Хадис

Кутуб ситтә, № 3558

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
480. Истинжа. Истинжаның әдебі
Нөмірі
№ 3558 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 23
3558
Кутуб ситтә, № 3558 · тараудағы реті: 23Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ قَالَ: مَنِ اكْتَحَلَ فَلْيُوتِرْ. مَنْ فَعَلَ فَقَدْ أَحْسَنَ وَمَنْ لَا فَلَا حَرَجَ، وَمَنْ اسْتَجْمَرَ فَلْيُوتِرْ، مَنْ فَعَلَ فَقَدْ أَحْسَنَ وَمَنْ لَا فَلَا حَرَجَ، وَمَنْ أَكَلَ فَمَا تَخَلَّلَ فَلْيَلْفِظْ وَمَا لَاكَ بِلِسَانِهِ فَلْيَبْتَلِعْ. مَنْ فَعَلَ فَقَدْ أَحْسَنَ وَمَنْ لَا فَلَا حَرَجَ، وَمَنْ أَتَى الْغَائِطِ فَلْيَسْتَتِرْ، فَإِنْ لَمْ يَجِدْ إِلَّا أَنْ يَجْمَعَ كَثِيبًا مِنْ رَمْلٍ فَلْيَسْتَدْبِرْهُ، فَإِنَّ الشَّيْطَانَ يَلْعَبُ بِمَقَاعِدِ بَنِي آدَمَ، مَنْ فَعَلَ فَقَدْ أَحْسَنَ وَمَنْ لَا فَلَا حَرَجَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. «الِاسْتِجْمَارُ»: اسْتِنْجَاءٌ بِالْجِمَارِ، وَهِيَ الْحِجَارَةُ الصِّغَارُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Кім көзіне сүрме жақса, тақ санмен жақсын. Солай істегені жақсы, олай істемесе де айыбы жоқ. Кім әжет өтеген соң таспен тазаланса, тақ санмен тазалансын. Солай істегені жақсы, олай істемесе де айыбы жоқ. Кім тамақтан соң тісінің арасындағы қалдықты шұқып шығарса, түкіріп тастасын. Ал тілімен алғанын жұта берсін. Солай істегені жақсы, олай істемесе де айыбы жоқ. Кім әжет өтеуге барса, тасалансын. Қалқа таппаса, ең болмаса құм үйіп, соған арқасын беріп отырсын. Өйткені шайтан адам баласының әжет өтейтін жерімен ойнайды. Солай істегені жақсы, олай істемесе де айыбы жоқ”».1

«فَلْيَلْفِظْ» أَيْ فَلْيَرْمِهِ مِنْ فِيهِ. وَ«لَاكَ» الشَّيْءَ يَلُوكُهُ: إِذَا أَدَارَهُ فِي فِيهِ. وَ«الْكَثِيبُ»: مَا اجْتَمَعَ مِنَ الرَّمْلِ مُرْتَفِعًا.

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисте күнделікті тұрмыста ұстанатын әдепті көрсетеді. Ол істің көркем үлгісін нұсқап, сол үлгіні ұстанбаса да, кісінің күнәға қалмайтынын айтады. Демек, кей сүннетті орындау міндетке жатпайды. Оны орындаған кісі күнделікті ісін сауапқа себеп болатын амалға айналдырады. Мәселен, көзге сүрме жаққанда, сүрме таяқшасын тақ сан рет тигізсе, көзін де күткен, сүннетті де орындаған болады. Истинжада да солай. Алдымен тазарғанына көз жеткізеді, содан соң мүмкіндігінше тақ санмен аяқтап, сүннетті орындайды.

Мүмін сүннетті ұстану арқылы күнделікті істің өзін қалай болса солай атқармай, ұқыпты әрі саналы әрекет етуге үйренеді. Қарапайым істері де құлшылыққа айналып, игі нәтиже береді.

2. Кей хадис түсіндірушілер тіс арасынан тілмен алған қалдықты жұтуға рұқсат етіліп, өзге нәрсемен шұқып шығарғанын түкіру керектігін қызыл иектің қанауы мүмкіндігімен байланыстырған. Бұл да ықтимал. Алайда Алла елшісі себебін айтпағандықтан, үкімді сонымен ғана шектеу жеткіліксіз. Қан шықпаса да, қалдықты түкірген жөн. Осы әдепті ұстанбаса да, айыбы жоқ.

3. Алла елшісі (с.а.с.) әжет өтегенде көзден таса жер іздеуге кеңес берген. Қалқа таппаса, қолдан келгенше құм, тас не шөп үйіп, соған арқасын қаратып отыруды айтқан. Бұл әдептің маңызын білдіру үшін шайтанды атаған. Қалқалануға шама жетпесе, кісінің айыбы жоқ. Усул ілімінде бір істің харамдығын білдіру үшін шайтан, жаһаннам, күпір секілді ұғымдар қолданылатыны айтылады. Осыған сүйеніп, қолдан келгенше тасалану міндет саналған. Хадис түсіндірушілер қалқа болмаса, жел зәрді киімге не денеге шашыратуы, жұрттың көзі әуретке түсуі мүмкін екенін айтып, мұның бәрін шайтанның ойыны деп түсіндірген.

4. Хадистің мәнін ұғыну үшін сол кездегі тұрмысты да ескерген жөн. Жаһилият дәуірінде арабтар үй ішіне әжетхана салмайтын. Исламның алғашқы жылдарында да әжет өтеуге Мәдинаның сыртындағы тасалау жерлерге баратын. Кей риуаятта әйелдердің ол жаққа кешқұрым топтасып шығатыны айтылады. Әйелдердің жабынуына қатысты аят түскен соң, олардың сыртқа шығуы шектеліп, үйлерге жақын жерге әжетхана салына бастады. Алла елшісінің бөлмелерінің маңына да әжетхана салынған.2

Алла елшісінің бұл сөздері әуелі сол қоғамның тұрмысына орай айтылған. Одан ортақ қағида шығару үшін сол жағдайды ескеру қажет. Қазіргі қала тұрғыны мұндай нұсқаудың мәнін бірден аңғара бермеуі мүмкін. Алайда ауылда, далада немесе қаланың жағдайы жасалмаған өзге жерде хадистегі әдеп әлі де өзекті.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Таһарат» (35).
  2. 2Бұл мәселе кеңірек 3-томның 190-бетінде қарастырылған.