وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِذَا دَخَلْتُمْ عَلَى مَرِيضٍ فَنَفِّسُوا لَهُ فِي أَجَلِهِ فَإِنَّ ذَلِكَ لَا يَرُدُّ شَيْئًا وَيُطَيِّبُ نَفْسَهُ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Әбу Сағид (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Науқастың жанына кіргенде, ұзақ ғұмыр тілеп, көңілін орнықтырыңдар. Бұл тағдырды өзгертпесе де, науқастың көңілін көтереді».1
Түсіндірме
Хадисте науқастың көңілін сұраудың бір әдебі көрсетілген. Оған үміт беретін жылы сөз айтып, сауығуын тілеген жөн. Арабша «тәнфис» сөзі тынысын кеңейту, көңілін жадырату дегенді білдіреді. Шархта «Алла ғұмырыңды ұзақ етсін», «Алла шипа берсін», «Сау-саламат бол» деген тілектер мысалға келтірілген. Тиби бұл сөздерді науқасқа өмірден үміт үзбеуге демеу беру деп түсіндірген. Кейбір ғалымдар науқастың ажал жайындағы уайымын сейілтіп, оны жұбатуды ұсынған. Мұндай сөздер ажалды өзгертпейді, бірақ науқастың жанын жадыратады. Сырқаты ауыр болсын, жеңіл болсын, науқасқа жылы сөз айтып, көңілін сұрау – көркем әдеп.
- 1Тирмизи, «Тибб», 35 (2087).