وَأَخْرَجَ التِّرْمِذِيُّ مِنْ هَذَا الْحَدِيثِ: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ أَمَرَهُ بِالتَّيَمُّمِ لِلْوَجْهِ وَالْكَفَّيْنِ». قَالَ: وَقَدْ رُوِيَ عَنْهُ أَنَّهُ قَالَ: «تَيَمَّمْنَا مَعَ النَّبِيِّ ﷺ إِلَى الْمَنَاكِبِ وَالْآبَاطِ». «السَّرِيَّةُ»: قِطْعَةٌ مِنَ الْجَيْشِ تَبْلُغُ أَرْبَعَمِائَةٍ.
Тирмизи осы хадистің мына бөлігін келтірген: «Алла елшісі (с.а.с.) Аммарға бет пен екі алақанын сипап тәяммум алуды бұйырды». Тирмизи Аммардың: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге қолдарымызды иық пен қолтыққа дейін сипап, тәяммум алдық», – деген сөзі де жеткенін айтады1.
وَقَوْلُهُ «نُوَلِّيكَ مَا تَوَلَّيْتَ» أَيْ نَكِلُكَ إِلَىٰ مَا قُلْتَ، وَنَرُدُّ إِلَيْكَ مَا وَلَّيْتَهُ نَفْسَكَ وَرَضِيتَ لَهَا بِهِ.
Түсіндірме
1. № 3718–3723 аралығындағы алты риуаяттың бәрі Аммардың (р.а.) тәяммум алуына қатысты. Бұл оқиға хадис жинақтарында сәл өзгеше нұсқалармен жеткен. Жоғарыда «Тәйсир» жинағынан солардың бірқатарын келтірдік. Олардан мына тұстар анықталады:
1) Әлі уахи түспеген кезде бір сапарда Аммар (р.а.) сусыз қалған. Ол өз пайымына сүйеніп, тәяммумға ұқсас амал жасап, бүкіл денесіне топырақ жұқтырған. «Мал аунағандай топыраққа аунадым», – деуіне қарағанда, бұлай істеуді жануарларға қарап ойлаған болуы мүмкін. Жағдайды Алла елшісіне (с.а.с.) айтқанда, ол тәяммумды құптап, бүкіл денеге топырақ жұқтырмай-ақ қалай жасауға болатынын көрсетті.
2) Тәяммум жөнінде сахабалар әртүрлі пікірде болған. Әбу Мұса мен Ибн Мәсғудтың, Омар мен Аммардың пікірлері бір-бірінен өзгеше болғаны осы риуаяттардан көрінеді.
Түсіндірмешілер Омардың (р.а.) Аммарға «Алладан қорық» деуін оқиғаның есінен шығып кетуімен байланыстырады. Аммардың «Қаласаң, бұл хадисті ешкімге айтпаймын» дегенін олар былай түсіндіреді: «Мұны айтпаудың пайдасы айтқаннан мол деп есептесең, айтпайын. Өйткені күнәға жатпайтын істе халифаға бағыну – уәжіп. Мен осы сүннетті жеткізу міндетімді орындадым».
Омар оқиғаны есіне түсіре алмаса да, Аммарға сеніп, риуаяттың жауапкершілігін өзіне қалдырған. Әбу Дәуіттің нұсқасында Омар оның хадисті жеткізуіне тыйым салмайтынын антпен білдіріп: «Жоқ, Аллаға ант етемін, бұл істің жауапкершілігін мойныңа алсаң, сені соған жауапты етеміз», – деген.
Бұл сөз астарлы болғандықтан, оны ғалымдар әртүрлі түсіндірген. Синди оның мағынасын былай ашады: «Өзің біліп, мойныңа алған мәселені жеткізуге де, ол жөнінде пәтуа беруге де ерік бердік». Бұл жорамал бойынша, Омар әуелде оқиғаны есіне түсіре алмағанын және ол жөнінде өзі пәтуа бере алмайтынын білдірген. Кейін Аммарға сол риуаятпен пәтуа беруге ерік берген. Өйткені ол Аммардың анық білмеген мәселеде сөз айтуға асықпайтынына сенген.
2. № 3722 риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) тәяммум алуды көрсеткенде, қолды білектің ортасына дейін сипағаны айтылады. Ал № 3723-тегі қосымша нұсқада сахабалар қолдарын иыққа дейін сипаған. Ғалымдар мұндай нұсқаларды сахабалардың Алла елшісінен тәяммум алуды көрмей тұрып, өз пайымдарымен орындаған амалдары деп түсіндірген. Кейін Алла елшісі тәяммумның үлгісін көрсеткен соң, сахабалар төменде баяндалатын тәртіпке көшкен. Хадисшілер үкімі жойылған риуаяттарды да қалдырмай, еңбектерінде қалай жетсе, солай келтірген. Бір тақырыпқа қатысты нұсқалардың бірге берілуі – шариғат ілімінің байлығы әрі ғалымдар еңбегінің бір артықшылығы. Әсіресе «Сүнән» авторлары кейбір фақиһтар сүйенген риуаяттарды да негізгі хадиске қайшы нұсқа ретінде келтіріп, әлсіз тұсын көрсеткен.
