Хадис

Жолаушы намазы

Кутуб ситтә, 7-том, 394-тарау · 14 хадис · № 2896–2909

Хадистер

Шариғат тілінде жолаушы «мүсәпір», ал жолаушылық «сапар» деп аталады. Дін жеңілдікті негіз еткендіктен, шариғат сапардағы адамның ғибадатына қатысты бірқатар жеңілдіктер мен арнайы үкімдер белгілеген. Жолаушыға қатысты үкімдердің бәрін баяндау – өз алдына бөлек тақырып. Мұнда негізінен намазға қатысты үкімдер сөз болады.

Жолаушы деп кімді атайды? Тілде қандай қашықтыққа жолға шықса да, сапардағы адам жолаушы аталады. Шариғатта жолаушы саналу үшін кісі кемінде белгілі бір қашықтыққа жолға шығуы керек.

• Имам Ағзамның өлшемі бойынша, бұл – орта жүріспен үш күндік, яғни он сегіз сағаттық жол. Ол мұны Бұхари мен Мүслимнің жинақтарындағы «Әйел жанында махрамы болмаса, үш күннен артық жолға шықпайды» деген хадистен алған.

• Кейбір заһирилер үш миль жол жүрген кісі де намазын қысқартып оқиды деген. Олар үкімді мына аяттың сыртқы мағынасынан шығарған. ﴿وَإِذَا ضَرَبْتُمْ فِي الْأَرْضِ فَلَيْسَ عَلَيْكُمْ جُنَاحٌ أَنْ تَقْصُرُوا مِنَ الصَّلَاةِ إِنْ خِفْتُمْ أَنْ يَفْتِنَكُمُ الَّذِينَ كَفَرُوا﴾ «Сапарға шыққанда күпірлік қылғандардың қастық істеуінен қорықсаңдар, намазды қысқартып оқығандарың үшін күнә арқаламайсыңдар.»1 Мүслим мен Әбу Дәуіттің риуаятында: «Алла елшісі (с.а.с.) үш миль не үш фарсах жол жүргенде, намазын қысқартып оқитын», – делінген.

• Мәлик, Шафиғи және Ахмад ибн Ханбалдың пікірінше, төрт бәридтік жолға шыққан кісі жолаушы саналады әрі намазын қысқартып оқи алады. Олар № 2898 хадиске сүйенген.

Бүгінде сапардың өлшемін анықтауда пікір әртүрлі. Баратын жердің арақашықтығын негізге аламыз ба, әлде оған жетуге кеткен уақытты ма? Алғашқы өлшемді алсақ, ерте буын ғалымдары белгілеген қашықтықты бүгін де қолдана аламыз. Жолға кеткен уақытты негізге алу күрделірек. Қазіргі көлік түрлерінің жылдамдығы әртүрлі және бұрынғыдан әлдеқайда жоғары. Үш күнге созылатын сапар бүгінде сирек. Мысалы, Түркияның ішінде кәдімгі автокөлікпен жету үш күннен артық уақыт алмайды. Құрлықаралық ұзақ сапарлар көбіне ұшақпен жасалатындықтан, олардың өзі үш күннен сирек асады. Осыған орай сапар өлшемін белгілеудің үш жолы қарастырылған.

1) Алғашқы буын ғалымдары белгілеген қашықтықты негізге алу.

2) Әр жолаушы мінген көлікпен үш күнде жүріп өтетін қашықтықты негізге алу.

3) Жұрт жиі пайдаланатын көліктің үш күнде жүріп өтетін қашықтығын негізге алу. Елмалылы Хамди осы соңғы пікірді ұстанған. Оның айтуынша, үш күндік жолдың шариғатта сапар саналатынына ғалымдар келіскен. Әр күннің өлшеміне орта жүріспен алты сағаттық жол алынған. Одан аз қашықтықтың сапар аталуы кесімді емес. Құрлықпен не теңізбен көлікке мініп жүргендер үшін жұрт жиі пайдаланатын көліктің қалыпты жүрісі өлшем болады. Өте жылдам немесе өте баяу арнаулы көліктің жүрісі есепке алынбайды. Үкім жеке жағдайға емес, жалпы санатқа қарай беріледі. Сондықтан ертеректе құрлықта жаяу кісі не керуен жүрісі, теңізде орташа желмен жүзіп келе жатқан кеме жүрісі өлшемге алынған. Елмалылы құрлықта пойыздың, теңізде кеменің он сегіз сағатта жүріп өтетін қашықтығын негізге алу керек деп түйген.

Сапар қашықтығын қайта есептеу бүгінгі ислам фақиһтары талқылап жүрген мәселелердің бірі. Жаңа көлік түрлері шыққалы бері, бұрын үш күн, үш түнде әрең жететін жерге қазір бір-екі сағатта жетуге болады.

