Хадис

Бәйғул-ғарар және басқа сауда түрлері

Кутуб ситтә, 2-том, 41-тарау · 23 хадис · № 304–326

САУДА-САТТЫҚ (БӘЙҒ) БӨЛІМІ

Хадистер

304
Кутуб ситтә, № 304 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنْ بَيْعِ الْغَرَرِ وَعَنْ بَيْعِ الْحَصَاةِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.): «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бәйғул-ғарар мен бәйғул-хасатқа тыйым салды», – дейді.1

Түсіндірме

Хадис түсіндірушілері бәйғул-ғарарды ақыры белгісіз тауарды сату деп түсіндіреді. Мысалы, судағы балықты, аспандағы құсты, теңіз түбіндегі інжуді, қашып кеткен құлды, байлаудан босап кеткен түйені, ашып қаралмаған теңдегі киімді, жабық жердегі азық-түлікті, малдың әлі тумаған төлін, әлі жеміс бермеген ағаштың жемісін сату осыған жатады. Тауардың бар-жоғы немесе сатып алушының қолына тиетіні анық болмағандықтан, оның алданып қалуы мүмкін. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осындай алдамшы саудаға тыйым салған.

Бәйғул-хасат үш түрде жасалған.

1. Сатушы: «Лақтырған тасым тиген матаны саттым» немесе «Осы жерден тас түскен тұсқа дейінгі жерді саттым», – дейді.

2. Сатушы: «Осы тасты лақтырғанға дейін сауданы бұзуға ерікті боласың деген шартпен саған саттым», – дейді.

3. Тас лақтырылған сәтте сауда біржола бекітіледі. Сатушы: «Тасты лақтырсам, мына киім саған сатылған болып саналады», – дейді. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жаһилият дәуірінде қолданылған осындай алдамшы сауда түрлеріне тыйым салған.

  1. 1Мүслим, «Буюғ», 4 (1513). Әбу Дәуіт, «Буюғ», 25 (3376). Тирмизи, «Буюғ», 17 (1230). Нәсәи, «Буюғ», 27 (7/262). Ибн Мәжа, «Тижарат», 23 (2194).
305
Кутуб ситтә, № 305 · тараудағы реті: 2

وَفِي أُخْرَى لِأَبِي دَاوُدَ عَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «يَأْتِي عَلَى النَّاسِ زَمَانٌ عَضُوضٌ، يَعَضُّ الْمُوسِرُ فِيهِ عَلَى مَا فِي يَدِهِ، وَيُبَايِعُ الْمُضْطَرُّونَ وَلَمْ يُؤْمَرُوا بِذَلِكَ. قَالَ اللَّهُ تَعَالَى: ﴿وَلَا تَنْسَوُا الْفَضْلَ بَيْنَكُمْ﴾، وَقَدْ نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنْ بَيْعِ الْمُضْطَرِّ، وَعَنْ بَيْعِ الْغَرَرِ، وَعَنْ بَيْعِ الثَّمَرَةِ قَبْلَ أَنْ تُدْرَكَ».

Қазақша аудармасы

Әли (р.а.) былай дейді: «Адамдардың басына бір қиын заман туады. Сонда ауқатты адам қолындағы малын қысып ұстайды, ал қысылған жандар сауда жасауға мәжбүр болады. Оларға бұлай істеу бұйырылмаған. Алла Тағала وَلَا تَنْسَوُا الْفَضْلَ بَيْنَكُمْ “Ендеше, бір-біріңе мәрттік танытуды ұмытпаңдар”1 деген. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) амалсыз адамның саудасына, бәйғул-ғарарға және жемісті піспей тұрып сатуға тыйым салған».2

Түсіндірме

Бәйғул-ғарардың мәні жоғарыда түсіндірілді. Бәйғул-мұзтар, яғни амалсыз сауданың екі түрі бар.

1. Мал иесін күшпен сатуға мәжбүрлеу. Мұндай мәміле фасид, яғни жарамсыз.

2. Мал иесі қарызын өтеу не күн көру үшін қолындағы малын шығынға сатып жіберуге тырысады. Діндарлық пен адамгершілік қысылған кісінің малын сатып алуға асықпай, оған түсіністік танытуды, өсімсіз қарыз беруді (қарз хасан) немесе қарызын өтеу мерзімін ұзартуды талап етеді. Мұндай мәміле жарамды саналады, бірақ мәкруһ.

  1. 1«Бақара» сүресі, 237-аят.
  2. 2Әбу Дәуіт, «Буюғ», 26 (3382). Әл-Албани риуаятты әлсіз деп бағалаған.
306
Кутуб ситтә, № 306 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَا يَبِعْ حَاضِرٌ لِبَادٍ، وَدَعُوا النَّاسَ يَرْزُقِ اللَّهُ بَعْضَهُمْ مِنْ بَعْضٍ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا الْبُخَارِيَّ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): “Қала тұрғыны ауыл адамының атынан сауда жасамасын. Жұртты өз жайына қалдырыңдар. Алла біріне екіншісі арқылы ризық берсін”, – деді».1

  1. 1Бұхари, «Буюғ», 58, 64, 67, 69–71, «Ижара», 14, «Шурут», 8. Мүслим, «Буюғ», 11, 12, 18–21 (1515, 1520–1523), «Никах», 51, 52 (1413). Әбу Дәуіт, «Буюғ», 47 (3442). Тирмизи, «Буюғ», 13 (1223). Нәсәи, «Буюғ», 17 (7/256). Ибн Мәжа, «Тижарат», 15 (2176). «Муатта», «Буюғ», 96 (2/683). Жәбирдің осы сөздері Мүслимнің 1522-риуаятында берілген. Бұхариде осы мәселеге қатысты өзге риуаяттар бар.
307
Кутуб ситтә, № 307 · тараудағы реті: 4

وَفِي أُخْرَى لِلْخَمْسَةِ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ عَنْ أَنَسٍ: «نَهَى عَنْ بَيْعِ حَاضِرٍ لِبَادٍ، وَإِنْ كَانَ أَخَاهُ لِأَبِيهِ وَأُمِّهِ».

Қазақша аудармасы

Әнәстен (р.а.) жеткен бір риуаятта: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қала тұрғынына, тіпті әке-шешесі бір туған бауыры болса да, ауыл адамының атынан сауда жасауға тыйым салды», – делінген.1

Түсіндірме

Бұл тыйым қала тұрғынының ауыл адамының атынан тауар сатуына да, сатып алуына да қатысты. Мұнда ақы алып делдалдық жасау айтылып тұр. Ал ауыл адамына ақысыз көмектесу мақсатымен оның атынан сауда жасау жәрдемге жатады. Ханафи ғалымдарының пікірінше, екі тараптың ешқайсысына зиян тимесе, қала тұрғынының ауыл адамы атынан сауда жасауына болады.

