وَعَنْ مَعْدَانَ بْنِ أَبِي طَلْحَةَ الْيَعْمَرِيِّ أَنَّ أَبَا الدَّرْدَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ حَدَّثَهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَاءَ فَأَفْطَرَ، وَأَنَّهُ سَأَلَ ثَوْبَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ عَنْ ذَلِكَ، فَقَالَ: صَدَقَ، أَنَا صَبَبْتُ لَهُ وَضُوءَهُ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Мағдан ибн Әбу Талха былай дейді: «Әбу Дәрда маған: “Алла елшісі бірде құсып, аузын ашты”, – деді. Мұны Сәубаннан (р.а.) сұрадым. Ол: “Рас айтқан. Сол кезде Алла елшісіне дәрет суын мен құйып тұрдым”, – деді1».
Түсіндірме
1. Тирмизи келтірген нұсқада оқиға анығырақ баяндалған. Мағдан ибн Әбу Талха былай дейді: «Әбу Дәрда маған: “Алла елшісі құсып, аузын ашты, содан соң дәрет алды”, – деді. Кейін Дамаск мешітінде Алла елшісі азат еткен Сәубанды жолықтырып, оған осы оқиғаны айттым. Ол: “Рас айтқан. Дәрет суын өзім құйып тұрдым”, – деді».
2. Бұл хадисті құсудың дәретті бұзатынына дәлел еткендер бар. Алайда кей ғалымдар оны айқын дәлел санамаған. Олардың пікірінше, Алла елшісі құсқаннан кейін дәретті мұстахаб болғандықтан немесе сол сәтте дәрет алуды жөн көргендіктен жаңартқан болуы мүмкін. Арабша нұсқадағы «фа» жалғаулығы себепті де, әрекеттердің ретін де білдіре алады.
Зуһри, Алқама, Әсуад, Шағби, Уруа ибн әз-Зубайр, Нахағи, Қатада, Хаммад, Сәури, Хасан ибн Салих және Әузағи құсуды дәретті бұзатын жағдайға жатқызған. Ханафи мәзһабында ауыз толтырып құсқан адам дәретін жаңартады. Имам Мәлик пен имам Шафиғи құсу дәретті бұзбайды деп есептеген. Көпшілік ғалым әдейі құсудың оразаны бұзатынына келіскен.
- 1Әбу Дәуіт, «Саум», 32 (№ 2381). Тирмизи, «Таһарат», 64, (87).