Хадис

Екінті намазының сүннеті

Кутуб ситтә, 7-том, 400-тарау · 7 хадис · № 2960–2966

Хадистер

2960
Кутуб ситтә, № 2960 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әли

عَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُصَلِّي قَبْلَ الْعَصْرِ رَكْعَتَيْنِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әли (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) екінтіден бұрын екі рәкат оқитын».1

Түсіндірме

Хадисті түсіндірген ғалымдар Әлидің (р.а.) екінтіден бұрын оқылатын төрт рәкат сүннетті меңзегенін, Алла елшісінің (с.а.с.) оны бұл жолы екі рәкат етіп оқығанын айтады. Демек, бұл намазды екі немесе төрт рәкат етіп оқуға болады. Төрт рәкат оқыған абзал.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 297, (1272).
2961
Кутуб ситтә, № 2961 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: رَحِمَ اللَّهُ امْرَأً صَلَّى قَبْلَ الْعَصْرِ أَرْبَعًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Екінтіден бұрын төрт рәкат оқыған адамға Алла рақым етсін!»1

Түсіндірме

Кейбір риуаятта «Төрт рәкат оқып, арасын сәлеммен бөлген» делінген. Бұл түсіндірмеге сай, екінтінің төрт рәкат сүннеті екі-екіден оқылады. Ал мұндағы «сәлемді» «тәшәһһуд» деп түсінгендер төртінші рәкаттың соңында бір рет сәлем береді.

Алла елшісі (с.а.с.) бұл сүннетті оқуға әртүрлі сөзбен үндеген: «Екінтіден бұрын төрт рәкат оқыған кісіге тозақ оты тимейді». «Екінтіден бұрын төрт рәкат оқыған кісіні Алла кешіреді». «Екінтіден бұрын төрт рәкат оқыған кісіге Алла жәннаттан үй салады». «Екінтінің парызынан бұрын төрт рәкат оқыған кісіні Алла тозақ отына харам етеді».

Алла елшісі (с.а.с.) осындай сөздермен оқуға ынталандырған екінті намазының сүннеті – мұстахаб.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», 297 (№ 1271). Тирмизи, «Салат», 318 (№ 430).
2962
Кутуб ситтә, № 2962 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әли

وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُصَلِّي قَبْلَ الْعَصْرِ أَرْبَعَ رَكَعَاتٍ، يَفْصِلُ بَيْنَهُنَّ بِالتَّسْلِيمِ عَلَى الْمَلَائِكَةِ الْمُقَرَّبِينَ، وَمَنْ تَبِعَهُمْ مِنَ الْمُسْلِمِينَ وَالْمُؤْمِنِينَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әли (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) екінтіден бұрын төрт рәкат оқитын. Рәкаттардың арасын Аллаға жақын періштелерге және соларға ерген мұсылмандар мен мүміндерге сәлем берумен бөлетін».1

Түсіндірме

Тирмизи: «Хадистегі сәлеммен бөлу сөзінен Пайғамбардың (с.а.с.) ташаһһуды меңзегені түсініледі», – дейді. Исхақ ибн Ибраһим де осылай түсініп, бұл төрт рәкат сүннетті сәлеммен екіге бөлмеген. Алайда Тирмизидің тағы бір сөзінше, Ахмад пен Шафиғи түнгі де, күндізгі де нәпілді екі рәкаттан оқиды деп үкім берген. Олар әр екі рәкаттан кейін сәлем берген.

Сәлаф ғалымдары нәпілді екі-екіден оқыған абзал ма, әлде төрт рәкатты бір сәлеммен аяқтаған абзал ма деген мәселеде әртүрлі пікір айтқан:

• Ахмад ибн Ханбал бір риуаятта түнгі намазды екі-екіден оқуды абзал санап, күндіз төрт рәкатты бір сәлеммен оқудың әбестігі жоқ деген.

• Ханафилер күндіз төрт рәкаттан оқыған абзал деген. Олар Тирмизидегі мына хадиске сүйенген: «Түнгі намаз екі-екі рәкаттан оқылады. Таң атып кетеді деп қауіптенсең, бір рәкат оқып, намазыңды тақ етіп аяқта».

