дейін егжей-тегжейлі қарастырылады. Әрқайсысының үкімі толық айтылады, сондықтан өзге мәдениетке еліктеп, одан үлгі алудың қажеті қалмайды. Құлшылықты, сенім негіздері мен киім өлшемдерін үйренгендей, мұсылманның бұларды да біліп, іс жүзінде ұстанып, сақтауы қажет.
Қайталап айтсақ, Ислам – өркениет діні. Ол қоғамдық институттарға өз өлшемдері мен үлгілерін ұсынады, өз ұстанушысын өзгеге мұқтаж етпейді.
Бұл бөлімде Исламның ас мәдениетін негізгі және қосалқы мәселелерімен бірге танытатын хадистерді келтіреміз. Хадистерге көшпес бұрын асқа қатысты бірқатар аятқа тоқталайық. Құран Кәрімдегі ең ұзын сүрелердің бірі «Мәида», яғни «Дастарқан» деп аталады. Оның басында тағамға қатысты негізгі мәселелер баяндалады. Бұл сүренің Құрандағы алғашқы сүрелердің қатарында, бесінші орында тұруы да қарастырып отырған тақырып үшін маңызды.
﴿يَأْمُرُهُم بِٱلْمَعْرُوفِ وَيَنْهَىٰهُمْ عَنِ ٱلْمُنكَرِ وَيُحِلُّ لَهُمُ ٱلطَّيِّبَٰتِ وَيُحَرِّمُ عَلَيْهِمُ ٱلْخَبَٰٓئِثَ﴾ «Сол пайғамбар оларды жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыяды. Оларға таза нәрселерді адал етіп, лас нәрселерді харам қылады.» («Ағраф» сүресі, 157-аят).
﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّاسُ كُلُوا۟ مِمَّا فِى ٱلْأَرْضِ حَلَٰلًا طَيِّبًا﴾ «Ендеше, уа, адамдар! жердегі барлық нығметтердің адал, тазасынан жеп-ішіңдер.» («Бақара» сүресі, 168-аят).
﴿حُرِّمَتْ عَلَيْكُمُ ٱلْمَيْتَةُ وَٱلدَّمُ وَلَحْمُ ٱلْخِنزِيرِ وَمَآ أُهِلَّ لِغَيْرِ ٱللَّهِ بِهِۦ وَٱلْمُنْخَنِقَةُ وَٱلْمَوْقُوذَةُ وَٱلْمُتَرَدِّيَةُ وَٱلنَّطِيحَةُ وَمَآ أَكَلَ ٱلسَّبُعُ إِلَّا مَا ذَكَّيْتُمْ وَمَا ذُبِحَ عَلَى ٱلنُّصُبِ وَأَن تَسْتَقْسِمُوا۟ بِٱلْأَزْلَٰمِ … فَمَنِ ٱضْطُرَّ فِى مَخْمَصَةٍ غَيْرَ مُتَجَانِفٍ لِّإِثْمٍ فَإِنَّ ٱللَّهَ غَفُورٌ رَّحِيمٌ﴾ «Сендерге арам өлген мал, қан, доңыз еті және Алладан басқаның атынан сойылған малдың еті харам етілді. Әрі жаны шықпай жатып бауыздап үлгергендеріңді қоспағанда, буынып, соққы жеп, биіктен құлап, сүзіліп немесе жыртқыш аңға таланып өлген малдың еті һәм пұттардың алдында сойылған малдың және жебемен бал ашып немесе құмар ойындарын ойнап тапқан малдың еті харам етілді. … Кімде-кім күнәға әуестігінен емес, қатты ашыққаннан жеуге мәжбүр болса, шүбәсіз, Алла – Ғафур, Рахим!» («Мәида» сүресі, 3-аят). ﴿يَسْـَٔلُونَكَ مَاذَآ أُحِلَّ لَهُمْ قُلْ أُحِلَّ لَكُمُ ٱلطَّيِّبَٰتُ وَمَا عَلَّمْتُم مِّنَ ٱلْجَوَارِحِ مُكَلِّبِينَ تُعَلِّمُونَهُنَّ مِمَّا عَلَّمَكُمُ ٱللَّهُ فَكُلُوا۟ مِمَّآ أَمْسَكْنَ عَلَيْكُمْ وَٱذْكُرُوا۟ ٱسْمَ ٱللَّهِ عَلَيْهِ﴾ «Олар сенен ненің адал екенін сұрайды. Оларға былай деп айт: “Сендерге таза әрі зиянсыз азық атаулының бәрі адал етілді. Алланың өздеріңе үйреткені бойынша аң аулауға баулыған жануарларыңның өздеріңе ұстап әкелгендерін жеңдер. Оларды аңға салғандарыңда Алланың атын атаңдар.…”» («Мәида» сүресі, 4-аят). ﴿ٱلْيَوْمَ أُحِلَّ لَكُمُ ٱلطَّيِّبَٰتُ وَطَعَامُ ٱلَّذِينَ أُوتُوا۟ ٱلْكِتَٰبَ حِلٌّ لَّكُمْ وَطَعَامُكُمْ حِلٌّ لَّهُمْ﴾ «Бүгін сендерге таза әрі зиянсыз нәрселер адал етілді. Әрі сендерге кітап иелерінің сойған малдары да адал. Сендердің адал астарың да оларға адал.» («Мәида» сүресі, 5-аят).
