وَعَنْ سَهْلِ بْنِ حُنَيْفٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنْتُ أَلْقَى مِنَ الْمَذْيِ شِدَّةً وَعَنَاءً، وَكُنْتُ أَكْثِرُ مِنْهُ الِاغْتِسَالَ، فَسَأَلْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فَقَالَ: إِنَّمَا يُجْزِئُكَ مِنْ ذَلِكَ الْوُضُوءُ، فَقُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ: فَكَيْفَ بِمَا يُصِيبُ الثَّوْبَ مِنْهُ؟ فَقَالَ: يَكْفِيكَ بِأَنْ تَأْخُذَ كَفًّا مِنْ مَاءٍ فَتَنْضَحَ بِهَا مِنْ ثَوْبِكَ حَيْثُ تَرَىٰ أَنَّهُ أَصَابَهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Сәһл ибн Хунәйф (р.а.) былай дейді: «Мәзидің ағуынан қатты қиналып, жиі ғұсыл құйынатынмын. Ақыры Алла елшісінен (с.а.с.) осыны сұрадым. Ол: “Мәзи үшін дәрет алсаң жеткілікті”, – деді. Мен: “Уа, Алланың елшісі, киімге тигенін қайтемін?” – деп сұрадым. Ол: “Бір уыс су алып, мәзи тиді деп ойлаған жерге сепсең, жеткілікті”, – деді».1
Түсіндірме
Бұл мәселеге алдыңғы хадисте кеңінен тоқталдық. Фиқһ ғалымдары зәрді, нәжісті, мәниді, зәрден кейін бөлінетін уәдиді, ерлі-зайыпты жақындасқанда бөлінетін мәзиді, ауыз толы құсықты, денеден аққан қанды, сондай-ақ етеккір, нифас және истихаза қанын ауыр нәжіске жатқызған. Бұлардан тазармай намаз оқылмайды. Шафиғилер мен ханбалилер мәниді таза деп санаған.
Ауыр нәжіс қатты болса, бір мысқалдан (жиырма қираттан) асқан мөлшері, сұйық болса, алақан көлемінен асқан мөлшері, оны кетіру мүмкін болған жағдайда, намаздың дұрыстығына кедергі. Бір мысқал бір жарым дирхамға, яғни шамамен 4,6 грамға тең. Бір дирхам шамамен 3,09 грамм. Аталған мөлшерден аспаса, кешірімді нәжіс саналып, намаздың дұрыстығына кедергі болмайды.
- 1Әбу Дәуіт, «Таһарат» (210). Тирмизи, «Таһарат» (115). Ибн Мәжа, «Таһарат» (506).