  1. 1Тирмизи, «Салат», 318 (№ 429).
2963
Кутуб ситтә, № 2963 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «مَا كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَأْتِينِي فِي يَوْمِي بَعْدَ الْعَصْرِ إِلَّا صَلَّى رَكْعَتَيْنِ»

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) менің кезегімде екінтіден кейін қасыма келген сайын екі рәкат оқитын».

2964
Кутуб ситтә, № 2964 · тараудағы реті: 5

وَفِي رِوَايَةٍ: «مَا تَرَكَ رَكْعَتَيْنِ بَعْدَ الْعَصْرِ عِنْدِي قَطُّ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) басқа риуаятта: «Ол екінтіден кейінгі екі рәкатты менің қасымда ешқашан қалдырмаған»1, – дейді.

Түсіндірме

Бұл риуаяттарға қатысты сәлаф ғалымдары әртүрлі пікір айтқан:

• Кейбір ғалымдар осы хадистерге сүйеніп, тыйым салынған мезгілге дейін екінтінің парызынан соң нәпіл намаз оқуды жалпы түрде рұқсат деп санаған. Бұл мәселеге қатысты мәзһабтардың пікірлері жоғарыда, № 2932 хадистің түсіндірмесінде берілді.

Мұны мәкрүһ деп санаған ғалымдар былай жауап береді: «Бұл хадис өтіп кеткен рәуатиб сүннеттерін мәкрүһ уақыт кірмей тұрып өтеуге дәлел болады. Расулалланың (с.а.с.) оны үзбей оқуы өзіне ғана тән еді. Бұған Әбу Дәуітте Зәкуан жеткізген әзірет Айшаның (р.а.) мына риуаяты дәлел: “Расулалла (с.а.с.) екінтінің парызынан кейін намаз оқитын, бірақ бізге тыйым салды. Ауыз ашпастан бірнеше күн қатарынан уисал оразасын ұстайтын, бірақ бізге уисал оразасын ұстауға тыйым салды”».

Келесі риуаятта Расулалланың (с.а.с.) екінтіден кейін екі рәкат оқуына түрткі болған тағы бір себеп айтылады.

  1. 1Бұхари, Мәуақит-Салат: 33, Хаж 75; Мүслим, Салат-Мусафирин: 296–298, (833–835); Әбу Дәуіт, Салат: 299, (1279, 1280); Нәсәи, Мәуақит: 36, (1, 280, 281).
2965
Кутуб ситтә, № 2965 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «إِنَّمَا صَلَّى النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ رَكْعَتَيْنِ بَعْدَ الْعَصْرِ لِأَنَّهُ اشْتَغَلَ بِقِسْمَةِ مَالٍ أَتَاهُ عَنِ الرَّكْعَتَيْنِ اللَّتَيْنِ بَعْدَ الظُّهْرِ فَصَلَّاهُمَا بَعْدَ الْعَصْرِ. ثُمَّ لَمْ يَعُدْ لَهُمَا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِدِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Расулалла (с.а.с.) екінті намазынан кейін екі рәкат оқыды. Өзіне келген мал-мүлікті үлестірумен айналысып, бесіннен кейін оқып жүрген екі рәкатын оқуға мұршасы болмаған еді. Сол екеуін екінтіден кейін оқыды. Содан соң бұл екі рәкатты қайталап оқымады».1

Түсіндірме

Бұл риуаят жоғарыда келтірілген әзірет Айшаның (р.а.) риуаятына қайшы көрінеді. Онда Алла елшісінің (с.а.с.) екінтіден кейін әзірет Айшаның үйіне келген сайын екі рәкат оқығаны айтылады. Ғалымдар бұл айырманы рауидің Алла елшісінің әзірет Айшаның үйінде оқыған намазынан хабарсыз болуымен түсіндірген. Сондықтан Ибн Аббастың (р.а.) «оқымады» деуі әзірет Айшаның (р.а.) куәлігін теріске шығармайды. Бір істің болғанына куәлік еткен адамның сөзі басым саналады.

