وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُصَلِّي قَبْلَ الْعَصْرِ أَرْبَعَ رَكَعَاتٍ، يَفْصِلُ بَيْنَهُنَّ بِالتَّسْلِيمِ عَلَى الْمَلَائِكَةِ الْمُقَرَّبِينَ، وَمَنْ تَبِعَهُمْ مِنَ الْمُسْلِمِينَ وَالْمُؤْمِنِينَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Әли (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) екінтіден бұрын төрт рәкат оқитын. Рәкаттардың арасын Аллаға жақын періштелерге және соларға ерген мұсылмандар мен мүміндерге сәлем берумен бөлетін».1
Түсіндірме
Тирмизи: «Хадистегі сәлеммен бөлу сөзінен Пайғамбардың (с.а.с.) ташаһһуды меңзегені түсініледі», – дейді. Исхақ ибн Ибраһим де осылай түсініп, бұл төрт рәкат сүннетті сәлеммен екіге бөлмеген. Алайда Тирмизидің тағы бір сөзінше, Ахмад пен Шафиғи түнгі де, күндізгі де нәпілді екі рәкаттан оқиды деп үкім берген. Олар әр екі рәкаттан кейін сәлем берген.
Сәлаф ғалымдары нәпілді екі-екіден оқыған абзал ма, әлде төрт рәкатты бір сәлеммен аяқтаған абзал ма деген мәселеде әртүрлі пікір айтқан:
• Ахмад ибн Ханбал бір риуаятта түнгі намазды екі-екіден оқуды абзал санап, күндіз төрт рәкатты бір сәлеммен оқудың әбестігі жоқ деген.
• Ханафилер күндіз төрт рәкаттан оқыған абзал деген. Олар Тирмизидегі мына хадиске сүйенген: «Түнгі намаз екі-екі рәкаттан оқылады. Таң атып кетеді деп қауіптенсең, бір рәкат оқып, намазыңды тақ етіп аяқта».
- 1Тирмизи, «Салат», 318 (№ 429).