Хадис

Кутуб ситтә, № 2979

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
403. Жұма намазының сүннеттері
Нөмірі
№ 2979 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 5
2979
Кутуб ситтә, № 2979 · тараудағы реті: 5

وَعَنْ عَطَاءٍ قَالَ: «كَانَ ابْنُ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا إِذَا صَلَّى الْجُمُعَةَ بِمَكَّةَ تَقَدَّمَ فَصَلَّى رَكْعَتَيْنِ ثُمَّ يَتَقَدَّمُ فَيُصَلِّي أرْبَعًا. فَإِذَا كَانَ بِالْمَدِينَةِ صَلَّى الْجُمُعَةَ ثُمَّ رَجَعَ إِلَى بَيْتِهِ. فَصَلَّى رَكْعَتَيْنِ وَلَمْ يُصَلِّ فِي الْمَسْجِدِ، فَقِيلَ لَهُ، فَقَالَ: كَانَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَفْعَلُهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ата былай дейді: «Ибн Омар (р.а.) Меккеде жұма намазын оқыған соң ілгері жылжып, екі рәкат оқитын. Сосын тағы ілгері жылжып, төрт рәкат оқитын. Мәдинада жұма намазынан соң үйіне оралып, екі рәкат оқитын, оны мешітте оқымайтын. Неге олай істейтінін сұрағанда: “Расулалла (с.а.с.) осылай істейтін”, – деді».1

Түсіндірме

Бұл риуаят Ибн Омардың (р.а.) жұма намазынан кейінгі нәпілді Мекке мен Мәдинада әртүрлі оқығанын көрсетеді.

1. Меккеде әуелі екі, одан соң төрт рәкат, барлығы алты рәкат оқыған. Ал Мәдинада жұмадан кейін үйіне барып, екі рәкат оқыған.

2. Себебін сұрағандарға Ибн Омар (р.а.) Расулалланың (с.а.с.) да осылай оқығанын айтқан. Ол Мәдинада оқыған екі рәкатты меңзеген болса керек. Кейбір шархшылардың айтуынша, Расулалланың (с.а.с.) Меккеде Ибн Омардай оқығаны жөнінде дерек те, мұндай пікір де кездеспейді. Расулалланың (с.а.с.) Меккеде жұма намазын оқығаны да сахих дерекпен бекімеген. Оның солай оқығанын қабылдаған күннің өзінде, бұл – сирек жасаған амалы. Тағы бір түсіндірме бойынша, намазды кейде қысқарту Расулаллаға (с.а.с.) тән еді. Ол құтба айтқанда әскеріне үн қатқан қолбасшыдай дауысын көтеріп, салмақпен сөйлейтін. Сондықтан шаршаған кездері жұмадан кейін үйінде екі рәкатпен шектелген болуы мүмкін. Ал әдетте төрт рәкат оқуды бұйырған және оны үйде не мешітте оқу керектігін нақтыламаған. Кейде екі рәкат оқуы төрт рәкат оқуға кедергі емес. Екеуін де оқуға рұқсат. Төрт рәкат оқуды көбірек өсиет еткендіктен, төрт рәкат оқу абзал саналады.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», № 1130–1131. Тирмизи, «Жұма», № 523.