عَنْ بِلَالٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: عَلَيْكُمْ بِقِيَامِ اللَّيْلِ، فَإِنَّهُ دَأْبُ الصَّالِحِينَ قَبْلَكُمْ، وَقُرْبَةٌ إِلَى رَبِّكُمْ، وَمَنْهَاةٌ عَنْ الْآثَامِ، وَتَكْفِيرٌ لِلسَّيِّئَاتِ، وَمَطْرَدَةٌ لِلدَّاءِ عَنْ الْجَسَدِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Біләл (р.а.) Расулалланың (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Түнгі намазды берік ұстаныңдар. Ол – сендерден бұрынғы ізгі жандардың әдеті. Ол сендерді Раббыларыңа жақындатады, күнәдан тыяды, жаман істердің күнәсін өшіреді және тәннен дертті кетіреді».1
Түсіндірме
Хадис түнде тұрып құлшылық етуге үндейді. Мұның ішіне алдымен тәһәжжуд намазы кіреді. Осы бөлімнің соңында кеңірек баяндалатын тәһәжжуд – Құранның бірнеше аятында айтылған құлшылық. Ол Пайғамбарға (с.а.с.) парыз, үмбетіне мұстахаб болған. Пайғамбар (с.а.с.) көптеген хадисінде тәһәжжудке үндеген. Кейбір хадис жинақтарында оған жеке тарау арналған.
Пайғамбар (с.а.с.) бұл хадисте түнгі намаздың мынадай игіліктерін атаған:
А) Аллаға жақындатады. Бұл – Оның мейіріміне бөленудің бір жолы.
Ә) Күнәдан алыстатып, жаман іске жолатпайды. Алла тағала إِنَّ الصَّلَاةَ تَنْهَىٰ عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنْكَرِ «Өйткені намаз – адам баласын арсыздықтан һәм жамандық атаулыдан тыяды.» («Анкабут», 45) және إِنَّ الْحَسَنَاتِ يُذْهِبْنَ السَّيِّئَاتِ «Шынында, жақсылықтар жамандықтарды жояды.» («Һуд», 114) деп уәде етеді.2
Б) Күнәларды өшіреді, айыптарды бүркейді.
В) Тәннен дертті кетіріп, саулыққа себеп болады.