  1. 1Бұхари, «Буюғ», 68. Мүслим, «Буюғ», 19 (1521). Нәсәи, «Буюғ», 18 (7/256). Ибн Мәжа, «Тижарат», 15 (2177).
308
Кутуб ситтә, № 308 · тараудағы реті: 5

وَفِي أُخْرَى لِأَبِي دَاوُدَ وَالنَّسَائِيِّ: «وَإِنْ كَانَ أَخَاهُ أَوْ أَبَاهُ». زَادَ أَبُو دَاوُدَ فِي أُخْرَى عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ يُقَالُ: لَا يَبِيعُ حَاضِرٌ لِبَادٍ. وَهِيَ كَلِمَةٌ جَامِعَةٌ: لَا يَبِيعُ لَهُ شَيْئًا وَلَا يَبْتَاعُ لَهُ شَيْئًا».

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіт пен Нәсәидің тағы бір риуаятында: «Қала тұрғыны ауыл адамының атынан, тіпті ол бауыры не әкесі болса да, сауда жасамасын», – делінген.

Әбу Дәуіт Әнәстен (р.а.) жеткен риуаятта мына сөзді қосқан: «“Қала тұрғыны ауыл адамының атынан сауда жасамасын”, – делінетін. Бұл – мағынасы кең сөз. Яғни қала тұрғыны ауыл адамының атынан ештеңе сатпасын да, сатып алмасын да».1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Ижара» (3440). Нәсәи, «Буюғ» (4493). Ибраһим Жанан, «Кутуб-и ситте аудармасы мен түсіндірмесі», 3-т., 81-б.
309
Кутуб ситтә, № 309 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «لَا تَلَقَّوُا السِّلَعَ حَتَّى يُهْبَطَ بِهَا إِلَى الْأَسْوَاقِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ. وَزَادَ أَبُو دَاوُدَ فِي أَوَّلِهِ: «لَا يَبِعْ بَعْضُكُمْ عَلَى بَيْعِ بَعْضٍ، وَلَا تَلَقَّوُا السِّلَعَ». وَعِنْدَ النَّسَائِيِّ «الْجَلَبَ» عِوَضَ «السِّلَعَ».

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): “Тауар базарға жеткізілмей тұрып, оны жолдан тосып алмаңдар”, – деді». Әбу Дәуіт хадистің басында мына сөздерді де келтірген: «Бір-біріңнің саудаларыңның үстінен сауда жасамаңдар. Тауарды жолдан тосып алмаңдар».

Нәсәи риуаятында «силағ» («тауар») сөзінің орнына «жәләб» сөзі қолданылған.1

Түсіндірме

«Жәләб» – сату үшін сырттан әкелінетін тауар.

Біреудің саудасының үстінен сауда жасау. Екі кісі мәмілеге келіп, әлі тараспаған әрі келісімнен бас тарту құқығы сақталған кезде, үшінші біреу солардың біріне дәл сондай тауарды арзанырақ бағаға немесе сапалырақ тауарды сол бағаға ұсынуы мүмкін. Сөйтіп ол жасалған мәміленің бұзылуына себеп болады. Тыйым осыған қатысты. Ал екі жақ әлі баға келісіп жатса, үшінші кісінің өз тауарын ұсынуына болады.

Саудагерді тауарымен базарға жетпей жолдан тосып алуға тыйым салудың мақсаты – алданудың алдын алу. Нарық бағасын білмеген саудагер тауарын арзанға өткізіп, ұтылып қалуы мүмкін. Хадис түсіндірушілерінің айтуынша, жаһилият дәуірінде саудагерлерді жолдан тосып алып, «Базарда сауда жүрмей тұр, баға түсіп кетті, тауар өтпейді» деп алдап, жүгін арзанға сатып алу әдетке айналған. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осыған тыйым салған. Осы хадиске сүйенген Имам Мәлик, Әузағи, Шафиғи және Ахмад ибн Ханбал сияқты көптеген ғалым жол үстінде осылай мәміле жасауды мәкруһ санаған. Шафиғи мен Ахмад ибн Ханбалдың пікірінше, сатушының мәмілені күшінде қалдыруға да, бұзуға да құқығы бар. Әбу Ханифа мұндай сауданы мәкруһ санамаған әрі сатушы базарға жеткенде оған мәмілені қайта қарау құқығы берілмейді деген. Кейбір ғалымдар бұл құқық сатушыға базардағы баға жоғары болғанда ғана беріледі деп есептеген.

  1. 1Тирмизи мен «Муаттадан» өзге жинақтарда берілген. Бұхари, «Буюғ» (2165). Әбу Дәуіт, «Ижара» (3436).
310
Кутуб ситтә, № 310 · тараудағы реті: 7

وَلَهُ فِي أُخْرَى: «نَهَى عَنِ النَّجْشِ وَالتَّلَقِّي، وَأَنْ يَبِيعَ حَاضِرٌ لِبَادٍ». وَفِي أُخْرَى: «نَهَى عَنِ التَّلَقِّي».

Қазақша аудармасы

Ибн Омардан (р.а.) жеткен өзге риуаятта Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бағаны жалған көтеруге, тауарды базарға жетпей жолдан тосып алып сатып алуға және қала тұрғынының ауыл тұрғыны атынан сауда жасауына тыйым салғаны айтылады.

Тағы бір риуаятта: «Тауарды базарға жетпей жолдан тосып алуға тыйым салды», – делінген.1

  1. 1Бұхари, «Буюғ», 71; Мүслим, «Буюғ», 15 (№1518); Әбу Дәуіт, «Ижара», 45 (№3436); Нәсәи, «Буюғ», 18 (7-т., 257-б.), №4509; Ибн Мәжа, «Тижарат», 16 (№2179).
311
Кутуб ситтә, № 311 · тараудағы реті: 8

وَفِي أُخْرَى لَهُمْ عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَا تَلَقَّوُا الرُّكْبَانَ، وَلَا يَبِعْ حَاضِرٌ لِبَادٍ. فَقَالَ لَهُ طَاوُسٌ: مَا قَوْلُهُ: لَا يَبِعْ حَاضِرٌ لِبَادٍ؟ قَالَ: لَا يَكُونُ لَهُ سِمْسَارًا».

