Хадис

Кутуб ситтә, № 3681

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
500. Отқа піскен тағамды жеу. Дәрет алуды қажет ететін жағдайлар
Нөмірі
№ 3681 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
3681
Кутуб ситтә, № 3681 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّهُ وَجَدَهُ عَبْدُ اللَّهِ بْنُ قَارِظٍ يَتَوَضَّأُ عَلَى الْمَسْجِدِ، فَقَالَ: إِنَّمَا أَتَوَضَّأُ مِنْ أَثْوَارِ أَقِطٍ أَكَلْتُهَا، لِأَنِّي سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: تَوَضَّئُوا مِمَّا مَسَّتِ النَّارُ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا الْبُخَارِيَّ، وَهَذَا لَفْظُ مُسْلِمٍ، وَلَهُ عَنْ عَائِشَةَ مِثْلُهُ. «الْأَثْوَارُ»: جَمْعُ ثَوْرٍ، وَهِيَ قِطَعٌ مِنَ الْأَقِطِ، وَهُوَ لَبَنٌ جَامِدٌ مُسْتَحْجِرٌ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Абдулла ибн Қариздің оны мешітте дәрет алып жатқан жерінен көргені айтылады. Әбу Һурайра оған: «Кептірілген сүзбенің бірнеше кесегін жедім. Дәрет алып жатқаным содан. Өйткені Алла елшісінің (с.а.с.) “Отқа піскен тағамнан кейін дәрет алыңдар”, – дегенін естідім», – деді.1

Түсіндірме

Отқа піскен тағамды жеген соң дәрет алу керек пе деген мәселеде ғалымдар әртүрлі пікірде болған. Алдыңғы және кейінгі буын ғалымдарының көпшілігі мұндай тағамды жеу дәретті бұзбайды деген. Ал бір топ ғалым осы хадиске сүйеніп, отқа піскен ас жеген соң дәретті жаңартуды уәжіп санаған. Ибн Омар, Әбу Талха, Әнәс ибн Мәлік, Әбу Мұса, Айша, Зәйд ибн Сәбит, Әбу Һурайра, Омар ибн Абдулазиз, Әбу Қилаба, Хасан Басри және басқалар осы пікірді ұстанған.

Дәретті жаңарту қажет емес деген көпшілік ғалым оларға бірнеше уәж айтқан.

• Бірінші уәж – насх, яғни бұрынғы үкімнің жойылуы. Көпшілік ғалым Жәбирдің № 3684 хадисіне сүйеніп, осы хадистің үкімі жойылған деген. Оның бір нұсқасында Жәбир: «Алла елшісінің (с.а.с.) екі амалынан кейінгісі отқа піскен ас жеген соң дәрет алмау еді», – деген.

• Отқа піскен ас жеген соң дәрет алуға берілген бұйрық міндеттілікті білдірмейді. Хаттаби мен Ибн Тәймия оны мұстахаб деп түсіндірген.

• Мұндағы дәрет алу сөзімен ауыз бен қолды шаю меңзелген деген пікір де бар. Бұл жорамал әлсіз саналады.

• Ғалымдар әділетті халифалардың амалын зерттеп, олардың отқа піскен тағамнан кейін дәрет жаңартпағанын анықтаған. Бір риуаятта Жәбир: «Алла елшісімен (с.а.с.), Әбу Бәкір және Омармен (р.а.) бірге нан мен ет жедім. Содан соң намаз оқыдық. Олар дәретін жаңартпады», – дейді.

Отқа піскен астан соң дәрет жаңартудың қажеті жоқ екенін білдіретін өзге риуаяттар да бар. Төменде солардың бірқатарын келтіреміз. Бұл пікірді Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли, Ибн Мәсғуд, Ибн Аббас, Әмир ибн Рабиға, Әбу Умама, Мұғира ибн Шуғба және Жәбир (Алла оларға разы болсын) ұстанған. Табиғиндер мен кейінгі ғалымдардан Убайда әс-Сәлмани, Сәлим ибн Абдулла, Қасым ибн Мұхаммед, Мәлік, Шафиғи мен оның шәкірттері, Хижаз ғалымдары, Суфиян әс-Сәури, Әбу Ханифа мен Куфа ғалымдары, Ибн әл-Мүбәрак, Ахмад ибн Ханбал және Исхақ ибн Раһуя осы пікірде болған. Көпшілік ғалымның пікірі абзал екені анық.

  1. 1Мүслим, «Хайыз», 90 (352). Нәсәи, «Таһарат», 122 (1/105–106). Тирмизи, «Таһарат», 58 (79). Әбу Дәуіт, «Таһарат», 76 (194). Мәтін Мүслимнің нұсқасынан алынды. Мүслим Айшадан да мағыналас риуаят келтірген.