وَعَنْ كَثِيرِ بْنِ عَبْدِ اللَّهِ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُكَبِّرُ فِي الْعِيدَيْنِ فِي الْأُولَى سَبْعًا قَبْلَ الْقِرَاءَةِ، وَفِي الثَّانِيَةِ خَمْسًا قَبْلَ الْقِرَاءَةِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Кәсир ибн Абдулла әкесі арқылы атасынан мына риуаятты жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) айт намазының бірінші рәкатында қырағаттан бұрын жеті, екінші рәкатында қырағаттан бұрын бес тәкбір айтатын».1
Түсіндірме
1. Риуаят тізбегіндегі Кәсирдің әкесі – Абдулла ибн Амр ибн Ауф, ал атасы – Амр ибн Ауф әл-Музани (р.а.). Ол Бәдір шайқасына қатысқан сахабалардың бірі.
2. Жоғарыда айтылғандай, бірінші рәкаттағы намазды бастау тәкбірі мен екінші рәкаттағы қиям тәкбірі бұл санға кірмейді.
Тирмизи хадистің соңында былай дейді: «Әбу Һурайра (р.а.) Мәдинада айт намазына имам болғанда, хадисте айтылғандай оқыған. Мәдина халқының ұстанымы да осыған сай. Имам Мәлик, Шафиғи, Ахмад ибн Ханбал және Исхақ ибн Раһауәйһ те осыған сай үкім берген».
3. Мұнда тәкбірдің қай кезде айтылатынына назар аудару керек. Хадисте екі рәкатта да тәкбірлер қырағаттан бұрын айтылған. Ханафи мәзһабында екінші рәкаттағы қосымша тәкбірлер қырағаттан кейін айтылады. Ханафи ғалымдары Ибн Масғұдтың риуаятына сүйенген. Тирмизи сол тарауда жоғарыдағы түсіндірменің жалғасында мына риуаятты келтіреді: «Бірінші рәкатта тоғыз тәкбір бар, бесеуі қырағаттан бұрын айтылады2. Екінші рәкат қырағатпен басталып, одан кейін рукуғ тәкбірімен қоса төрт тәкбір айтылады».
Бұл риуаят екінші рәкаттағы қосымша тәкбірлердің қырағаттан кейін, рукуғқа бармай тұрып айтылатынын көрсетеді. Төртінші тәкбірмен рукуғқа иіледі.
Ибн Масғұдтан жеткен бұл мауқуф риуаятты Абдурраззақ пен Әбу Дәуіт өз еңбектерінде келтірген. Кей ғалымдар оның тізбегін сахих санаған. Риуаятқа қарағанда, Ибн Масғұд бұл мәселені түсіндіргенде, жанында Хузайфа ибн әл-Яман, Әбу Мұса әл-Ашғари және Сағид ибн әл-Ас болған. Сағид айт намазының тәкбірлерін сұрағанда, Хузайфа (р.а.): «Әл-Ашғариден сұра», – деген. Әл-Ашғари: «Абдулладан сұра. Ол – арамыздағы тәжірибесі мол әрі білімді кісі», – деген. Сонда Сағид сауалын Ибн Масғұдқа қойған. Ол: «Төрт тәкбір айтылады, содан кейін қырағат оқылады. Сосын тағы бір тәкбір айтып, рукуғқа барады. Екінші рәкатқа тұрғанда қырағат оқиды. Одан кейін төрт тәкбір айтады да, төртіншісімен рукуғқа барады», – деген. Ханафилер өзге риуаяттар да қуаттайтын осы хадиске сүйеніп, екінші рәкаттағы қосымша тәкбірлер қырағаттан кейін, рукуғқа дейін айтылады деген.
- 1Тирмизи, «Салат», 386 (536).
- 2Ибн Масғұд айт намазында қосымша, бастау және рукуғ тәкбірлерін бірге санаған. Бірінші рәкатта намазды бастау тәкбірі, үш қосымша тәкбір және рукуғ тәкбірі айтылады. Екінші рәкатта үш қосымша тәкбір мен рукуғ тәкбірі қырағаттан кейін айтылады. Тирмизи, «Салат», 386 (536-хадистен кейінгі түсіндірме).