وَعَنْ عَبْدِ الرَّحْمَنِ بْنِ حَسَنَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «خَرَجَ عَلَيْنَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ، وَفِي يَدِهِ كَهَيْئَةِ الدَّرَقَةِ فَوَضَعَهَا، ثُمَّ جَلَسَ خَلْفَهَا، فَبَالَ إِلَيْهَا، فَقَالَ بَعْضُ الْقَوْمِ: انْظُرُوا يَبُولُ كَمَا تَبُولُ الْمَرْأَةُ، فَسَمِعَهُ، فَقَالَ: أَمَا عَلِمْتَ مَا أَصَابَ صَاحِبَ بَنِي إِسْرَائِيلَ؟ كَانُوا إِذَا أَصَابَهُمْ شَيْءٌ مِنَ الْبَوْلِ قَرَضُوهُ بِالْمَقَارِيضِ فَنَهَاهُمْ صَاحِبُهُمْ فَعُذِّبَ فِي قَبْرِهِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.
Абдуррахман ибн Хасана (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) қолына қалқанға ұқсас бір нәрсе ұстап, алдымызға шықты. Оны жерге қойып, тасасында отырып кіші дәрет сындырды. Арамыздағы бір кісі: “Қараңдар, әйел сияқты отырып дәрет сындырып жатыр”, – деді. Алла елшісі мұны естіп: “Исраил ұрпағындағы бір кісінің басына не түскенін білмейсің бе? Оларға зәр тисе, тиген жерін қайшымен кесіп тастайтын. Әлгі кісі оларды осыдан тыйып, сол себепті қабірінде азапқа ұшырады”, – деді».1
Түсіндірме
1. Бұл – отырып дәрет сындыруға үндейтін риуаяттардың бірі. Отырып дәрет сындырудың мақсаты да аңғарылады: зәрдің үсті-басқа шашырауынан сақтану.
2. Хадис бірнеше нұсқада жеткен. Кей нұсқада зәрдің денеге, енді бірінде киімге тигені айтылады. Сыртқы мағынасын негізге алғанда, зәр денеге тисе, терінің сол тұсын, киімге тисе, киімнің сол жерін кесіп тастаған. Кей ғалымдар мұнда киім меңзелген десе, өзгелері теріні де кесуі мүмкін екенін әрі мұның Исраил ұрпақтарына жүктелген ауыр міндеттердің бірі болғанын айтқан. Дегенмен Бұхаридің қуаттырақ нұсқасында киім аталады.
3. Риуаятта Исраил ұрпақтарына зәр шашырауынан сақтану үшін жүктелген ауыр міндетті алып тастаған кісінің осы ісі үшін қабірде азапқа ұшырағаны айтылады. Алла елшісі бұл оқиға арқылы зәрдің шашырауынан сақтанудың маңызын аңғартқан. Бұл мәселеде ұқыптылық танытпаған мұсылман да осындай азапқа ұшырауы мүмкін екенін ескерткен.
4. Алла елшісі (с.а.с.) исламның кей ақиқаттарын түрлі тәсілмен қайта-қайта жеткізген. Бұл – сөздің санада орнығуына әсерлі әдіс. Осылайша діннің айтқан ақиқаты жұртқа айқынырақ жеткен.
- 1Әбу Дәуіт, «Таһарат» (22) • Нәсәи, «Таһарат», 26 (1/26–28).