Хадис

Кутуб ситтә, № 309

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
41. Бәйғул-ғарар және басқа сауда түрлері
Нөмірі
№ 309 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 6
309
Кутуб ситтә, № 309 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «لَا تَلَقَّوُا السِّلَعَ حَتَّى يُهْبَطَ بِهَا إِلَى الْأَسْوَاقِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ. وَزَادَ أَبُو دَاوُدَ فِي أَوَّلِهِ: «لَا يَبِعْ بَعْضُكُمْ عَلَى بَيْعِ بَعْضٍ، وَلَا تَلَقَّوُا السِّلَعَ». وَعِنْدَ النَّسَائِيِّ «الْجَلَبَ» عِوَضَ «السِّلَعَ».

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): “Тауар базарға жеткізілмей тұрып, оны жолдан тосып алмаңдар”, – деді». Әбу Дәуіт хадистің басында мына сөздерді де келтірген: «Бір-біріңнің саудаларыңның үстінен сауда жасамаңдар. Тауарды жолдан тосып алмаңдар».

Нәсәи риуаятында «силағ» («тауар») сөзінің орнына «жәләб» сөзі қолданылған.1

Түсіндірме

«Жәләб» – сату үшін сырттан әкелінетін тауар.

Біреудің саудасының үстінен сауда жасау. Екі кісі мәмілеге келіп, әлі тараспаған әрі келісімнен бас тарту құқығы сақталған кезде, үшінші біреу солардың біріне дәл сондай тауарды арзанырақ бағаға немесе сапалырақ тауарды сол бағаға ұсынуы мүмкін. Сөйтіп ол жасалған мәміленің бұзылуына себеп болады. Тыйым осыған қатысты. Ал екі жақ әлі баға келісіп жатса, үшінші кісінің өз тауарын ұсынуына болады.

Саудагерді тауарымен базарға жетпей жолдан тосып алуға тыйым салудың мақсаты – алданудың алдын алу. Нарық бағасын білмеген саудагер тауарын арзанға өткізіп, ұтылып қалуы мүмкін. Хадис түсіндірушілерінің айтуынша, жаһилият дәуірінде саудагерлерді жолдан тосып алып, «Базарда сауда жүрмей тұр, баға түсіп кетті, тауар өтпейді» деп алдап, жүгін арзанға сатып алу әдетке айналған. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осыған тыйым салған. Осы хадиске сүйенген Имам Мәлик, Әузағи, Шафиғи және Ахмад ибн Ханбал сияқты көптеген ғалым жол үстінде осылай мәміле жасауды мәкруһ санаған. Шафиғи мен Ахмад ибн Ханбалдың пікірінше, сатушының мәмілені күшінде қалдыруға да, бұзуға да құқығы бар. Әбу Ханифа мұндай сауданы мәкруһ санамаған әрі сатушы базарға жеткенде оған мәмілені қайта қарау құқығы берілмейді деген. Кейбір ғалымдар бұл құқық сатушыға базардағы баға жоғары болғанда ғана беріледі деп есептеген.

  1. 1Тирмизи мен «Муаттадан» өзге жинақтарда берілген. Бұхари, «Буюғ» (2165). Әбу Дәуіт, «Ижара» (3436).