Хадис

Истинжада қолданылатын заттар

Кутуб ситтә, 8-том, 481-тарау · 10 хадис · № 3568–3577

Хадистер

3568
Кутуб ситтә, № 3568 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әнәс

عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ إِذَا خَرَجَ لِحَاجَتِهِ تَبِعْتُهُ أَنَا وَغُلَامٌ مِنًّا مَعَنَا إِدَاوَةٌ مِنْ مَاءٍ، يَعْنِي يَسْتَنْجِي بِهِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ، وَهَذَا لَفْظُ الشَّيْخَيْنِ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) әжет өтеуге шыққанда, мен және арамыздағы бір бала соңынан еретінбіз. Ол тазалансын деп, су құйылған ыдыс алып баратынбыз».1

Түсіндірме

1. Әжеттен соң тазалануды истинжа деп атайды. Алла елшісінің (с.а.с.) үлкен дәреттен кейін үш таспен тазаланып, артынша сумен жуғаны туралы көп риуаят жеткен. Осы хадис солардың бірі. Оның үлкен және кіші дәреттен кейін су пайдаланғанын білдіретін риуаяттар аз емес. Төменде соның бірқатарын келтіреміз. Сүннет пен тазалық тұрғысынан алдымен таспен тазаланып, кейін сумен жақсылап жуған абзал. Қалада тас қолдану қиын. Осы мақсатқа арналған дәретхана қағазы оның қызметін атқарады. Өзге қағазды пайдаланбаған жөн.

2. Истинжада су пайдалану міндетке жатпайды, бірақ абзал. Әжеттен кейін сумен тазаланбаған сахабалар да болған. Ибн Хажар олардың кейбірі жөнінде мына деректерді жеткізеді:

• Хузайфа ибн әл-Йәман (р.а.) неліктен сумен тазаланбайтынын сұрағанда: «Қолдан жағымсыз иіс шықпайды», – деп жауап берген.

• Нафиғ Абдулла ибн Омардың (р.а.) сумен истинжа жасамағанын айтқан.

• Ибн әз-Зубайр (р.а.): «Біз сумен истинжа жасамайтынбыз», – деген.

• Имам Мәлік Алла елшісінің сумен истинжа жасағаны туралы хабарды қабылдамаған.

Бұхари мен Мүслимнің жинақтарында Алла елшісінің истинжада су пайдаланғанын көрсететін сахих риуаяттар бар. Бұл риуаяттар Имам Мәлікке жетпеген болуы мүмкін.

3. Хадистегі «ғұлам» сөзі «жас бала» дегенді білдіреді. Әдетте емшектен шыққаннан жеті жасқа дейінгі балаға айтылады, бірақ үлкендерге де ауыспалы мағынада қолданылған. Ибн Мәсғуд Меккеде қой бағып жүргенде, Алла елшісі оған: «Сен зерек баласың», – деген. Ол кезде бұл сөз «құл» мағынасында да қолданылған. Кей риуаятта осы хадистегі бала Ибн Мәсғуд делінеді. Онда Әнәстің «арамыздағы» деген сөзі сахабалардың не Алла елшісінің қызметінде жүргендердің бірі деген мағына береді. «Ансардан» делінетін нұсқаны ғалымдар «ансар» атауын кең мағынада барлық сахабаға қолдануға болады деп түсіндірген.

4. Кей риуаятта Әнәстің су құйылған ыдыспен бірге таяқ ала барғаны айтылады. Мұны әртүрлі түсіндірген: үстіне киім іліп қалқалану, зиянды жәндіктерден қорғану, жерді қазып жұмсарту немесе дәреттен кейін намаз оқығанда алдына сүтре қою үшін. Ибн Хажар соңғы пікірді дұрысырақ санаған. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.) дәреттен соң екі рәкат намаз оқитын.

