Хадис

Айт намаздары

Кутуб ситтә, 7-том, 408-тарау · 8 хадис · № 3034–3041

Хадистер

3034
Кутуб ситтә, № 3034 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «خَرَجَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَوْمَ عِيدٍ فَصَلَّى رَكْعَتَيْنِ لَمْ يُصَلِّ قَبْلَهُمَا وَلَا بَعْدَهُمَا». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) айтты: «Алла елшісі (с.а.с.) айт күні шығып, екі рәкат намаз оқыды. Оның алдында да, одан кейін де намаз оқымады».1

Түсіндірме

1. Бұл риуаят екі рәкат айт намазынан бөлек нәпіл оқылмағанын көрсетеді. Әбу Сағид әл-Худриден жеткен риуаятта Пайғамбардың үйіне қайтқаннан кейін тағы екі рәкат оқығаны айтылады.

Ибн Қудама айт намазына дейін немесе одан кейін намаз оқылатын жерде нәпіл оқудың мәкрүһ екеніне ғалымдар бірауыздан келіскенін айтады. Алайда Тирмизидің риуаятында кей сахабалардың айт намазына дейін немесе одан кейін нәпіл оқуға рұқсат бергені кездеседі. Сондықтан бұл мәселеде ижмағ бар деген пікір талқылауды қажет етеді.

Ирақи да кейбір сахабалар мен табиғиндердің нәпіл оқуға рұқсат бергенін жеткізеді. Ибн Әбу Шайба олардың ұстанымдарын баяндайды. Ахмад ибн Ханбалдан жеткен риуаятқа қарағанда, куфалықтар, соның ішінде Әбу Ханифа, Әузағи мен Сәури, айт намазынан кейін нәпіл оқыған. Хасан Басри мен бір топ басралық ғалым айт намазынан бұрын нәпіл оқыған. Ал Зуһри, Ибн Журайж және Ахмад айт намазынан бұрын да, кейін де нәпіл оқымаған. Имам Мәлик намаз оқылатын ашық алаңда нәпіл оқуға тыйым салған. Мешітте оқуға қатысты одан екі түрлі риуаят жеткен.

  1. 1Бұхари, «Идәйн», 8, 16, 18, 26, 32, «Азан», 161, «Зекет», 21, 33, Тәпсір, «Мумтахина», 1, «Никах», 124, «Либас», 56, 57, 59, «Итисам», 16; Мүслим, «Идәйн», 13 (884); Әбу Дәуіт, «Салат», 256 (1159); Тирмизи, «Салат», 387 (537); Нәсәи, «Идәйн», 29 (3/193).
3035
Кутуб ситтә, № 3035 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُكَبِّرُ فِي الْفِطْرِ وَالأَضْحَى فِي الْأُولَى سَبْعَ تَكْبِيرَاتٍ وَفِي الثَّانِيَةِ خَمْسَ تَكْبِيرَاتٍ سِوَى تَكْبِيرَتَيِ الرُّكُوعِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) айтты: «Алла елшісі (с.а.с.) Ораза айт пен Құрбан айт намаздарының бірінші рәкатында жеті, екінші рәкатында бес тәкбір айтатын. Бұл санға рукуғқа иілгенде айтылатын екі тәкбір кірмейді».1

Түсіндірме

1. Ғалымдар осы тәкбірлер жайында әртүрлі пікір айтқан.

Нәуәуидің түсіндіруінше, шафиғи мәзһабында бірінші рәкатта намазды бастау тәкбірінен бөлек жеті, екінші рәкатта орнынан тұру тәкбірінен бөлек бес қосымша тәкбір айтылады.

Имам Мәлик, Ахмад және Әбу Сәур да осы санды ұстанады. Алайда бірінші рәкаттағы жеті тәкбірдің бірін намазды бастау тәкбірі деп есептейді.

