Хадис

Жаназа намазы

Кутуб ситтә, 7-том, 412-тарау · 32 хадис · № 3057–3088

Хадистер

3057
Кутуб ситтә, № 3057 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ شَهِدَ الْجَنَازَةَ حَتَّى يُصَلَّى عَلَيْهَا فَلَهُ قِيرَاطٌ، وَمَنْ شَهِدَهَا حَتَّى تُدْفَنَ فَلَهُ قِيرَاطَانِ، وَالْقِيرَاطُ مِثْلُ أُحُدٍ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ، وَهَذَا لَفْظُ الْبُخَارِيِّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) айтты: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Жаназа намазы оқылғанша қатысқан кісіге бір қират, жерленгенше қатысқан кісіге екі қират сауап беріледі. Бір қираттың мөлшері – Ұхұд тауындай”».1

  1. 1Бұхари, «Жанаиз», 59; Мүслим, «Жанаиз», 57 (946); Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 45 (3168); Нәсәи, «Жанаиз», 54, 59 (4, 54–55, 76, 77); Тирмизи, «Жанаиз», 49 (1040); Ибн Мәжа, «Жанаиз», 34 (1539).
3058
Кутуб ситтә, № 3058 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَعَى النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ النَّجَاشِيَّ رَحِمَهُ اللَّهُ فِي الْيَوْمِ الَّذِي مَاتَ فِيهِ، وَخَرَجَ بِهِمْ إِلَى الْمُصَلَّى فَصَفَّهُمْ، وَكَبَّرَ عَلَيْهِ أَرْبَعَ تَكْبِيرَاتٍ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) айтты: «Алла елшісі (с.а.с.) Нәжашидің, Алла оны рақымына бөлесін, қайтыс болғанын сол күні хабарлады. Сахабаларын намаз оқылатын алаңға алып шығып, сапқа тұрғызды да, төрт тәкбір айтып, жаназа намазын оқытты».

3059
Кутуб ситтә, № 3059 · тараудағы реті: 3

وَفِي أُخْرَى لِلشَّيْخَيْنِ وَالنَّسَائِيِّ: «نَعَى النَّجَاشِيَّ فِي الْيَوْمِ الَّذِي مَاتَ فِيهِ وَقَالَ: اسْتَغْفِرُوا لِأَخِيكُمْ وَلَمْ يَزِدْ».

Қазақша аудармасы

Бұхари, Мүслим және Нәсәи келтірген бір риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) Нәжашидің қайтыс болғанын сол күні хабарлап, «Бауырың үшін Алладан кешірім тілеңдер» дегені және бұдан артық ештеңе айтпағаны баяндалады.1

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) мүмін бауырының жаназасына қатысуды мұсылманның сол бауыры алдындағы міндетінің бірі етіп белгілеген. Мұны бірнеше хадисте айтқан. Бұл міндетті атқарған кісі мол сауапқа кенеледі. Сауап жаназаға қатысуына қарай артады. Намазынан жерлеуіне дейін жаназаның барлық ісіне атсалысқан кісі ең үлкен сауапқа ие болады.

Ендеше, ең болмағанда көрші мен жақын туыстың жаназасына қатысып, жерлеуге дейін жәрдемдесу – Ислам үйреткен көркем әдептің бірі.

2. Соңғы екі хадисте Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бір мұғжизасын көреміз. Ол арадағы қашықтыққа қарамастан, Хабашстан патшасы Нәжашидің сонда қайтыс болғанын сол күні сахабаларына хабарлап, ғайыптан жаназа намазын оқытты. Кейін келген хабар Нәжашидің дәл сол күні дүние салғанын айтып, Алла елшісінің хабарын растады.

3. Нәжаши – Хабашстан патшасының аты емес, билеушінің атағы. Түрік билеушісін қаған, Иран патшасын Кисра, Византия патшасын Қайсар дегені сияқты. Өз аты – Асхама. Ол араб тілінде «Атия», яғни сый деген мағынаны білдіреді.

Хұдайбия бітімінен кейін Алла елшісі (с.а.с.) көрші елдердің билеушілеріне елшілер жіберіп, оларды Исламға шақырды. Амр ибн Умәйя әд-Дамриді Нәжашиге хатпен аттандырды. Нәжаши Алла елшісінің хатын құрметпен бетіне тигізіп, Исламды қабылдады. Мұсылман болғанын Алла елшісіне хатпен білдірді. Өзіне пана іздеп келген мұсылмандарды қамқорлығына алып, оларға ізгілік көрсетті.

Нәжаши қайтыс болғанда Пайғамбар (с.а.с.) сахабаларына: «Бүгін Асхама деген ізгі құл қайтыс болды. Тұрыңдар, Асхаманың жаназа намазын оқыңдар», – деді. Нәжашиге қатысты түскені айтылатын аятта былай делінеді: وَإِنَّ مِنْ أَهْلِ الْكِتَابِ لَمَنْ يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَمَا أُنْزِلَ إِلَيْكُمْ وَمَا أُنْزِلَ إِلَيْهِمْ خَاشِعِينَ لِلَّهِ «Шүбәсіз, кітап иелерінің арасында Аллаға иман келтіретін, сендерге түсірілгенге және өздеріне түсірілгенге кәміл сенетін һәм Алладан шын именіп, жан-тәнімен мойынсұнатындар да бар…» («Әли Имран» сүресі, 199-аят). Алла елшісі (с.а.с.) жаназасын оқыған Нәжаши мен хат жолдаған Нәжашидің екі бөлек кісі болғанын білдіретін риуаяттар да бар. Пайғамбар (с.а.с.) мұсылман болған Нәжаши қайтыс болғаннан кейін оның орнына келген Нәжашиге де хат жазған болуы мүмкін деген пікір айтылған.

4. Кісі қайтыс болғанда, жұрт жаназаға қатыса алуы үшін қазаны хабарлауға болады. Кей ғалымдар мен ханафилердің көпшілігі мұны құптарлық әрі қажетті іс санаған. Сөйтіп жаназа намазына көп адам қатысып, марқұмға дұға етеді.

Шафиғи ғалымдары мен Ахмад ибн Ханбал қазаны жалпақ жұртқа жариялауды мәкрүһ санап, марқұмның досы мен жақын туыстарына ғана хабарлауды жөн көрген.

Нәуәуидің пікірінше, мәкрүһ саналатыны – қазаны жаһилия дәуірінің салтымен жариялау. Ол кезде беделді кісі қайтыс болса, барлық руға аттылы хабаршылар жіберіп, «Пәленшенің өлімімен барша араб құрыды» деп айқайлап, дауыс салып жылайтын. Ислам мұндай тәсілге тыйым салған.

5. Пайғамбар (с.а.с.) қазаны мешітте хабарлағанымен, жаназа намазын оқу үшін ашық намаз алаңына шыққан. Осыған сүйеніп, жаназа намазы мешітте оқылмайды деген үкім шығарылған.

6. Жаназа намазын сапқа тұрып оқу – сүннет.

7. Хадис марқұмның мәйіті сол жерде болмаса да, жаназа намазын оқуға болатынын көрсетеді. Имам Шафиғи мен имам Ахмад ғайып жаназа намазын оқуға болады деп есептеген.

8. Жаназа намазында айтылатын тәкбір саны жайында пікір алшақтығы бар. Риуаяттарда үштен жетіге дейін әртүрлі сан айтылған. Ибн Масғұд «Жаназа намазында имам қанша тәкбір айтса, жамағат та сонша тәкбір айтады» деген.

  1. 1Бұхари, «Жанаиз», 4, 55, 61, 65; «Мәнәқибул-ансар», 38; Мүслим, «Жанаиз», 62, 63 (951); Мәлик, «Муатта», «Жанаиз», 14 (1/226, 227); Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 62 (3204); Тирмизи, «Жанаиз», 37 (1022); Нәсәи, «Жанаиз», 76 (4/72).
3060
Кутуб ситтә, № 3060 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ عَبْدِ الرَّحْمَنِ بْنِ أَبِي لَيْلَى قَالَ: «كَانَ زَيْدُ بْنُ أَرْقَمَ يُكَبِّرُ عَلَى جَنَائِزِنَا أَرْبَعًا، وَأَنَّهُ كَبَّرَ عَلَى جَنَازَةٍ خَمْسًا، فَسَأَلْنَاهُ فَقَالَ: كَانَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُكَبِّرُ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا الْبُخَارِي.

Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Әбу Ләйла айтты: «Зәйд ибн Әрқам жаназаларымызда төрт тәкбір айтатын. Бір жаназада бес тәкбір айтты. Одан себебін сұрағанда: “Пайғамбар (с.а.с.) да осылай тәкбір айтатын”, – деді».1

  1. 1Мүслим, «Жанаиз», 72 (957); Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 58 (3197); Тирмизи, «Жанаиз», 37 (1023); Нәсәи, «Жанаиз», 76 (4/72).
3061
Кутуб ситтә, № 3061 · тараудағы реті: 5

وَعَنْ حُمَيْدِ بْنِ عَبْدِ الرَّحْمَنِ قَالَ: «صَلَّى أَنَسُ بْنُ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، وَكَبَّرَ ثَلَاثًا، وَسَهَا فَسَلَّمَ، فَقِيلَ لَهُ، فَاسْتَقْبَلَ الْقِبْلَةَ، وَكَبَّرَ الرَّابِعَةَ ثُمَّ سَلَّمَ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ فِي تَرْجَمَةٍ.

