Хадис

Кутуб ситтә, № 304

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
41. Бәйғул-ғарар және басқа сауда түрлері
Нөмірі
№ 304 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
304
Кутуб ситтә, № 304 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنْ بَيْعِ الْغَرَرِ وَعَنْ بَيْعِ الْحَصَاةِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.): «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бәйғул-ғарар мен бәйғул-хасатқа тыйым салды», – дейді.1

Түсіндірме

Хадис түсіндірушілері бәйғул-ғарарды ақыры белгісіз тауарды сату деп түсіндіреді. Мысалы, судағы балықты, аспандағы құсты, теңіз түбіндегі інжуді, қашып кеткен құлды, байлаудан босап кеткен түйені, ашып қаралмаған теңдегі киімді, жабық жердегі азық-түлікті, малдың әлі тумаған төлін, әлі жеміс бермеген ағаштың жемісін сату осыған жатады. Тауардың бар-жоғы немесе сатып алушының қолына тиетіні анық болмағандықтан, оның алданып қалуы мүмкін. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осындай алдамшы саудаға тыйым салған.

Бәйғул-хасат үш түрде жасалған.

1. Сатушы: «Лақтырған тасым тиген матаны саттым» немесе «Осы жерден тас түскен тұсқа дейінгі жерді саттым», – дейді.

2. Сатушы: «Осы тасты лақтырғанға дейін сауданы бұзуға ерікті боласың деген шартпен саған саттым», – дейді.

3. Тас лақтырылған сәтте сауда біржола бекітіледі. Сатушы: «Тасты лақтырсам, мына киім саған сатылған болып саналады», – дейді. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жаһилият дәуірінде қолданылған осындай алдамшы сауда түрлеріне тыйым салған.

  1. 1Мүслим, «Буюғ», 4 (1513). Әбу Дәуіт, «Буюғ», 25 (3376). Тирмизи, «Буюғ», 17 (1230). Нәсәи, «Буюғ», 27 (7/262). Ибн Мәжа, «Тижарат», 23 (2194).