﴿أُحِلَّ لَكُمْ صَيْدُ ٱلْبَحْرِ وَطَعَامُهُۥ مَتَٰعًا لَّكُمْ وَلِلسَّيَّارَةِ وَحُرِّمَ عَلَيْكُمْ صَيْدُ ٱلْبَرِّ مَا دُمْتُمْ حُرُمًا﴾ «Теңізден балық аулау һәм одан алынатын қорек түрлері сендерге де, жолаушыларға да ризық болсын деп адал етілді. Ал [ихрамда жүргендеріңде] құрлықта аң аулау – сендерге харам қылынды.» («Мәида» сүресі, 96-аят).
﴿وَلَا تَأْكُلُوٓا۟ أَمْوَٰلَكُم بَيْنَكُم بِٱلْبَٰطِلِ وَتُدْلُوا۟ بِهَآ إِلَى ٱلْحُكَّامِ لِتَأْكُلُوا۟ فَرِيقًا مِّنْ أَمْوَٰلِ ٱلنَّاسِ بِٱلْإِثْمِ وَأَنتُمْ تَعْلَمُونَ﴾ «Бір-біріңнің мал-мүлкін харам жолдармен жемеңдер. Әрі оларды өздеріңе тиесілі болмаған дүниені алу һәм ел-жұрттың мал-дүниесінің бір парасын біліп тұрып, күнәлі жолдармен жеу үшін басшыларға беруші болмаңдар.» («Бақара» сүресі, 188-аят).
﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ لَا تَأْكُلُوا۟ ٱلرِّبَوٰٓا۟ أَضْعَٰفًا مُّضَٰعَفَةً وَٱتَّقُوا۟ ٱللَّهَ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ﴾ «Уа, иман келтіргендер! Пайызды еселеген үстіне еселеп, өсім жемеңдер. Аллаға қарсы келуден сақтаныңдар. Сонда азаптан құтылып, мақсат-мұраттарыңа жетесіңдер.» («Әли Имран» сүресі, 130-аят).
﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ لَا تَأْكُلُوٓا۟ أَمْوَٰلَكُم بَيْنَكُم بِٱلْبَٰطِلِ إِلَّآ أَن تَكُونَ تِجَٰرَةً عَن تَرَاضٍ مِّنكُمْ وَلَا تَقْتُلُوٓا۟ أَنفُسَكُمْ﴾ «Уа, иман келтіргендер! Бір-біріңнің мал-дүниелеріңді арам жолмен жемеңдер. Ал өзара келісіп жасаған сауда-саттықтың жөні бөлек. Әрі бір-біріңді өлтірмеңдер.» («Ниса» сүресі, 29-аят).
﴿فَكُلُوا۟ مِمَّا غَنِمْتُمْ حَلَٰلًا طَيِّبًا﴾ «Бұдан былай соғыстан түскен олжаны да, тұтқындардан алған бодауды да адал һәм таза дүние ретінде пайдаларыңа жаратыңдар…» («Әнфал» сүресі, 69-аят).
﴿فَكُلُوا۟ مِمَّا ذُكِرَ ٱسْمُ ٱللَّهِ عَلَيْهِ إِن كُنتُم بِـَٔايَٰتِهِۦ مُؤْمِنِينَ﴾ «Егер Алланың аяттарына шынымен сенетін мүмін болсаңдар, Оның аты аталып сойылған малдардың етінен жеңдер!» («Әнғам» сүресі, 118-аят).