Қазақша аудармасы

Хумайд ибн Абдуррахман айтты: «Әнәс ибн Мәлик (р.а.) жаназа намазын оқығанда жаңылысып үш тәкбір айтып, сәлем берді. Мұны ескерткенде, ол құбылаға қайта бұрылып, төртінші тәкбірді айтты да, сәлем берді».1

Түсіндірме

1. Жаназа намазындағы тәкбір саны жөнінде әртүрлі риуаят бар. «Тәйсирде» келтірілген жоғарыдағы екі риуаят ғалымдардың көпшілігі ұстанған пікірді, яғни жаназа намазында төрт тәкбір айтылатынын қуаттайды.

Ибн Хажар Ибн Масғұдтың мына сөзін жеткізген: «Бәну Әсадтың бір жаназасына қатыстым. Онда бес тәкбір айтылды».

Ибн әл-Мунзир және басқалар жеткізген риуаятта Әлидің (р.а.) Бәдірге қатысқан сахабаларға алты, өзге сахабаларға бес, басқа марқұмдарға төрт тәкбір айтқаны баяндалады.

Әбу Мағбад: «Ибн Аббасқа (р.а.) ұйып, бір жаназа намазын оқыдым. Ол үш тәкбір айтты», – деген. Бұл жайында өзге де пікірлер бар.

Сағид ибн әл-Мусайябтың айтуынша, жаназа намазында төрт немесе бес тәкбір айтылады. Омар (р.а.) жұртқа төрт тәкбір айтуды бекіткен.

Байхақи Әбу Уаилден жеткізген риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) кезінде жеті, алты, бес және төрт тәкбір айтылғаны, кейін Омардың (р.а.) жұртты төрт тәкбірге тоқтатқандығы баяндалады.

Ғалымдардың көпшілігі жаназа намазында төрт тәкбір айтылатынын ұстанған. Ибн Хажар үш тәкбір делінген риуаяттарда намазды бастау тәкбірі санға кірмеген деп, екі риуаяттың мағынасын үйлестірген.

  1. 1Бұхари, «Жанаиз», 65-баптың кіріспесі.
3062
Кутуб ситтә, № 3062 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «أَنَّهُ صَلَّى عَلَى جَنَازَةٍ فَقَرَأَ بِفَاتِحَةِ الْكِتَابِ فَقِيلَ لَهُ فِي ذَلِكَ، فَقَالَ: إِنَّهُ مِنَ السُّنَّةِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا مُسْلِمًا، وَهَذَا لَفْظُ أَبِي دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) бір кісінің жаназа намазында «Фатиха» сүресін оқыған. Мұның себебін сұрағанда, «Бұл – сүннет», – деп жауап берген.1

Түсіндірме

Жаназа намазында «Фатиха» оқуды сүннет деу – оның шариғатта дәлелі бар деген сөз. Ибн әл-Мунзир Ибн Аббастың, Хасан ибн Әлидің, Ибн Зубәйірдің және Мисуар ибн Махраманың мұны шариғатта негізі бар амал санағанын жеткізген. Ғалымдардың көпшілігі сахабаның «Бұл – сүннет» деген сөзін үкімі жағынан марфуғ, яғни Алла елшісіне (с.а.с.) барып тірелетін риуаят деп санайды.

Имам Шафиғи, Ахмад ибн Ханбал және Исхақ ибн Раһауәйһ осы пікірді ұстанған. Ал Әбу Һурайра мен Ибн Омар жаназа намазында қырағат жоқ деген.

  1. 1Бұхари, «Жанаиз», 66, Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 59 (3198); Тирмизи, «Жанаиз», 39 (1026); Нәсәи, «Жанаиз», 77 (4/74, 75).
3063
Кутуб ситтә, № 3063 · тараудағы реті: 7

وَعَنْ نَافِعٍ: «أَنَّ ابْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا كَانَ لَا يَقْرَأُ فِي الصَّلَاةِ عَلَى الْجَنَازَةِ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Нафиғ: «Ибн Омар жаназа намазында қырағат оқымайтын», – деген.1

Түсіндірме

Ибн Омар (р.а.) жаназа намазында «Фатиха» оқымайтын, Аллаға мадақ айтып, дұға ететін. Әбу Һурайра мен бірқатар табиғин осы пікірді ұстанған. Әбу Ханифа мен имам Мәлик те осы ұстанымда болған.

Алдыңғы хадисте айтылғандай, Ибн Аббас, Ибн Масғұд, Хасан ибн Әли, Ибн Зубәйір және Мисуар ибн Махрама жаназада «Фатиха» оқуды шариғатта негізі бар амал санаған. Имам Шафиғи мен Ахмад ибн Ханбал да осы пікірде. Олар оны мұстахаб деп есептеген. «Фатиханың» намаздың қай тұсында оқылатыны анық айтылмаған. Оны алғашқы тәкбірден кейін оқуға қатысты әлсіз риуаяттар жеткен.

Байхақи Жәбирден әлсіз тізбекпен жеткізген риуаятта «Фатиханың» бірінші тәкбірден кейін оқылатыны айтылады. Нәсәи Әбу Умамадан мына риуаятты жеткізген: «Жаназа намазының сүннеті бойынша тәкбір айтылады, одан кейін “Фатиха” оқылады. Сосын Пайғамбарға (с.а.с.) салауат айтып, марқұмға дұға етіледі. Қырағат бірінші тәкбірден кейін ғана оқылады».

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Жанаиз», 19 (1/225).
3064
Кутуб ситтә, № 3064 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِذَا صَلَّيْتُمْ عَلَى الْمَيِّتِ فَأَخْلِصُوا لَهُ الدُّعَاءَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) айтты: «Алла елшісі (с.а.с.) “Марқұмның жаназа намазын оқығанда, ол үшін шын ықыласпен дұға етіңдер”, – деді».1

Түсіндірме

Марқұмға дұға еткенде, сол дұғаның оған пайдасы тиеді деген сеніммен, шын ықыласпен тілеу керек. Хадистегі сөз жалпы айтылғандықтан, марқұм ізгі кісі болса да, күнәһар болса да үкім бірдей. Талғамай, әрқайсысы үшін дұға ету керек. Ғалымдар: «Күнәһар кісі мұсылман бауырының дұғасы мен шапағатына көбірек мұқтаж. Мәйітті жұрт алдына қоюдың бір мәні де осы», – деп түсіндіреді.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 60 (3199); Ибн Мәжа, «Жанаиз», 23 (1497).
3065
Кутуб ситтә, № 3065 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «وَسُئِلَ كَيْفَ تُصَلِّي عَلَى الْجَنَازَةِ؟ فَقَالَ: أَتْبَعُهَا مِنْ بَيْتِ أَهْلِهَا، فَإِذَا وُضِعَتْ كَبَّرْتُ وَحَمِدْتُ اللَّهَ تَعَالَى وَصَلَّيْتُ عَلَى نَبِيِّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ثُمَّ أَقُولُ: اللَّهُمَّ إِنَّهُ عَبْدُكَ، وَابْنُ عَبْدِكَ، وَابْنُ أَمَتِكَ. كَانَ يَشْهَدُ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا أَنْتَ، وَأَنَّ مُحَمَّدًا عَبْدُكَ وَرَسُولُكَ وَأَنْتَ أَعْلَمُ بِهِ، اللَّهُمَّ إِنْ كَانَ مُحْسِنًا فَزِدْ فِي إِحْسَانِهِ، وَإِنْ كَانَ مُسِيئًا فَتَجَاوَزْ عَنْ سَيِّئَاتِهِ. اللَّهُمَّ لَا تَحْرِمْنَا أَجْرَهُ، وَلَا تَفْتِنَّا بَعْدَهُ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан (р.а.) «Жаназа намазын қалай оқисың?» деп сұрағанда, ол: «Мәйітті үйінен алып шыққаннан бастап соңынан еремін. Оны жерге қойғанда, тәкбір айтып, Алла тағалаға мадақ, Пайғамбарына (с.а.с.) салауат айтамын. Содан кейін: “Уа, Алла! Ол – Сенің құлың, құлыңның баласы, күңіңнің баласы. Ол Сенен басқа құдай жоқ екеніне және Мұхаммед Сенің құлың әрі елшің екеніне куәлік ететін. Сен оны бізден жақсы білесің. Уа, Алла! Ізгі кісі болса, жақсылығын арттыр. Жамандық жасаған болса, күнәларын кешір. Уа, Алла! Бізді оның жаназасының сауабынан мақұрым етпе, одан кейін бізді сынаққа салма”, – деп дұға етемін», – деген.1

Түсіндірме

Хадис жаназаға қатысқан адамның өзі үшін де дұға ететінін көрсетеді. Дұғаның соңындағы екі тілек жаназа намазын оқығандарға арналған.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Жанаиз», 17 (1/228).
3066
Кутуб ситтә, № 3066 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Ауф ибн Мәлик

وَعَنْ عَوْفِ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «صَلَّى النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَلَى جَنَازَةٍ فَحَفِظْنَا مِنْ دُعَائِهِ. اللَّهُمَّ اغْفِرْ لَهُ وَارْحَمْهُ، وَعَافِهِ وَاعْفُ عَنْهُ، وَأَكْرِمْ نُزُلَهُ، وَوَسِّعْ مَدْخَلَهُ، وَاغْسِلْهُ بِالْمَاءِ وَالثَّلْجِ وَالْبَرَدِ، وَنَقِّهِ مِنَ الْخَطَايَا كَمَا يُنَقَّى الثَّوْبُ الْأَبْيَضُ مِنَ الدَّنَسِ، وَأَبْدِلْهُ دَارًا خَيْرًا مِنْ دَارِهِ، وَأَهْلَا خَيْرًا مِنْ أَهْلهِ، وَزَوْجًا خَيْرًا مِنْ زَوْجِهِ، وَأَدْخِلْهُ الْجَنَّةَ، وَأَعِذْهُ مِنْ عَذَابِ الْقَبْرِ وَمِنَ عَذَابِ النَّارِ. قَالَ عَوْفٌ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: حَتَّى تَمَنَّيْتُ أَنْ أَكُونَ أَنَا ذَلِكَ الْمَيْتَ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ، وَاللَّفْظُ لَهُ، وَالتِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ауф ибн Мәлик айтты: «Алла елшісі (с.а.с.) бір марқұмның жаназа намазын оқыды. Оның дұғасынан мына сөздерді жаттап алдық: “Уа, Алла! Оны кешір, рақымыңа бөле, амандық беріп, айыбын кеш. Қонатын орнын қадірлі, кіретін жерін кең ет. Оны сумен, қармен және бұршақпен жу. Ақ киім кірден тазарғандай, оны да күнәларынан тазарт. Оған өз үйінен жақсы үй, өз отбасынан жақсы отбасы, өз жұбайынан жақсы жұбай нәсіп ет. Оны жәннатқа кіргізіп, қабір мен тозақ азабынан сақта”».

