عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ ذَكَرَ رَمَضَانَ فَقَالَ: «لَا تَصُومُوا حَتَّى تَرَوُا الْهِلَالَ، وَلَا تُفْطِرُوا حَتَّى تَرَوْهُ، فَإِنْ غُمَّ عَلَيْكُمْ فَاقْدُرُوا لَهُ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ. وَفِي رِوَايَةٍ لِلْبُخَارِيِّ: «فَإِنْ غُمَّ عَلَيْكُمْ فَأَكْمِلُوا ثَلَاثِينَ». وَلِمُسْلِمٍ وَالنَّسَائِيِّ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ: «فَإِنْ غُمَّ عَلَيْكُمْ فَصُومُوا ثَلَاثِينَ يَوْمًا». «غُمَّ عَلَيْكُمْ»: أَيْ غَطَّاهُ شَيْءٌ مِنَ السَّحَابِ فَلَمْ يَظْهَرْ.
Ибн Омардың (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) рамазан туралы: «Жаңа туған айды көрмейінше ораза бастамаңдар. Келесі жаңа айды көрмейінше оразаны аяқтамаңдар. Ай бұлттан көрінбесе, айдың күнін санаңдар»1, – деген. Бұхаридің бір нұсқасында «Ай бұлттан көрінбесе, күн санын отызға толтырыңдар» делінген. Мүслим мен Нәсәи Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізген нұсқада «Ай бұлттан көрінбесе, отыз күн ораза ұстаңдар» делінген.
Түсіндірме
1. Хадистің тура мағынасы бойынша, жаңа туған ай күндіз не түнде көрінсе де, ораза басталады. Ғалымдар ай түнде көрінсе, оразаны келесі күні таңнан бастау керек деп түсіндірген. Кейбірі айдың түс ауғанға дейін және одан кейін көрінуін екі бөлек қарастырған.
2. Хадисте рамазан оразасын бастау үшін де, аяқтау үшін де жаңа туған айды көру шарт етілген. Ай бір себеппен көрінбесе, не істеу керектігі жөнінде әртүрлі пікір айтылған:
• Жаңа туған ай көрінбей, сол күннің шағбанның отызыншы күні ме, әлде рамазанның бірінші күні ме екені анықталмаса, оны «күмәнді күн» дейді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оразаны бастауға жаңа айды көруді шарт еткендіктен, күмәнді күні ораза ұстау мәкрүһ саналған. Дегенмен кейбір сахабаның сол күні ораза ұстағаны жеткізілген. Олардың қатарында Айша, оның әпкесі Әсма, Әбу Һурайра, Амр ибн әл-Ас пен Мұғауия (р.а.) бар. Куфа ғалымдары, соның ішінде Әбу Ханифа, сондай-ақ Имам Мәлік, Шафиғи, Әузағи, Сәури және Ахмад ибн Ханбалдың бір пікірі бойынша, аспан бұлттанып, жаңа ай көрінбесе, сол күні ораза ұстау уәжіп емес. Ибн Омар, бір пікірінде Ахмад ибн Ханбал және басқа бірқатар ғалымдар аспан ашық болып, ай көрінбесе, ораза ұсталмайды, ал аспан бұлтты болса, ораза ұстау уәжіп деген.
Хасан Басри, Ибн Сирин, бір риуаятта Шағби, бір пікірінде Ахмад ибн Ханбал және өзге кейбір ғалымдар күмәнді күні ораза ұстау-ұстамауды имамның шешіміне қалдырған. Имам ораза ұстаса, халық та ұстайды. Имам ұстамаса, халық та ұстамайды. Имам Шафиғи күмәнді күні оразаға ниет етпей таң атыруды, бірақ түс ауғанға дейін ас ішпеуді ұсынған: «Күн аумай тұрып рамазанның кіргені анықталса, оразаға ниет етіп, жалғастырады. Анықталмаса, ішіп-жеуіне болады».
Күмәнді күні нәпіл ниетімен ораза ұстауға бола ма деген мәселеде де әртүрлі пікір бар.
Кейбір ғалымдар күмәнді күн кісінің әдетте ораза ұстайтын күніне, мысалы, күнара ұстаған оразасына немесе дүйсенбі мен бейсенбіге тұспа-тұс келсе, әдетін жалғастыруға рұқсат деген. Әдетте ораза ұстамайтын адамның сол күні нәпіл ораза да ұстамағаны абзал. Бұл үкім рамазанның алдындағы екі күнге қатысты. Рамазанға үш күн не одан көп уақыт қалғанда нәпіл ораза ұстаудың оқасы жоқ. Ал Имам Шафиғи осы тақырыптағы тыйым хадисіне сүйеніп, шағбанның екінші жартысында ораза ұстауды мәкрүһ санаған.
Имам Шафиғи бойынша, рамазан айының басталғаны үш жолмен анықталады:
• Жаңа туған айды өз көзімен көру.
• Әділ адамның куәлігі. Бір кісінің куәлігі де жарайды.
• Шағбан айын отыз күнге толтыру.
Әбу Ханифа, Имам Мәлік, Әузағи, Сәури секілді көптеген ғалымның пікірі осы тұста тоғысады.
- 1Бұхари, «Саум», 11, 5, 13, «Талақ», 25; Мүслим, «Сиям», 9 (№ 1080); «Муатта», «Сиям», 1 (1, 286); Әбу Дәуіт, «Саум», 4 (№ 2320); Нәсәи, «Саум», 10, 11 (4, 134).