Үммі Сәләманың (р.а.) риуаятында да Расулалланың (с.а.с.) бір жолы екінті намазынан кейін екі рәкат оқығаны айтылады. Бұл риуаятты да Ибн Аббастың риуаяты сияқты түсінуге болады. Расулалланың екінтіден кейін екі рәкатты тұрақты түрде әзірет Айшаның (р.а.) үйінде оқуы өзіне ғана тән ерекшелік еді. Ал қалған екі риуаятта айтылған екі рәкат – белгілі себептермен уақытында оқылмай қалған бесін сүннетінің қазасы. Бұхари келтірген бір риуаятта әзірет Айша (р.а.) Расулалланың (с.а.с.) бұл намазды үмбетіне ауыр тиер деп мешітте оқымағанын айтқан.2

  1. 1Тирмизи, «Салат», № 184.
  2. 2Ибраһим Жанан, «Күтүб-и Ситтә тәржімесі мен шархы», 9-том, 279–280-беттер.
2966
Кутуб ситтә, № 2966 · тараудағы реті: 7

وَعَنِ الْمُخْتَارِ بْنِ فُلْفُلٍ قَالَ: «سَأَلْتُ أَنَسًا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ عَنِ التَّطَوُّعِ بَعْدَ الْعَصْرِ. فَقَالَ: كَانَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَضْرِبُ الْأَيْدِيَ عَلَى صَلَاةٍ بَعْدَ الْعَصْرِ، وَكُنَّا نُصَلِّي عَلَى عَهْدِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ رَكْعَتَيْنِ بَعْدَ غُرُوبِ الشَّمْسِ قَبْلَ صَلَاةِ الْمَغْرِبِ، وَكَانَ يَرَانَا نُصَلِّيهِمَا فَلَمْ يَأْمُرْنَا وَلَمْ يَنْهَنَا». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Мұхтар ибн Фулфул былай дейді: «Әзірет Әнәстен (р.а.) екінтіден кейін нәпіл намаз оқу туралы сұрадым. Ол: “Әзірет Омар (р.а.) екінтіден кейін намаз оқығандардың қолынан таяқпен ұратын. Біз Расулалланың (с.а.с.) кезінде күн батқаннан кейін, ақшамның парызына дейін екі рәкат оқитын едік. Ол біздің оқып жатқанымызды көретін. Оқуды бұйырған да, тыйған да жоқ”, – деп жауап берді».1

Түсіндірме

Мүслимдегі толық нұсқада әзірет Әнәс (р.а.) сахабалардың ақшамның парызынан бұрын екі рәкат оқығанын айтқанда, Мұхтар: «Расулалла (с.а.с.) да оқитын ба еді?» – деп сұрайды. Әзірет Әнәс: «Ол біздің оқып жатқанымызды көретін. Оқуды бұйырған да, тыйған да жоқ», – деп жауап береді.

Нәуәуи бұл жөнінде жеткен риуаяттарды былай түсіндіреді: «Ғалымдар бұл мәселеде екі пікір ұстанған. Кең тараған пікір бойынша, күн батқан соң ақшам намазын кідірмей оқу керек. Бұл аралықта нәпіл оқу мұстахаб саналмайды. Екінші пікір бойынша, нәпіл оқу мұстахаб. Ахмад ибн Ханбал мен Исхақ ибн Раһуәйһ осы пікірді ұстанған. Имам Мәлик, фақиһтардың көпшілігі және сахабалардан Әбу Бәкір, Омар, Осман мен Әли (р.а.) мұны мұстахаб санамаған. Ибраһим Нахағи оны бидғат деген».

Нәуәуи осы және осыған ұқсас хадистерге сүйеніп, ақшамның парызынан бұрын нәпіл оқу мұстахаб деген. Бұл үкім кейін жойылған деген пікірді қабылдамаған.

  1. 1Мүслим, «Мусафирин», № 836.