Ауф (р.а.): «Осы дұғаны естігенде, сол марқұмның орнында өзім болсам екен деп тіледім», – деген.1

  1. 1Мүслим, «Жанаиз», 85 (963); Тирмизи, «Жанаиз», 38 (1025); Нәсәи, «Жанаиз», 77 (4/73).
3067
Кутуб ситтә, № 3067 · тараудағы реті: 11

وَعَنِ الحَسَنِ أَنَّهُ قَالَ: «يُقْرَأُ عَلَى الطِّفْلِ فَاتِحَةُ الْكِتَابِ، وَيَقُولُ: اللَّهُمَّ اجْعَلْهُ لَنَا سَلَفًا وَفَرَطًا وَذُخْرًا وَأَجْرًا». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ فِي تَرْجَمَةٍ.

Қазақша аудармасы

Хасан Басри (рахимаһуллаһ) «Сәбидің жаназа намазында “Фатиха” оқылады» деп, былай дұға ететін: «Уа, Алла! Оны бізден бұрын барып, алдымыздан қарсы алатындардан ете гөр. Бізге ақырет азығы әрі сауап ет».1

Түсіндірме

1. Жаназа намазында «Фатиха» сүресін оқуға қатысты әртүрлі пікір бар екені жоғарыда айтылды (№ 3063).

2. Хадистің мағынасына қарағанда, қайтыс болған сәби ата-анасынан бұрын барып, оларды ақыретте қарсы алады. Алланың алдында олардың кешірілуіне себеп әрі ақырет азығы болады.

  1. 1Бұхари, «Жанаиз», 66-баптың кіріспесі. Риуаят тізбегі толық келтірілмеген.
3068
Кутуб ситтә, № 3068 · тараудағы реті: 12

وَعَنْ عَطَاءٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «صَلَّى النَّبِيّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَلَى ابْنِهِ إِبْرَاهِيمَ وَهُوَ ابْنُ سَبْعِينَ لَيْلَةً». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ата айтты: «Алла елшісі (с.а.с.) ұлы Ибраһимнің жаназа намазын оқыды. Ол кезде Ибраһим жетпіс күндік еді».1

Түсіндірме

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ұлы Ибраһимге жаназа оқыған-оқымағаны жөнінде пікір алшақтығы бар. Айшаның (р.а.) риуаятында Ибраһимнің он сегіз айлық кезінде дүние салғаны әрі Пайғамбардың (с.а.с.) оған жаназа оқымағаны айтылады (№ 3070).

Жеткізу тізбегі жағынан Айшаның риуаяты қуаттырақ. Алайда кей ғалымдар «Бір істің болғанын білдіретін хабар оны жоққа шығаратын хабардан басым» деген қағидаға сүйенген. Ибраһим қайтыс болған күні Күн де тұтылған. Сол күні Алла елшісі (с.а.с.) кусуф намазын оқығандықтан, жаназамен айналыса алмай қалған болуы мүмкін деген пікір де айтылған.

Бұл жайында жаназа намазын оқығанын және оқымағанын білдіретін екі түрлі риуаят жеткен.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 53 (3188).
3069
Кутуб ситтә, № 3069 · тараудағы реті: 13Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: « قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: الطِّفْلُ لَا يُصَلَّى عَلَيْهِ، وَلَا يَرِثُ وَلَا يُورِثُ حَتَّى يَسْتَهِلَّ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) айтты: «Алла елшісі (с.а.с.) “Сәби туған кезде дауыс шығармай қайтыс болса, оған жаназа намазы оқылмайды. Өзі де мұрагер болмайды, оған да мұрагер болмайды”, – деді».1

Түсіндірме

Бұл жердегі «жылау» арабша «истиһлал» деп аталады. Ол – сәбидің туған сәттегі алғашқы даусы, оның тірі туғанының белгісі. Кейбір үкім осы белгіге байланысты. Сәби өлі туса, оған жаназа намазы оқылмайды, өзі мұрагер болмайды әрі оған да мұрагер болмайды. Дегенмен жылаудан бөлек түшкіру немесе қимылдау сияқты тіршілік белгілері де ескеріледі.

Хаттаби өлі туған шаранаға жаназа оқуға қатысты ғалымдардың пікірі әртүрлі екенін айтады. Ибн Омардан (р.а.) «Шарана дауыс шығармаса да, жаназасы оқылады» деген сөз жеткен. Ибн Сирин мен Ибн әл-Мусайяб та осы пікірде. Ахмад ибн Ханбал мен Исхақ ибн Раһауәйһ төрт ай он күн толып, рух үрленген әр шаранаға жаназа оқылады деген. Исхақ: «Мұрагерлік дауыс шығарумен бекітіледі. Жаназа намазының үкімі бөлек. Өйткені осы мерзімге жеткен шаранаға жан бітіп, ізгі не жаман адам болатыны тағдырына жазылған. Оған жаназа оқуға не кедергі?» – деген.

Ибн Аббас (р.а.) «Сәби дауыс шығарса, мұрагер болады әрі оған жаназа оқылады» деген.

Жәбир (р.а.) «Дауыс шығарса, жаназасы оқылады, дауыс шығармаса, оқылмайды» деген. Рәй мектебінің ғалымдары, Мәлик, Әузағи және Шафиғи да осы пікірді ұстанған.

  1. 1Тирмизи, «Жанаиз», 43 (1032); Ибн Мәжа, «Жанаиз», 26 (1508).
3070
Кутуб ситтә, № 3070 · тараудағы реті: 14Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ قَالَتْ: «مَاتَ إِبْرَاهِيمُ ابْنُ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، وَهُوَ ابْنُ ثَمَانِيَةَ عَشَرَ شَهْرًا فَلَمْ يُصَلِّ عَلَيْهِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) айтты: «Алла елшісінің (с.а.с.) ұлы Ибраһим он сегіз айлық кезінде дүние салды. Алла елшісі (с.а.с.) оған жаназа намазын оқымады».1

Түсіндірме

Түсіндірмесі № 3068 хадистен кейін берілген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 53 (3187).
3071
Кутуб ситтә, № 3071 · тараудағы реті: 15

وَعَنْ نَافِعٍ بْنِ أَبِي غَالِبٍ قَالَ: «صَلَّى أَنَسٌ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ عَلَى جَنَازَةِ رَجُلٍ فَقَامَ عِنْدَ رَأْسِهِ فَكَبَّرَ أَرْبَعَ تَكْبِيرَاتٍ، وَصَلَّى عَلَى امْرَأَةٍ فَقَامَ عِنْدَ عَجِيزَتِهَا، وَكَبَّرَ أَرْبَعًا، فَقِيلَ لَهُ: أَهَكَذَا كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَصْنَعُ؟ قَالَ: نَعَمْ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Нафиғ ибн Әбу Ғалиб айтты: «Әнәс (р.а.) бір ер кісінің жаназа намазында бас жағына тұрып, төрт тәкбір айтты. Бір әйелдің жаназа намазын оқығанда, белінің тұсына тұрып, төрт тәкбір айтты. Одан: “Алла елшісі (с.а.с.) де осылай істеген бе?” – деп сұрағанда, “Иә”, – деп жауап берді».1

Түсіндірме

Тирмизи: «Бірқатар ғалым осы хадиске сай амал еткен. Жаназа намазын оқытатын имам ер кісінің бас жағына, әйелдің бел тұсына тұрады», – деген.

Ахмад ибн Ханбал, Шафиғи, Исхақ және бір риуаят бойынша Әбу Ханифа осы пікірді ұстанған. Ханафилер ұстанатын, Әбу Ханифадан кең тараған пікірге сәйкес, мәйіт ер не әйел болса да, имам кеуде тұсына тұрады.

Имам Мәликтен «Әйел болса да, ер болса да, имам бас жағына тұрады» деген пікір жеткен. Сондай-ақ ер кісінің беліне, әйелдің кеудесіне тұру жайында да пікір бар. Кей ғалымдар әйелдің кеуде тұсына, ер кісінің бас жағына тұрады десе, енді біреулері әйелдің кеуде тұсына, ер кісінің кеудесі мен кіндігінің арасына тұрады деген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 57 (3194); Тирмизи, «Жанаиз», 45 (1034).
3072
Кутуб ситтә, № 3072 · тараудағы реті: 16

وَعَنْ عُثْمَانَ، وَأَبِي هُرَيْرَةَ، وَابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ: «أَنَّهُمْ كَانُوا يُصَلُّونَ عَلَى جَنَازَةِ الرِّجَالِ وَالنِّسَاءِ فَيَجْعَلُونَ الرِّجَالَ مِمَّا يَلِي الْإِمَامَ، وَالنِّسَاءَ مِمَّا يَلِي الْقِبْلَةَ».