  1. 1Бұхари, «Уудуғ» (150–152, 217), «Салат», 93 • Мүслим, «Таһарат» (271) • Әбу Дәуіт, «Таһарат» (43) • Нәсәи, «Таһарат», 41 (1/42).
3569
Кутуб ситтә, № 3569 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Жәрир

وَعَنْ جَرِيرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنْتُ مَعَ النَّبِيِّ ﷺ فَأَتَى الْخَلَاءَ فَقَضَى حَاجَتَهُ، ثُمَّ قَالَ: يَا جَرِيرُ، هَاتِ طَهُورًا، فَأَتَيْتُهُ بِالْمَاءِ فَاسْتَنْجَى، وَقَالَ بِيَدِهِ فَدَلَكَ بِهَا الْأَرْضَ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Жәрир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге едім. Ол әжет өтеуге барып келген соң: “Уа, Жәрир, тазаланатын су әкел!” – деді. Су әкеліп бердім. Ол сумен тазаланды да, қолын жерге үйкеді».1

  1. 1Нәсәи, «Таһарат», 43 (1/45) • Ибн Мәжа, «Таһарат» (358).
3570
Кутуб ситтә, № 3570 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ سُفْيَانَ بْنِ الْحَكَمِ أَوْ الْحَكَمِ بْنِ سُفْيَانَ الثَّقَفِيِّ قَالَ: «كَانَ النَّبِيُّ ﷺ إِذَا بَالَ يَتَوَضَّأُ وَيَنْتَضِحُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَهَذَا لَفْظُهُ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Суфиян ибн әл-Хакам немесе Хакам ибн Суфиян әс-Сақафи былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) кіші дәреттен соң дәрет алып, аздап су себетін».1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Таһарат» (166–168) • Нәсәи, «Таһарат», 102 (1/86).
3571
Кутуб ситтә, № 3571 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ قَالَ: جَاءَنِي جِبْرِيلُ عَلَيْهِ السَّلَامُ، فَقَالَ: يَا مُحَمَّدُ، إِذَا تَوَضَّأْتَ فَانْتَضِحْ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Маған Жәбірейіл (а.с.) келіп: ‘Уа, Мұхаммед, дәрет алған соң интидах жаса!’ – деді”, – деген».1

«الِانْتِضَاحُ»: رَشُّ الْمَاءِ عَلَى الثَّوْبِ بَعْدَ الْوُضُوءِ لِئَلَّا يَعْرِضَ لِلْمُتَوَضِّئِ أَنَّهُ قَدْ خَرَجَ مِنْ ذَكَرِهِ بَلَلٌ، وَقِيلَ: الْمُرَادُ بِهِ الِاسْتِنْجَاءُ بِالْمَاءِ، وَكَانُوا يَسْتَنْجُونَ بِالْحِجَارَةِ غَالِبًا.

Түсіндірме

Хадистегі «интидахты» кей ғалымдар сумен истинжа жасау деп түсіндірген. Ол кезде жұрт көбіне сумен емес, таспен тазаланатын. Алла елшісінің су қолдануының жеке риуаят етілуі содан. Екінші түсіндірме бойынша, интидах – истибрадан, яғни зәрдің толық тоқтағанына көз жеткізгеннен кейін киімнің тиісті тұсына аздап су себу. Мұндағы мақсат – қайта зәр тамды ма деген күмәннің алдын алу. Нәуауи көпшілік ғалымның осы екінші мағынаны ұстанғанын айтады. Бұл ер кісіге қатысты. Әйелде біраз күткен соң зәр тоқтайды, ал ер кісіде жасына және жағдайына қарай біраздан кейін тамшы шығуы мүмкін. Аз ғана тамшының өзі дәретті бұзады. Мұндай күмәнге жол бермеу үшін Алла елшісі дәреттен кейін киімнің сол тұсына су себуді сүннет еткен.