Бүгінде кең тараған өлшем – шамамен 90 шақырым. Ол алғашқы буын белгілеген үш күндік жаяу жолға негізделген. Осы мөлшердегі қашықтыққа шыққан кісі қандай көлікке мінсе де, жолаушы саналады. Көне өлшеммен бұл шамамен 16–18 фарсах. Шафиғи, Мәлик және Ахмад қашықтықты фарсахпен өлшеуді қабылдаған. Мәлик пен Ахмадтың пікірінше, сапар мөлшері – 16 фарсах, яғни 48 миль. Бір миль – алты мың шынтақ. Имам Шафиғидің кейінгі пікірінде де 48 миль, алғашқы пікірінде бір күн, бір түндік жол делінген. Бәдиүззаман мәселеге басқа қырынан қараған. Қазіргі көлік жылдам әрі жайлы болғандықтан, сапарда қиындық қалмады, жеңілдіктің де қажеті жоқ дейтіндерге оның мына сөзі жауап болады: «Үкімнің хикметі бір бөлек, иллаты бір бөлек. Хикмет пен пайда бір шешімді таңдауға себеп болады. Үкімнің күшіне енуі оның иллатына байланысты. Мысалы, сапарда төрт рәкат намаз қысқартылып, екі рәкат оқылады. Бұл жеңілдіктің иллаты – сапар, ал хикметі – жол машақаты. Сапар болса, ешбір машақат болмаса да намаз қысқартылады, өйткені иллаты бар. Ал сапар болмаса, жүз машақат кездессе де, ол намазды қысқартудың иллаты бола алмайды». Осылайша Бәдиүззаман шариғи сапар шарты орындалса, жолдың жайлылығына қарамастан сапар үкімдері қолданылатынын айтқан.2

Сапарға қатысты кейбір мәліметтер

Бір жерге теңізбен де, құрлықпен де баруға болса, жолаушының өзі таңдаған жолы есепке алынады. Мысалы, діттеген жеріне теңіз жолымен он сағатта, құрлық жолымен он сегіз сағатта жетсе, құрлықпен барған кісі жолаушы саналады, ал теңізбен барған кісі жолаушы саналмайды.

• Құрлық жолында көлік түрінен бұрын қашықтық есепке алынады. Кемінде он сегіз фарсах, шамамен тоқсан шақырымнан асатын қашықтыққа жолға шыққан кісі қандай көлікке мінсе де жолаушы саналады.

• Сапар кісі өз елді мекенінің бет алған бағытындағы шеткі үйлерінен өткенде басталады. Қала сыртындағы бау-бақша мен қарауылдың, бағбанның күркелері қалаға кірмейді. Жолаушы саналу үшін солардан өту талап етілмейді.

• Кісі өз мекеніне қайтып келгенде жолаушы үкімі тоқтайды. Ал діттеген жеріне жеткенде онда он бес күннен аз қалуға ниет етсе, жолаушы үкімінде қалады. Кемінде он бес күн тұруға ниет етсе, жеткен бойда жолаушы үкімі тоқтайды. Он бес күн тұруға ниет етпей, «бүгін-ертең қайтамын» деп жүріп ұзақ бөгелсе де, жолаушы санала береді.

• Қолбасшысына бағынған сарбаз, күйеуіне ерген әйел немесе қожайынына бағынған құл секілді біреуге ерген кісі қанша уақыт қалатыны белгіленгенше жолаушы саналады.

Сапардың үкімі

• Жолаушы төрт рәкат парыз намазды екі рәкат етіп оқиды, нәпіл намаздарды қалдыруына болады. Шафиғи мәзһабында екі не төрт рәкат оқуды өзі таңдайды.

• Рамазан оразасын кейінге қалдырып, қазасын өтеуіне болады.

• Аяққа киілген мәсіге мәсіх тарту мерзімі жолаушы үшін үш күн, үш түнге созылады.

• Жолаушыға жұма намазы парыз емес.

• Сапарға қатысты өзге үкімдер илмихал кітаптарында кеңірек баяндалады.

Намазды қысқартып оқу

«Қаср», «тақсир», «иқсар» деген үш сөз сапарда төрт рәкат намазды екі рәкат етіп оқуды білдіреді. Үшеуі де қолданылады, бірақ «қаср» жиірек айтылады. Ғұламалар екі не үш рәкат намазды қысқартуға болмайтынына бірауыздан келіскен. Нәуәуи: «Мүбаһ сапардың бәрінде де намазды қысқартуға рұқсат етіле бермейтініне ғалымдардың көпшілігі келіскен», – дейді. Сәлаф ғалымдарының бір тобы сапарда қауіп төнуін, екіншісі қажылық, ұмра немесе жиһад үшін сапарға шығуды, енді бірі сапардың Аллаға бойсұну мақсатында жасалуын шарт еткен. Әбу Ханифа мен Сәури сапардың мақсаты құлшылық болсын, күнә болсын, үкімі бірдей, барлығында да намаз қысқартылып оқылады деген.