Қазақша аудармасы

Осман, Әбу Һурайра және Ибн Омар (р.а.) ерлер мен әйелдердің жаназа намазын оқығанда, ер кісілердің мәйітін имамға жақын, әйелдердің мәйітін құбыла жаққа қоятын.1

Түсіндірме

Бұл хадис намаз кезінде мәйіттің қай жерге қойылатынына қатысты. Көптеген сахаба мен табиғин осы тәртіпті ұстанған. Ибн Аббас, Әбу Һурайра және Әбу Қатада оны сүннет деп атаған. Бұдан өзгеше риуаят та бар. Хасан Басри, Салим және Қасым «Әйелдердің мәйіті имамға жақын, ер кісілердікі құбыла жаққа қойылады» деген. Атаның бұл жайындағы пікірі әртүрлі жеткен.

Бұл айырмашылықтар Пайғамбардың (с.а.с.) әр кезде әртүрлі амал етуінен туған болуы мүмкін.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Жанаиз», 24 (1/230).
3073
Кутуб ситтә, № 3073 · тараудағы реті: 17

وَعَنْ مُحَمَّدِ بْنِ أَبِي حَرْمَلَةَ: «إِنَّ زَيْنَبَ بِنْتَ أَبِي سَلَمَةَ تُوُفِّيَتْ، وَطَارِقٌ أَمِيرُ الْمَدِينَةِ فَأُتِيَ بِجَنَازَتِهَا بَعْدَ الصُّبْحِ فَوُضِعَتْ بِالْبَقِيعِ، وَكَانَ طَارِقٌ يُغَلِّسُ بِالصُّبْحِ فَقَالَ ابْنُ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا لِأَهْلِهَا: إِمَّا أَنْ تُصَلُّوا عَلَى جَنَازَتِكُمُ الْآنَ، وَإِمَّا أَنْ تَتْرُكُوهَا حَتَّى تَرْتَفِعَ الشَّمْسُ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Мұхаммед ибн Әбу Хармала айтты: «Зейнеп бинт Әбу Сәләмә қайтыс болғанда, Мәдинаның әкімі Тариқ еді. Таң намазынан кейін мәйітін әкеліп, Бақиғ зиратына қойды. Тариқ таң намазын әлі қараңғы сейілмегенде оқитын. Ибн Омар (р.а.) марқұмның жақындарына: “Қаласаңдар, жаназа намазын қазір оқыңдар. Қаласаңдар, Күн көтерілгенше күтіңдер”, – деді».1

Түсіндірме

Хадис жаназа намазын оқитын уақытты айқындайды. Әкім таң намазын уақытының басында оқытқандықтан, айнала жарық болғанға дейін жаназа оқуға уақыт бар еді. Ибн Омар (р.а.) сол себепті таң әбден ағармай тұрып жаназа оқуға рұқсат берген. Дереу оқымай, таң толық ағарғанша кідірсе, мәкрүһ уақыт кіреді. Онда Күн шығып, көтеріліп, дұха уақыты кіргенше күтуге тура келеді.

Ғалымдар екінті намазынан кейін Күн сарғайғанға дейін, таң намазынан кейін дала жарық болғанға дейін жаназа намазын оқуды мәкрүһ санамаған. Шафиғидің пікірінше, жаназаны кез келген уақытта оқуға болады. Өйткені мәкрүһ уақытта намаз оқуға тыйым нәпіл намазға қатысты, уәжіп намазды қамтымайды.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Жанаиз», 20 (1/229).
3074
Кутуб ситтә, № 3074 · тараудағы реті: 18

وَعَنْ نَافِعٍ قَالَ: «كَانَ ابْنُ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا يُصَلِّي عَلَى الْجَنَازَةِ بَعْدَ الصُّبْحِ وَبَعْدَ الْعَصْرِ إِذَا صُلِّيَتَا لِوَقْتَيْهِمَا». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ. وَلِلْبُخَارِيِّ فِي تَرْجَمَةِ بَابٍ بِغَيْرِ إِسْنَادٍ: «كَانَ ابْنُ عُمَرَ لَا يُصَلِّي إِلَّا طَاهِرًا وَلَا يُصَلِّي عِنْدَ طُلَوعِ الشَّمْسِ، وَلَا غُرُوبِهَا وَيَرْفَعُ يَدَيْهِ».

Қазақша аудармасы

Нафиғ айтты: «Ибн Омар (р.а.) таң мен екінті намаздары өз уақытында оқылса, олардан кейін жаназа намазын оқитын».1

Бұхари тарау басында тізбегін атамай мына риуаятты келтірген: «Ибн Омар жаназа намазын дәретпен оқитын. Күн шығып немесе батып бара жатқанда оқымайтын. Әр тәкбірде қолын көтеретін».2

Түсіндірме

1. Таң мен екінті намазынан кейін намаз оқуға қатысты әртүрлі пікір барын жоғарыда айттық. Ибн Омардың (р.а.) ұстанымы бойынша мәкрүһ уақыт кірмесе, бұл екі намаздан кейін жаназа оқуға болады.

2. Ибн Омардың сөзі жаназа намазының кей ерекшелігін еске салады. Алла елшісі (с.а.с.) оны «салат», яғни намаз деп атағанымен, оның оқылу тәртібі әдеттегі намаздан өзгеше. Онда рукуғ, сәжде және қырағат жоқ. Оның орнына тәкбір, тәсбих айтылып, дұға оқылады. Бұл намаз дәретпен оқылады. Дәрет алып үлгермейтін кісіге таяммуммен оқуға да рұқсат етілген. Хасан Басриден жеткен екі риуаяттың бірінде ол «Таяммум алып, жаназа намазын оқиды» десе, екіншісінде «Таяммум алмай, дәретсіз жаназа намазын оқиды» деген.

Бір топ салаф ғалымы дәрет алса, жаназа намазына үлгере алмайтын кісі таяммуммен оқиды деген. Ата, Салим, Зуһри, Нахаи, Рабиға, Ләйс және куфалық ғалымдар, яғни ханафилер осы пікірді ұстанған. Ахмад ибн Ханбалдан да осындай риуаят бар. Ибн Аббастың Алла елшісіне (с.а.с.) теліп жеткізген риуаяты да осы пікірді қуаттайды.

3. Риуаятта Ибн Омардың (р.а.) жаназа намазында әр тәкбірде қолын көтергені айтылады. Бұл жайында тізбегі әлсіз риуаяттар да жеткен.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Жанаиз», 21 (1/229).
  2. 2Бұхари, «Жанаиз», 57-баптың кіріспесі.
3075
Кутуб ситтә, № 3075 · тараудағы реті: 19Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: «إِنَّهَا لَمَّا مَاتَ سَعْدُ بْنُ أَبِي وَقَّاصٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَتْ ادْخُلُوا بِهِ الْمَسْجِدَ حَتَّى أُصَلِّيَ عَلَيْهِ، فَأُنْكِرَ ذَلِكَ عَلَيْهَا، فَقَالَتْ: مَا أَسْرَعَ مَا نَسِيَ النَّاسُ، وَاللَّهِ لَقَدْ صَلَّى رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَلَى ابْنَيْ بَيْضَاءَ فِي الْمَسْجِدِ: سُهَيْلٍ وَأَخِيهِ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا البُخَارِي.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) Сағд ибн Әбу Уаққас (р.а.) қайтыс болғанда: «Оны мешітке кіргізіңдер, мен де жаназа намазын оқиын», – деген. Жұрт оның бұл ұсынысын құптамаған. Сонда Айша: «Адамдар қандай тез ұмытады! Аллаға ант етейін, Алла елшісі (с.а.с.) Бәйданың екі ұлы Сүһәйл мен бауырының жаназа намазын мешітте оқыған», – деген.1

Түсіндірме

1. Бұл хадис жаназа намазын оқу үшін мәйітті мешітке кіргізуге бола ма деген мәселеге қатысты.

2. Сағд ибн Әбу Уаққас һижраның елу бесінші жылы Ақиқ деген жерде қайтыс болып, мәйіті Мәдинаға әкелінген. Айша (р.а.) Сағдты (р.а.) құрмет тұтқандықтан, жаназа намазына қатысып, оған дұға еткісі келген. Пайғамбардың (с.а.с.) жұбайлары ерлермен бірге жаназаға қатыспайтындықтан, үйлерінен шықпаған. Ал мәйіт мешітке кіргізілсе, үйлері мешітпен іргелес болғандықтан, жаназа намазына қосыла алған.

Бұл жай Мүслимнің риуаятында анық баяндалады. Аббад ибн Абдулла ибн Зубәйір айтты: «Сағд ибн Әбу Уаққас қайтыс болғанда, Пайғамбардың (с.а.с.) жұбайлары жаназаға қатысу үшін мәйітті мешітке әкелуді сұрады. Мәйітті әкеліп, олардың бөлмелерінің алдына қойды. Жаназа намазы оқылған соң, мәйітті қайтадан сыртқа алып шықты.

Жұрт олардың бұл ісін құптамай, “Мәйітті мешітке әкелмеу керек еді”, – деді. Бұл сөзді естіген Айша: “Адамдар өзі білмеген нәрсені кінәлауға қандай асық! Мәйітті мешітке кіргізгеніміз үшін бізді айыптап жатыр. Алла елшісі (с.а.с.) Сүһәйл ибн Бәйданың жаназа намазын мешітте оқыған”, – деп жауап берді».

