وَعَنْ أُمِّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: «أَنَّهَا قَالَتْ لَهَا امْرَأَةٌ: إِنِّي أُطِيلُ ذَيْلِي، وَأَمْشِي فِي الْمَكَانِ الْقَذِرِ. فَقَالَتْ أُمُّ سَلَمَةَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: يُطَهِّرُهُ مَا بَعْدَهُ». أَخْرَجَهُ الْأَرْبَعَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ.
Үммі Сәләма (р.а.) былай дейді: «Бір әйел маған: “Көйлегімнің етегі ұзын, кейде лас жермен жүремін”, – деді. Мен оған Алла елшісінің (с.а.с.): “Одан кейінгі жер оны тазартады”, – дегенін айттым»1.
Түсіндірме
«Әза» деп кісіге жайсыздық келтіретін нәрсені айтады. Бұған тас, топырақ, қоқым, тікен және жұққан ластық жатады.
«Зәйл» сөзі құйрық, ұш, шығыңқы бөлік, жалғама деген мағыналарда жұмсалады. Бұл жерде көйлектің етегі айтылып тұр. Көйлектің етегі жерге тимесе де «зәйл» деп аталады. Алайда риуаятта етегі жерге тиетіндей ұзын көйлек туралы сөз болған. Алла елшісі (с.а.с.) лас жерге тиіп кірлеген етектің содан кейін таза жерге тиіп тазаратынын айтқан. Үммі Сәләмадан сұраған әйел етегіне ластық жұқты ма деп күдіктенсе керек. Имам Шафиғи етек таза саналуы үшін жер құрғақ болуы керектігін, дымқыл нәжіс киімге жұқса, басқа жерге тиюмен кетпей, жуылуы қажет екенін айтады. Ахмад ибн Ханбал да бұл хадисте зәр жұққан етек емес, лас жерге жанасқан соң таза жерге тиген етек сөз болып тұр деген.
Имам Мәлик мұны былай түсінген: «Топырақтың бір жері екінші жердің ласын кетіреді. Біреу әуелі лас жерді, содан кейін құрғақ, таза жерді басса, екінші жер біріншісінің ласын кетіреді». Хаттаби осы түсіндірмеден соң зәр секілді нәжіс киімге немесе денеге жұқса, сумен жуып тазартылатынын айтады.
- 1Мәлик, «Муатта», «Таһарат», 16 (1/24). Әбу Дәуіт, «Таһарат», 140 (383). Тирмизи, «Таһарат», 109 (143). Ибн Мәжа, «Таһарат» (531).