2896
Кутуб ситтә, № 2896 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әнәс

عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «صَلَّيْنَا الظُّهْرَ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِالْمَدِينَةِ أَرْبَعًا. وَخَرَجَ يُرِيدُ مَكَّةَ فَصَلَّى بِذِي الْحُلَيْفَةِ الْعَصْرَ رَكْعَتَيْنِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Мәдинада Алла елшісімен (с.а.с.) бірге бесінді төрт рәкат оқыдық. Ол Меккеге жолға шығып, Зұлхуләйфаға жеткенде екінтіні екі рәкат оқыды».1

Түсіндірме

1. Бұхари бұл хадисті бірнеше тарауда келтіреді. «Намазды қысқарту» кітабында осы хадис алғаш келтірілген тарау «Сапарға шыққан кісі елді мекеннен шығысымен намазын қысқартады» деп аталады. Бұл жерде Алла елшісінің (с.а.с.) Меккеге бет алып, Мәдинадан шыққан соң Зұлхуләйфаға жеткені айтылады. Бесінді Мәдинада, екінтіні Зұлхуләйфада оқығанына қарағанда, екі жердің арасы алыс болмаған. Зұлхуләйфа Мәдинадан алты миль жерде орналасқан.

Ибн әл-Мунзир: «Сапарға шыққан адамның елді мекеннің шеткі үйлерінен өте салысымен намазын қысқартып оқитынына ғұламалар бірауыздан келіскен», – дейді.

Шеткі үйлерден өтпей тұрып намазды қысқартуға бола ма деген мәселеде пікір алшақтығы бар. Ғалымдардың көпшілігі жолаушы елді мекендегі соңғы үйлерден өтуі керек деген. Куфа ғалымдарының бір тобы: «Сапарға ниет еткен кісі үйінде болса да, намазын екі рәкат етіп оқиды», – десе, екінші бір тобы: «Көлігіне мінген соң, қаласа, намазын қысқартады», – деген.

Ибн Хажар: «Алла елшісінің (с.а.с.) сапарға ниеттеніп, Мәдинадан әлі шықпай тұрып намазын қысқартып оқығанына мысал білмеймін», – дейді.

2. Кейбір ғалымдар осы хадиске сүйеніп, жақын жерге шыққан адамның да намазын қысқартып оқуына болады деген. Бұл пікірге мынадай уәж айтылған: «Пайғамбар (с.а.с.) Зұлхуләйфаға баруды көздегендіктен намазын қысқартқан жоқ. Ол Меккеге бет алған еді. Зұлхуләйфа – жолдағы алғашқы аялдама. Сол жерге дейін келесі намаздың уақыты кірмеген. Намаздың уақыты кіргенде Алла елшісі (с.а.с.) сол алғашқы аялдамаға тоқтап, намазын қысқартып оқыды».

3. Бұл хадис Мужаһидтің «Жолаушы түн түспейінше намазын қысқартпайды» деген пікіріне де қарсы дәлел.

  1. 1Бұхари, «Тақсир әс-салат», 5, «Хаж», 24, 25, 27, 117, 119, «Жиһад», 104, 126. Мүслим, «Салат әл-мусафирин», 11 (№ 690). Әбу Дәуіт, «Салат», 271 (№ 1202). Тирмизи, «Салат», 391 (№ 546). Нәсәи, «Салат», 17 (1/237).
2897
Кутуб ситтә, № 2897 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «وَقَدْ سُئِلَ عَنْ قَصْرِ الصَّلَاةِ. فَقَالَ: كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا خَرَجَ مَسِيرَةَ ثَلَاثَةِ أَمْيَالٍ أَوْ ثَلَاثَةِ فَرَاسِخَ (شَكَّ شُعْبَةُ) صَلَّى رَكْعَتَيْنِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әнәстен (р.а.) намазды қысқарту туралы сұрағанда, ол: «Алла елшісі (с.а.с.) үш миль немесе үш фарсах жер жүргенде намазын екі рәкат оқитын»1, – деп жауап берді. Риуаятты жеткізуші Шуғба осы екі өлшемнің қайсысы айтылғанына күмәнданған.

  1. 1Мүслим, «Салат әл-мусафирин», 12 (№ 691). Әбу Дәуіт, «Салат», 271 (№ 1201).
2898
Кутуб ситтә, № 2898 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ مَالِكٍ: «أَنَّهُ بَلَغَهُ أَنَّ ابْنَ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا كَانَ يَقْصُرُ الصَّلَاةَ فِي مِثْلَ مَا بَيْنَ مَكَّةَ وَالطَّائِفِ، وَفِي مِثْلِ مَا بَيْنَ مَكَّةَ وَعُسْفَانَ، وَفِي مِثْلِ مَا بَيْنَ مَكَّةَ وَجِدَّةَ. قَالَ مَالِكٌ: وَذَلِكَ أَرْبَعَةُ بُرُدٍ». «الْبُرُدُ» جَمْعُ بَرِيدٍ، وَالْبَرِيدُ اثْنَا عَشَرَ مِيلًا، وَقِيلَ سِتَّةَ أَمْيَالٍ.

Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен риуаят бойынша, Ибн Аббас (р.а.) Мекке мен Тайфтың, Мекке мен Усфанның және Мекке мен Жидданың арасындай қашықтықта намазын қысқартып оқитын. Мәлик: «Бұл қашықтық – төрт бәрид», – дейді. «Буруд» – «бәрид» сөзінің көпше түрі. Бір бәрид он екі мильге тең. Оны алты миль деген пікір де бар.1

Түсіндірме

1. Бұл – Имам Мәликтің «бәләғат» деп аталатын, жеткізушілер тізбегі түсірілген мұғаллақ хадистерінің бірі.

Әбул-Уәлид әл-Бажи: «Мәлик сахабалардың іс-әрекетін баяндайтын мұндай риуаяттарды көп жеткізген. Өйткені оның пайымынша, бұл риуаяттарда баяндалған істер Пайғамбарымыздың (с.а.с.) іс-әрекетінен алшақ емес», – дейді.

Ибн Хажар Дарақутнидің Ибн Аббастан жеткізген мәрфуғ риуаятының мәтінін былай келтіреді: «Уа, Мекке тұрғындары! Төрт бәридтен, яғни Мекке мен Усфанның арасынан қысқа сапарда намаздарыңды қысқартпаңдар!»

2. «Буруд» – «бәрид» сөзінің көпше түрі. Бәрид – қашықтық өлшемі. Бір бәрид төрт фарсахқа немесе он екі мильге тең делінген.2 Зурқани Ибн Аббастан намазды қысқартуға негіз болатын қашықтық туралы мына риуаяттарды да келтіреді: «Намаз бір күндік жолда ғана қысқартылады. Одан қысқа жолда қысқартылмайды». «Намаз бір күн, бір түн жүретін жолда қысқартылады…»

Зурқани бұл риуаяттарды: «Төрт бәрид жолды бір күнде жүріп өтуге болады», – деп ұштастырады.

Демек, Ибн Аббастың пікірінше, намазды қысқартуға негіз болатын қашықтық – он алты фарсах немесе қырық сегіз миль. Осындай алыс жерге бет алған адам елді мекеннің шеткі үйлерінен асқан бойда жолаушы саналады да, намазын қысқартып оқи алады.

Зурқани Имам Шафиғи, Ахмад ибн Ханбал және бір топ ғалым осы пікірді ұстанғанын айтады. Содан соң Ибн әл-Қасымның мына сөзін келтіреді: «Имам Мәлик “Намазды қысқартуға негіз болатын қашықтық – бір күн, бір түн жүретін жол” деген бұрынғы пікірінен қайтқан».

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Қаср әс-салат», 15 (1/148).
  2. 2Бір миль – төрт мың аршын. Бір аршынның ұзындығы 50–70 см деп алынса, он екі мильге тең бір бәрид 48 000 аршынға, яғни 24–33,6 шақырымға сәйкес келеді.
2899
Кутуб ситтә, № 2899 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «خَرَجَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مِنَ الْمَدِينَةِ إِلَى مَكَّةَ لَا يَخَافُ إِلَّا رَبَّ الْعَالَمِينَ، فَصَلَّى رَكْعَتَيْنِ رَكْعَتَيْنِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинадан Меккеге қарай жолға шықты. Ол күллі әлемнің Раббысынан басқа ешкімнен қорыққан жоқ. Сапарда намаздарын екі рәкаттан оқыды».1

Түсіндірме

Хадис намазды тек қауіп төнгенде ғана қысқартуға болады деген пікірге жауап береді. Бұл пікірді ұстанғандар намазды қысқарту туралы аяттың сыртқы мағынасына сүйенген: ﴿وَإِذَا ضَرَبْتُمْ فِي الْأَرْضِ فَلَيْسَ عَلَيْكُمْ جُنَاحٌ أَنْ تَقْصُرُوا مِنَ الصَّلَاةِ إِنْ خِفْتُمْ أَنْ يَفْتِنَكُمُ الَّذِينَ كَفَرُوا﴾ «Сапарға шыққанда күпірлік қылғандардың қастық істеуінен қорықсаңдар, намазды қысқартып оқығандарың үшін күнә арқаламайсыңдар»2. Алайда ғалымдардың көпшілігі қауіп төнуін шарт санамаған. Сондықтан сапарға шыққанда, қауіп болмаса да, намаз қысқартылады. Омар бұл туралы сұрағанда, Алла елшісі (с.а.с.): «Бұл – Алланың сендерге берген садақасы», – деп жауап берді: صَدَقَةٌ تَصَدَّقَ اللَّهُ بِهَا عَلَيْكُمْ.3 Сахабалар аятты сапарда қауіп төнбесе де намазды қысқартып оқуға болады деп түсінген.