Әбу Ханифа мен Сәуридің пікірінше, бірінші рәкатта бес, екінші рәкатта төрт тәкбір айтылады. Намазды бастау тәкбірі мен қиям тәкбірі осы санға кіреді.

2. Ғалымдардың көпшілігі қосымша тәкбірлер бірінен соң бірі айтылуы керек деген. Ата, Шафиғи мен Ахмадтың пікірінше, әр екі тәкбірдің арасында Алланы еске алу – мұстахаб. Бұл пікір Ибн Масғұдтан да жеткен.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», 252 (1149, 1150).
3036
Кутуб ситтә, № 3036 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ كَثِيرِ بْنِ عَبْدِ اللَّهِ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُكَبِّرُ فِي الْعِيدَيْنِ فِي الْأُولَى سَبْعًا قَبْلَ الْقِرَاءَةِ، وَفِي الثَّانِيَةِ خَمْسًا قَبْلَ الْقِرَاءَةِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Кәсир ибн Абдулла әкесі арқылы атасынан мына риуаятты жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) айт намазының бірінші рәкатында қырағаттан бұрын жеті, екінші рәкатында қырағаттан бұрын бес тәкбір айтатын».1

Түсіндірме

1. Риуаят тізбегіндегі Кәсирдің әкесі – Абдулла ибн Амр ибн Ауф, ал атасы – Амр ибн Ауф әл-Музани (р.а.). Ол Бәдір шайқасына қатысқан сахабалардың бірі.

2. Жоғарыда айтылғандай, бірінші рәкаттағы намазды бастау тәкбірі мен екінші рәкаттағы қиям тәкбірі бұл санға кірмейді.

Тирмизи хадистің соңында былай дейді: «Әбу Һурайра (р.а.) Мәдинада айт намазына имам болғанда, хадисте айтылғандай оқыған. Мәдина халқының ұстанымы да осыған сай. Имам Мәлик, Шафиғи, Ахмад ибн Ханбал және Исхақ ибн Раһауәйһ те осыған сай үкім берген».

3. Мұнда тәкбірдің қай кезде айтылатынына назар аудару керек. Хадисте екі рәкатта да тәкбірлер қырағаттан бұрын айтылған. Ханафи мәзһабында екінші рәкаттағы қосымша тәкбірлер қырағаттан кейін айтылады. Ханафи ғалымдары Ибн Масғұдтың риуаятына сүйенген. Тирмизи сол тарауда жоғарыдағы түсіндірменің жалғасында мына риуаятты келтіреді: «Бірінші рәкатта тоғыз тәкбір бар, бесеуі қырағаттан бұрын айтылады2. Екінші рәкат қырағатпен басталып, одан кейін рукуғ тәкбірімен қоса төрт тәкбір айтылады».

Бұл риуаят екінші рәкаттағы қосымша тәкбірлердің қырағаттан кейін, рукуғқа бармай тұрып айтылатынын көрсетеді. Төртінші тәкбірмен рукуғқа иіледі.

Ибн Масғұдтан жеткен бұл мауқуф риуаятты Абдурраззақ пен Әбу Дәуіт өз еңбектерінде келтірген. Кей ғалымдар оның тізбегін сахих санаған. Риуаятқа қарағанда, Ибн Масғұд бұл мәселені түсіндіргенде, жанында Хузайфа ибн әл-Яман, Әбу Мұса әл-Ашғари және Сағид ибн әл-Ас болған. Сағид айт намазының тәкбірлерін сұрағанда, Хузайфа (р.а.): «Әл-Ашғариден сұра», – деген. Әл-Ашғари: «Абдулладан сұра. Ол – арамыздағы тәжірибесі мол әрі білімді кісі», – деген. Сонда Сағид сауалын Ибн Масғұдқа қойған. Ол: «Төрт тәкбір айтылады, содан кейін қырағат оқылады. Сосын тағы бір тәкбір айтып, рукуғқа барады. Екінші рәкатқа тұрғанда қырағат оқиды. Одан кейін төрт тәкбір айтады да, төртіншісімен рукуғқа барады», – деген. Ханафилер өзге риуаяттар да қуаттайтын осы хадиске сүйеніп, екінші рәкаттағы қосымша тәкбірлер қырағаттан кейін, рукуғқа дейін айтылады деген.

