وَفِي رِوَايَةٍ لِمُسْلِمٍ وَالنَّسَائِيِّ: «إِنَّا أُمَّةٌ أُمِّيَّةٌ، لَا نَكْتُبُ وَلَا نَحْسُبُ، الشَّهْرُ هَكَذَا وَهَكَذَا»، يَعْنِي مَرَّةً تِسْعًا وَعِشْرِينَ وَمَرَّةً ثَلَاثِينَ.
Мүслим мен Нәсәидің риуаятында Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Біз – үмми қауымбыз. Жазуды да, есептеуді де білмейміз. Ай бірде былай, бірде былай болады»1, – деген. Яғни қолымен бірде жиырма тоғызды, бірде отызды көрсеткен.
Түсіндірме
1. Алла елшісі (с.а.с.) екі хадисте де айдың бірде жиырма тоғыз, бірде отыз күн болатынын саусақтарымен көрсеткен. Алдындағы жұрт оқып-жазуды білмегендіктен, күн санын осылай түсіндірген. «Үмми» сөзі, хадисте айтылғандай, оқу мен жазуды білмейтін адамды білдіреді. Оны анасынан туған қалпында қалып, оқып-жазуды үйренбеген адам деп түсіндіргендер де бар.
Ибн Хажардың пікірінше, Алла елшісінің (с.а.с.) «Біз – үмми қауымбыз» деген сөзі сол жерде отырғандарға немесе Пайғамбарымыздың өзіне қатысты айтылған болуы мүмкін. Кейбір ғалымдар мұнда араб қауымы меңзелген дейді. Өйткені олардың арасында хат танитындар сирек еді. Құранда ﴿هُوَ الَّذِي بَعَثَ فِي الْأُمِّيِّينَ رَسُولًا مِنْهُمْ يَتْلُو عَلَيْهِمْ آيَاتِهِ وَيُزَكِّيهِمْ وَيُعَلِّمُهُمُ الْكِتَابَ وَالْحِكْمَةَ﴾ «Ол үмми қауымға өз ішінен бір елші жіберді. Ол елші оларға оның аяттарын оқиды, оларды тазартады, әрі оларға кітап пен хикметті үйретеді…»2 делінген («Жұма» сүресі, 2-аят). Аятта арабтардың үмми қауым екені айтылады. Олардың арасында хат танитындар аз болғандықтан да солай аталған болуы мүмкін.
2. Ибн Хажар хадистердің тура мағынасына сүйеніп, ораза, айт пен қажылық сияқты күнтізбеге қатысты істерде жаңа айды көру негізге алынатынын айтады. Есеп білетін адамдар кейін пайда болса да, оразаға қатысты осы үкім жалғасқан. Ол № 3116 хадистегі «Ай бұлттан көрінбесе, күн санын отызға толтырыңдар» деген сөзді дәлел етеді. «Алла елшісі (с.а.с.) “Ай бұлттан көрінбесе, есеп білетіндерден сұраңдар” деген жоқ», – дейді. Оның пікірінше, ай көрінбегенде жұрттың бәрі бірдей санға сүйенсе, дау-дамай мен түсінбеушілік тумайды. Ибн Хажардың сөзінен астрономиялық есеп негізге алынса, жұрт бірыңғай есепке келісе алмай, алауыздық шығуы мүмкін деген ой аңғарылады. Жаңа айды анықтау мәселесіндегі мұндай келіспеушілік бүгін де Ислам әлемінде бар.
Автордың пайымынша, Алла елшісі (с.а.с.) жаңа айдың тууын күн мен өзге аспан денелері сияқты алдын ала жұрттың бәрі келісетіндей етіп есептеп, күнтізбеге түсіру қиын болатынын пайғамбарлық көрегендігімен біліп, ораза, айт және қажылықта айдың көрінуін негізге алуды білдірген.