وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «خَرَجَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مِنَ الْمَدِينَةِ إِلَى مَكَّةَ لَا يَخَافُ إِلَّا رَبَّ الْعَالَمِينَ، فَصَلَّى رَكْعَتَيْنِ رَكْعَتَيْنِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ وَالنَّسَائِيُّ.
Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинадан Меккеге қарай жолға шықты. Ол күллі әлемнің Раббысынан басқа ешкімнен қорыққан жоқ. Сапарда намаздарын екі рәкаттан оқыды».1
Түсіндірме
Хадис намазды тек қауіп төнгенде ғана қысқартуға болады деген пікірге жауап береді. Бұл пікірді ұстанғандар намазды қысқарту туралы аяттың сыртқы мағынасына сүйенген: ﴿وَإِذَا ضَرَبْتُمْ فِي الْأَرْضِ فَلَيْسَ عَلَيْكُمْ جُنَاحٌ أَنْ تَقْصُرُوا مِنَ الصَّلَاةِ إِنْ خِفْتُمْ أَنْ يَفْتِنَكُمُ الَّذِينَ كَفَرُوا﴾ «Сапарға шыққанда күпірлік қылғандардың қастық істеуінен қорықсаңдар, намазды қысқартып оқығандарың үшін күнә арқаламайсыңдар»2. Алайда ғалымдардың көпшілігі қауіп төнуін шарт санамаған. Сондықтан сапарға шыққанда, қауіп болмаса да, намаз қысқартылады. Омар бұл туралы сұрағанда, Алла елшісі (с.а.с.): «Бұл – Алланың сендерге берген садақасы», – деп жауап берді: صَدَقَةٌ تَصَدَّقَ اللَّهُ بِهَا عَلَيْكُمْ.3 Сахабалар аятты сапарда қауіп төнбесе де намазды қысқартып оқуға болады деп түсінген.
Бір риуаятта Әбу Ханзала былай дейді: «Ибн Омардан сапарда намазды қалай оқу керегін сұрадым. Ол: “Екі рәкат оқылады”, – деді. Мен: “Алла тағала ‘…қорықсаңдар’ деген ғой. Бізге төніп тұрған қауіп жоқ”, – дедім. Ол: “Алла елшісінің (с.а.с.) сүннеті осындай”, – деп жауап берді».