Қазақша аудармасы

Сол жинақтарда Ибн Аббастан (р.а.) мына риуаят та жеткен. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Базарға тауар әкеле жатқан жолаушыларды жолдан тосып алмаңдар. Қала тұрғыны ауыл тұрғынының атынан сауда жасамасын», – деген. Тауыс Ибн Аббастан: «“Қала тұрғыны ауыл тұрғынының атынан сауда жасамасын” дегені нені білдіреді?» – деп сұрайды. Ол: «Оның атынан ақы алып, сауда жасайтын делдал болмасын дегені», – деп жауап береді.1

  1. 1Бұхари, «Буюғ», 71 (№2158); Әбу Дәуіт, «Ижара», 47 (№3439).
312
Кутуб ситтә, № 312 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ أَنْ يُتَلَقَّى الْجَلَبُ، فَمَنْ تَلَقَّى فَاشْتَرَاهُ فَإِذَا أَتَى سَيِّدُهُ السُّوقَ فَهُوَ بِالْخِيَارِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ، وَهَذَا لَفْظُ مُسْلِمٍ وَالتِّرْمِذِيِّ وَأَبِي دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген риуаятта Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) базарға әкеле жатқан тауарды жолдан тосып алуға тыйым салған. Егер біреу тауарды жолдан тосып алып сатып алса, тауар иесі базарға келгенде мәмілені күшінде қалдыруды немесе одан бас тартуды өзі таңдайды.1

Түсіндірме

Жәләб – сату үшін базарға әкелінетін тауар. Кейбір түсіндірмелерде мұндай тауарды бір не бірнеше кісінің жолдан тосып алуы тауар иесіне, ал енді бір түсіндірмелерде жергілікті жұртқа тиімсіз екені айтылады. Тауар иесі базарға жетсе, тауарын арзанға сатуы да мүмкін. Сонда жергілікті жұрттың көбі оны арзан бағаға алар еді. Демек, тауарды базарға жетпей сатып алу тауар иесіне де, жергілікті жұртқа да зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан тауардың базарға жетуіне мүмкіндік берілуі керек.2

  1. 1Бұхари, «Буюғ», 71; Мүслим, «Буюғ», 17 (№1519); Тирмизи, «Буюғ», 12 (№1221); Нәсәи, «Буюғ», 18 (7-т., 257-б.); Әбу Дәуіт, «Ижара», 45 (№3437). Мүслим, Тирмизи және Әбу Дәуіт жеткізген нұсқалар өзара мағыналас.
  2. 2№309 хадистің түсіндірмесін қараңыз.
313
Кутуб ситтә, № 313 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «إِنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ نَهَى عَنْ بَيْعَتَيْنِ فِي بَيْعَةٍ». أَخْرَجَهُ الْأَرْبَعَةُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір мәміле аясында екі сауда жасауға тыйым салған.1

Түсіндірме

Кейбір ғалымдар хадисте тыйым салынған «бір мәміле аясында екі сауда жасауды» екі түрлі түсіндіреді.

1. Сатушы сатып алушыға: «Мына киімді қолма-қол төлесең он мыңға, кейін төлесең он бес мыңға беремін. Қайсысын қаласаң, соны ал», – дейді. Мәміленің қай бағамен жасалғаны белгісіз болып қалса, мұндай саудаға рұқсат жоқ. Ал қолма-қол баға мен кейін төленетін бағаның айырмасын өсімге жатқызатын ғалымдардың пікірінше, мұндай саудаға өсім де араласады.

2. Сатушының сатып алушыға: «Саған құлымды сатамын. Оның есесіне сен де маған атыңды сатасың», – деуі. Бұл жағдайда алғашқы мәміле кейін жасалуы да, жасалмай қалуы да мүмкін екінші мәмілеге тәуелді. Соның салдарынан алғашқы мәміле бойынша меншік құқығы түпкілікті бекімейді.

Хадистегі «екі сауда» тіркесінің қандай мәмілені білдіретіні жөнінде де, тыйымның себебі жөнінде де ғалымдардың пікірлері әртүрлі.

«Нәйл әл-аутарда» айтылғандай, кейбір ғалымдар тыйымның себебін сатып алушының екі бағаның бірін нақтыламай тұрып келісуінен көреді. Ал ол «Қолма-қол он мыңға аламын» немесе «Кейін төлейтін болып, он бес мыңға аламын» десе, бұл сауданы рұқсат деп санайды.

Сол еңбекте мерзімі кейінге қалдырылған төлем үшін қолма-қол бағадан артық сұрауды өсім деп санап, оған рұқсат бермейтін ғалымдардың да бар екені айтылады. Шафиғи мен ханафи мәзһабтарының ғалымдары және ғұламалардың көпшілігі бұған рұқсат беретін дәлелдердің жалпыға ортақ екеніне сүйеніп, мұндай сауданы рұқсат деп таныған. Негізге алынатын пікір де – осы.

  1. 1Тирмизи, «Буюғ», 18 (№1231); Нәсәи, «Буюғ», 73 (№4632).
314
Кутуб ситтә, № 314 · тараудағы реті: 11

وَعِنْدَ أَبِي دَاوُدَ: «مَنْ بَاعَ بَيْعَتَيْنِ فِي بَيْعَةٍ فَلَهُ أَوْكَسُهُمَا أَوِ الرِّبَا».

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіт жеткізген риуаятта: «Бір мәміле аясында екі сауда жасаған кісіге екі бағаның төмені ғана тиесілі. Бұдан артық алса, өсім болады», – делінген.1

Түсіндірме

Бұл хадистің сыртқы мағынасы алдыңғы риуаяттан өзгеше. Алдыңғы хадисте бір мәміледегі екі саудаға жалпы тыйым салынса, мұнда екі бағаның төменін алуға рұқсат берілген.

Мұны былай түсіндіруге болады. Бір кісі белгілі мерзімде бір өлшем бидай беруге келісіп, бір динар қарыз алады. Мерзімі біткенде, алашақ иесі ақшасын сұрайды. Сонда қарыз алған кісі: «Мерзімді тағы ұзартсаң, екі өлшем бидай беремін», – дейді. Сөйтіп алғашқы келісімге екінші келісім қосылады. Хадисте осы қосымшаға тыйым салынып, ең аз мөлшер, яғни алғашқы келісімде белгіленген мөлшер ғана рұқсат екені түсіндіріледі.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Ижара», 55 (№3461). Мазмұндас риуаяттар: Мәлик, «Муатта», «Буюғ», 72 (2-т., 663-б.); Нәсәи, «Буюғ», 73 (№4632); Тирмизи, «Буюғ», 18 (№1231).
315
Кутуб ситтә, № 315 · тараудағы реті: 12

وَعَنْ مَالِكٍ: «أَنَّهُ بَلَغَهُ أَنَّ رَجُلًا قَالَ لِرَجُلٍ: ابْتَعْ لِي هَذَا الْبَعِيرَ بِنَقْدٍ حَتَّى أَبْتَاعَهُ مِنْكَ إِلَى أَجَلٍ، فَسَأَلَ ابْنَ عُمَرَ عَنْ ذَلِكَ فَكَرِهَهُ وَنَهَى عَنْهُ».

