Хадис

Кутуб ситтә, № 3545

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
480. Истинжа. Истинжаның әдебі
Нөмірі
№ 3545 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 10
3545
Кутуб ситтә, № 3545 · тараудағы реті: 10

وَعَنْ مَرْوَانَ الْأَصْغَرَ قَالَ: «رَأَيْتُ ابْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَاخَ رَاحِلَتَهُ مُسْتَقْبِلَ الْقِبْلَةِ، ثُمَّ جَلَسَ يَبُولُ إِلَيْهَا، فَقُلْتُ لَهُ: يَا أَبَا عَبْدِ الرَّحْمَنِ أَلَيْسَ قَدْ نُهِيَ عَنْ هَذَا؟ قَالَ: بَلَى إِنَّمَا نُهِيَ عَنْ ذَلِكَ فِي الْفَضَاءِ، فَإِذَا كَانَ بَيْنَكَ، وَبَيْنَ الْقِبْلَةِ شَيْءٌ يَسْتُرُكَ فَلَا بَأْسَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Мәруан әл-Асғар былай дейді: «Ибн Омардың (р.а.) түйесін құбылаға қаратып шөктіргенін, сосын құбылаға қарап, оның тасасында кіші дәрет сындырғанын көрдім. Оған: “Уа, Әбу Абдуррахман, бұған тыйым салынбап па еді?” – дедім. Ол: “Иә, ашық далада бұлай істеуге тыйым салынған. Құбыла екеуіңнің араларыңда сені қалқалайтын нәрсе болса, мұның айыбы жоқ”, – деді».1

Түсіндірме

Бұл хадис әжет өтегенде құбылаға жүзін не арқасын бұруға салынған тыйымның ашық жерге қатысты екенін білдіреді.

Бұл мәселе жөнінде ғалымдардың пікірлері әртүрлі. Кейбірі Жәбирден жеткен бір хадиске сүйеніп, жабық жерде құбылаға жүзін бұруға да болады деген. Әр пікірдің дәлелін талқылауға кіріспей, ғалымдардың тұжырымдарын қысқаша келтірейік:

1) Әбу Ханифа мен Ахмад ибн Ханбалдан жеткен бір риуаятта ашық жерде де, жабық жерде де құбылаға қарап әжет өтеуге рұқсат делінеді. Алайда Ибн Хажар осы екі имамнан кең тараған пікір бойынша екі жағдайда да құбылаға қарап әжет өтеу харам екенін айтады. Шафиғилерден Әбу Сәур, мәликилерден Ибн әл-Араби, заһирилерден Ибн Хазм осы көзқарасты ұстанған.

2) Имам Мәлік пен Шафиғи ашық жерде құбылаға қарап әжет өтеуді харам санайды, ал жабық жерде рұқсат береді. Аббас ибн Абдулмүттәлиб, Абдулла ибн Омар, Исхақ ибн Раһуя, Шағби және бір риуаят бойынша Ахмад ибн Ханбал да осы үкімді айтқан.

3) Әбу Әйюб әл-Ансари, Мүжаһид, Ибраһим ән-Нәхәи, Суфиян әс-Сәури, Әбу Сәур және бір риуаят бойынша Ахмад ибн Ханбал ашық жерде де, үй ішінде де құбылаға қарап әжет өтеуді дұрыс санамаған.

4) Уруа ибн әз-Зубайр, Имам Мәлік және бір риуаят бойынша Ахмад ибн Ханбал2 ашық жерде де, жабық жерде де құбылаға қарап әжет өтеуге рұқсат берген.

Хадис түсіндірмелерінде бұдан өзге үш көзқарас та аталады:

1) Әбу Юсуф үй ішінде ғана Қағбаға арқасын қаратып әжет өтеуге рұқсат берген.

2) Ибн Сирин мен ән-Нәхәидің пікірінше, Қағбаға да, Құдыстағы Ақса мешітіне де жүзді не арқаны қаратып әжет өтеуге мүлде болмайды.

3) Әбу Ауананың пікірінше, Қағбаға жүзін не арқасын қаратып әжет өтеу Мәдина мен оның маңындағы тұрғындарға ғана харам. Бұл тыйым Қағбаның шығысы мен батысында тұратындарға қолданылмайды.

Ескерту. Қазір тұрғын үйдің жобасын әзірлегенде ислам әдебіне үнемі мән берілмейді. Соның салдарынан мұсылмандар әжетхананы пайдаланғанда қиындыққа кезігеді. Бұл әдепті сақтауға ұқыпты болған жөн. Сонымен бірге ғалымдардың әртүрлі пікірін білген пайдалы. Амалымыз мүжтаһид имамдардың бірінің пікіріне сай келсе, қиындықтан шығуға жол ашылады. Сол себепті ғалымдардың негізгі көзқарастарын осында келтірдік.

Дегенмен сүннет әдебіне сай келмейтін әжетхананы пайдаланғанда, осы хадисті жеткізген Әбу Әйюб әл-Ансаридің ісін үлгі ете аламыз. Ол: «Шамға келгенде, әжетханалардың құбылаға қаратып салынғанын көрдік. Оларды пайдаланғанда, сәл қырындап отырып, Алладан кешірім тілейтінбіз», – деген.

Ислам әдебіне сай салынбаған әжетхананы пайдалануға тура келсе, қолымыздан келгенше әдепті сақтап, Алладан кешірім тілейміз. Мұндай жағдайдың әдепке қайшы екенін ұмытпай, оны қалыпты нәрсе деп қабылдап кетуден сақтанған жөн.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Таһарат» (11).
  2. 2Бірінші томда Ахмад ибн Ханбалды таныстырғанда айтылғандай, ол хадиске ерекше ден қойып, әр риуаятқа сай пікір білдірген. Бір мәселе жөнінде одан бірнеше пікір жетуі жиі кездеседі. Мұнда да аталған төрт көзқарастың әрқайсысына сай Ахмад ибн Ханбалдан (рахимаһуллаһ) бір пікір риуаят етілген.