Бір риуаятта Әбу Ханзала былай дейді: «Ибн Омардан сапарда намазды қалай оқу керегін сұрадым. Ол: “Екі рәкат оқылады”, – деді. Мен: “Алла тағала ‘…қорықсаңдар’ деген ғой. Бізге төніп тұрған қауіп жоқ”, – дедім. Ол: “Алла елшісінің (с.а.с.) сүннеті осындай”, – деп жауап берді».

  1. 1Тирмизи, «Салат», 391 (№ 547). Нәсәи, «Тақсир әс-салат», 1 (3/117).
  2. 2«Ниса» сүресі, 101-аят.
  3. 3Мүслим, «Салат әл-мусафирин» (№ 686а).
2900
Кутуб ситтә, № 2900 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «خَرَجْنَا مَعَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مِنَ الْمَدِينَةِ إِلَى مَكَّةَ. فَكَانَ يُصَلِّي رَكْعَتَيْنِ رَكْعَتَيْنِ، حَتَّى رَجَعْنَا إِلَى الْمَدِينَةِ. قِيلَ لَهُ: أَقَمْتُمْ بِمَكَّةَ شَيْئًا؟ قَالَ: أَقَمْنَا بِهَا عَشْرًا». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге Мәдинадан Меккеге бет алдық. Ол Мәдинаға қайтып келгенімізге дейін намаздарын екі рәкаттан оқыды». Әнәстен: «Меккеде қанша уақыт болдыңдар?» – деп сұрағанда, ол: «Он күн болдық», – деді.1

  1. 1Бұхари, Тақсир: 1, Мағази: 52; Мүслим, Салат әл-Мусафирин: 15, (693); Әбу Дәуіт, Салат: 279, (1233); Тирмизи, Салат: 392, (548); Нәсәи, Таксир әс-Салат: 4, (3, 121).
2901
Кутуб ситтә, № 2901 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «أَقَامَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ تِسْعَ عَشْرَةَ يَقْصُرُ الصَّلَاةَ. وَكُنَّا إِذَا سَافَرْنَا فَأَقَمْنَا تِسْعَ عَشْرَةَ قَصَرْنَا وَإِنْ زِدْنَا أَتْمَمْنَا». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا مُسْلِمًا. وَفِي أُخْرَى لِأَبِي دَاوُدَ: «سَبْعَ عَشَرَةَ». وَفِي أُخْرَى لِلنَّسَائِيِّ: «أَقَامَ بِمَكَّةَ عَامَ الْفَتْحِ خَمْسَ عَشْرَةَ يَقْصُرُ الصَّلَاةَ».

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Меккеде он тоғыз күн қалып, намаздарын қысқартып оқыды. Біз де сапарға шығып, барған жерімізде он тоғыз күн тұрсақ, намаздарымызды қысқартатынбыз. Одан ұзақ қалсақ, төрт рәкат етіп толық оқитынбыз».1

Әбу Дәуіттің басқа риуаятында «он жеті күн» делінген. Ал Нәсәидің бір риуаятында: «Алла елшісі (с.а.с.) Мекке алынған жылы сонда он бес күн болып, сол күндері намазын қысқартып оқыды», – делінген.

  1. 1Бұхари, «Тақсир», 1, «Мағази», 52. Әбу Дәуіт, «Салат», 279 (№ 1230–1232). Тирмизи, «Салат», 392 (№ 549). Нәсәи, «Тақсир әс-салат», 4 (3/121).
2902
Кутуб ситтә, № 2902 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Имран ибн Хусайн

وَعَنْ عِمْرَانَ بْنِ حُصَيْنٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «شَهِدْتُ عَامَ الْفَتْحِ مَعَ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِمَكَّةَ، فَأَقَامَ بِمَكَّةَ ثَمَانِيَ عَشَرَةَ لَيْلَةً لَا يُصَلِّي إِلَّا رَكْعَتَيْنِ وَيَقُولُ: يَا أَهْلَ الْبَلَدِ صَلُّوا أَرْبَعًا فَإِنَّا سَفْرٌ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. «السَّفْرُ» الْقَوْمُ الْمُسَافِرُونَ.

Қазақша аудармасы

Имран ибн Хусайн (р.а.) былай дейді: «Мекке алынған жылы Алла елшісімен (с.а.с.) бірге Меккеде болдым. Ол сонда он сегіз түн қалып, намазды екі рәкаттан ғана оқыды. “Уа, қала тұрғындары! Намазды төрт рәкат етіп оқыңдар. Біз жолаушымыз”, – дейтін»1. «Сәфр» – жолаушылар тобы.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 270, (1229).
2903
Кутуб ситтә, № 2903 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَقَامَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِتَبُوكَ عِشْرِينَ يَوْمًا يَقْصُرُ الصَّلَاةَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Тәбукке жиырма күн аялдап, намаздарын қысқартып оқыды».1

Түсіндірме

1. Соңғы төрт хадисте Алла елшісінің (с.а.с.) әр сапарда барған жерінде қанша уақыт болғаны айтылады:

• Әнәстің хадисі (№ 2900) қоштасу қажылығына қатысты. Алла елшісі (с.а.с.) сол жолы Меккеде он күн болды.

