وَعَنْ أَبِي قَتَادَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ قَالَ: إِذَا بَالَ أَحَدُكُمْ فَلَا يَأْخُذْ ذَكَرَهُ بِيَمِينِهِ، وَلَا يَسْتَنْجِ بِيَمِينِهِ، وَلَا يَتَنَفَّسْ فِي الْإِنَاءِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ، وَاللَّفْظُ لِلْبُخَارِيِّ.
Әбу Қатада (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Бірің кіші дәрет сындырғанда, жыныс мүшесін оң қолымен ұстамасын. Оң қолымен тазаланбасын. Су ішкенде, ыдысқа дем шығармасын”, – деді».1
Түсіндірме
1. Хадис оң қолға құрмет көрсетіп, оны ластайтын істерден сақтауға үндейді. Кіші дәрет кезінде жыныс мүшесін ұстағанда және әжеттен кейін тазаланғанда оң қолды пайдаланбау керектігін білдіреді. Риуаяттарда Алла елшісінің оң қолын ішіп-жеуге, киімді алып-беруге және соған ұқсас істерге, сол қолын тазалануға қолданғаны айтылады. Шафиғилер қажетсіз жағдайда оң қолмен мұндай істерді атқаруды тәнзиһи мәкрүһ, ал ханбалилер мен заһирилер тахрими мәкрүһ санаған.
2. Басқа хадистерде суды кемінде үш бөліп ішу айтылған. Ыдысты ауыздан алмай, суды үш бөліп ішкен адам ыдыс ішіне дем шығаруға мәжбүр болады. Хадистегі тыйым осыған қатысты. Суды үш бөліп ішкенде асықпай, әр жолы ыдысты ауыздан алыстатып, дем алып барып ішу керек.
- 1Бұхари, «Уудуғ» (153–154, 159) • Мүслим, «Таһарат» (267) • Әбу Дәуіт, «Таһарат» (31) • Тирмизи, «Таһарат» (15) • Нәсәи, «Таһарат», 23, 42 (1/25, 43).