  1. 1Тирмизи, «Салат», 386 (536).
  2. 2Ибн Масғұд айт намазында қосымша, бастау және рукуғ тәкбірлерін бірге санаған. Бірінші рәкатта намазды бастау тәкбірі, үш қосымша тәкбір және рукуғ тәкбірі айтылады. Екінші рәкатта үш қосымша тәкбір мен рукуғ тәкбірі қырағаттан кейін айтылады. Тирмизи, «Салат», 386 (536-хадистен кейінгі түсіндірме).
3037
Кутуб ситтә, № 3037 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Жәбир ибн Сәмура

وَعَنْ جَابِرٍ بْنِ سَمُرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «صَلَّيْتُ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ الْعِيدَيْنِ غَيْرَ مَرَّةٍ بِغَيْرِ أَذَانٍ وَلَا إِقَامَةٍ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Жәбир ибн Сәмура (р.а.) айтты: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге айт намазын азансыз да, қаматсыз да бірнеше рет оқыдым».1

Түсіндірме

Бағауи хадисті сахих деп бағалап, былай дейді: «Сахабалар мен кейінгі ғалымдардың бәрі осыған сай амал еткен. Айт намаздарына азан да, қамат та айтылмаған. Басқа нәпіл намаз да оқылмаған».

  1. 1Мүслим, «Идәйн», 7 (887); Әбу Дәуіт, «Салат», 250 (1148); Тирмизи, «Салат», 384 (532).
3038
Кутуб ситтә, № 3038 · тараудағы реті: 5

وَعَنْ نَافِعٍ أَنَّ ابْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَأَبُو بَكْرٍ وَعُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا يُصَلُّونَ الْعِيدَيْنِ قَبْلَ الْخُطْبَةِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Нафиғ (рахимаһуллаһ) Ибн Омардың (р.а.) былай дегенін жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.), Әбу Бәкір және Омар (р.а.) айт намазын құтбадан бұрын оқитын».1

Түсіндірме

Алла елшісінің (с.а.с.) кезінде айт құтбасы намаздан кейін, ал жұма құтбасы намаздан бұрын айтылған. Омеялар тұсында Мұғауияның Мәдинадағы әкімі Маруан құтбаға саяси мәселелерді араластырып, мақтауға лайық еместерді дәріптеп, жазғыруға жөні жоқ кісілерді қаралаған. Содан жұрт намаз аяқталысымен құтбаны тыңдамай кететін болды. Маруан жұртқа құтбаны тыңдату үшін оны намаздың алдына шығарды. Бұл өзгеріс жамағаттың наразылығын туғызып, бірқатар оқиғаға себеп болды. Солардың бірін жоғарыда баяндаған едік2.

Маруаннан бұрын Османның (р.а.) да жұрт намазға үлгерсін деген оймен құтбаны намаздың алдында айтқан кезі болған. Ибн Хажардың түсіндіруінше, Осман мұны анда-санда істеген, ал Маруан жиі істегендіктен, бұл өзгеріс соның атымен байланысты айтылады. Қади Ияд осы тақырыптағы риуаяттарға сүйеніп, құтбаны намаздан бұрын айтуды Мұғауия бастағанын, кейін оған еріп Мәдинада Маруан, Басрада Зияд солай істегенін айтады.

