Хадис

Кутуб ситтә, № 3041

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
408. Айт намаздары
Нөмірі
№ 3041 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 8
3041
Кутуб ситтә, № 3041 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Нұғман ибн Бәшир

وَعَنِ النُّعْمَانِ بْنِ بَشِيرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقْرَأُ فِي الْعِيدَيْنِ وَفِي الجُمُعَةِ بِـ{سَبِّحِ اسْمَ رَبِّكَ الْأَعْلَى} وَ{هَلْ أَتَاكَ حَدِيثُ الْغَاشِيَةِ}، وَرُبَّمَا اجْتَمَعَا فِي يَوْمٍ وَاحِدٍ فَقَرَأَ بِهِمَا». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا الْبُخَارِي.

Қазақша аудармасы

Нұғман ибн Бәшир (р.а.) айтты: «Алла елшісі (с.а.с.) айт пен жұма намаздарында “Ағла” сүресін (سَبِّحِ اسْمَ رَبِّكَ الْأَعْلَى “Ұлық, асқақ Раббыңның есімін ұлықта!”) және “Ғашия” сүресін (هَلْ أَتَاكَ حَدِيثُ الْغَاشِيَةِ “Саған жер-жаһанды түгел қамтушы алапат құбылыс туралы хабар жетті ме?!”) оқитын. Жұма мен айт бір күнге түскенде, осы екі сүрені екі намазда да оқитын».1

Түсіндірме

Соңғы екі риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) жұма мен айт намаздарында «Фатихадан» кейін қай сүрелерді оқығанын көрсетеді. Ұбайдулла ибн Абдулла ибн Утба ибн Масғұд жеткізген риуаят бойынша ол бірінші рәкатта «Қаф», екінші рәкатта «Қамар» сүресін оқыған. Нұғман ибн Бәширдің риуаятында бірінші рәкатта «Ағла», екінші рәкатта «Ғашия» сүресін оқығаны айтылады.

Екі риуаяттан Пайғамбардың (с.а.с.) бір сүрелермен шектелмегені байқалады. Кейде бірін, кейде екіншісін, тіпті басқа сүрелерді де оқыған болуы мүмкін. Дегенмен осы сүрелерді жиі оқыған. Жұма намазының бірінші рәкатында «Жұма», екінші рәкатында «Мұнафиқун» сүресін оқығаны да риуаят етілген (№ 2881, 2883).

Имамның бұл намаздарда қалаған сүресін оқи алатыны туралы Хасан Басридің пікірін Ибн Әбу Шәйба Әбу Ханифа мен оның шәкірттері арқылы жеткізген.

Ибн Уяйна жұма намазында осы риуаяттарда айтылған сүрелерді ғана оқып жүруді мәкрүһ санаған. Ибн Масғұд Әбу Бәкірдің «Бақара» сүресін оқығанын жеткізеді. Бұл жайында өзге риуаяттар да бар.

  1. 1Мүслим, «Жұма», 62 (878); Мәлик, «Муатта», «Жұма», 19 (1/111); Әбу Дәуіт, «Салат», 242 (1122, 1123); Тирмизи, «Салат», 385 (533); Нәсәи, «Идәйн», 13 (3/184).