• Ибн Аббастың хадисі (№ 2901) Меккенің алынуына қатысты. Алла елшісі (с.а.с.) сол жолы Меккеде он тоғыз күн болды.

• Имран ибн Хусайнның хадисі де (№ 2902) Меккенің алынуына қатысты. Бұл риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) сонда он сегіз күн болғаны айтылады.

• Жәбирдің хадисі (№ 2903) Тәбук жорығына қатысты. Алла елшісі (с.а.с.) Тәбукке жиырма күн аялдады.

2. Ибн Аббастың риуаятының осы нұсқасында Алла елшісінің (с.а.с.) Меккені алған кезде сонда он тоғыз күн, басқа бір нұсқасында он бес күн болғаны айтылады. Имранның хадисінде он сегіз күн делінген. Бәйһақи риуаяттардың арасын былай ұштастырған: «Он тоғыз күн деген жеткізуші Меккеге кірген және одан шыққан күндерді қоса санаған. Он жеті күн деген жеткізуші ол екі күнді есепке алмаған». Нәуәуи он бес күн туралы риуаятты әлсіз деп санаған. Риуаят сахих деп қабылданса да, жеткізуші Меккеде он жеті күн болды деп есептеп, кірген және шыққан күндерді қосқан деген жорамал айтылады. Осылайша, барлық нұсқаны қамтитын он тоғыз күн туралы риуаятты басым санауға болады.

3. Куфа ғалымдары мен Сәури ең аз мерзім көрсетілген он бес күндік риуаятты негізге алған. Олардың пайымынша, бұдан артық күндер кездейсоқ қосылған.

4. Имам Шафиғи Имран ибн Хусайнның хадисіне сүйенген. Оның пайымынша, хадис барған жерінде қанша уақыт қалатынын білмейтін жолаушыға қатысты. Егер адам келген және кететін күндерді есептемегенде, сол жерде толық төрт күн қалуды көздесе, намазын толық оқиды. Мәликилер де төрт күн қалуды ниет еткен адам намазын толық оқиды деген.

5. Ханбалилердің пікірінше, бір жерде тұрақтауды немесе жиырмадан астам парыз намаздың уақыты өтетіндей мерзімге қалуды ниет еткен кісі тұрғылықты адам саналады. Ол намазын қысқартпайды.

6. Жәбирдің хадисінде Алла елшісі (с.а.с.) мен сахабалардың Тәбукке жиырма күн аялдап, намаздарын қысқартып оқығаны айтылады. Өйткені олардың Тәбукке қанша уақыт аялдайтыны және қашан қайтатыны алдын ала белгіленбеген еді. Мұндайда сапар ұзаққа созылса да, адам жолаушы үкімінде қалады.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 280, (1235).
2904
Кутуб ситтә, № 2904 · тараудағы реті: 9

وَعَنْ حَارِثَةَ بْنَ وَهْبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «صَلَّى بِنَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَنَحْنُ أَكْثَرُ مَا كُنَّا قَطُّ وَآمَنُهُ بِمِنَى رَكْعَتَيْنِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Хариса ибн Уәһб (р.а.) былай дейді: «Бұрын-соңды мұншалық көп әрі қауіпсіз болмаған едік. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) Минада бізге намазды екі рәкат етіп оқытты».1

Түсіндірме

Бұл хадис намазды тек қауіп төнгенде ғана қысқартып оқиды деген пікірге қарсы дәлел. Алла елшісі (с.а.с.) қажылықта, Минада еш қауіп болмаса да, намазды екі рәкат етіп оқытқан. Демек, намазды қысқартудың негізгі себебі – сапар. Қауіп-қатер мен қиындық кезінде оны қысқартудың пайдасы анық байқалады. Алайда қысқартудың негізі барда, бұл пайданың байқалу-байқалмауына қарамастан намаз қысқартылады. Сапарда болмаған адамға қауіп төніп, қиындық туса да, намазын толық оқиды.

  1. 1Бұхари, Тақсир: 2, Хажж: 84; Мүслим, Салат әл-Мусафирин: 21, (696); Әбу Дәуіт, Хаж: 77, (1965); Тирмизи, Хаж: 52, (882); Нәсәи, Тақсиру-әс-Салат: 3, (3, 119, 120).
2905
Кутуб ситтә, № 2905 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «صَلَّى بِنَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِمِنَى رَكْعَتَيْنِ، وَأَبُو بَكْرٍ بَعْدَهُ، وَعُمَرُ بَعْدَ أَبِي بَكْرٍ، وَعُثْمَانُ صَدْرًا مِنْ خِلَافَتِهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ، ثُمَّ إِنَّ عُثْمَانَ صَلَّى بَعْدُ أَرْبَعًا، فَكَانَ ابْنُ عُمَرَ إِذَا صَلَّى مَعَ الْإِمَامِ صَلَّى أَرْبَعًا. وَإِذَا صَلَّى وَحْدَهُ صَلَّى رَكْعَتَيْنِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخانِ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Минада бізге намазды екі рәкат етіп оқытты. Одан кейін Әбу Бәкір де, Әбу Бәкірден кейін Омар да, халифалығының бас кезінде Осман да намазды екі рәкат етіп оқытты. Кейін Осман төрт рәкат оқытатын болды».