3. Бұл хадис мешітте жаназа намазын оқуға болады деген ғалымдардың көпшілігіне дәлел. Олар мәйітті таза санайды әрі оны мешітке кіргізуді әбестік көрмейді. Нәуәуидің айтуынша, Шафиғи мәзһабындағы дұрыс көзқарас – осы. Әбу Ханифа, Ибн Әбу Зи’б және Имам Мәліктен жеткен мәшһүр пікір бойынша, мешітте жаназа намазы оқылмайды. Мәйітті нәжіс санайтындар да осы көзқараста. Мәйітті таза санағандардың арасында да мешітке кіргізуді құптамайтындар бар. Олар мешітті былғауы мүмкін деп қауіптенеді. Бұл ғалымдар Суһайлдың жаназасын «мәйіт мешіттің сыртында, ал намаз оқыған жамағат ішінде болған» деп түсіндіреді. Мәйіт сыртта тұрғанда жамағаттың мешіт ішінде намаз оқуына ғалымдардың бәрі рұқсат берген. Қатты нөсер тәрізді себеп болса, мәйітті ішке кіргізуге болады. Себепсіз кіргізу – тәнзиһан мәкрүһ. Айшаға қарсы пікір айтқандар сахабалар болғандықтан, ғалымдар мәйітті сыртқа қоюды негізге алған.

4. Хадисте айтылған «Бәйда» – Суһайлдың анасының сипаты. Шын есімі – Дағд. Аққұба болғандықтан, осы сипаты лақап атына айналған. Суһайлдың бауырлары – Сәһл мен Сафуан. Анасының күйеуі – Уаһб ибн Рабиға. Ол құрайыш тайпасынан шыққан.

  1. 1Мүслим, «Жанаиз», 99 (973); Мәлик, «Муатта», «Жанаиз», 22 (1/229); Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 54 (3189–3190); Тирмизи, «Жанаиз», 44 (1033); Нәсәи, «Жанаиз», 70 (4/68).
3076
Кутуб ситтә, № 3076 · тараудағы реті: 20Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «صُلِّيَ عَلَى عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي الْمَسْجِدِ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) «Әкем Омар ибн әл-Хаттабтың жаназа намазы мешітте оқылды», – дейді.1

Түсіндірме

Әзірет Омардың (р.а.) жаназасы туралы толығырақ риуаятты Ибн Әбу Шәйба келтіреді. Онда «Әзірет Омар (р.а.) Әбу Бәкірдің жаназа намазын мешітте оқытты. Суһайб та Омардың жаназа намазын мешітте оқытты. Мәйітті мінбердің алдына қойды» делінген.

Ибн Абдулбарр «Бұл оқиға сахабалардың көз алдында болды. Олардың ешқайсысы қарсылық білдірмеді. Демек, мәйітті мешітке кіргізуге үнсіз келісім орнады», – дейді.

Ибн Абдулбарр сөзін былай жалғастырады: «Кейбіреулер Алла елшісінің Нәжашидің жаназа намазын оқу үшін намаз алаңына шыққанын алға тартып, “Жаназа намазын мешітте оқуға болмайды”, – деп үкім берген. Бұл – жаңсақ пікір. Жаназа немесе айт намазының бір жерде оқылуы оның басқа жерде оқылуы мәкрүһ екеніне дәлел бола алмайды».

  1. 1«Муатта», «Жанайз», 23 (1, 230).
3077
Кутуб ситтә, № 3077 · тараудағы реті: 21Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ صَلَّى عَلَى جَنَازَةٍ فِي الْمَسْجِدِ فَلَا شَيْءَ عَلَيْهِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) «Кім жаназа намазын мешітте оқыса, оған күнә жоқ», – деген. Бір нұсқада «оған сауап жоқ» делінген.1

Түсіндірме

1. Хадис бірнеше нұсқамен жеткен. Бірінде فَلَا شَيْءَ لَهُ «оған сауап жоқ», енді бірінде فَلَا شَيْءَ عَلَيْهِ «оған күнә жоқ», тағы бірінде فَلَا أَجْرَ لَهُ «оған ешқандай сауап жоқ» делінген. Хатиб әл-Бағдади «оған сауап жоқ» деген нұсқаны махфуз деп санайды.

Ибн Абдулбарр «Оған ешқандай сауап жоқ» деген риуаятта үлкен қате кеткенін айтады. Хаттаби бұл хадисті әлсіз деп, осы тақырыпта Айша жеткізген № 3075 риуаятты анағұрлым сахих санайды. Ол былай дейді: «Әбу Бәкір (р.а.) мен Омардың (р.а.) жаназа намаздарының мешітте оқылғаны анық. Оған мұһажирлер мен ансарлар түгел куә болды. Жаназаның мешітте оқылғанына қарсылық білдірмеуі – бұған рұқсат екенінің дәлелі».

Кейбір ғалымдар бұл хадисті былай түсіндіреді: «Сауабы аз болуы мүмкін. Мешітте оқығандар намаз біткен соң үйлеріне қайтып, жерлеуге қатыспай қалуы ықтимал. Ал мәйіттің жанында намаз оқығандар оны жерлеуге де қатысып, екі қырат сауап алады» (№ 3057 хадис).

  1. 1Әбу Дәуіт, «Жанайз», 54 (№ 3191).
3078
Кутуб ситтә, № 3078 · тараудағы реті: 22Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ امْرَأَةً سَوْدَاءَ كَانَتْ تَقُمُّ الْمَسْجِدَ، أَوْ شَابًّا، فَفَقَدَهَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فَسَأَلَ عَنْهَا أَوْ عَنْهُ، فَقَالُوا: مَاتَ. قَالَ: أَفَلَا كُنْتُمْ آذَنْتُمُونِي؟ فَكَأَنَّهُمْ صَغَّرُوا أَمْرَهَا أَوْ أَمْرَهُ، فَقَالَ: دُلُّونِي عَلَى قَبْرِهَا، فَدَلُّوهُ فَصَلَّى عَلَيْهَا، ثُمَّ قَالَ: إِنَّ هَذِهِ الْقُبُورَ مَمْلُوءَةٌ ظُلْمَةً عَلَى أَهْلِهَا، وَإِنَّ اللَّهَ يُنَوِّرُهَا لَهُمْ بِصَلَاتِي عَلَيْهِمْ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَاللَّفْظُ لِمُسْلِمٍ، وَأَبُو دَاوُدَ. الْإِيذَانُ: الْإِعْلَامُ. «تَقُمُّ» أَيْ تَكْنِسُ الْمَسْجِدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Мешітті қара нәсілді бір әйел немесе бір жас жігіт сыпырып, тазалап тұратын. Алла елшісі (с.а.с.) оны біраз уақыт көрмеген соң, қайда екенін сұрады. Сахабалар “Қайтыс болды”, – деді. Алла елшісі “Маған неге хабарламадыңдар?” – деді. Сахабалар оның қазасына онша мән бермегендей еді. Алла елшісі “Маған қабірін көрсетіңдер”, – деді. Олар қабірін көрсетті. Алла елшісі оның басында жаназа намазын оқыды да, “Бұл қабірлерде жатқандарды қараңғылық басқан. Алла менің олар үшін оқыған намазым арқылы қабірлерін нұрландырады”, – деді».1

Түсіндірме

• Хадис мешітті таза ұстаудың сауапты іс екенін көрсетеді.

• Пайғамбарымыз (с.а.с.) әр адамға көңіл бөліп, қал-жағдайын сұрайтын. Көпшілік байқай бермейтін қарапайым қызметшінің өзін назардан тыс қалдырмаған.

• Хадис ізгі жанның жаназасына қатысуға және жаназаға ізгі кісілерді қатыстыруға үндейді. Дұғасы қабыл болатын тақуа жандарды шақырудың мақсаты – марқұмға дұға тілету. Аллаға жақын тақуа құлдардың дұғасы тез қабыл болады.

• Жаназасы оқылмай жерленген адамға жаназа намазы оқылады.

• Риуаятшы Әбу Һурайра (р.а.) мешітті тазалаған адамның қара нәсілді әйел не қара нәсілді жас жігіт болғанын анық есіне түсіре алмаған. Хаммад, Ибн Хузәйма және Бәйһақи сынды хадисшілер оны Үммі Михжан есімді қара нәсілді әйел деп анықтаған. Пайғамбарымызға (с.а.с.) оның қайтыс болғанын жеткізген – Әбу Бәкір (р.а.).

• Ибн Хиббанның риуаятында сахабалар Пайғамбарымызға (с.а.с.) «Ораза екеніңізді айтқан соң, сізді мазаламайық деп өзіміз жерледік», – деген. Тағы бір риуаятында «Пайғамбарымыз қабір басына келді. Біз оның артында сап түзеп, төрт тәкбір айтып намаз оқыдық» делінген. Ибн Хиббан «Онымен бірге намаз оқығандарға рұқсат берілуі жерленген адамның қабірінде жаназа намазын оқу Пайғамбарымызға ғана тән амал еместігін көрсетеді», – дейді.

• Мәйітті жерлегеннен кейін жаназа намазын оқуға қатысты ғалымдар әртүрлі пікір айтқан. Ибн Мунзирдің жеткізуінше, ғалымдардың көпшілігі оған рұқсат берген. Ал Әбу Ханифа, Имам Мәлік пен Нахағи «Мәйіт жаназа намазы оқылмай жерленсе ғана, кейін оған жаназа оқуға болады», – деген.

• Жаназа намазына қатыса алмағандардың кейін оқуына қатысты да пікірлер әртүрлі. Кейбір ғалымдар «Олар да намаз оқып үлгеруі үшін жерлеу кейінге қалдырылады», – десе, енді бірі «Жерлеу кешіктірілмейді. Жаназа намазына қатыспағандар оны қабір басында оқиды», – деген. Жерлегеннен кейін намаз оқуға болатын мерзім жөнінде де ғалымдар ортақ пікірге келмеген.

• Хадистен шығатын пайдалар:

– Мешіт тазалығы – маңызды қызмет. Оны бір адамға тапсыру керек.

– Бұл қызметті ер адам да, әйел адам да атқара алады.

– Мешіт тазалау – сауапты әрі абыройлы қызмет. Пайғамбарымыз (с.а.с.) мешітті тазалаған әйелді осы қызметі үшін құрмет тұтып, оны сұрастырған. Кейін қабір басына барып, жаназа намазын оқыған.