  1. 1Бұхари, «Идәйн», 7, 8; Мүслим, «Идәйн», 8 (888); Тирмизи, «Салат», 383 (531); Нәсәи, «Идәйн», 9 (3/183).
  2. 2Маруан оқиғасын № 3038 хадистің түсіндірмесінен қараңыз. Ибраһим Жанан, «Күтүби ситтә», 9-т., 345–346-бб.
3039
Кутуб ситтә, № 3039 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «شَهِدْتُ الْعِيدَ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَبَدَأَ بِالصَّلَاةِ قَبْلَ الْخُطْبَةِ بِلَا أَذَانٍ وَلَا إِقَامَةٍ. ثُمَّ قَامَ مُتَوَكِّئًا عَلَى بِلَالٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَأَمَرَ بِتَقْوَى اللَّهِ وَحَثَّ عَلَى طَاعَتِهِ وَوَعَظَ النَّاسَ وَذَكَّرَهُمْ ثُمَّ أَتَى النِّسَاءَ فَوَعَظَهُنَّ وَذَكَّرَهُنَّ وَقَالَ: تَصَدَّقْنَ. فَإِنَّ أَكْثَرَكُنَّ حَطَبُ جَهَنَّمَ فَقَامَتِ اِمْرَأَةٌ مِنْ سِطَةِ النِّسَاءِ سَفْعَاءُ الْخَدَّيْنِ. فَقَالَتْ: لِمَ يَا رَسُولَ اللَّهِ؟ قَالَ: لِأَنَّكُنَّ تُكْثِرْنَ الشَّكَاةَ وَتَكْفُرْنَ الْعِشِيرَ. فَجَعَلْنَ يَتَصَدَّقْنَ مِنْ حُلِيِّهِنَّ يُلْقِينَ فِي ثَوْبِ بِلَالٍ مِنْ أَقْرِطَتِهِنَّ وَخَوَاتِمِهِنَّ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ. «سِطَةُ النِّسَاءِ»: أَوْسَاطُهُنَّ حَسَبًا وَنَسَبًا. «السُّفْعَةُ»: سَوَادٌ فِي اللَّوْنِ. «الشَّكَاةُ» بِفَتْحِ الشِّينِ: الشَّكْوَى. «الْعَشِيرُ»: الزَّوْجُ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) айтты: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге айт намазына қатыстым. Ол құтбадан бұрын азансыз әрі қаматсыз намаз оқытты. Содан кейін Біләлге (р.а.) сүйеніп тұрып, жұртты Алладан қорқуға, Оған бойсұнуға шақырды. Насихат айтып, өлімді, ақыретті, жәннат пен тозақты еске салды. Сосын әйелдердің қасына барып, оларға да насихат айтып: “Садақа беріңдер. Өйткені көпшілігің тозаққа отын боласыңдар”, – деді.

Жамағаттың ортасынан екі беті қарауыта түскен бір әйел орнынан тұрып: “Уа, Алла елшісі, неліктен?” – деп сұрады. Ол: “Өйткені көп шағынасыңдар, күйеулеріңнің жақсылығын бағаламайсыңдар”, – деді. Сонда әйелдер сырғалары мен жүзіктерін шешіп, Біләлдің етегіне садақа ретінде сала бастады».1

Түсіндірме

1. Бұл хадисті бірнеше сахаба әртүрлі толықтырулармен жеткізген. Бұхаридің «Хайыз» кітабында Әбу Сағид әл-Худридің мына риуаяты бар: «Пайғамбар (с.а.с.) Құрбан айтта немесе Ораза айтта намаз оқылатын алаңға шықты. Намаздан соң әйелдерге барып: “Уа, әйелдер қауымы! Садақа беріңдер. Маған тозақтағылардың көбі сендер екені көрсетілді”, – деді. Әйелдер: “Уа, Алла елшісі! Неліктен?” – деп сұрады. Ол: “Көп қарғайсыңдар, күйеулеріңнің жақсылығын бағаламайсыңдар. Ақылы мен діні кем бола тұра, байыпты ердің ақылын сендердей билеп кететін ешкімді көрмедім”, – деді. Әйелдер: “Уа, Алла елшісі! Дініміз бен ақылымыздың кемдігі неде?” – деп сұрады. Ол: “Әйелдің куәлігі ер адамның куәлігінің жартысындай емес пе?” – деді.