﴿وَلَا تَأْكُلُوا۟ مِمَّا لَمْ يُذْكَرِ ٱسْمُ ٱللَّهِ عَلَيْهِ وَإِنَّهُۥ لَفِسْقٌ﴾ «Һәм Алланың аты аталмай сойылған малдың етінен жемеңдер, өйткені оны жеу анық күнә!» («Әнғам» сүресі, 121-аят).
﴿وَهُوَ ٱلَّذِى سَخَّرَ ٱلْبَحْرَ لِتَأْكُلُوا۟ مِنْهُ لَحْمًا طَرِيًّا﴾ «Сонымен қатар жас ет жесін деп теңізді үкіміне бағындырып, белгілі бір жүйеге келтірген де Алла.» («Нахл» сүресі, 14-аят).
﴿وَإِنَّ لَكُمْ فِى ٱلْأَنْعَٰمِ لَعِبْرَةً نُّسْقِيكُم مِّمَّا فِى بُطُونِهَا … وَمِنْهَا تَأْكُلُونَ﴾ «Шүбәсіз, төрт түлік малда да сендер үшін ерекше ғибрат бар. Сендерге олардың ішінен шыққан сүтін ішкіземіз. … әрі олардың ет-майын да жейсіңдер.» («Мүминун» сүресі, 21-аят).
﴿يَٰبَنِىٓ ءَادَمَ … وَكُلُوا۟ وَٱشْرَبُوا۟ وَلَا تُسْرِفُوٓا۟ إِنَّهُۥ لَا يُحِبُّ ٱلْمُسْرِفِينَ﴾ «Уа, Адамның үрім-бұтағы! … Ішіп-жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар, өйткені Алла ысырапқорларды ұнатпайды.» («Ағраф» сүресі, 31-аят).
Тақырыпқа қатысты басқа да аяттар бар. Әзірге осы мысалдармен шектелеміз.
Ас ішу әдебі
Ас ішуге арналған ыдыс пен дастарқан
عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «مَا عَلِمْتُ النَّبِيَّ ﷺ أَكَلَ عَلَى سُكُرُّجَةٍ قَطُّ، وَخُبِزَ لَهُ مُرَقَّقٌ قَطُّ، وَأَكَلَ عَلَى خِوَانٍ قَطُّ، قِيلَ لِقِتَادَةَ: فَعَلَامَ كَانُوا يَأْكُلُونَ؟ قَالَ: عَلَى السُّفَرِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالتِّرْمِذِيُّ. «السُّكُرُّجَةُ»: بِضَمِّ أَوَّلِهِ وَثَانِيهِ وَثَالِثِهِ وَتَشْدِيدِهِ: إِنَاءٌ صَغِيرٌ يَجْعَلُ فِيهِ الْقَلِيلُ مِنَ الْأَدَمِ وَالْكَوَامِيخُ وَهِىَ فَارِسِيَّةٌ.
Қазақша аудармасы
Әнәс (р.а.) былай деген: «Алла елшісінің (с.а.с.) сүкүррүжә деп аталатын шағын ыдыстан ас ішкенін, өзіне жұқа нан пісірілгенін немесе хиуан деп аталатын ас үстелінен ас ішкенін білмеймін».
Мұны Әнәстан жеткізген Қатададан: «Сонда асты ненің үстіне қойып ішетін?» – деп сұрады. Ол: «Төсеніш дастарқанға қойып ішетін», – деді.1
Түсіндірме
Хадис Алла елшісінің (с.а.с.) асты қандай дастарқаннан ішкенін көрсетеді. Ол сүкүррүжә мен хиуанды қолданбаған.
«Хиуан» – араб тіліне өзге тілден енген сөз. Айнидің айтуынша, бұл – астында жез тұғыры бар, биіктігі бір шынтақтай, жезден жасалған үлкен табақ. Оған түрлі дәм салып, байлардың алдына кемінде екі кісі көтеріп әкелетін. Мұндай ыдыс сән-салтанат пен дәулеттің белгісі болғандықтан, пайғамбарға тән қарапайымдық пен құлдық ұстанымына үйлесе бермеген.
«Сүкүррүжә» – парсы сөзі. «Ән-Ниһаяда» ол аздап қатық немесе тәбет ашатын кепкен жеміс салатын кішкене ыдыс деп түсіндіріледі. Ирақи «Шарх ат-Тирмизиде» Алла елшісінің мұндай ыдыстан ас ішпеуінің бірнеше ықтимал себебін атаған. Ол ыдыс сол кезде Араб түбегінде жасалмауы мүмкін немесе бір дастарқан басына көп адам жиналатын Пайғамбар отбасы үшін тым кішкене болған. Сондай-ақ оған ас қорытуды жеңілдететін дәм салған болуы ықтимал. Пайғамбар отбасы тоя жемейтіндіктен, мұндай дәмге әдеттенбеген.