Ибн Омар имамға ұйығанда төрт рәкат, жалғыз оқығанда екі рәкат оқитын.1

Түсіндірме

Минада аялдап, жамаратқа тас лақтыратын күндері намаз қанша рәкат оқылады?

Бұл мәселеде сәлаф ғалымдарының пікірі әртүрлі. Жолаушының намазды екі рәкат етіп оқитыны белгілі. Ал Минада тұрғылықты адам неше рәкат оқиды? Екі рәкат оқу жолаушылыққа байланысты болса, ол төрт рәкат оқиды. Қажылық рәсіміне байланысты болса, екі рәкат оқиды. Демек, ғалымдар Минада намаздың қысқартылуы қажылықтың талабынан ба, әлде жолаушылықтан ба деген мәселеде түрлі пікір ұстанған.

Имам Мәликтің пікірінше, Мекке тұрғындары Меккеде намаздарын толық, Минада қысқартып оқиды. Мина тұрғындары Минада толық, Мекке мен Арафатта екі рәкат етіп оқиды. Мекке мен Минаның арасы бір фарсах қана, бұл қашықтық жолаушы саналуға жетпейді. Бұл көзқарас бойынша Минада намазды екі рәкат етіп оқу – қажылыққа тән амал. Расында, Пайғамбар (с.а.с.) қоштасу қажылығында Минада намазды екі рәкат етіп оқытқанда, өзіне ұйыған жамағатты жолаушы және тұрғылықты тұрғын деп бөлмеген. Мекке тұрғындарына да: «Біз жолаушы болғандықтан, намазды екі рәкат етіп оқимыз. Сендер тұрғылықты болғандықтан, төрт рәкатқа толықтырып оқыңдар», – деп ескерткен жоқ. Қажылық рәсімдерінің бәрін үйреткен Пайғамбар (с.а.с.) қажет болса, бұл үкімді де түсіндірер еді. Мұндай ескерту жасамағанына қарап, Минада намазды қысқарту қажылық рәсіміне байланысты деп ұғынылған. Әбу Бәкір мен Омар (р.а.) осы сүннетті жалғастырған. Осман мен Ибн Омардың (р.а.) амалынан Мекке мен Мина тұрғындарына және Меккеде жолаушы үкімінен шығатындай мерзімге қалуға ниет еткен алыстан келген қажыларға Минада намазды қысқартып та, толық та оқуға болады деген пікір айтылған. Османның (р.а.) халифалығының алғашқы алты-сегіз жылында намазды қысқартып, кейін толық оқуы екі себеппен түсіндірілген.

1) Намазды қысқартып та, толық та оқуға болады. Қиындығы көбірек ғибадат абзал саналғандықтан, Осман кейін төрт рәкат оқуды таңдаған. Төрт рәкат оқудың машақаты көбірек екені анық.

2) Ол қажылықтан кейін Меккеде біраз уақыт қалуды көздеген немесе Тайфтан мүлік алып, сонда тұруға ниеттенген. Сол себепті өзін тұрғылықты адам санаған. Алайда Пайғамбардың (с.а.с.) сүннеті намазды қысқартып оқу болғандықтан, кей сахабалар Османның (р.а.) бұл амалына қарсылық білдірген. Ғалымдардың көпшілігі, соның ішінде Ата, Зуһри, Суфиян Сәури, Куфа ғұламалары, Әбу Ханифа мен шәкірттері, Имам Шафиғи, Ахмад ибн Ханбал және Әбу Сәур Мекке мен Мина және Арафат арасы намазды қысқартуға қажетті қашықтыққа жетпейтінін ескеріп, Мекке тұрғындары намаздарын қысқартпайды деген. Олардың пікірінше, бұл мекендердің үкімі өзге жерлердің үкімінен бөлек емес.

Жоғарыда айтылғандай, Османның (р.а.) намазды кейін төрт рәкат етіп оқуына және осыған қатысты өзге мәселелерге ғалымдар әртүрлі пікір айтқан. Мұнда олардың егжей-тегжейіне тоқталмаймыз.

