Хадис

Кутуб ситтә, № 3568

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
481. Истинжада қолданылатын заттар
Нөмірі
№ 3568 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
3568
Кутуб ситтә, № 3568 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әнәс

عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ إِذَا خَرَجَ لِحَاجَتِهِ تَبِعْتُهُ أَنَا وَغُلَامٌ مِنًّا مَعَنَا إِدَاوَةٌ مِنْ مَاءٍ، يَعْنِي يَسْتَنْجِي بِهِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ، وَهَذَا لَفْظُ الشَّيْخَيْنِ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) әжет өтеуге шыққанда, мен және арамыздағы бір бала соңынан еретінбіз. Ол тазалансын деп, су құйылған ыдыс алып баратынбыз».1

Түсіндірме

1. Әжеттен соң тазалануды истинжа деп атайды. Алла елшісінің (с.а.с.) үлкен дәреттен кейін үш таспен тазаланып, артынша сумен жуғаны туралы көп риуаят жеткен. Осы хадис солардың бірі. Оның үлкен және кіші дәреттен кейін су пайдаланғанын білдіретін риуаяттар аз емес. Төменде соның бірқатарын келтіреміз. Сүннет пен тазалық тұрғысынан алдымен таспен тазаланып, кейін сумен жақсылап жуған абзал. Қалада тас қолдану қиын. Осы мақсатқа арналған дәретхана қағазы оның қызметін атқарады. Өзге қағазды пайдаланбаған жөн.

2. Истинжада су пайдалану міндетке жатпайды, бірақ абзал. Әжеттен кейін сумен тазаланбаған сахабалар да болған. Ибн Хажар олардың кейбірі жөнінде мына деректерді жеткізеді:

• Хузайфа ибн әл-Йәман (р.а.) неліктен сумен тазаланбайтынын сұрағанда: «Қолдан жағымсыз иіс шықпайды», – деп жауап берген.

• Нафиғ Абдулла ибн Омардың (р.а.) сумен истинжа жасамағанын айтқан.

• Ибн әз-Зубайр (р.а.): «Біз сумен истинжа жасамайтынбыз», – деген.

• Имам Мәлік Алла елшісінің сумен истинжа жасағаны туралы хабарды қабылдамаған.

Бұхари мен Мүслимнің жинақтарында Алла елшісінің истинжада су пайдаланғанын көрсететін сахих риуаяттар бар. Бұл риуаяттар Имам Мәлікке жетпеген болуы мүмкін.

3. Хадистегі «ғұлам» сөзі «жас бала» дегенді білдіреді. Әдетте емшектен шыққаннан жеті жасқа дейінгі балаға айтылады, бірақ үлкендерге де ауыспалы мағынада қолданылған. Ибн Мәсғуд Меккеде қой бағып жүргенде, Алла елшісі оған: «Сен зерек баласың», – деген. Ол кезде бұл сөз «құл» мағынасында да қолданылған. Кей риуаятта осы хадистегі бала Ибн Мәсғуд делінеді. Онда Әнәстің «арамыздағы» деген сөзі сахабалардың не Алла елшісінің қызметінде жүргендердің бірі деген мағына береді. «Ансардан» делінетін нұсқаны ғалымдар «ансар» атауын кең мағынада барлық сахабаға қолдануға болады деп түсіндірген.

4. Кей риуаятта Әнәстің су құйылған ыдыспен бірге таяқ ала барғаны айтылады. Мұны әртүрлі түсіндірген: үстіне киім іліп қалқалану, зиянды жәндіктерден қорғану, жерді қазып жұмсарту немесе дәреттен кейін намаз оқығанда алдына сүтре қою үшін. Ибн Хажар соңғы пікірді дұрысырақ санаған. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.) дәреттен соң екі рәкат намаз оқитын.

  1. 1Бұхари, «Уудуғ» (150–152, 217), «Салат», 93 • Мүслим, «Таһарат» (271) • Әбу Дәуіт, «Таһарат» (43) • Нәсәи, «Таһарат», 41 (1/42).