Хадис

Кутуб ситтә, № 3099

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
417. Намазға қатысты кейбір хадистер
Нөмірі
№ 3099 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 6
3099
Кутуб ситтә, № 3099 · тараудағы реті: 6

وَعَنْ سِمَاكِ بْنِ حَرْبٍ قَالَ: «قُلْتُ لِجَابِرِ بْنِ سَمُرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَكُنْتَ تُجَالِسُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ؟ قَالَ: نَعَمْ، كَثِيرًا، كَانَ لَا يَقُومُ مِنْ مُصَلَّاهُ الَّذِي يُصَلِّي فِيهِ الصُّبْحَ حَتَّى تَطْلُعَ الشَّمْسُ، وَكَانُوا يَتَحَدَّثُونَ فِي أَمْرِ الْجَاهِلِيَّةِ فَيَضْحَكُونَ، وَيَتَبَسَّمُ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا الْبُخَارِيَّ.

Қазақша аудармасы

Симак ибн Харб былай дейді: «Жәбир ибн Сәмурадан (р.а.) “Алла елшісімен (с.а.с.) бірге отыратын ба едің?” – деп сұрадым. Ол “Иә, жиі отыратынмын. Алла елшісі таң намазын оқыған орнынан күн шыққанша тұрмайтын. Жұрт жаһилия дәуіріндегі оқиғаларды әңгімелеп күлетін, Алла елшісі де жымиып қоятын”, – деді».1

Түсіндірме

Бірнеше сахабаның риуаятында Пайғамбарымыздың (с.а.с.) таң намазынан кейін мешітте қалып, малдас құрып, сахабаларымен әңгімелескені айтылады. Бір риуаятта отырыс күн әбден шыққанша жалғасқаны жеткізілген. Сол жерде көрген түстерін айтып, жорыған. «Әйямул-араб» деп аталатын жаһилия оқиғаларын, исраилият хикаяларын және өзге оқиғаларды сөз еткен. Сөйтіп, құлшылық пен зікір мәжілісі біраздан соң мәдени сұхбатқа ұласатын.

Бұл отырыс жылдың белгілі бір мезгіліне, айына не аптаның бір күніне арналмаған. Күн сайын өтетін және Пайғамбарымыздың (с.а.с.) күн тәртібінің бір бөлігі еді. Мұны бір рет қана қалдырғаны айтылады. Илә оқиғасы болып, жұбайларынан бір ай бөлек тұруға шешім қабылдаған күні ол намаздан соң «Машруба» деп аталатын жеке бөлмесіне бірден кіріп кеткен. Бұл әрекетіне жұрт таңырқап, әзірет Омар (р.а.) бастаған сахабалар маңызды оқиға болды ма деп алаңдады. Расында, бұл – Пайғамбарымыздың өміріндегі уахи түсуіне себеп болған маңызды оқиғалардың бірі, яғни илә оқиғасы еді.

Кейбір риуаяттарда Пайғамбарымыздың (с.а.с.) дұха уақытына дейін мешітте қалып, дұха намазын оқыған соң шыққаны айтылады. Ол үмбетіне де осы амалды өсиет еткен. Әбу Дәуіттің риуаятында «Кім таң намазынан кейін орнында қалып, екі рәкат дұха намазын оқығанға дейін жаман сөзден тыйылса, күнәсі теңіз көбігіндей көп болса да, кіші күнәлары кешіріледі» делінген.

  1. 1Мүслим, «Мәсәжид», 286 (№ 670). Әбу Дәуіт, «Салат», 301 (№ 1294). Тирмизи, «Салат», 412 (№ 585). Нәсәи, «Сәһу», 99 (3/80).