Фиқһ тақырыптарында жинақ авторлары көбіне алдымен ең сенімді, көпшілік амал еткен хадистерді келтірген. Одан кейін оларға қайшы көрінетін, әлсіз болғандықтан амалға негіз етілмеген нұсқаларды берген. Мұндай тәртіп Бұхари, Мүслим, Әбу Дәуіт және Тирмизиде кездеседі. Ал Нәсәи кейде бір тақырыпта әлсіз риуаят бар болса, оны әуелі келтіріп, соңынан сенімдірек хадис арқылы әлсіздігін көрсетеді. Бұл Нәсәидің әр тарауды әлсіз хадиспен бастағанын білдірмейді. Кей тақырыпта әлсіз хадис мүлде болмауы мүмкін. Бұл айырманы аңғару үшін «Күтүб әс-ситтә» имамдарының хадис іріктеу және кітаптарын жүйелеу тәсілдерін қайта қараған жөн.
Тәяммум қалай алынады?
Тәяммум туралы риуаяттар мен түсіндірмелерден кейін оның ғылымхал кітаптарында көрсетілген тәртібіне тоқталайық.
Тәяммум аларда намаз оқуға ниет етіп, «Бисмиллә» айтылады. Ханбали ғалымдары «Бисмиллә» айтуды уәжіп санаған.
Жеңді түріп, саусақтарды ашқан күйде екі алақанды жер тектес таза затқа соғады. Оған топырақ, құм, гипс, мәрмәр, минерал тастар, қыш жабын, кірпіш, жақұт, зүбәржат, маржан, тас тұз және балшықпен сыланған қабырға жатады. Алақанды сәл ілгері жылжытып, кері тартып барып көтереді2.
Алақанды көтергенде, оған ірі топырақ түйірі немесе ұсақ тас жабысса, қолдың қырларын бір-біріне қағып түсіреді. Сосын алақандарымен бетін түгел бір рет сипайды.
Содан кейін қолдарын бұрынғыдай топыраққа екінші рет соғады да, ірі түйірлерді қағып түсіреді. Сол қолдың бас бармағын ашып ұстап, қалған саусақтарының ішкі жағымен оң қолдың сыртын саусақ ұштарынан шынтаққа дейін сипайды. Сол қол шынтаққа жеткенде, оң білектің ішкі жағына бұрылады. Сол қолдың шынашағы мен бас бармағын сақинаша иіп, бас бармағын қоса алақанымен оң білектің ішкі жағын шынтақтан білек буынына дейін сипайды. Сосын оң қолдың бас бармағының үстін сипайды. Осы кезде оң бас бармақты ішке қарай иеді. Сонда сол қол оң алақанның ішіне тимей, сол бас бармақ оң бас бармақтың сыртына еркін жетеді.
Оң қолды осылай сипап болған соң, оң алақанмен сол қолды да дәл солай сипайды.
Тәяммум осы ретпен, амалдардың арасына үзіліс салмай алынады.
Аяқ пен басқа мәсіх тартылмайды. Қол саусақтарының арасы салаланады.
Дәретті бұзатын жағдайлар тәяммумды да бұзады. Сонымен бірге тәяммум алуға негіз болған жағдай жойылса, мысалы, су табылса, тәяммум бұзылады.
Тәяммум алуға рұқсат беретін себептер:
1) Судың табылмауы.
2) Суды қолдануға шариғи кедергінің болуы:
• Су бір миль (төрт мың қадам) немесе одан да алыс жерде болса, қолда су жоқ деп есептеледі.
• Су бола тұра, жуыну адамды ауыртып не ауруын асқындырып жіберетін болса да тәяммум алынады. Мұны тәжірибелі мұсылман дәрігердің кеңесімен анықтауға болады.
• Су жақын болғанымен, оны алуға барған адамның жанына, малына, ар-намысына немесе өзіне тапсырылған аманатқа қауіп төнсе, тәяммум алынады.
• Кейде дәретке не ғұсылға жететін аз ғана су болады, бірақ оны ішуге сақтау керек. Мұндайда да тәяммум алуға рұқсат.
• Су қолданамын деп айт не жаназа намазына үлгермей қалатын адамға дініміз тәяммум алуға рұқсат еткен. Ал жұма мен өзге намаздар секілді қазасы оқылатын намаздарды өткізіп алу қаупі өздігінен тәяммум алуға себеп болмайды.
Тәяммум жағдайға қарай дәреттің де, ғұсылдың да орнына жүретін тазалық амалы.
Тәяммум жөнінде толығырақ мәліметті ғылымхал кітаптарынан алуға болады.
- 1Тирмизи, «Таһарат» (144). Бұхари, «Тәяммум», 4–5, 7–8. Мүслим, «Хайыз», 112 (368). Әбу Дәуіт, «Таһарат», 123 (318–319, 322–328). Нәсәи, «Таһарат», 196, 199–200 (1/165–170).
- 2Дымқыл не күйген топыраққа, сондай-ақ жер тектес емес зат араласса да, топырағы басым қоспаға тәяммум алуға болады. Балшық кеппейінше оған тәяммум алынбайды. Күл, темір, алтын, мыс сияқты балқығанда пішіні өзгеретін металл, інжу, шыны, мата мен аң терісі жер тектес зат саналмайды. Олардың бетінде шаң болса, тәяммум алуға болады. Шафиғидің пікірінше, тәяммум тек топырақпен алынады. Мәлік шөп, ағаш және қармен де алуға рұқсат берген.