«Суфар» – «суфра» сөзінің көпше түрі. «Суфра» «сафар», яғни «сапар» сөзімен түбірлес, әуелде жолаушының жол азығын білдірген. Кейін арабтар азық салынатын, әдетте теріден дөңгелек етіп жасалған дорбаны осылай атаған. Уақыт өте келе ас салынатын нәрсенің теріден не өзге материалдан жасалғанына қарамастан, оны «суфра» деу қалыптасқан.
Алла елшісі (с.а.с.) көпшілікке тән қарапайым дастарқанды таңдаған. Сондықтан риуаятта оның хиуан мен сүкүррүжәнің орнына суфра қолданғаны айтылады. Хадис астың адал болуына қоса, оны қандай дастарқанға қоятынымызға да көңіл бөлу керегін аңғартады. Бұл – міндетті үкімге жатпайтын, дінінде кемелдікке ұмтылған мүмін ескеретін әдеп.
- 1Бұхари, Атғима 8, 26, Риқақ 17; Тирмизи, Атғима 1, (1789).
وَعَنْ أَبِي حَازِمٍ قَالَ: «سَأَلْتُ سَهْلَ بْنِ سَعْدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: هَلْ أَكَلَ النَّبِيُّ ﷺ النَّقِيَّ؟ فَقَالَ: مَا رَأَى النَّبِيُّ ﷺ النَّقِيَّ مُنْذُ ابْتَعَثَهُ اللَّهُ تَعَالَى حَتَّى قَبَضَهُ فَقُلْتُ: هَلْ كَانَتْ لَكُمْ مَنَاخِلُ؟ فَقَالَ: مَا رَأَى النَّبِيُّ ﷺ مُنْخِلًا مِنْ حِينِ ابْتَعَثَهُ اللَّهُ تَعَالَى حَتَّى قَبَضَهُ. قُلْتُ: كَيْفَ كُنْتُمْ تَأْكُلُونَ الشَّعِيرَ غَيْرَ مَنْخُولٍ؟ قَالَ: كُنَّا نَطْحَنُهُ وَنَنْفُخُهُ فَيَطِيرُ مِنْهُ مَا طَارَ وَمَا بَقِيَ ثَرَيْنَاهُ فَأَكَلْنَاهُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالتِّرْمِذِيُّ. «النَّقِيُّ»: الطَّعَامُ الْأَبْيَضُ الْحَوَارِيُّ.
Қазақша аудармасы
Әбу Хазым былай деген: «Сәһл ибн Сағдтан (р.а.): “Алла елшісі (с.а.с.) кебексіз ұннан пісірілген ақ нан жеген бе?” – деп сұрадым. Ол: “Алла оны пайғамбар етіп жібергеннен өмірден озғанға дейін ақ нан көрмеді”, – деп жауап берді. “Електерің бар ма еді?” – дедім. “Алла оны пайғамбар етіп жібергеннен өмірден озғанға дейін ол елек те көрмеді”, – деді. “Арпаны елемей қалай жейтін едіңдер?” – деп сұрадым. Ол: “Арпаны тартып, үрлейтінбіз. Үрлегенде кебегі ұшып кететін. Қалғанына су қосып, илеп жейтінбіз”, – деді».1
Түсіндірме
1. «Нақи», басқаша айтқанда «хуари» – қайта-қайта еленіп, кебегінен арылған ақ ұн.
2. Хадис Алла елшісі (с.а.с.) заманында арабтар арасында елек кең таралмағанын көрсетеді. Сондықтан арпа ұнынан ас жасамас бұрын оны үрлеп, ірі кебектерінен ажыратқан.
Риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) кебегі аралас ұн пайдаланғанын көрсетеді. Бұдан ұнды елеу мәкруһ деген үкім шықпайды. Сәһлге қойылған сұрақ сахабалардың кейінірек бұрын үрлеп тазартқан кебекті елекпен ажырата бастағанын аңғартады.