Қазақша аудармасы

Имам Мәликке мына хабар жеткен. Бір кісі екіншісіне: «Мына түйені маған қолма-қол ақшаға сатып алып бер. Сосын оны сенен ақысын кейін төлейтін болып сатып алайын», – дейді. Әлгі кісі бұл мәміле жайын Ибн Омардан (р.а.) сұрайды. Ол мұндай мәмілені құптамай, оған тыйым салады.1

Түсіндірме

Мұнда бір мәмілеге екі сауда байланыстырылған. Түйені қолма-қол ақшаға сатып алу оны кейін төлейтін адамға қымбатырақ бағаға сатуды да қамтиды. Сонда бір тауарға қатысты бірі қолма-қол, екіншісі кейін төленетін екі мәміле жасалады. Түйені қолына алмай тұрып сату да сөз болып отыр. Арадағы кісі түйені әлі иеленбей жатып сатуға міндеттенеді әрі ақысын кейін төлейтін адамға мерзім үшін қосылған үстемені қарыз етіп жүктейді. Осылардың бәрі мәміленің рұқсат етілуіне кедергі болады.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Буюғ», 73 (2-т., 663-б.).
316
Кутуб ситтә, № 316 · тараудағы реті: 13Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «لَا يَبِعْ بَعْضُكُمْ عَلَى بَيْعِ بَعْضٍ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ. زَادَ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ: «وَلَا يَخْطُبْ عَلَى خِطْبَةِ أَخِيهِ إِلَّا أَنْ يَأْذَنَ لَهُ».

Қазақша аудармасы

Ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Бір-біріңнің саудаңның үстінен сауда жасамаңдар», – деген. Мүслім, Әбу Дәуіт және Нәсәи жеткізген нұсқада: «Бауыры рұқсат бермейінше, ол сөз салған қызға сөз салмасын», – деген қосымша бар.1

Түсіндірме

Мұндай мәміленің қалай жасалатыны №309 хадистің түсіндірмесінде баяндалды.

  1. 1Бұхари, «Буюғ», 58, 64, 70, 71, «Шурут», 8, «Никах», 45; Мүслим, «Никах», 49 (№1412), «Буюғ», 7, 8, 11, «Бирр», 29, 32 (№2563, №2564); Әбу Дәуіт, «Никах», 17 (№2080), «Ижара», 45, 48 (№3436, №3443); Тирмизи, «Никах», 38 (№1134), «Буюғ», 57 (№1292); Нәсәи, «Никах», 20, 21 (6-т., 72–74-б.), «Буюғ», 17, 20, 21 (7-т., 258-б.); Ибн Мәжа, «Тижарат», 13 (№2171); Мәлик, «Муатта», «Буюғ», 95, 96 (2-т., 683-б.).
317
Кутуб ситтә, № 317 · тараудағы реті: 14

وَفِي أُخْرَى لِلنَّسَائِيِّ: «لَا يَبِيعُ الرَّجُلُ عَلَى بَيْعِ أَخِيهِ حَتَّى يَبْتَاعَ أَوْ يَذَرَ».

Қазақша аудармасы

Нәсәидің өзге бір риуаятында: «Бауыры тауарды сатып алғанша немесе одан бас тартқанша, оның саудасының үстінен сауда жасамасын», – делінген.1

  1. 1Нәсәи, «Буюғ», 20 (№4504).
318
Кутуб ситтә, № 318 · тараудағы реті: 15Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ أَنْ يَبِيعَ حَاضِرٌ لِبَادٍ، وَلَا تَنَاجَشُوا، وَلَا يَبِعِ الرَّجُلُ عَلَى بَيْعِ أَخِيهِ، وَلَا يَخْطُبْ عَلَى خِطْبَةِ أَخِيهِ، وَلَا تَسْأَلِ الْمَرْأَةُ طَلَاقَ أُخْتِهَا لِتَكْفَأَ مَا فِي إِنَائِهَا». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ. وَفِي أُخْرَى: «وَلَا يَزِيدَنَّ عَلَى بَيْعِ أَخِيهِ». وَفِي أُخْرَى: «وَلَا يَسُمِ الرَّجُلُ عَلَى سَوْمِ أَخِيهِ».

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қала тұрғынының ауыл тұрғыны атынан сауда жасауына, сатып алмақ ниеті болмаса да бағаны көтеру үшін әдейі жоғары баға ұсынуға, біреудің саудасының үстінен сауда жасауға, біреу сөз салған қызға сөз салуға және бір әйелдің өз бауырының ыдысындағы несібені иемдену үшін сол әйелдің күйеуінен оны талақ етуін сұрауына тыйым салды».1

Басқа риуаятта: «Бауырының саудасына араласып, бағаны көтермесін», – делінген.

Тағы бір риуаятта: «Бауыры баға келісіп жатқанда, оның үстінен баға ұсынбасын», – делінген.2

Түсіндірме

Риуаяттағы алғашқы үкімдердің бәрі алдыңғы хадистердің түсіндірмесінде баяндалды. Соңғы үкім әйелдің тұрмысқа шыққысы келген ер адамнан қазіргі әйелін талақ етуін сұрауына тыйым салады. Хадис түсіндірушілерінің айтуынша, «бауыры» деген сөз туған сіңлісін, әпкесін немесе діндес әйелді ғана білдірмейді. Бұл тыйым өзге діндегі әйелдерге де қатысты.

  1. 1Бұхари, «Буюғ», 58, 70, 71, «Шурут», 8, 11; Мүслим, «Никах», 38, 39, 51, 52 (№1408–1413), «Буюғ», 12 (№1515); Тирмизи, «Талақ», 14 (№1190); Нәсәи, «Никах», 20 (6-т., 71-б.), «Буюғ», 19, 21 (7-т., 258–259-б.); Әбу Дәуіт, «Никах», 2, 18 (№2176, №2080); Мәлик, «Муатта», «Буюғ», 45 (2-т., 683-б.).
  2. 2Мүслим, «Буюғ», 9 (№1515-тегі нұсқалар).
319
Кутуб ситтә, № 319 · тараудағы реті: 16

وَفِي أُخْرَى لِأَبِي دَاوُدَ: «وَلَا تُصَرُّوا الْإِبِلَ وَالْغَنَمَ، فَمَنِ ابْتَاعَهَا بَعْدَ ذَلِكَ فَهُوَ بِخَيْرِ النَّظَرَيْنِ بَعْدَ أَنْ يَحْلُبَهَا، فَإِنْ رَضِيَهَا أَمْسَكَهَا، وَإِنْ سَخِطَهَا رَدَّهَا وَصَاعًا مِنْ تَمْرٍ».