Олар: “Иә”, – деді. Сонда ол: “Бұл – ақылының кемдігі. Әйел хайыз кезінде намаз оқымайды, ораза ұстамайды, солай емес пе?” – деп сұрады. Олар: “Иә”, – деді. Ол: “Бұл – дінінің кемдігі”, – деді».2

2. Хадистегі сөздер алғаш естігенде әйелді кемсіткендей көрінуі мүмкін. Дініміз ер мен әйелді бірдей қадірлейді. Екеуінің өмірдегі міндеттері әртүрлі болғандықтан, жаратылысында да айырмашылық бар. Әйел ана болып, мейірімге мұқтаж бала өсіреді. Осыған орай оның мейірімі, жұмсақтығы мен сезімталдығы басым. Кей дәрігерлер ер мен әйелдің айырмасы дененің әрбір жасушасынан байқалатынын айтады. Ислам осы табиғи ерекшелікті ескеріп, кейбір құқықтар аяқасты болмас үшін куәгерлікке қатысты осындай тәртіп белгілеген. Куә болу – міндет. Куәліктің осылай алынуы әйелдің құқығын кемітпейді. Бұл – куәлік қажет дауларда адам құқығын қорғауға арналған шара. Жаратқанын бәрінен жақсы білетін Алла («Мүлік» сүресі, 14-аят) қарызды куәландыруда екі ер кісі табылмаса, бір ер адам мен екі әйелді куәға тартуды бұйырған. Мұндағы себеп – әйелдердің бірі ұмытса, екіншісі есіне салады («Бақара» сүресі, 282-аят).

Алла елшісі (с.а.с.) осы хадисте Жаратушы баяндаған табиғи ерекшелікті ақылдың кемдігі деп атаған. Сондай-ақ лағынетті көп айтуға, сезімге тез беріліп, соның салдарынан күйеуімен тіл табыса алмай қалуға назар аударған.

Біздіңше, әйелдерге арнайы тіл қатып, осал тұстарына назар аудару олардың игілігін көздейді. Өзінің осал тұсын білген кісі сол жерде сақтанып, өзін тежей алады әрі одан келетін зиянды барынша азайтады.

Мұны түсіну үшін Алла елшісінің (с.а.с.) وَيْلٌ لِلْأَعْقَابِ مِنَ النَّارِ «Тозақ отына күйетін өкшелердің халі қандай өкінішті!» деген ескертуін3 еске түсірейік. Дәрет алғанда жуылатын мүшелердің еш жері құрғақ қалмауға тиіс. Алла елшісі (с.а.с.) осыны үйреткенде бетті не қолды атамай, өкшені атады. Өйткені өкшенің жуылмай қалуы ықтимал. Ал бет не қол толық жуылмай қалса, «Тозақ отына күйетін беттің не қолдың халі қандай өкінішті!» деуге болар еді. Дәретте қай мүше құрғақ қалса да, үкімі бірдей. Дегенмен аяқты толық жууға айрықша көңіл бөлу қажет. Алла елшісі (с.а.с.) сол себепті өкшеге арнайы назар аударған.

Әйелдерге қатысты да осыны айтуға болады. Алла елшісі (с.а.с.) олардың назарын осал тұстарына аударып, содан төнуі мүмкін қауіптен сақ болуын көздеген.

3. Хадистен түйетін тағылымдар.

• Әйелдерге уағыз айту, діни үкімдерді үйрету және міндеттерін еске салу – мұстахаб.

• Әйелдерді садақа беруге ынталандыру – мұстахаб.

• Бүлік туу қаупі болмаса, әйелдерге ілім үйрету үшін арнайы күн мен уақыт бөліп, жеке жиын өткізу – мұстахаб.

• Әйелдер айт күні намаз оқылатын алаңға бара алады.