Арпаның негізгі азық болуы және ұнның кебегін үрлеу арқылы ғана тазарту Алла елшісі мен сахабалар заманындағы ас ішу салтын көрсетеді. Кебегі толық алынбаған ұн құнарлы болады. Кебек аралас арпа ұнының наны қатты әрі дәмі жұтаң болғандықтан, оның ең алдымен қоректік қасиеті бағаланғанын көреміз. Алла елшісі мен сахабалары асты өмір сүруге қажет азық деп білген. Олар «дәмді ас ішсем», «тамақтан рахат алсам» деген құмарлыққа берілмеген. Автор мұндай құмарлықтың жеке адам мен қоғамға кесел әкелетінін айтып, олардың асты өз жаратылыс мақсатына сай тұтынуда алғашқылардың бірі болғанын пайымдайды.
3. Ибн Хажар Сәһлдің сөзінен пайғамбарлыққа дейінгі кезеңнің бөлек қарастырылғанын байқайды. Оның айтуынша, Алла елшісі сол кезеңде Шамға барып, ол жақта ақ нан мен елек көруі мүмкін. Пайғамбарлықтан кейін негізінен Мекке, Мәдина мен Тайыфта болған. Бұл араб өңірлерінде елек те, ақ ұн да қолданылмаған. Шам төңірегіндегі Табукке барғанымен, ол жақта ұзақ тұрақтамаған. Сол қысқа уақытта ақ ұн мен елек көрмеуі мүмкін.
4. Осы тұста бір сұрақ туады. Кейбір риуаяттарда Алла елшісі мен сахабаларының бірнеше күн аш қалып, қарындарына тас байлағаны айтылады. Өзге риуаяттарда Алла елшісінің отбасына бір жылдық азық бөліп бергені, олжадан түскен бір түйені төрт адамға бөлгені, умра кезінде жүз түйе құрбандыққа шалып, етін кедейлерге таратқаны, бір бәдәуиге бір отар қой бергізгені баяндалады. Әбу Бәкір, Омар, Осман, Талха (р.а.) сияқты дәулетті сахабалар жандарын да, малдарын да Алла жолында аямаған. Алла елшісі садақа беруге шақырғанда, Әбу Бәкір бар малын, Омар малының жартысын берген. Әскер жасақтауға шақырғанда, Осман мың түйе берген. Бір қарағанда үйлеспейтін осы деректерді қалай түсінуге болады?
Ғалымдар бұл риуаяттарда олардың өмірінің әр кезеңі суреттелгенін айтады. Дүниеден безіп, жоқшылықты артық санау көзделмеген. Бір риуаяттарда Алланың берген кеңшілігі айтылса, бірінде көп жеудің, тоя тамақтанудың мәкруһтығы аңғартылады.
Ибн Хажар келтірілген хадистердің мақсаты байлықтан бездіру болмағанына назар аудартады. Ибн Хиббан «Сахихында» Айшаның: «Біздің құрмаға тойғанымызды айтқан адам өтірік айтады. Құрайза алынғанда ғана біраз құрма мен іш майға қолымыз жетті», – дегенін келтіреді. Хайбар алынғанда Айша: «Енді құрмаға тоямыз», – деген. «Китаб әл-атғимадағы» бір риуаятында: «Алла елшісі (с.а.с.) құрмаға тоятын болған кезімізде дүние салды», – дейді. Ибн Омар (р.а.): «Хайбар алынғанда құрмаға тойдық», – деген.
Ибн Хажар осы риуаяттардан кейін былай түсіндіреді. Сахабалардың көпшілігі һижретке дейін Меккеде жоқшылық көрді. Мәдинаға келгенде де жағдайлары ауыр еді. Ансар оларға баспана мен дүние-мүлік жағынан жәрдем берді. Бәни Надыр алынғаннан кейін және кейінгі жеңістерден соң тұрмысы түзелген мұһажирлер ансардың бергенін қайтарды. Осы жайды Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзі де аңғартады: «Алла жолында мен көрген қорқынышты ешкім көрген емес. Алла жолында мен көрген жәбірді де ешкім көрген емес. Отыз күн мен отыз түн өткенде Біләл екеуіміздің азығымыз оның қолтығына сыятын мөлшерден аспаған кез болды». Молшылыққа қолы жете тұра, Алла елшісі осы өмірді өзі таңдаған. Тирмизи Әбу Умамадан мына сөзді жеткізеді: «Раббым Меккенің кең жазығын маған алтын етуге ұсыныс білдірді. Мен: “Уа, Раббым! Бір күні тоқ, бір күні аш болуды қалаймын. Ашықсам, Саған жалбарынайын. Тойсам, Өзіңе шүкір етейін”, – дедім».
- 1Бұхари, Атғима 22, 10; Тирмизи, Зүһд 38, (2365).