وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَا تَغْلِبَنَّكُمُ الْأَعْرَابُ عَلَى اسْمِ صَلَاتِكُمْ، فَإِنَّ اسْمَهَا فِي كِتَابِ اللَّهِ الْعِشَاءُ، وَإِنَّهَا تُعْتَمُ بِحِلَابِ الْإِبِلِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.
Ибн Омардың (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) «Бәдәуилер ықпал етіп, намаздарыңның атын өзгертіп жібермесін. Алланың кітабында оның аты – “иша”. Бәдәуилер түйе сауып, қараңғыға қалғандықтан оны “атама” деп атайды», – деген.1
Түсіндірме
Ақшам мен құптан намаздарының арабша атаулары ұқсас. Екеуі де «иша» деп аталған. Ақшамды «ишаул әууәл», яғни алғашқы иша, құптанды «ишаул ахир», яғни соңғы иша деген. Кейде екеуін қосып «екі иша» деп те атаған.
Жоғарыдағы хадисте бәдәуилердің ақшамды «иша», құптанды «атама» дегені, атаулардың өзгеруіне жол бермеу керектігі айтылды. Дегенмен кей риуаятта Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өзі де құптанды «атама» деп атаған. Әбу Бәкір мен Ибн Аббас (р.а.) сияқты сахабалар бұл атауды қолдануға болатынын ашық айтқан.
Имам Нәуәуи мұны екі түрлі түсіндіреді:
1. Құптанды «атама» деуге болады, сондықтан Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұл атауды кейде қолданған.
2. «Иша» атауын білмегендерге қай намазды меңзегенін білдіру үшін олар түсінетін «атама» сөзін қолданған. Пайғамбарымыз (с.а.с.) алдындағы адамның ұғымына сай сөйлеуді абзал санаған. Бұхариде де осыған ұқсас хадис бар. Онда арабтардың «атама» сөзін қолданғаны, «иша» деп ақшамды да атағаны айтылады: «Бәдәуилер ықпал етіп, намаздарыңның атын өзгертіп жібермесін. Олар ақшамды “иша” деп атайды».
«Иша» – түнгі қараңғылықтың алғашқы мезгілі. Ол күн батқан соң шапақтың ізі толық жоғалғанда басталады. Ақшамды да «иша» деп атау осы себепті шатастыруы мүмкін.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) осы шатасудың алдын алуды көздеген. Мұндағы тыйым атаудың харамдығын емес, солай атаудың тәнзиһан мәкрүһ, яғни ұнамсыз екенін білдіреді.
- 1Мүслим, «Мәсәжид», 228 (№ 644); Әбу Дәуіт, «Әдеп», 86 (№ 4984); Нәсәи, «Мауақит», 23 (1, 270).