وَعَنْ أَبِي عَبْدِ اللَّهِ الْجُشَمِيِّ قَالَ: حَدَّثَنَا جُنْدُبٌ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «جَاءَ أَعْرَابِيٌّ، فَأَنَاخَ رَاحِلَتَهُ ثُمَّ عَقَلَهَا، ثُمَّ دَخَلَ الْمَسْجِدَ فَصَلَّى خَلْفَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ. فَلَمَّا سَلَّمَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ أَتَى الْأَعْرَابِيُّ رَاحِلَتَهُ فَأَطْلَقَهَا، ثُمَّ رَكِبَ، ثُمَّ نَادَى: اللَّهُمَّ ارْحَمْنِي وَمُحَمَّدًا، وَلَا تُشْرِكْ مَعَنَا فِي رَحْمَتِنَا أَحَدًا. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ تَرَوْنَ أَضَلَّ، هَذَا أَوْ بَعِيرُهُ؟ أَلَمْ تَسْمَعُوا إِلَى مَا قَالَ؟ قَالُوا: بَلَى». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Әбу Абдулла әл-Жушәми былай дейді: «Жундуб (р.а.) бізге былай баяндады: “Бір бәдәуи келіп, түйесін шөктірді де, байлап қойды. Сосын мешітке кіріп, Алла елшісінің (с.а.с.) артында намаз оқыды. Алла елшісі сәлем берген соң, бәдәуи түйесіне барып, байлауын шешті де, үстіне мінді. Содан кейін дауыстап: ‘Уа, Алла, маған және Мұхаммедке рақым ет! Бізге берген рақымыңа ешкімді ортақ етпе!’ – деді. Алла елшісі: ‘Қалай ойлайсыңдар, осы адамның өзі ме, түйесі ме, қайсысы көбірек адасқан? Не айтқанын естімедіңдер ме?’ – деді. Жұрт: ‘Иә, естідік’, – деп жауап берді”»1.
Түсіндірме
Бұл риуаят та бәдәуи туралы. Мүмкін, мұнда мешітте кіші дәрет сындырған адамнан өзге бір бәдәуи сөз болған шығар. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.) оғаш көріп, дұға әдебіне сай санамаған сөзін бұл бәдәуи түйесіне мініп алған соң айтқан.
Алла елшісі (с.а.с.) «Қайсысы көбірек адасқан, осы адам ба, түйесі ме?» деп, оның жөн білмей жасаған дұғасын ашық құптамады. Хаттаби أَضَلَّ сөзін «надандығы басым» мағынасындағы أَجْهَلُ сөзімен түсіндіреді. Біз «адасқан» деуді жөн көрдік, өйткені бұл сөзде жаңылысу мағынасы басым. Хаттаби Алланың рақымын тарылтуға ұмтылуды надандыққа жатқызған. Мұны адасу деп те түсінуге болады.
Соңында Алла елшісі (с.а.с.): «Оның не айтқанын естімедіңдер ме?» – деп, әлгі сөзді неге айтқанын аңғартты.
- 1Әбу Дәуіт, «Әдеп», 42 (4885).