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіттің өзге бір риуаятында: «Түйе мен қой-ешкіні саумай, сүтін желініне жинап қоймаңдар. Осындай малды сатып алған кісі сауып көрген соң екі істің бірін таңдайды. Ұнатса, малды өзіне қалдырады. Ұнатпаса, оны кері қайтарады да, сауған сүтінің өтеуіне бір сағ құрма береді», – делінген.1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Ижара», 48 (№3443). Бұл мәселе №283–287 хадистердің түсіндірмелерінде баяндалды.
320
Кутуб ситтә, № 320 · тараудағы реті: 17Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «لَا تَسْتَقْبِلُوا السُّوقَ، وَلَا تُحَفِّلُوا، وَلَا يُنَفِّقْ بَعْضُكُمْ لِبَعْضٍ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Базарға әкеле жатқан тауарды жолдан тосып алмаңдар. Малды саумай, сүтін желініне жинап қоймаңдар. Бір-біріңнің тауарыңның бағасын жалған көтермеңдер», – деген.1

  1. 1Тирмизи, «Буюғ», 41 (№1268). Тирмизи бұл риуаятты «хасан-сахих» деп бағалаған. Түсіндірмесі үшін №283, №288 және №309 хадистерді қараңыз.
321
Кутуб ситтә, № 321 · тараудағы реті: 18Риуаят етуші: Абдулла ибн Амр

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «لَا يَحِلُّ سَلَفٌ وَبَيْعٌ، وَلَا شَرْطَانِ فِي بَيْعٍ، وَلَا رِبْحُ مَا لَمْ يَضْمَنْ، وَلَا تَبِعْ مَا لَيْسَ عِنْدَكَ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ وَصَحَّحَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Қарыз беру мен сауданы бір мәмілеге біріктіру адал емес. Бір саудада екі шарт қоюға да болмайды. Жауапкершілігіңе өтпеген тауардан пайда табу адал емес. Қолыңда жоқ нәрсені сатпа», – деген.1

Түсіндірме

Хадистегі бірнеше тіркесті жеке түсіндірейік.

1. «Қарыз беру мен сауданы бір мәмілеге біріктіру». Сатып алушы ақысын кейін төлейтін тауарды әдеттегі бағасынан қымбатырақ алмақ болады. Мұны рұқсат етілмеген іс деп ойлап, мынадай амалға жүгінеді. Тауардың құнын сатушыдан қарызға алып, сол ақшаны тауардың ақысы ретінде сатушыға қолма-қол қайта береді.

2. «Екі шарт» тіркесін ғалымдар әртүрлі түсіндірген. Кейбірінің айтуынша, сатушының «Мынаны қолма-қол төлесең – мына бағаға, кейін төлесең – ана бағаға беремін» деуі осыған жатады. Енді бірі сатушының «Бұл тауарды сатпайсың әрі сыйға бермейсің» деп шарт қоюын меңзейді деген. Басқалары мұны сатушының «Пәлен тауарыңды маған осынша бағаға сатсаң, мына тауарымды саған сатамын» деп шарт қоюы деп түсіндірген.

3. «Жауапкершілігіңе өтпеген тауардан пайда табу адал емес». Кейбір ғалымдар мұны иелік етпейтін, мысалы, біреуден тартып алынған мүлікке қатысты түсіндірген. Мұндай мүлік оны тартып алған кісінің меншігіне айналмайды. Сондықтан оны сатудан түскен пайда харам. Өзге бір түсіндірмеде сатып алынғанымен, әлі қабылдап алынбаған тауар меңзеледі. Сатып алушы тауарды қабылдағанға дейін оның жауапкершілігін өз мойнына алмайды. Мысалы, тауар сол аралықта бүлінсе, шығынды сатушы көтереді.

4. «Қолыңда жоқ нәрсені сатпа». Мұнда сауда кезінде сатушының қолында болмаған тауар айтылып тұр. Сатып алушыны алдау қаупі бар болғандықтан, мұндай саудаға тыйым салынған. Қашып кеткен құлды, байлаудан босап кеткен түйені немесе сатып алып, әлі қабылдамаған тауарды сату осыған жатады. Біреудің мүлкін оның кейін келісім беруіне үміттеніп, рұқсатсыз сату да осыған кіреді. Ол мүлік сатушының қолында да, меншігінде де жоқ, ал иесінің келісім берер-бермесі белгісіз. Сондықтан Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мұндай мәмілелердің бәріне тыйым салған.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Ижара», 70 (№3504); Тирмизи, «Буюғ», 19 (№1234); Нәсәи, «Буюғ», 60, 71, 72 (7-т., 288, 295-б.); Ибн Мәжа, «Тижарат», 20 (№2188). Тирмизи бұл риуаятты «хасан-сахих» деп бағалаған.
322
Кутуб ситтә, № 322 · тараудағы реті: 19Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنْ بَيْعِ الصُّبْرَةِ مِنَ التَّمْرِ لَا يُعْلَمُ مَكِيلُهَا بِالْكَيْلِ الْمُسَمَّى مِنَ التَّمْرِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мөлшері белгісіз кепкен құрма үйіндісін өлшемі белгілі кепкен құрмаға айырбастап сатуға тыйым салған.1

Түсіндірме

Бір текті екі затты мөлшері тең болса ғана айырбастауға болады. Бірінің мөлшері артық болса, мұндай айырбас рибаға жатады және харам саналады. Хадистерде құрманы осылайша айырбастауға ашық тыйым салынған. Мөлшері белгілі затты мөлшері белгісіз затқа айырбастағанда, белгісізі артық деп есептеледі. Сөйтіп, теңдік шарты бұзылып, бұл мәміле рибаға жатады.

  1. 1Мүслим, «Буюғ», 42 (№1530); Нәсәи, «Буюғ», 37, 38 (7-т., 269–270-б.), №4547.
323
Кутуб ситтә, № 323 · тараудағы реті: 20

وَفِي أُخْرَى لِلنَّسَائِيِّ: «لَا تُبَاعُ الصُّبْرَةُ مِنَ الطَّعَامِ بِالصُّبْرَةِ مِنَ الطَّعَامِ، وَلَا الصُّبْرَةُ مِنَ الطَّعَامِ بِالْكَيْلِ الْمُسَمَّى مِنَ الطَّعَامِ».

