وَعَنْ أَبِي عُمَيْرِ بْنِ أَنَسٍ عَنْ عُمُومَةٍ لَهُ مِنْ أَصْحَابِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ: «أَنَّ رَكْبًا أَتَوْا رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَشْهَدُونَ أَنَّهُمْ رَأَوُا الْهِلَالَ بِالْأَمْسِ، فَأَمَرَهُمْ أَنْ يُفْطِرُوا، وَإِذَا أَصْبَحُوا أَنْ يَغْدُوا إِلَى مُصَلَّاهُمْ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.
Әбу Умайр ибн Әнәс Алла елшісінің (с.а.с.) сахабалары болған көкелерінен мына оқиғаны жеткізеді: «Бір топ жолаушы Алла елшісіне көлікпен келіп, “Жаңа айды кеше көрдік”, – деп куәлік етті. Сонда ол жұртқа оразасын тоқтатуды және ертең таңертең айт намазы оқылатын алаңға баруды бұйырды».1
Түсіндірме
Хадистің өзге нұсқаларына қарағанда, Мәдинада аспанды бұлт басып, ешкім жаңа айды көрмеген. Сөйтіп, рамазанның отызыншы күні жұрт оразаға ниет етеді. Түс ауған соң, күн кешкіре бір топ жолаушы келіп, жаңа айды алдыңғы күні көргеніне куәлік етеді. Олардың сөзінен кейін Алла елшісі (с.а.с.) сол күнді айт деп жариялап, оразаны тоқтатуды бұйырады. Келесі күні таңертең айт намазына келуді тапсырады. Демек, айт күні намаз уақытында анықталмаса, айт намазын екінші күні оқуға болады. Әбу Ханифа, Әузағи, Сәури, Ахмад, Исхақ, Әбу Юсуф пен Мұхаммед осы пікірде. Бұл – Имам Шафиғиден де жеткен пікір. Хадистің тура мағынасы бойынша, екінші күні оқылған намаз қаза саналмайды, өз уақытында өтелген болып есептеледі.
Хаттабидің Имам Шафиғиден жеткізуінше, кей ғалымдар «Айттың кіргені түс ауғанға дейін анықталса, айт намазы оқылады. Одан кеш анықталса, сол күні де, ертеңінде де оқылмайды. Өйткені айт намазы өз уақытында ғана оқылады», – деген. Имам Мәлік пен Әбу Сәур де осы пікірде болған. Хаттаби «Өзгенің ұстанымынан гөрі, Алла елшісінің (с.а.с.) сүннетіне ерген абзал. Әбу Умайрдың хадисі сахих, оған амал ету уәжіп», – дейді. Осылайша ол айттың түске дейін не түстен кейін белгілі болуының айырмасы жоқ деген. Хадисте жолаушылардың жаңа айды кеш көргенін білдіретін белгі жоқ.
- 1Әбу Дәуіт, «Салат», 255 (№ 1157); Нәсәи, «Идайн», 2 (3, 180).