– Қарапайым қызметшінің де қал-жағдайын сұрап тұрған жөн. Оған мұрын шүйіріп, менсінбеу Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетіне қайшы. Адамның Алла алдындағы қадірі мансабымен не байлығымен емес, тақуалығымен өлшенеді. Құранда Алла тағала ﴿إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِنْدَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ ۚ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ﴾ «Расында, Алланың алдындағы ең ардақтыларың – ең тақуаларың! Шүбәсіз, Алла – Алим (бәрін білуші), Хабир (бәрінен хабардар болушы)»2, – дейді.

– Мұсылмандарға қызмет ететін адамға құрмет көрсетіп, ол үшін Алладан жақсылық тілеу керек.

– Белгілі бір шарттар мен жағдайларда қабір басында жаназа намазын оқуға болады.

– Адамның қайтыс болғанын өзге мұсылмандарға хабарлау керек.

  1. 1Бұхари, «Жанайз», 67, «Салат», 72, 74; Мүслим, «Жанайз», 71 (№ 956); Әбу Дәуіт, «Жанайз», 67 (№ 3203).
  2. 2«Хужурат» сүресі, 13-аят.
3079
Кутуб ситтә, № 3079 · тараудағы реті: 23Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ صَلَّى عَلَى قَبْرٍ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) «Алла елшісі (с.а.с.) бір қабірдің басында жаназа намазын оқыды», – дейді.1

  1. 1Мүслим, «Жанайз», 70 (№ 955).
3080
Кутуб ситтә, № 3080 · тараудағы реті: 24

وَعَنِ ابْنِ الْمُسَيَّبِ: «أَنَّ أُمَّ سَعْدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا مَاتَتْ وَالنَّبِيُّ ﷺ غَائِبٌ، فَلَمَّا قَدِمَ صَلَّى عَلَيْهَا وَقَدْ مَضَى لِذَلِكَ شَهْرٌ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн әл-Мусәйяб (Алла оны рақымына бөлесін) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) сапарда жүргенде Үммі Сағд (р.а.) қайтыс болды. Пайғамбарымыз оралғанда, оның қабірінің басында жаназа намазын оқыды. Ол кезде арада бір ай өткен еді».1

  1. 1Тирмизи, «Жанайз», 47 (№ 1038).
3081
Кутуб ситтә, № 3081 · тараудағы реті: 25Риуаят етуші: Уқба ибн Амир

وَعَنْ عُقْبَةَ بْنِ عَامِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ صَلَّى عَلَى قَتْلَى أُحُدٍ بَعْدَ ثَمَانِ سِنِينَ كَالْمُوَدِّعِ لِلْأَحْيَاءِ وَالْأَمْوَاتِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Уқба ибн Амир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) сегіз жылдан соң Ухуд шейіттеріне тірілермен де, марқұмдармен де қоштасқан адамдай жаназа намазын оқыды».1

Түсіндірме

1. Бұл үш хадис мәйіт жерленгеннен кейін жаназа намазын оқуға қатысты. Үшеуінде де Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жаназа намазын қабір басында оқығаны айтылады.

2. Жоғарыда айтылғандай, Әбу Ханифа, Имам Мәлік пен Нахағи секілді бірнеше ғалымнан өзге көпшілік осы хадистерге сүйеніп, мәйіт жерленгеннен кейін жаназа намазын оқуға рұқсат берген. Алайда мерзімі жөнінде ортақ пікір жоқ. Әнәс хадисінде мерзім айтылмаған. Ибн әл-Мусәйябтың риуаятында бір ай, Уқба ибн Амирдің риуаятында сегіз жыл аталған. Осы риуаяттарға сүйенген ғалымдар мынадай пікірлер білдірген:

• Үш күнге дейін оқуға болады.

• Бір айға дейін оқуға болады.

• Мәйіттің денесі шірімегенше оқуға болады. Дененің шіріген-шірімегені жорамалмен анықталады. • Қайтыс болған сәтте жаназа намазын оқуға құқығы болғандар ғана кейін оқи алады.

• Кез келген уақытта оқуға болады.

• Сапардан қайтқан адам бір айға дейін, үйінде болған адам үш күнге дейін оқи алады.

• Қабір басында жаназа намазы оқылмайды.

3. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Ухуд шейіттеріне сегіз жылдан кейін жаназа намазын оқуы жөнінде Ибн Хажар былай дейді: «Ухуд шайқасы һижреттің үшінші жылы шәууал айында болды. Пайғамбарымыз һижреттің он бірінші жылы рабиғул әууал айында қайтыс болды. Демек, арада жеті жарым жылға жетпейтін уақыт өткен. Сегіз жыл деп шамалап айтылған».

Кейбір ғалымдар мәйіттің денесі шірігеннен кейін жаназа намазы оқылмайтынын ескеріп, «Олар – шейіттер. Шейіттердің денелері шірімейді», – деген. «Муаттадағы» бір риуаятқа қарағанда, қаза тапқандарынан шамамен қырық алты жыл өткенде сел Ухуд шейіттері Амр ибн Жамух пен Абдулла ибн Амрдың (р.а.) қабірлерін ашып кеткен. Сонда денелері жаңа жерленгендей, еш өзгермеген болып шыққан. Кейбір ғалымдар Пайғамбарымыз (с.а.с.) Ухуд күні шаруасы көп болып, шейіттерге жаназа оқуға уақыт таппаған дейді. Енді біреулері арада сегіз жыл өткенде оқылған «салатты» намаздың шариғи мағынасымен емес, «дұға» деген тілдік мағынасымен түсіндіреді. Мұны Пайғамбарымызға ғана тән іс санағандар «Ол осылайша шейіттермен қоштасты», – деген. Олардың пікірінше, тірілермен қоштасу – оларға насихат айтып, жақсылық тілеу, ал марқұмдармен қоштасу – Алладан оларды кешіруін сұрау.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Жанайз», 75 (№ 3223, 3224). Нәсәи, «Жанайз», 61 (4/61–62).
3082
Кутуб ситтә, № 3082 · тараудағы реті: 26Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ قَالَ: تُوُفِّيَ الْيَوْمَ رَجُلٌ صَالِحٌ مِنَ الْحَبَشِ، فَهَلُمُّوا فَصَلُّوا عَلَيْهِ. قَالَ: فَصَفَفْنَا عَلَيْهِ، فَكُنْتُ فِي الصَّفِّ الثَّانِي أَوْ فِي الثَّالِثِ، فَصَلَّى عَلَيْهِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) “Бүгін хабаштық бір ізгі адам қайтыс болды. Жүріңдер, жаназа намазын оқыңдар”, – деді. Сап түзедік. Мен екінші не үшінші сапта тұрдым. Алла елшісі мәйіт сол жерде болмаса да, оған жаназа намазын оқыды».1

Түсіндірме

1. Хадистегі «сап түзедік» деген сөз жаназа намазында да өзге парыз намаздарындағыдай сапқа тұрып, қатарды түзеу керектігін білдіреді. Тек Ата жаназада сап түзеуді міндетті санамаған. Абдурраззақтың Ибн Журайждан жеткізген риуаятында Атадан «Жаназа намазында да жұрт сап түзеуі керек пе?» – деп сұрайды. Ата «Жоқ, бұл намазда жұрт тәкбір айтып, Алладан кешірім тілейді», – деп жауап береді.

Жаназа намазында да әйелдер ең артқы сапта тұрады. Бір себеппен әйел ерлердің қасына тұрып оқыса, жаназа намазы бұзылмайды. Өйткені жаназа намазы өзге намаздардай толық намаз саналмайды. Онда рукуғ пен сәжде жоқ.

2. Мәйіт алыста болса, осы хадиске сүйеніп, ғайып жаназасын оқуға болады дегендер бар. Имам Шафиғи мен Ахмад ибн Ханбал осы көзқараста. Имам Нәуәуи «Мәйіт сол қалада болса, қасына бармай жаназа оқу дұрыс емес», – дейді. Алыста қайтыс болған адамның жаназасы үшін мәйітті әкелу шарт емес. Ханбали ғалымдары «Қайтыс болғанына бір ай өтпесе, ғайып жаназасын оқуға болады», – деген.

Ханафи мәзһабында ғайып жаназасын оқуға рұқсат берілмейді. Жаназа намазында мәйіт намаз оқушылар мен құбыланың арасында тұруы керек. Мәйіт шығыс жақта болса, намаз оқушылар құбылаға бұрылғанда, мәйіт олардың арт жағында қалады. Ал мәйіт тұрған жаққа бұрылса, құбыла артта қалады.

Мәлики мәзһабында да жаназа намазы үшін мәйіттің сол жерде болуы шарт.

  1. 1Бұхари, «Жанайз», 5, 54, «Манақибул-ансар», 38. Мүслим, «Жанайз», 64 (№ 952). Нәсәи, «Жанайз», 72 (4/69–70).
3083
Кутуб ситтә, № 3083 · тараудағы реті: 27Риуаят етуші: Әбу Барза әл-Әсләми

وَعَنْ أَبِي بَرْزَةَ الْأَسْلَمِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ لَمْ يُصَلِّ عَلَى مَاعِزِ بْنِ مَالِكٍ، وَلَمْ يَنْهَ عَنِ الصَّلَاةِ عَلَيْهِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Барза әл-Әсләми (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Мағиз ибн Мәліктің жаназа намазын өзі оқымады әрі өзгелерге де оқуға тыйым салмады».1

Түсіндірме

1. Мағиз – зина жасағанын мойындап, хадд жазасына кесіліп өлтірілген адам. Бұл жөнінде № 1605 хадисте айтылған.

2. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оның жаназа намазын өзі оқымаған әрі оны оқуға тыйым салмаған. Мүслимнің бір риуаятында «Оған кешірім де тілемеді, жаман сөз де айтпады» делінген. Ал басқа бір риуаятта Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «Мағиз үшін кешірім тілеңдер», – дегені айтылады. Сахабалар «Алла Мағизды кешірсін», – деген.

Бұхариде келген Жәбир хадисінде «Пайғамбарымыз (с.а.с.) ол туралы жақсы сөз айтып, жаназа намазын оқыды» делінген.

Әбу Дәуіттің жинағына түсіндірме жазған Азимабадидің айтуынша, хадисшілер «Пайғамбар Мағиздың жаназа намазын оқымады» деген риуаяттарды әлсіз санап, намаз оқығанын жеткізетін нұсқаны негізге алған. Зина жасаған жуһайналық әйел туралы риуаят та осы пікірді қуаттайды. Сахих риуаяттарда әйел рәжм жазасынан, яғни тасбораннан, қайтыс болған соң Пайғамбарымыздың (с.а.с.) оның жаназасын оқығаны анық айтылған. Бір риуаятта әзірет Омар «Уа, Алла елшісі! Бұл әйел зина жасаған болса да, жаназа намазын оқисыз ба?» – дейді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Ол сондай тәубе етті, оны Мәдинаның жетпіс тұрғынына бөліп берсе де, бәріне жетер еді», – деп жауап береді (№ 1607 хадис).

Ғалымдар бұл жөнінде әртүрлі пікір айтқан:

• Зуһри «Хадд жазасы ретінде қысас қолданылып өлтірілген адамның жаназасы оқылады. Рәжм жазасымен өлтірілген адамға жаназа оқылмайды», – деген.

• Әзірет Әлидің (р.а.) рәжм жазасына кесілген Шарраханың жаназа намазын оқуға бұйырғаны риуаят етілген. Ғалымдардың көпшілігі осы пікірде.

• Шафиғи «Құбылаға бет бұрған мұсылманның жақсысы да, жаманы да жаназа намазынан қағылмайды», – деген.

• Әһлі рай ғалымдары мен Әузағи «Рәжм жазасынан өлген адам жуындырылады және жаназа намазы оқылады», – деген.

• Имам Мәлік «Ел билеушісінің үкімімен хадд жазасына кесіліп өлтірілген адамның жаназа намазын билеуші өзі оқытпайды. Қаласа, отбасы не басқа адамдар оқиды», – деген.

• Ахмад ибн Ханбал «Өзіне қол салған адамның және мемлекет мүлкін ұрлаған адамның жаназа намазын ел билеушісі оқытпайды», – деген.

• Әбу Ханифа «Мемлекетке қарулы қарсылық көрсетіп өлтірілген не дарға асылған адамдардың жаназа намазы оқылмайды», – деген.

• Кейбір шафиғи ғалымдары «Намазды тастағаны үшін өлім жазасына кесілген адамның жаназасы оқылмайды. Ал хадд немесе қысас жазасымен өлтірілген адамның жаназасы оқылады», – деген.

3. Жаназа намазы оқылмайтындар

• Діннен шыққаны үшін өлтірілген адамға жаназа намазы оқылмайды. Ол мұсылмандар зиратына да қойылмайды, бос жерге жерленеді.

• Имам Ағзам Әбу Ханифаның пікірінше, Ислам мемлекетіне қарсы соғысқандарға және қарулы бүлікші топтарға жаназа намазы оқылмайды.

• Анасын не әкесін қасақана, жазықсыз өлтірген адамға да жаназа намазы оқылмайды. • Мұсылманға тұрмысқа шыққан мұсылман емес әйел, аяғы ауыр күйде қайтыс болса да, оған жаназа оқылмайды әрі ол мұсылмандар зиратына қойылмайды. Бір пікір бойынша, құрсағындағы баласына қарай мұсылмандар зиратына жерленеді. Өзге пікірде бала әлі де анасының бір бөлігі саналғандықтан, әйел өзі ұстанған діндегілердің зиратына қойылады.

• Кәпірлермен не мемлекетке қарсы шыққандармен шайқаста қаза тапқандарға қатысты пікірлер әртүрлі. Имам Ағзамның пікірінше, олар шейіт үкімінде болғандықтан, жуындырылмайды әрі жаназа намазы оқылмайды. Хасан Басри «Жуындырылады, жаназа намазы оқылады», – деген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Жанайз», 52 (№ 3186).
3084
Кутуб ситтә, № 3084 · тараудағы реті: 28Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يُؤْتَى بِالرَّجُلِ الْمُتَوَفَّى وَعَلَيْهِ الدَّيْنُ، فَيَسْأَلُ: هَلْ تَرَكَ لِدَيْنِهِ قَضَاءً؟ فَإِنْ حُدِّثَ أَنَّهُ تَرَكَ وَفَاءً صَلَّى، وَإِلَّا قَالَ: صَلُّوا عَلَى صَاحِبِكُمْ. فَلَمَّا فَتَحَ اللَّهُ عَلَى رَسُولِهِ ﷺ كَانَ يُصَلِّي وَلَا يَسْأَلُ، وَكَانَ يَقُولُ: أَنَا أَوْلَى بِالْمُؤْمِنِينَ مِنْ أَنْفُسِهِمْ، فَمَنْ تَرَكَ دَيْنًا أَوْ كَلًّا أَوْ ضَيَاعًا فَإِلَيَّ وَعَلَيَّ، وَمَنْ تَرَكَ مَالًا فَلِوَرَثَتِهِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.) қарызы бар адамның мәйітін әкелгенде, ол “Қарызын өтеуге жететін дүние қалдырып па?” – деп сұрайтын. Жететін дүние қалдырғанын естісе, жаназасын өзі оқитын. Әйтпесе, “Бауырларыңның жаназасын оқыңдар”, – дейтін. Алла Тағала Өз елшісіне жеңістер нәсіп еткен соң, ол әкелінген мәйіттердің жаназасын оқып, қарызын сұрамайтын болды. “Мен мүміндерге өздерінен де жақынмын. Кімнің артында қарызы, ауыр міндеті немесе асыраусыз бала-шағасы қалса, олар маған жүгінсін, міндеті – менің мойнымда. Ал кім дүние-мүлік қалдырса, ол мұрагерлеріне тиесілі”, – дейтін».1

Түсіндірме

1. Мұсылмандардың тұрмысы тар кезде Алла елшісі (с.а.с.) оларды қарыздан сақтандыру үшін қарызымен қайтыс болғандардың жаназа намазын өзі оқымаған. Ажалдың қашан келері белгісіз болғандықтан, бұл шараның баршаға әсері болған. Қай сахаба өзінің не жақынының жаназасына Алла елшісінің қатыспауын қалар еді?

Қарыз алуды осылай тежеу сән-салтанат пен ысырапқа кететін шығынды азайтады. Бүгінде бөліп төлеу арқылы сауда жасауға тыйым салынса немесе ең болмағанда шектеу қойылса, сән-салтанатты күшейтіп, тұрмысты қымбаттататын талай өндіріс саласының бәсеңдейтінін болжауға болады. Алла елшісінің (с.а.с.) енді қалыптасып келе жатқан, тұрмыс жағдайы төмен мұсылман қауымын қарыздан сақтау шарасын күнделікті тіршілікке ықпалы зор экономикалық амал деуге болады.

Алайда қарыздан мүлде бас тартуды бұлжымас қағида ету экономиканың дамуына кедергі келтіреді. Сондықтан қауым ілгерілеу кезеңіне жеткенде Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұл тыйымды алып тастады. Оның қалай болғанын Ибн Аббас былай баяндайды: «Пайғамбарымыз (с.а.с.) қарызымен қайтыс болған адамның жаназа намазын өзі оқымайтын. Бір күні ансарлардан бір адам қайтыс болды. Пайғамбарымыз “Бұл адамның қарызы бар ма?” – деп сұрады. “Иә”, – деді жұрт. “Онда жаназасын өздерің оқыңдар”, – деді. Содан кейін Жәбірейіл келіп, былай деді: “Алла тағала былай дейді: ‘Зұлымдық жасап, ысырап етіп, бойсұнбай қарызданған адам – залым. Ал отбасы бар адал адам қарызымен келсе, қарызын Өзім өтеймін, оған Өзім кепілмін’”. Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұны естіген соң, әлгі адамның жаназа намазын оқыды. Сосын “Кімнің мұқтаждықтан алған қарызы қалса, оны мен өтеймін. Ол – менің мойнымда. Ал кім дүние-мүлік қалдырса, ол мұрагерлеріне тиесілі”, – деді. Содан бастап мұндай адамдардың жаназа намазын өзі оқитын болды».

2. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бұл қарыздарды қалай және қай қаражаттан өтегені жөнінде ғалымдар әртүрлі пікір айтқан:

– Ел басшысы ретінде мұсылмандардың ортақ мүддесіне жұмсалатын қаражаттан, яғни мемлекет қазынасынан өтеген.

– Өзінің жеке мал-мүлкінен өтеген.

– Қарыздарды өтеу Пайғамбарымызға (с.а.с.) уәжіп болған.

– Қарыздарды өтеу оған уәжіп болмаған, оларды қайырымдылық ретінде өтеген.

– Имам Нәуәуи «Біздің мәзһабтағы шафиғилер мен өзге ғалымдардың арасында бұл жөнінде екі пікір бар», – дейді. Шафиғи ғалымдары қарызымен қайтыс болған адамның қарызы мемлекет қазынасынан өтеле ме деген мәселеде әртүрлі пікірде. Олардың бір бөлігі қазынадан өтеу міндетті емес деген. Олар хадистің соңындағы сөздерді былай түсінген: «Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: “Тірілеріңнің де, марқұмдарыңның да мүддесін мен қорғаймын. Екі жағдайда да сендерге қамқормын. Кімнің мойнында қарызы қалып, артында мал-мүлкі болмаса, қарызын өз дүниемнен өтеймін. Мал-мүлік қалдырса, ол мұрагерлерінікі, одан ештеңе алмаймын. Ал мұқтаж бала-шағасы қалса, оларды маған әкелсін, нәпақасы мен күтімі – менің мойнымда”».

