وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ امْرَأَةً سَوْدَاءَ كَانَتْ تَقُمُّ الْمَسْجِدَ، أَوْ شَابًّا، فَفَقَدَهَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فَسَأَلَ عَنْهَا أَوْ عَنْهُ، فَقَالُوا: مَاتَ. قَالَ: أَفَلَا كُنْتُمْ آذَنْتُمُونِي؟ فَكَأَنَّهُمْ صَغَّرُوا أَمْرَهَا أَوْ أَمْرَهُ، فَقَالَ: دُلُّونِي عَلَى قَبْرِهَا، فَدَلُّوهُ فَصَلَّى عَلَيْهَا، ثُمَّ قَالَ: إِنَّ هَذِهِ الْقُبُورَ مَمْلُوءَةٌ ظُلْمَةً عَلَى أَهْلِهَا، وَإِنَّ اللَّهَ يُنَوِّرُهَا لَهُمْ بِصَلَاتِي عَلَيْهِمْ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَاللَّفْظُ لِمُسْلِمٍ، وَأَبُو دَاوُدَ. الْإِيذَانُ: الْإِعْلَامُ. «تَقُمُّ» أَيْ تَكْنِسُ الْمَسْجِدَ.
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Мешітті қара нәсілді бір әйел немесе бір жас жігіт сыпырып, тазалап тұратын. Алла елшісі (с.а.с.) оны біраз уақыт көрмеген соң, қайда екенін сұрады. Сахабалар “Қайтыс болды”, – деді. Алла елшісі “Маған неге хабарламадыңдар?” – деді. Сахабалар оның қазасына онша мән бермегендей еді. Алла елшісі “Маған қабірін көрсетіңдер”, – деді. Олар қабірін көрсетті. Алла елшісі оның басында жаназа намазын оқыды да, “Бұл қабірлерде жатқандарды қараңғылық басқан. Алла менің олар үшін оқыған намазым арқылы қабірлерін нұрландырады”, – деді».1
Түсіндірме
• Хадис мешітті таза ұстаудың сауапты іс екенін көрсетеді.
• Пайғамбарымыз (с.а.с.) әр адамға көңіл бөліп, қал-жағдайын сұрайтын. Көпшілік байқай бермейтін қарапайым қызметшінің өзін назардан тыс қалдырмаған.
• Хадис ізгі жанның жаназасына қатысуға және жаназаға ізгі кісілерді қатыстыруға үндейді. Дұғасы қабыл болатын тақуа жандарды шақырудың мақсаты – марқұмға дұға тілету. Аллаға жақын тақуа құлдардың дұғасы тез қабыл болады.
• Жаназасы оқылмай жерленген адамға жаназа намазы оқылады.
• Риуаятшы Әбу Һурайра (р.а.) мешітті тазалаған адамның қара нәсілді әйел не қара нәсілді жас жігіт болғанын анық есіне түсіре алмаған. Хаммад, Ибн Хузәйма және Бәйһақи сынды хадисшілер оны Үммі Михжан есімді қара нәсілді әйел деп анықтаған. Пайғамбарымызға (с.а.с.) оның қайтыс болғанын жеткізген – Әбу Бәкір (р.а.).
• Ибн Хиббанның риуаятында сахабалар Пайғамбарымызға (с.а.с.) «Ораза екеніңізді айтқан соң, сізді мазаламайық деп өзіміз жерледік», – деген. Тағы бір риуаятында «Пайғамбарымыз қабір басына келді. Біз оның артында сап түзеп, төрт тәкбір айтып намаз оқыдық» делінген. Ибн Хиббан «Онымен бірге намаз оқығандарға рұқсат берілуі жерленген адамның қабірінде жаназа намазын оқу Пайғамбарымызға ғана тән амал еместігін көрсетеді», – дейді.
• Мәйітті жерлегеннен кейін жаназа намазын оқуға қатысты ғалымдар әртүрлі пікір айтқан. Ибн Мунзирдің жеткізуінше, ғалымдардың көпшілігі оған рұқсат берген. Ал Әбу Ханифа, Имам Мәлік пен Нахағи «Мәйіт жаназа намазы оқылмай жерленсе ғана, кейін оған жаназа оқуға болады», – деген.
• Жаназа намазына қатыса алмағандардың кейін оқуына қатысты да пікірлер әртүрлі. Кейбір ғалымдар «Олар да намаз оқып үлгеруі үшін жерлеу кейінге қалдырылады», – десе, енді бірі «Жерлеу кешіктірілмейді. Жаназа намазына қатыспағандар оны қабір басында оқиды», – деген. Жерлегеннен кейін намаз оқуға болатын мерзім жөнінде де ғалымдар ортақ пікірге келмеген.
• Хадистен шығатын пайдалар:
– Мешіт тазалығы – маңызды қызмет. Оны бір адамға тапсыру керек.
– Бұл қызметті ер адам да, әйел адам да атқара алады.
– Мешіт тазалау – сауапты әрі абыройлы қызмет. Пайғамбарымыз (с.а.с.) мешітті тазалаған әйелді осы қызметі үшін құрмет тұтып, оны сұрастырған. Кейін қабір басына барып, жаназа намазын оқыған.
– Қарапайым қызметшінің де қал-жағдайын сұрап тұрған жөн. Оған мұрын шүйіріп, менсінбеу Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетіне қайшы. Адамның Алла алдындағы қадірі мансабымен не байлығымен емес, тақуалығымен өлшенеді. Құранда Алла тағала ﴿إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِنْدَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ ۚ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ﴾ «Расында, Алланың алдындағы ең ардақтыларың – ең тақуаларың! Шүбәсіз, Алла – Алим (бәрін білуші), Хабир (бәрінен хабардар болушы)»2, – дейді.
– Мұсылмандарға қызмет ететін адамға құрмет көрсетіп, ол үшін Алладан жақсылық тілеу керек.
– Белгілі бір шарттар мен жағдайларда қабір басында жаназа намазын оқуға болады.
– Адамның қайтыс болғанын өзге мұсылмандарға хабарлау керек.