• Әйел өз мүлкін күйеуінің рұқсатынсыз жұмсап, садақа бере алады. Мұндай жұмсауға белгілі бір мөлшер қойылмаған. Мәликилер әйел өз мүлкінің үштен біріне дейін жұмсай алады деген.

• Садақа – азаптан сақтанудың бір жолы. Пайғамбар (с.а.с.) тозақтағылардың көбі әйелдер екенін айтып, одан құтылу үшін садақа беруді ескерткен.

• Насихатты жиі айтып, тыңдаушының жағдайына қарай қатқыл үн қатуға да болады. Бұл – мұстахаб.

• Мұқтаж жандар үшін дәулетті кісілерден садақа сұрауға болады. Сұраушының өзі мұқтаж болуы шарт емес.

• Риуаят сахаба әйелдердің жомарттығын, Пайғамбардың (с.а.с.) бұйрығына дереу құлақ асқанын көрсетеді. Олар тағып жүрген жүзігін, білезігін, сырғасын садақаға берген.

• Жақсылықтың қадірін білмеу – харам.

• Жаман сөзді көп айту, қарғау, кемсіту, балағаттау – харам. Имам Нәуәуи мұны үлкен күнәларға жатқызған.

• Қарғау, яғни біреудің Алланың мейірімінен алыстауын тілеу – дінде құпталмайтын іс. Тілді оған үйір қылмау керек.

• Кісіні діннен шығармайтын кейбір күнәлардан сақтандыру үшін оларды күпірлік деп атауға болады.

• Ақыл кеміп те, артып та отырады.

• Әйелдердің осал тұсын атаудың мақсаты – жаратылысындағы ерекшелігі үшін оларды айыптау емес, бүліктен сақтандыру. Хадисте азапқа себеп болатын нәрсе сол ерекшелік емес, жақсылықты бағаламау, нанкөрлік екені айтылады.

• Діндегі кемдік үнемі күнәмен байланысты бола бермейді. Кемел амалдың өзі одан да кемел амалмен салыстырғанда кем түседі. Сол сияқты хайыз кезіндегі әйел намаз оқымағаны үшін күнә арқаламайды, бірақ оның амалы намаз оқитын кісінің амалымен салыстырғанда кем болады.

• Шәкірт ұстазынан, ілесуші өзі ерген адамнан түсінбеген жайтты сұрай алады.

• Риуаят Пайғамбардың (с.а.с.) көркем мінезін, мейірімін және жұмсақтығын көрсетеді.

  1. 1Бұхари, «Идәйн», 7 (978); Мүслим, «Идәйн», 4 (885); Әбу Дәуіт, «Салат», 248 (1141); Нәсәи, «Идәйн», 19 (3/186–187).
  2. 2Бұхари, «Хайыз», 6 (304).
  3. 3Бұхари, «Ғылым», 3 (60); Мүслим, «Таһарат», 25 (241).
3040
Кутуб ситтә, № 3040 · тараудағы реті: 7

وَعَنْ عُبَيْدِ اللَّهِ بْنِ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عُتْبَةَ بْنِ مَسْعُودٍ قَالَ: «سَأَلَ عُمَرُ أَبَا وَاقِدٍ اللَّيْثِيَّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: مَا كَانَ يَقْرَأُ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فِي الْأَضْحَى وَالْفِطْرِ. قَالَ: كَانَ يَقْرَأُ فِيهِمَا بِـ{قٓ وَالْقُرْآنِ الْمَجِيدِ} وَ{اقْتَرَبَتِ السَّاعَةُ وَانْشَقَّ الْقَمَرُ}». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا الْبُخَارِي.