  1. 1Бұхари, Тақсиру әс-Салат: 2, Хаж: 84; Мүслим, Салат әл-Мусафирин: 17, (694); Нәсәи, Тақсиру әс-Салат: 3, (3, 121).
2906
Кутуб ситтә, № 2906 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Осман

وَعَنْ عُثْمَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّهُ لَمَّا اتَّخَذَ الْأَمْوَالَ بِالطَّائِفِ وَأَرَادَ أَنْ يُقِيمَ بِهَا صَلَّى بِمِنًى أَرْبَعًا، ثُمَّ أَخَذَ بِهِ الْأَئِمَّةُ بَعْدَهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Осман (р.а.) Тайфтан мүлік алып, сонда қоныстануға ниет еткенде, Минада намазды төрт рәкат етіп оқыған. Кейінгі имамдар да осы амалды ұстанған.1

Түсіндірме

Османның кейін Минада намаздарын толық оқи бастауына осы жағдай себеп болған делінеді. Ол Тайфқа қоныстануды ұйғарғанда, өзін Тайф пен оның маңында тұрғылықты адам санаған болуы керек. Келесі риуаяттан көрінгендей, Зуһри де осы пікірде болған. Ибн Аббас та: «Жолаушы үйіне немесе тайпасына оралғанда намазын толық оқиды», – деген.

Ахмад ибн Ханбал осы пікірді ұстанған. Алайда риуаяттың жеткізушілер тізбегі үзілгендіктен, көптеген фақиһ оны амалға негіз етіп алмаған.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Мәнасиқ», 76 (№ 1963).
2907
Кутуб ситтә, № 2907 · тараудағы реті: 12

وَفِي رِوَايَةٍ: «إِنَّمَا صَلَّى أَرْبَعًا لِأَجْلِ الْأَعْرَابِ لِأَنَّهُمْ كَثُرُوا عَامَئِذٍ فَصَلَّى بِالنَّاسِ أَرْبَعًا لِيُعَلِّمَهُمْ أَنَّ الصَّلَاةَ أرْبَعٌ». وَفِي أُخْرَى: «أَنَّهُ أَجْمَعَ عَلَى الْإِقَامَةِ بَعْدَ الْحَجِّ».

Қазақша аудармасы

Бір риуаятта: «Осман намазды бәдәуилер үшін төрт рәкат етіп оқытты. Сол жылы бәдәуилер көп келген еді. Намаздың төрт рәкаттан тұратынын үйрету үшін ол жамағатқа төрт рәкат оқытты»1, – делінген.

Басқа бір риуаятта оның қажылықтан кейін сол жерде қалуға нық ниет еткені айтылады. «Ижмағ» мұнда бір істі берік ниет етіп, нық шешу деген мағынада.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Мәнасиқ», 76 (№ 1964 және № 1961).
2908
Кутуб ситтә, № 2908 · тараудағы реті: 13

وَلَهُ عَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ: «أَنَّهُ صَلَّى أَرْبَعًا فَقِيلَ لَهُ: عِبْتَ عَلَى عُثْمَانَ ثُمَّ صَلَّيْتَ أَرْبَعًا؟ فَقَالَ: الْخِلَافُ شَرٌّ». «الْإِجْمَاعُ» الْعَزْمُ وَالنِّيَّةُ عَلَى الشَّيْءِ..

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіттің риуаятында Ибн Мәсғудтың (р.а.) Минада намазды төрт рәкат етіп оқығаны айтылады. Одан: «Османның төрт рәкат оқығанын кінәлаған едіңіз, енді өзіңіз неге төрт рәкат оқыдыңыз?» – деп сұрағанда, ол: «Алауыздық – жамандық», – деді.1

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәнасиқ: 76, (1960).
2909
Кутуб ситтә, № 2909 · тараудағы реті: 14Риуаят етуші: Омар

وَعَنْ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّهُ صَلَّى بِالنَّاسِ بِمَكَّةَ رَكْعَتَيْنِ فَلَمَّا انْصَرَفَ قَالَ: يَا أَهْلَ مَكَّةَ أَتِمُّوا صَلَاتَكُمْ فَإِنَّا قَوْمٌ سَفْرٌ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Омардың (р.а.) Меккеде жамағатқа екі рәкат намаз оқытқаны айтылады. Сәлем берген соң ол: «Уа, Мекке тұрғындары! Намаздарыңды төрт рәкат етіп толық оқыңдар. Біз жолаушымыз», – деген.1

Түсіндірме

Омар (р.а.) Меккеге келгенде халифа ретінде жамағатқа имам болды. Өзі жолаушы болғандықтан намазды екі рәкат етіп оқытты. Ибн Абдулбәрр: «Ол Алла елшісінің (с.а.с.) сүннетіне сай екі рәкат оқытты», – дейді. Имран ибн Хусайнның № 2902 хадисінде Алла елшісінің (с.а.с.) Мекке алынған жылы қалада он сегіз түн болса да, намазды екі рәкаттан оқығаны және тұрғындарға: «Сендер намазды төрт рәкат етіп оқыңдар. Біз жолаушымыз», – дегені айтылды. Омар (р.а.) да Меккеде осылай ескерткен.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Қаср әс-салат», 19 (1/149).