Қазақша аудармасы

Нәсәидің басқа бір риуаятында: «Бір үйінді азықты екінші бір үйінді азыққа айырбастап сатуға болмайды. Бір үйінді азықты мөлшері белгілі азыққа да айырбастап сатуға болмайды», – делінген.1

Түсіндірме

Бұл үкім алдыңғы хадистің түсіндірмесінде айтылды.

  1. 1Нәсәи, «Буюғ», 38 (4548).
324
Кутуб ситтә, № 324 · тараудағы реті: 21Риуаят етуші: Әбу Әйюб

وَعَنْ أَبِي أَيُّوبَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: «مَنْ فَرَّقَ بَيْنَ وَالِدَةٍ وَوَلَدِهَا فَرَّقَ اللَّهُ بَيْنَهُ وَبَيْنَ أَحِبَّتِهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Әйюб (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) “Кім ана мен баланы бір-бірінен ажыратса, қиямет күні Алла оны жақындарынан айырады” дегенін естідім».1

Түсіндірме

Бұл тыйым күңдерге қатысты айтылған. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ананы біреуге, баласын басқа біреуге сатып, екеуін бір-бірінен ажыратуға тыйым салған. Келесі хадистерде де осындай мысалдар кездеседі. Бұл тыйымдардың бала тәрбиесіне не себепті қатысты екенін №326 хадистің түсіндірмесінде баяндаймыз.

  1. 1Тирмизи, «Буюғ», 52 (1283), «Сияр», 17 (1566).
325
Кутуб ситтә, № 325 · тараудағы реті: 22Риуаят етуші: Әли

وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّهُ فَرَّقَ بَيْنَ وَالِدَةٍ وَوَلَدِهَا، فَنَهَاهُ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنْ ذَلِكَ وَرَدَّ الْبَيْعَ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әли (р.а.) сауда кезінде бір ананы баласынан ажыратқан. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған тыйым салып, сауданың күшін жойған.1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Жиһад», 133 (2696).
326
Кутуб ситтә, № 326 · тараудағы реті: 23Риуаят етуші: Әли

وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «وَهَبَ لِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ غُلَامَيْنِ أَخَوَيْنِ، فَبِعْتُ أَحَدَهُمَا. فَقَالَ لِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: “مَا فَعَلَ غُلَامَاكَ؟” فَأَخْبَرْتُهُ، فَقَالَ لِي: “رُدَّهُ، رُدَّهُ”». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әли (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) маған ағайынды екі құлды сыйға тартты. Мен екеуінің бірін сатып жібердім. Бірде Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): “Екі құлың не істеп жүр?” – деп сұрады. Болған жайды айтып едім, ол: “Оны қайтарып ал, оны қайтарып ал”, – деді».1

Түсіндірме

Соңғы үш риуаятта ана мен баланы, сондай-ақ бірге туған бауырларды бір-бірінен ажыратуға тыйым салынған. Бұл тыйым бала тәрбиесінің қамынан туындайды. Баланың өсіп-жетілуінде анасының жанында болуы мен отбасының ортасында өсуі айрықша маңызды. Дініміз тәлім-тәрбиеге мән бергендіктен, ана мен отбасының орнын арнайы шаралармен қорғаған. Мұны жоғарыдағы риуаяттардан байқаймыз. Осы орайда сол риуаяттарға негізделген һидана үкімдеріне тоқталайық.

Һидана дегеніміз не? Бұл құқық кімге тиесілі?

Фиқһ ғалымдарының анықтауынша, һидана – ұл-қызды, сондай-ақ өз ісін өзі атқара алмайтын, ақыл-есі толық жетілмеген адамды қамқорлығына алу. Олардың игілігіне қажет істерді атқарып, қиындық пен зияннан қорғау, өмірдің талаптарына төтеп бере алуы үшін дене, рух және ақыл тәрбиесімен айналысып, жауапкершілікті сезіндіру де осыған жатады.

Бұл кезең әдетте ұл балада 7–9 жасқа, қыз балада 9–11 жасқа дейін жалғасады. Ұл бала ішіп-жеу, киіну, дәретке бару және жуыну сияқты істерді әйел қамқоршының көмегінсіз өзі атқара бастағанда, бұл кезең аяқталады. Ал қыз балада бұл кезең етеккірі басталғанда аяқталады.

Баланың өсіп-жетілуіне ең алдымен мейірім қажет. Сондықтан ата-анасы ажырасса немесе олардың бірі не екеуі де қайтыс болса, балаға кімнің қарағаны дұрыс, кімнің құқығы басым деген мәселе туады. Әдетте бұл міндетке анасы лайық деп саналған. Бала құқықтары декларациясының 6-қағидасында да: «Айрықша жағдайлардан басқа кезде кішкентай баланы анасынан айыруға болмайды», – делінген.

Сүннетте де ананың балаға әкеден гөрі мейірімді келетіні айтылады. Сондықтан балиғатқа толмаған баланы анасынан ажыратпау қағидасы бекітілген. «Ана мен баланы ажыратқан адамды Алла қиямет күні жақындарынан айырады». Анасы күң болғанның өзінде, сауда кезінде екеуін екі жаққа бөлуге тыйым салынған. Жағфар ибн Мұхаммед әкесінен мына хабарды жеткізген: «Пайғамбарға тұтқындар әкелінгенде, ол оларды қатарға тұрғызып, алдына шығып қарайтын. Жылап тұрған әйелді көрсе, неге жылағанын сұрайтын. Әйел баласының сатылып кеткенін айтса, сауда бұзылып, баласы өзіне қайтарылатын». Рауи Әбу Усәйд әс-Сағидиге қатысты бір оқиғаны осыған мысал етеді.

Әбу Дәуіт жеткізген риуаятта Әлидің сауда кезінде ана мен баланы бір-бірінен ажыратқаны айтылады. Мұны білген Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған тыйым салып, сауданың күшін жойған. Омар да бұл мәселеге мұқият қарап, төңірегіндегі жауапты адамдарға ескерту хаттарын жіберіп отырған. Абдулла ибн Фаррух әкесінен мына сөзді жеткізген: «Омар ибн әл-Хаттаб бізге “Саудада бауырларды да, ана мен баланы да бір-бірінен ажыратпаңдар” деп жазды». Дереккөзде Омардың Нафиғ ибн Абдулхариске де осы мазмұнда хат жазғаны айтылады.