Қазақша аудармасы

Ұбайдулла ибн Абдулла ибн Утба ибн Масғұд айтады: «Омар (р.а.) Әбу Уақид әл-Ләйсиден (р.а.): “Алла елшісі (с.а.с.) Құрбан айт пен Ораза айт намазында қай сүрелерді оқитын?” – деп сұрады. Ол: “Ол бұл намаздарда ‘Қаф’ сүресін (ق ۚ وَالْقُرْآنِ الْمَجِيدِ ‘Қаф. Даңқты Құранға серт!’) және ‘Қамар’ сүресін (اقْتَرَبَتِ السَّاعَةُ وَانْشَقَّ الْقَمَرُ ‘Қиямет жақындады және Ай қақ жарылды!’) оқитын”, – деді».1

  1. 1Мүслим, «Идәйн», 14 (891); Мәлик, «Муатта», «Идәйн», 8 (1/180); Әбу Дәуіт, «Салат», 252 (1154), Тирмизи, «Салат», 385 (534); Нәсәи, «Идәйн», 12 (3/183, 184).
3041
Кутуб ситтә, № 3041 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Нұғман ибн Бәшир

وَعَنِ النُّعْمَانِ بْنِ بَشِيرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقْرَأُ فِي الْعِيدَيْنِ وَفِي الجُمُعَةِ بِـ{سَبِّحِ اسْمَ رَبِّكَ الْأَعْلَى} وَ{هَلْ أَتَاكَ حَدِيثُ الْغَاشِيَةِ}، وَرُبَّمَا اجْتَمَعَا فِي يَوْمٍ وَاحِدٍ فَقَرَأَ بِهِمَا». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا الْبُخَارِي.

Қазақша аудармасы

Нұғман ибн Бәшир (р.а.) айтты: «Алла елшісі (с.а.с.) айт пен жұма намаздарында “Ағла” сүресін (سَبِّحِ اسْمَ رَبِّكَ الْأَعْلَى “Ұлық, асқақ Раббыңның есімін ұлықта!”) және “Ғашия” сүресін (هَلْ أَتَاكَ حَدِيثُ الْغَاشِيَةِ “Саған жер-жаһанды түгел қамтушы алапат құбылыс туралы хабар жетті ме?!”) оқитын. Жұма мен айт бір күнге түскенде, осы екі сүрені екі намазда да оқитын».1

Түсіндірме

Соңғы екі риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) жұма мен айт намаздарында «Фатихадан» кейін қай сүрелерді оқығанын көрсетеді. Ұбайдулла ибн Абдулла ибн Утба ибн Масғұд жеткізген риуаят бойынша ол бірінші рәкатта «Қаф», екінші рәкатта «Қамар» сүресін оқыған. Нұғман ибн Бәширдің риуаятында бірінші рәкатта «Ағла», екінші рәкатта «Ғашия» сүресін оқығаны айтылады.

Екі риуаяттан Пайғамбардың (с.а.с.) бір сүрелермен шектелмегені байқалады. Кейде бірін, кейде екіншісін, тіпті басқа сүрелерді де оқыған болуы мүмкін. Дегенмен осы сүрелерді жиі оқыған. Жұма намазының бірінші рәкатында «Жұма», екінші рәкатында «Мұнафиқун» сүресін оқығаны да риуаят етілген (№ 2881, 2883).

Имамның бұл намаздарда қалаған сүресін оқи алатыны туралы Хасан Басридің пікірін Ибн Әбу Шәйба Әбу Ханифа мен оның шәкірттері арқылы жеткізген.

Ибн Уяйна жұма намазында осы риуаяттарда айтылған сүрелерді ғана оқып жүруді мәкрүһ санаған. Ибн Масғұд Әбу Бәкірдің «Бақара» сүресін оқығанын жеткізеді. Бұл жайында өзге риуаяттар да бар.

  1. 1Мүслим, «Жұма», 62 (878); Мәлик, «Муатта», «Жұма», 19 (1/111); Әбу Дәуіт, «Салат», 242 (1122, 1123); Тирмизи, «Салат», 385 (533); Нәсәи, «Идәйн», 13 (3/184).