  1. 1Тирмизи, «Таһарат» (50). Тирмизи бұл риуаятты ғариб деп бағалаған.
3572
Кутуб ситтә, № 3572 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «بَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فَقَامَ عُمَرُ خَلْفَهُ بِكُوزِ مَاءٍ، فَقَالَ: مَا هَذَا يَا عُمَرُ؟ فَقَالَ: مَاءٌ تَتَوَضَّأُ بِهِ، فَقَالَ: مَا أُمِرْتُ كُلَّمَا بُلْتُ أَنْ أَتَوَضَّأَ، وَلَوْ فَعَلْتُ لَكَانَتْ سُنَّةً». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) кіші дәрет сындырды. Омар су құйылған құман ұстап, оның артында тұрды. Алла елшісі: “Мынау не, Омар?” – деп сұрады. Омар: “Дәрет алуыңызға әкелген су”, – деді. Алла елшісі: “Маған әр кіші дәреттен кейін дәрет алу бұйырылған жоқ. Әр жолы осылай істесем, бұл сүннет болып қалар еді”, – деді».1

Түсіндірме

Бұл риуаяттан Алла елшісінің (с.а.с.) кіші дәреттен кейін кейде су қолданбағанын көреміз. Әр жолы су қолданса, бұл амал үмбетке міндет болып қалуы мүмкін еді. Онда жұрт әр істің соңынан сумен тазалану үшін су табуда қиналар еді. Сондықтан түсіндіруші хадистегі «дәрет алу» сөзін сумен жуу, яғни истинжа жасау мағынасында ұғынған.

Осыған сәйкес мұндағы «сүннет» сөзін «міндетті амал» мағынасында түсінген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Таһарат» (42) • Ибн Мәжа, «Таһарат» (327).
3573
Кутуб ситтә, № 3573 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ لِأَهْلِ قُبَاءَ: إِنَّ اللَّهَ قَدْ أَحْسَنَ الثَّنَاءَ عَلَيْكُمْ فِي الطُّهُورِ، فَمَا ذَلِكَ؟ قَالُوا: نَجْمَعُ فِي الِاسْتِنْجَاءِ بَيْنَ الْأَحْجَارِ وَالْمَاءِ». أَخْرَجَهُ رَزِينٌ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Құба тұрғындарынан: “Алла сендерді тазалықтарың үшін мақтады. Мұның себебі не?” – деп сұрады. Олар: “Истинжа жасағанда тас пен суды қатар қолданамыз. Алдымен таспен сүртіп, кейін сумен жуамыз”, – деп жауап берді».1

Түсіндірме

«Тәубе» сүресінің 108-аяты Мәдина маңындағы Құба ауылы жөнінде түскен. Аятта فِيهِ رِجَالٌ يُحِبُّونَ أَنْ يَتَطَهَّرُوا وَاللَّهُ يُحِبُّ الْمُطَّهِّرِينَ «Ол мешітте жан-тәнімен күнә һәм арсыздық атаулыдан арылуды, тазаруды қалайтын нағыз ерлер бар. Алла күнә мен арсыздық атаулыдан арылып, тазаруға тырысатын жандарды жақсы көреді»2 делінген.

Осы аятқа байланысты Алла елшісі (с.а.с.) құбалықтардан мақтаудың себебін сұраған. Олар әжеттен соң алдымен таспен сүртіп, кейін сумен жуатынын айтқан.

  1. 1Рәзин келтірген нұсқа. Ибн Кәсир, «Тәпсір», 3/456. Ибраһим Жанан, «Күтүб-и ситте», 10-том, 385-бет.
  2. 2«Тәубе» сүресі, 108-аят.
3574
Кутуб ситтә, № 3574 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: إِذَا ذَهَبَ أَحَدُكُمْ إِلَى الْغَائِطِ فَلْيَذْهَبْ مَعَهُ بِثَلَاثَةِ أَحْجَارٍ يَسْتَطِيبُ بِهِنَّ، فَإِنَّهَا تُجْزِئُهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Бірің әжетке барғанда, өзімен бірге үш тас алып барып, солармен тазалансын. Сол жеткілікті”, – деді».1