Мунауидің жазуынша, Шафиғи, Әбу Ханифа және Мәлик ана мен баланы сауда, сыйға тарту және сол сияқты жолдармен бір-бірінен ажыратуды қатаң харам санаған. Шафиғи бұл тыйымға «бала тәмйиз жасына жеткенге дейін», ал Әбу Ханифа «бала балиғат жасына жеткенге дейін» деген шарт қойған.

Бұл тыйым ана мен балаға, әке мен балаға және туған бауырларға да қатысты. Соның ішінде ананы баласынан ажыратпау айрықша ескертілген. Сағид ибн Мансұр жеткізген бір хабарда Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) екі жаққа сатылған апалы-сіңлілі екі қыздың саудасын бұзған.

Баланың тәрбиесі әдетте анасына жүктеледі. Дегенмен ажырасқан ата-ана баланы кімнің қамқорлығына алатыны жөнінде келіспей қалуы мүмкін. Кейде дау баланың анасы мен әкесінің бауырының немесе әкесі мен нағашы әжесінің арасында туындайды. Осындай жағдайлардың шешіміне қатысты мысалдарды сүннеттен кездестіреміз.

1. Бала тәмйиз жасына, яғни ажыратып, таңдай алатын жасқа жетпесе, анасы қайта тұрмысқа шыққанға дейін оның құқығы басым.

Абдулла ибн Амр жеткізген риуаятта бір әйел келіп: «Уа, Алланың елшісі! Мына ұлымды құрсағымда көтердім, емшегімнен еміздім, бауырыма басып бақтым. Енді әкесі менімен ажырасты да, баламды қолымнан алғысы келеді», – дейді. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Қайта тұрмыс құрмағаныңша, балаға қамқорлық етуге сенің құқығың басым», – деп жауап береді. Әбу Бәкір де Омардың ажырасқан әйелінен туған ұлы Асым жайында: «Анасы тұрмыс құрмаған кезде ұлына өзі қарауға лайық. Өйткені ол балаға анағұрлым мейірімді, жанашыр әрі қамқор», – деген.

Ғалымдар бала ананың мейіріміне мұқтаж кезде оған күтім жасауды анасына жүктеу керек деген пікірде бірауызды. Фиқһ ғалымдары бұл кезеңді бала ішіп-жеу мен дәреттен кейін тазалану істерін анасының көмегінсіз өзі атқара алатын шаққа дейін деп белгілеген. Бұл шамамен 7–8 жасқа сәйкес келеді. Олар қыз бала етеккірі басталғанға дейін анасының күтіміне мұқтаж деп есептеген.

2. Бала тәмйиз жасына жетсе, таңдау еркі өзіне беріледі. Ажырасқан ата-ана бала жайында келісе алмай, Алла елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жүгінеді. Ол екеуін қатар отырғызып, балаға: «Міне, әкең, міне, анаң. Қайсысын қаласаң, соған бар», – дейді. Осылайша екеуінің бірін таңдауды баланың өзіне қалдырады.

Ибн Аббас жеткізген риуаятта Әбу Бәкір Омардың ұлы Асымның анасына қатысты үкім шығарып, Омарға: «Бала өсіп, өзіне керегін өзі таңдағанша, анасының иісі, жылуы мен төсегі оған сенен қайырлы», – деген. Омар бұған қарсы сөз айтпаған. Аммара ибн Рабиғаның риуаятында бала үшін әкесінің бауыры мен анасы дауласып, Әли жеті не сегіз жасар балаға таңдау берген. Ал баланың кіші бауыры туралы: «Бұл да сол жасқа жеткенде, оған да таңдау берер едім», – деген. Абдуррахман ибн Ғанам жеткізген риуаятта Омар тілі әлі шықпаған бала туралы: «Тілі шығып, өзі таңдай алатын жасқа жеткенше анасымен бірге болады», – деп үкім берген. Осы мысалдар кішкентай бала анасының қамқорлығында болатынын, ал тілі шығып, тәмйиз жасына жеткенде таңдау мәселесі туындайтынын көрсетеді. Дегенмен бұл жастағы баланың анасын, әкесін, асаба туысын немесе өзге қандас туысын еркін таңдауына бола ма деген мәселеде фиқһ ғалымдары әртүрлі пікір айтқан. Ахмад пен Исхақ: «Ата-анасы келісе алмаса, жеті жасар балаға таңдау беріледі, одан кіші болса, анасының құқығы басым», – деген.

Балаға таңдау беруді жақтайтындар мен оған қарсы болғандардың арасында Шурайх екі жақтың да уәжін ескеріп: «Әкесінің құқығы басым, ал анасы мейірімдірек», – деген. Әкелері қайтыс болған бір топ қара нәсілді баланы алдына әкелгенде: «Оларға таңдау беріңдер, қалаған адамымен бірге болсын», – деп үкім шығарған. Имам Шафиғи де таңдауды баланың өзіне қалдыруды құптаған.

3. Ханафи ғалымдары баланың таңдауын үкімге негіз етпейді. Осы ұстанымды қорғаған Тахауи Әбу Һурайрадан жеткен риуаятқа сүйенеді. Онда Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осындай бір дауда екі жаққа жеребе тастауды ұсынғаны, әкесі бұған қарсы болған соң баланың қалауына жүгінгені айтылады. Осыдан Тахауи баланың қалауына жүгінуді Алла елшісі шығарған жалпыға ортақ үкім деп есептемеген және Куфа ғалымдарының көбі осы пікірде екенін айтқан. Ол сүннеттен өзге де мысал келтіреді. Хамзаның қызы туралы хадисте әке жағындағы туыстарының бірін таңдау баланың өзіне қалдырылмаған. Ал жұбайы мұсылман болмаған бір кісінің дауы жөніндегі Абдулхамид ибн Сәләма әл-Ансари мен Рафиғ ибн Синаннан жеткен риуаяттарда баланың таңдауына ерлі-зайыптылар осы ұсынысқа келіскеннен кейін ғана жүгінген. Ханафи фиқһ ғалымы әл-Кәсанидің айтуынша, ұл бала тәмйиз жасына жетіп, ішіп-жеу мен киіну сияқты істерді өзі атқара алатын болса, оны әкесінің қамқорлығына беру керек. Өйткені ұл бала ер адамға тән мінез бен әдепті әкесінен үйренеді. Ал анасында қалса, әйелдерге тән мінез бен әдепті бойына сіңіреді. Әл-Кәсани қыз балаға мұндай қауіп төнбейтінін және әйелге тән тәрбиені үйренуі үшін оны анасына беру керегін қосып айтады.