3. Пайғамбарымыз (с.а.с.) қарызды мемлекет қазынасынан өтеген деген ғалымдар осы хадиске сүйеніп, кедейлердің қарызын Ислам мемлекеті өтеуі керек деп санаған. Олардың пікірінше, Пайғамбарымыздан кейін бұл міндет мемлекетке жүктеледі.

4. Хадис адамның қарызын көзі тірісінде өтеп жүруі керектігін де аңғартады.

5. Хадистегі «Мен мүміндерге өздерінен де жақынмын» деген сөз мына аяттан алынған: ﴿النَّبِيُّ أَوْلَىٰ بِالْمُؤْمِنِينَ مِنْ أَنْفُسِهِمْ ۖ وَأَزْوَاجُهُ أُمَّهَاتُهُمْ﴾ «Пайғамбардың мүміндердегі ақысы һәм оларға деген жанашырлығы, олардың өз ақыларынан әрі жанашырлығынан әлдеқайда артық, әрі оның жұбайлары да мүміндердің аналары болып табылады».2

  1. 1Бұхари, «Фарайз», 4, 15, 25, «Кафалат», 5, «Истиқрад», 11, «Тәпсір», «Ахзаб», 1, «Нафақат», 15. Мүслим, «Фарайз», 14 (№ 1619). Тирмизи, «Жанайз», 69 (№ 1070). Нәсәи, «Жанайз», 67 (4/66).
  2. 2«Ахзаб» сүресі, 6-аят.
3085
Кутуб ситтә, № 3085 · тараудағы реті: 29Риуаят етуші: Жәбир ибн Сәмура

وَعَنْ جَابِرِ بْنِ سَمُرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أُتِيَ النَّبِيُّ ﷺ بِرَجُلٍ قَتَلَ نَفْسَهُ، فَلَمْ يُصَلِّ عَلَيْهِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Жәбир ибн Сәмура (р.а.) былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.) өзіне қол салған бір адамның мәйітін әкелді. Ол жаназа намазын өзі оқымады».1

Түсіндірме

Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзіне қол салған адамның жаназа намазын өзі оқымаған. Алайда сахабаларға оны оқуға тыйым салмаған. Кейбір риуаяттарда «Бауырларыңның жаназа намазын оқыңдар», – дегені де айтылады. Пайғамбарымыздың мұндай жаназаға қатыспауы мұсылмандарды осы және соған ұқсас істерден сақтандыру үшін еді. Ғалымдар өзіне қол салған адамның жаназасы оқыла ма деген мәселеде әртүрлі пікір айтқан. Ханафи ғалымы Әбу Юсуф, Омар ибн Абдулазиз, Әузағи сынды мүжтаһидтер «Оқылмайды», – деген. Хасан Басри, Нахағи, Қатада, Әбу Ханифа, Шафиғи, Мәлік бастаған көпшілік «Оқылады», – деген.

  1. 1Мүслим, «Жанайз», 107 (№ 978). Тирмизи, «Жанайз», 68 (№ 1068). Нәсәи, «Жанайз», 68 (4/66).
3086
Кутуб ситтә, № 3086 · тараудағы реті: 30Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَا مِنْ مَيِّتٍ تُصَلِّي عَلَيْهِ أُمَّةٌ مِنَ الْمُسْلِمِينَ يَبْلُغُونَ مِائَةً، كُلُّهُمْ يَشْفَعُونَ لَهُ، إِلَّا شُفِّعُوا فِيهِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Айшаның (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) «Егер бір мәйіттің жаназа намазын жүз мұсылман оқып, бәрі де оған шапағат тілесе, олардың ол туралы шапағаты міндетті түрде қабыл болады», – деген.1

Түсіндірме

Хадисте жаназа намазына қатысқан мүміндердің дұғасы марқұмға Алланың алдында шапағат болатыны және сол шапағаттың қабыл алынатыны айтылады. Бұл хадисте жамағаттың саны жүзге жететіні айтылған. Алайда ғалымдар осы тақырыптағы өзге хадистерді де ескеріп, шапағаттың қабыл болуы үшін жүз адамды шарт санамаған. Келесі екі хадистің бірінде қырық адам, екіншісінде үш сап айтылады. Саптағы кісі саны көрсетілмеген.

  1. 1Мүслим, «Жанайз», 58 (№ 947). Тирмизи, «Жанайз», 40 (№ 1029). Нәсәи, «Жанайз», 78 (4/75).
3087
Кутуб ситтә, № 3087 · тараудағы реті: 31Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: مَا مِنْ رَجُلٍ مُسْلِمٍ يَمُوتُ فَيَقُومُ عَلَى جَنَازَتِهِ أَرْبَعُونَ رَجُلًا لَا يُشْرِكُونَ بِاللَّهِ شَيْئًا، إِلَّا شَفَّعَهُمُ اللَّهُ تَعَالَى فِيهِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) “Бір мұсылман қайтыс болып, жаназа намазына Аллаға еш нәрсені серік қоспайтын қырық адам тұрса, Алла олардың марқұмға жасаған шапағатын міндетті түрде қабыл алады”, – дегенін естідім».1

  1. 1Мүслим, «Жанайз», 59 (№ 948); Әбу Дәуіт, «Жанайз», 45 (№ 3170).
3088
Кутуб ситтә, № 3088 · тараудағы реті: 32

وَعَنْ مَالِكِ بْنِ هُبَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَا مِنْ مُسْلِمٍ يَمُوتُ فَيُصَلِّي عَلَيْهِ ثَلَاثَةُ صُفُوفٍ مِنَ الْمُسْلِمِينَ إِلَّا أَوْجَبَ. فَكَانَ مَالِكٌ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ إِذَا اسْتَقَلَّ أَهْلَ الْجَنَازَةِ جَزَّأَهُمْ ثَلَاثَةَ صُفُوفٍ لِهَذَا الْحَدِيثِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Мәлік ибн Һубәйраның (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) «Мұсылман қайтыс болып, оған мұсылмандар үш сап болып жаназа намазын оқыса, ол шапағатқа ие болады», – деген.

Хадисті жеткізген Мәлік (р.а.) жаназаға жиналғандар аз болса, осы хадиске сүйеніп, оларды үш сапқа тұрғызатын.1

Түсіндірме

1. Бұл хадистер жаназа намазына көп адамның қатысуының маңызын көрсетеді. Мұның пайдасы қатысқан адамға да, марқұмға да тиеді. Жаназаға қатысқан адам Ухуд тауындай сауап алады. Ол дүниенің өткіншілігін сезінеді. Ақыреттегі есепті, таразыны, қыл көпірді, жәннат пен тозақты, ақыреттің мәңгілігін – өз басына да қатысты мәселелерді есіне алып, бір сәт болса да дүние шырмауынан шығуға ұмтылады. Осылайша жаназаға қатысудың Ухуд тауындай сауабының мәнін осы дүниеде де аңғарады.

2. Жаназа намазының марқұмға пайдасы тиюі үшін екі шарт аталған:

1) Намазға қатысқандар марқұмға шапағат тілейді, яғни Алладан оны кешіруін сұрап, шын ықыласпен дұға етеді.

2) Жаназаға қатысқандардың бәрі Аллаға серік қоспайтын мұсылман болады. Нәуәуи бұл хадистерді былай түсіндіреді: «Пайғамбарымыздан (с.а.с.) әр жағдайда әртүрлі сұрақ сұралған, жауаптар да соған сай берілген. Үмбетіне бірде жүз адамның шапағаты, бірде қырық адамның шапағаты қабыл болатынын білдірген. Соңында кісі саны аз болса да, үш саптың шапағаты қабыл болатынын айтқан. Мұнда белгілі бір саннан гөрі, жамағаттың болуы маңызды. Усул ғалымдары санды міндетті шарт деп алмаған. Жүз адамның шапағаты қабыл болатыны туралы2 хадистен одан аз адамның шапағаты қабыл болмайды деген үкім шықпайды. Қырық адамның шапағаты жөнінде де солай. Үш сапты да міндетті сан деп ұқпау керек. Демек, қырық адамға немесе үш сапқа жетпеген жамағаттың да шапағаты қабыл болуы мүмкін».

Турбушти былай дейді: «Бұл хадистер бір-біріне қайшы келмейді. Фиқһ қағидасы бойынша, екі санның кішісі үлкенінен кейін айтылып, үкімі одан соң баяндалады. Алла тағала бір жағдайда кешірім нәсіп етсе, кейін одан төменгі жағдайда да кешірім береді. Сүннетте әуелгі уәденің тарылуы жоқ. Бұл – Алланың құлдарына берген кеңшілігі». Оның сөзінен жаназа намазына үш сап болып тұрған жамағаттың ықыласпен жасаған дұғасы Алла алдында қабыл болатын шапағат екенін ұғамыз. Жамағат көбейген сайын Алланың шарапаты да арта түседі. Адам саны азайса да, Алланың уәде еткен шарапаты кемімейді. Бұл түсіндірмеде ең азы үш сап делінгенімен, әр сапта қанша адам тұратыны көрсетілмеген. Әр сапта үш адамнан тұрса, он адам да жеткілікті саналады.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Жанайз», 43 (№ 3166). Тирмизи, «Жанайз», 40 (№ 1028).
  2. 2Фиқһ, тәпсір, кәләм сияқты әр ілім саласының усул ғалымдарының басым бөлігі.