Түсіндірме

Хадис истинжаға үш тас жеткілікті екенін көрсетеді. Үш тас қолданғаннан кейін бір із қалса, ол шариғатта кешірімді саналып, намазға кедергі болмайды. Тастан кейін су қолдану мұстахаб. Су пайдаланбаған кісіге айып жоқ. Бұрынғы ғалымдардың көбі таспен тазаланудың жеткілікті екеніне келіскен. Сәури, Ибн әл-Мүбәрак, Шафиғи, Ахмад пен Исхақ осылай үкім берген.

Бұл хадис таспен истинжа жасағанда үш тас қолдану керектігіне де дәлел.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Таһарат» (40) • Нәсәи, «Таһарат», 40 (1/41–42).
3575
Кутуб ситтә, № 3575 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَتَى النَّبِيُّّ ﷺ الْغَائِطَ فَأَمَرَنِي أَنْ آتِيَهُ بِثَلَاثَةِ أَحْجَارٍ فَوَجَدْتُ حَجَرَيْنِ وَالْتَمَسْتُ الثَّالِثَ فَلَمْ أَجِدْهُ، فَأَخَذْتُ رَوْثَةً فَأَتَيْتُهُ بِهَا، فَأَخَذَ الْحَجَرَيْنِ، وَأَلْقَى الرَّوْثَةَ، وَقَالَ: إِنَّهَا رِكْسٌ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَهَذَا لَفْظُهُ وَالتِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ، وَقَالَ: الرِّكْسُ: طَعَامُ الْجِنِّ. «الرِّكْسُ»: شَبِيهٌ بِالرَّجِيعِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) әжет өтеуге шығып, маған үш тас әкелуді тапсырды. Екі тас таптым да, үшіншісін іздедім, бірақ таба алмадым. Орнына тезек алып бардым. Ол екі тасты алып, тезекті лақтырып тастады да: “Бұл – нәжіс”, – деді».1

Түсіндірме

1. Хадистегі «раус» сөзін «тезек» деп аудардық. Сөздіктерде ол есектің, қашырдың және жылқының тезегіне қолданылған. Хадистің бір нұсқасында есек тезегі екені нақты айтылған.

2. Тахауи бұл хадисті әжеттен соң тазаланғанда үш тас қолдану шарт емес дегенге дәлел еткен. Өйткені риуаятта Алла елшісінің екі тасты алғаны айтылады.

3. Нәсәиде «рикс» сөзі «жындардың азығы» деп түсіндірілген. Ибн Хажар бұл түсіндірмені құптамай, сөз осы хадисте «ластық» мағынасында қолданылғанын айтқан.

Келесі риуаятта жануардың тезегін, сүйегін және көмірді тазалануға қолдануға болмайтыны айтылады. Бұл туралы басқа риуаяттар да жеткен.

  1. 1Бұхари, «Уудуғ» (156) • Тирмизи, «Таһарат» (17) • Нәсәи, «Таһарат», 38 (1/39–40).
3576
Кутуб ситтә, № 3576 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «لَمَّا قَدِمَ وَفْدُ الْجِنِّ عَلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ قَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ انْهَ أُمَّتَكَ أَنْ يَسْتَنْجُوا بِعَظْمٍ، أَوْ رَوْثٍ أَوْ حَمَمَةٍ، فَإِنَّ اللَّهَ جَعَلَ لَنَا فِيهَا رِزْقًا، فَنَهَانَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنْ ذَلِكَ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ، وَهَذَا لَفْظُ أَبِي دَاوُدَ. وَ«الْحَمَمَةُ»: الْفَحْمَةُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) тағы былай дейді: «Жындардан бір топ Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Уа, Алланың елшісі, үмбетіңді сүйекпен, тезекпен не көмірмен тазаланудан тый. Алла осылардан бізге ризық берген”, – деді. Содан Алла елшісі бұл заттарды тазалануға қолдануға тыйым салды».1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Таһарат» (39) • Тирмизи, «Таһарат» (18) • Нәсәи, «Таһарат», 35 (1/37) • Мүслим, «Салат» (450), мағыналас нұсқа.
3577
Кутуб ситтә, № 3577 · тараудағы реті: 10

