Хадис

Кутуб ситтә, № 300

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
39. Сауда шарттары және саудадан тыс қалдырылатын үлес
Нөмірі
№ 300 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 10
300
Кутуб ситтә, № 300 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا، أَنَّ بَرِيرَةَ جَاءَتْهَا لِتَسْتَعِينَ بِهَا فِي كِتَابَتِهَا وَلَمْ تَكُنْ قَضَتْ مِنْ كِتَابَتِهَا شَيْئًا. فَقَالَتْ لَهَا عَائِشَةُ: ارْجِعِي إِلَى أَهْلِكِ فَإِنْ أَحَبُّوا أَنْ أَقْضِيَ عَنْكِ كِتَابَتَكِ وَيَكُونَ وَلَاؤُكِ لِي فَعَلْتُ. فَذَكَرَتْ ذَلِكَ بَرِيرَةُ لِأَهْلِهَا فَأَبَوْا، وَقَالُوا: إِنْ شَاءَتْ أَنْ تَحْتَسِبَ عَلَيْكِ فَلْتَفْعَلْ، وَيَكُونُ لَنَا وَلَاؤُكِ؛ فَذَكَرَتْ ذَلِكَ لِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَقَالَ: لَهَا ابْتَاعِي وَأَعْتِقِي فَإِنَّمَا الْوَلَاءُ لِمَنْ أَعْتَقَ، ثُمَّ قَامَ فَقَالَ: «مَا بَالُ أُنَاسٍ يَشْتَرِطُونَ شُرُوطًا لَيْسَتْ فِي كِتَابِ اللَّهِ تَعَالَى؟ مَنِ اشْتَرَطَ شَرْطًا لَيْسَ فِي كِتَابِ اللَّهِ فَلَيْسَ لَهُ، وَإِنِ اشْتَرَطَ مِائَةَ شَرْطٍ، شَرْطُ اللَّهِ تَعَالَى أَحَقُّ وَأَوْثَقُ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.

Қазақша аудармасы

Айшадан (р.а.) жеткен риуаятта былай делінеді: «Бәрира мұкатаба бойынша берешегін өтеуге жәрдем сұрап, Айшаға келді. Ол сол уақытқа дейін берешегінің ешбір бөлігін өтемеген еді. Айша оған: “Иелеріңе қайт. Олар сенің берешегіңді менің өтеуіме разы болып, уәлә құқығыңды маған берсе, берешегіңді өтеймін”, – деді. Бәрира мұны иелеріне жеткізді. Олар келіспей: “Саған сауап үшін жақсылық жасағысы келсе, жасай берсін. Уәлә құқығы бізде қалады”, – деді. Айша болған жайды Алла елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жеткізді. Ол: “Бәрираны сатып ал да, азат ет. Уәлә құқығы азат еткен кісіге тиесілі”, – деді. Содан соң Алла елшісі орнынан тұрып: “Адамдарға не болған, Алланың кітабында жоқ шарттарды қояды? Кім Алланың кітабында жоқ шарт қойса, жүз шарт қойса да, оның шарты жарамсыз. Алланың шарты бәрінен әділ әрі берік”, – деді».1

Түсіндірме

Бәрира бинт Сафуан (р.а.) тегі қыбти күң еді. Иесі мен күйеуінің кім болғаны жөнінде риуаяттар әртүрлі. Иелері Бәрирамен мұкатаба келісімін жасасқан. Келісілген соманы төлеген соң, Бәрира бостандық алуға тиіс еді. Азаттық құны тоғыз уқия болып белгіленді. Ол жылына бір уқиядан (қырық дирхам күміс) төлеп, тоғыз жылда бостандыққа шығатын еді. Хадисте айтылғандай, Бәрира осы берешегін өтеуге Айшадан (р.а.) жәрдем сұрады. Айша уәлә құқығы өзіне өтсе, жәрдемдесуге келісті. Бәрираның иелері бұл құқықтан бас тартпаған соң, мәселе Алла елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жеткізілді. Ол уәлә құқығы азат етушіге тиесілі екенін айтты.

Хадистегі «Китабуллаһ» сөзі осы мәселеде Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бекіткен үкімге қатысты айтылған. Ислам ғұламалары осы тәрізді сөздерге сүйеніп, Алла елшісінің үкімдері де Құран үкіміндей қабылдануға тиіс деген тұжырым жасаған. Алла елшісі арқылы жеткен мұндай үкімдер Құран үкімінің күшіне ие. Бұл өкілеттікті оған Құран берген. وَمَا آتَاكُمُ الرَّسُولُ فَخُذُوهُ «Пайғамбар сендерге не жеткізсе, соны шын көңілден қабыл алыңдар…»2. Тағы бір аятта وَأَطِيعُوا اللَّهَ وَالرَّسُولَ «Аллаға һәм елшісіне қалтқысыз бағыныңдар…»3 делінген. Құран Елшіге бағынуды бұйырғандықтан, оның үкімін Құран үкіміндей қабылдап, «Китабуллаһтан», яғни Алланың кітабынан деп айтуға болады.

Уәлә – азат етілген құл мен оны азат еткен қожайынның арасында орнайтын туыстық байланыс. Бұл «уәлә әл-итақа» деп аталады. Тегі белгісіз адам тегі белгілі кісімен бауырластық келісімін жасап: «Сен менің қамқоршым бол. Мен өлсем, мұрама ие боласың. Қылмыс жасасам, менің атымнан құн төлейсің», – дейді. Осы келісімнен туындайтын байланыс «уәлә әл-муалат» деп аталады.

Хадистен бірнеше үкім шығады.

1. Құл мен қожайынының мұкатаба келісімін жасасуына рұқсат.

2. Уәлә құқығы азат етушіге тиесілі.

3. Достық, өзара жәрдем, біреудің себепші болуымен ислам қабылдау немесе панасыз баланы тауып алу уәлә құқығын тудыра ма деген мәселеде фиқһ ғалымдарының пікірлері әртүрлі. Шафиғи мәзһабы бойынша аталған жағдайлар уәлә құқығын тудырмайды. Ханафи ғалымдары бұл құқықты жоғарыда айтылған екі жағдаймен шектейді. Олар: «Уәлә әл-итақа мен уәлә әл-муалат қана жарамды», – дейді.

4. Бидғат шыққан кезде мемлекет басшысы араласуға тиіс.

5. Қателікке көпшілікке ортақ сөзбен назар аударған жөн. Осы риуаятта Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Адамдарға не болған…» деп, теріс істі осылай көрсеткен.

6. Мұкатаба келісімін жасасқан күңнің жұмыс істеуіне күйеуі кедергі бола алмайды.

7. Күңнің күйеуі де құл болса, әйелінің мұкатаба келісімін жасасуына кедергі бола алмайды.

  1. 1Бұхари, «Мәсәжид», 70, «Зекет», 61, «Буюғ», 67, 73 (2155, 2168), «Итқ», 10, «Мәкатиб», 2–5 (2563, 2565), «Һиба», 7, «Шурут», 3, 10, 13, 17, «Талақ», 16, «Кәффарат әл-айман», 8, «Фараид», 19, 20, 22, 23. Мүслим, «Итқ», 5 (1504). «Муатта», «Итқ», 17 (2/780). Әбу Дәуіт, «Итқ», 2 (3929–3930). Нәсәи, «Буюғ», 85–86 (7/300). Тирмизи, «Буюғ», 33 (1256), «Уасая», 7 (2125). Ибн Мәжа, «Итқ», 3 (2521).
  2. 2«Хашр» сүресі, 7-аят.
  3. 3«Әли Имран» сүресі, 132-аят.