Балаға таңдау беруге қарсы ханафи ғалымдары мынадай уәж келтіреді: «Баланы өз еркіне қалдыруда даналық жоқ. Бала әуестігіне еріп, жеңіл әрі көңіліне жағатын нәрсеге ұмтылады. Содан жалқаулыққа салынып, бос ермекке бой алдырады, оқудан, нәпсісін тәрбиелеуден және діни білім алудың қиындығынан қашады. Ақырында ата-анасының ішінен өзіне көңіл бөлмейтін, тәрбиесіне талап қоймайтын адамды таңдайды». Олар баланың таңдауын жақтайтындар сүйенген хадистегі баланың балиғатқа жеткенін айтып, таңдауға балиғаттан кейін ғана рұқсат деп санаған.

Баланың таңдау құқығын жақтаушылар да тәмйиз жасына жеткен баланың тәрбиесінде әкенің орны барын ескереді. Олардың пікірінше: «Бала анасын таңдаса, әкесі соны желеу етіп, оны қараусыз қалдырмауы керек. Баланың тәрбиесі мен оқуына өзі немесе басқа адам арқылы көңіл бөліп, қажетіне қарайласуға тиіс».

Балаға таңдау беруді жақтайтын ғалымдар ата-анасының екеуі де һидана шарттарына бірдей сай келгенде ғана бұған рұқсат деп санайды. Бұл шарттарға мұсылман болу, бас бостандығы, ақыл-естің дұрыстығы, әділдік және бір елді мекенде тұру жатады. Тараптардың бірі осы талаптардың біріне сай келмесе, қамқорлық құқығынан айырылады. Баланың ата-анасының қайсысына қай тұрғыдан бағынышты болатыны жөніндегі жалпы қағида мынадай: «Бала азаттық пен құлдық мәселесінде анасына, тегі мен аты жағынан әкесіне, ал дін мәселесінде екеуінің қайырлысына ілеседі».

4. Ана жағындағы туыстарға басымдық беріледі. Әлидің (р.а.) риуаятында ұмраны өтеп, Меккеден шыға бергенде Хамзаның қызы: «Көке, көке!» – деп олардың соңынан ереді. Ибн Аббастың риуаятында қыз өзін алып кетуін өтініп, олармен жеке-жеке жолыққан. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм), Зәйд ибн Хариса мен Жағфар Құрайышпен жасалған келісімді сақтап, өтінішке оң жауап бермейді. Әли қыздың қолынан ұстап, оны өз қамқорлығына алады. Жағфар: «Оны мен аламын. Ол – әкемнің бауырының қызы, әрі нағашы әпкесі менің жұбайым. Нағашы әпке анамен бірдей, сондықтан оған қамқор болуға менің құқығым басым», – дейді. Әли: «Оған менің құқығым басым. Ол – әкемнің бауырының қызы, ал жұбайым – Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қызы», – дейді. Зәйд: «Оған менің құқығым басымырақ, ол – бауырымның қызы», – дейді. Осылайша үшеуі дауласып қалады. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Жағфардың пайдасына үкім шығарып: «Сөйтіп, ол нағашы әпкесінің жанында болады. Нағашы әпке ананың орнын басады», – дейді. Бірнеше нұсқада жеткен бұл оқиға әртүрлі түсіндірілген. Одан һиданада нағашы әпкенің құқығы әкесінің әпкесі не қарындасының құқығынан басым болатыны және ана жағындағы туыстарға басымдық берілетіні жөнінде үкім шығарылған.

Һиданада нағашы әпкенің құқығы басым екенін қуаттайтын өзге риуаяттар да бар. Әбул-Уәлидтен жеткен хабарда баланың анасы мен әкесінің бауыры дауласқанда, Омар (р.а.) балаға: «Анаңның таршылығы әкеңнің бауырының молшылығынан қайырлы», – деген.

Фиқһ ғалымдары һидана міндетін атқарушыға мұсылман болу, ақыл-есінің дұрыс болуы, балиғатқа жету, бала тәрбиелеуге шамасының келуі, аманатқа беріктік (пасық болмау), азат әрі некеде болмау сияқты талаптар қойған. Олар сүннетте жеткен, бірқатары жоғарыда келтірілген хабарларға сүйеніп, һидана құқығына ие туыстардың кезегін былай белгілеген:

1. Анасы.

2. Нағашы әжесі (анасының анасы).

3. Әжесі (әкесінің анасы).

4. Әке-шешесі бір қыз бауыры.

5. Анасы бір, әкесі бөлек қыз бауыры.

6. Әкесі бір, анасы бөлек қыз бауыры.

7. Әке-шешесі бір қыз бауырының қызы.

8. Анасы бір, әкесі бөлек қыз бауырының қызы.

9. Анасымен әке-шешесі бір нағашы әпкесі.

10. Анасымен анасы бір, әкесі бөлек нағашы әпкесі.

11. Анасымен әкесі бір, анасы бөлек нағашы әпкесі.

12. Әкесі бір, анасы бөлек қыз бауырының қызы.

13. Әке-шешесі бір ер бауырының қызы.

14. Анасы бір, әкесі бөлек ер бауырының қызы.

15. Әкесі бір, анасы бөлек ер бауырының қызы.

16. Әкесімен әке-шешесі бір әпкесі не қарындасы.

17. Әкесімен анасы бір, әкесі бөлек әпкесі не қарындасы.

18. Әкесімен әкесі бір, анасы бөлек әпкесі не қарындасы.

19. Анасының нағашы әпкесі.

20. Әкесінің нағашы әпкесі.

21. Анасының әкесінің әпкесі не қарындасы.

22. Әкесінің әкесінің әпкесі не қарындасы.

Қай жағдайда да әке-шешесі бір туысқа басымдық беріледі. Аталған махрам әйел туыстардың арасында балаға қарайтын адам болмаса немесе бар туысы бұл міндетке лайық болмаса, һидана құқығы мұрагерлік кезекке сай әке жағындағы махрам ер туыстардың, яғни асабаның біріне өтеді.

Асабаға жататын махрам ер туыс табылмаса немесе ол да бұл міндетке лайық болмаса, һидана құқығы асабаға жатпайтын махрам ер туысқа өтеді. Бұл тәртіп баланың күтімі қараусыз қалмауы үшін белгіленген. Балаға қарауға алдымен туыстары лайық. Олардың өз арасында да кезегі мен басымдығы бар. Балаға қарайтын туыс мүлде табылмаса, қамқорлыққа лайық адамды тағайындау қазыға жүктеледі.

  1. 1Тирмизи, «Буюғ», 52 (1284). Ибн Мәжа, «Тижарат», 46 (2249).