وَعَنْ رُوَيْفِعٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ لِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: يَا رُوَيْفِعُ، لَعَلَّ الْحَيَاةَ سَتَطُولُ بِكَ بَعْدِي، فَأَخْبِرِ النَّاسَ أَنَّهُ مَنْ عَقَدَ لِحْيَتَهُ، أَوْ تَقَلَّدَ وَتْرًا، أَوِ اسْتَنْجَى بِرَجِيعِ دَابَّةٍ أَوْ عَظْمٍ، فَإِنَّ مُحَمَّدًا مِنْهُ بَرِيءٌ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِي وَاللَّفْظُ لَهُ.

Қазақша аудармасы

Руәйфиғ (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) маған: “Уа, Руәйфиғ, менен кейін ұзақ өмір сүрерсің. Жұртқа хабарла: кім сақалын түйсе, мойнына садақ кірісін тақса немесе жануардың тезегімен не сүйекпен тазаланса, Мұхаммед ол кісіден аулақ”, – деді».1

«عَقَدَ لِحْيَتَهُ» أَيْ عَالَجَهَا حَتَّى تَتَعَقَّدَ وَتَتَجَعَّدَ، مِنْ قَوْلِهِمْ جَاءَ فُلَانُ عَاقَدًا عُنْقَهُ إِذَا لَوَاهُ. وَقِيلَ إِنَّ الْأَعَاجَمَ كَانَتْ تَفْعَلُ ذَلِكَ فَنَهُوا عَنْ التَّشَبُّهِ بِهِمْ. «تَقَلَّدَ وَتَرًا»: كَانُوا يَفْعَلُونَ ذَلَكَ وَيَزْعَمُونَ أَنَّهَا تَرُدُّ الْعَيْنَ، وَتَدْفَعُ عَنْهُمْ الْمَكَارِهِ فَنَهُوا عَنْهُ. وَ«الرَّجِيعُ»: الرَّوْثُ وَالْعُذْرَةُ.

Түсіндірме

Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисте бірнеше іске тыйым салған.

1. Сақалды бұйралау – оның табиғи қалпын өзгертіп, түю. Кейбір түсіндірушілер жорық кезінде сақалды өру әдет болғанын, Алла елшісі оны табиғи қалпында қалдыруды нұсқағанын айтады. Ибн әл-Әсир мұны тәкаппарлық танытып, жұрт назарын аудару үшін жасаған дейді. Бұл өзге жұртқа тән әдет болғандықтан, оларға еліктеуден сақтандыру үшін тыйым салынған деген пікір де бар.

2. Жылқының мойнына садақ кірісін тағуға да тыйым салынған. Бір түсіндірмеде бұл тыйым жануарды буынып қалудан сақтайды делінген. Енді бір түсіндірмеде жұрт кірісті көз тиюден, сәтсіздіктен қорғайды деп таққан. Исламда мұндай сенімге жол жоқ. Жануар шапқанда, мойнына тағылған садақ кірісі оған қатер төндіруі мүмкін. Алла елшісі жануарлардың мойнына тағылған кірісті кесуді бұйырған.

3. Жануардың тезегімен немесе сүйекпен истинжа жасауға да тыйым салынған. Мұның денсаулыққа зияны бар. Алла елшісі (с.а.с.) бұл заттардың жындарға азық екенін айтып, тыйымның себебін түсіндірген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Таһарат» (36) • Нәсәи, «Зинет», 12 (8/135).