Хадис

Сауда шарттары және саудадан тыс қалдырылатын үлес

Кутуб ситтә, 2-том, 39-тарау · 11 хадис · № 291–301

САУДА-САТТЫҚ (БӘЙҒ) БӨЛІМІ

Хадистер

291
Кутуб ситтә, № 291 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

عَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّهُ اشْتَرَى جَارِيَةً مِنِ امْرَأَتِهِ وَاشْتَرَطَتْ عَلَيْهِ أَنَّكَ إِنْ بِعْتَهَا فَهِيَ لِي بِالثَّمَنِ الَّذِي ابْتَعْتَهَا بِهِ فَاسْتَفْتَى فِي ذَلِكَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَقَالَ: “لَا تَقْرَبْهَا وَفِيهَا شَرْطٌ لِأَحَدٍ”». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) әйелінен бір күң сатып алады. Әйелі оған: «Күңді сататын болсаң, оны сен сатып алған бағаға өзім қайта аламын», – деп шарт қояды. Ибн Мәсғуд бұл жайында Омардан (р.а.) пәтуа сұрағанда, ол: «Өзге кісінің шарты күшінде тұрғанда, күңге жақындама», – дейді.1

Түсіндірме

Мұндағы шарт сатып алу-сату келісімінің мәніне сай келмейді. Сауда жасалғанда меншік құқығы сатып алушыға толық өтуге тиіс. Ал бұл шарт бойынша Ибн Масғуд күңді өз қалауынша сата да, сыйға бере де алмайды. Демек, оның меншік құқығы шектелген. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мұндай шартпен сауда жасауға тыйым салған.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Буюғ», 5 (2-т., 616-б.; №1801).
292
Кутуб ситтә, № 292 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ عَمْرِو بْنِ شُعَيْبِ بْنِ مُحَمَّدٍ بْنِ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ عَبْدِ اللَّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنْ بَيْعِ الْعُرْبَانِ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ وَأَبُو دَاوُدُ.

Қазақша аудармасы

Амр ибн Шуғайб ибн Мұхаммед ибн Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас әкесі арқылы атасы Абдулладан (р.а.) мына риуаятты жеткізген: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қайтарылмайтын кепілақы шартымен сауда жасауға тыйым салды».1

Түсіндірме

وَقَالَ مَالِكٌ: وَذَلِكَ فِيمَا نَرَى – وَاللَّهُ أَعْلَمُ – أَنْ يَشْتَرِي الرَّجُلُ الْعَبْدَ أَوْ الْوَلِيدَةَ أَوْ يَتَكَارَى الدَّابَّةَ، ثُمَّ يَقُولُ الَّذِي اشْتَرَى مِنْهُ أَوْ تَكَارَى مِنْهُ: أُعْطِيكَ دِينَارًا أَوْ دِرْهَمًا أَوْ أَكْثَرَ مِنْ ذَلِكَ أَوْ أَقَلَّ عَلَى أَنِّي إِنْ أَخَذْتُ السِّلْعَةَ أَوْ رَكِبْتُ الدَّابَّةَ فَالَّذِي أُعْطِيكَ هُوَ مِنْ ثَمَنِ السِّلْعَةِ أَوْ مِنْ كِرَاءِ الدَّابَّةِ، وَإِنْ تَرَكْتُ ابْتِيَاعَ السِّلْعَةِ أَوْ كِرَاءَ الدَّابَّةِ فَمَا أُعْطِيكَ بَاطِلٌ بِغَيْرِ شَيْءٍ.

Имам Мәликтің түсіндіруінше, бұл – біреудің құл не күң сатып алмақ немесе көлік малын жалдамақ болып, сатушыға не жалға берушіге мынадай шарт қоюы: «Саған бір динар не бір дирһам, болмаса одан көп не аз ақша беремін. Тауарды алсам немесе малға мінсем, берген ақшам тауардың бағасына не жалдау ақысына есептеледі. Ал сатып алудан немесе жалдаудан бас тартсам, берген ақшам өтеусіз өзіңде қалады».

Ғалымдардың көпшілігі бәйғул-урбанды жарамсыз деп санаған. Ахмад ибн Ханбал мұндай саудаға рұқсат беруге бейім болған. Омардың (р.а.) да оған рұқсат еткені риуаят етілген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Буюғ», 69 (№3502); Мәлик, «Муатта», «Буюғ», 1 (2-т., 609-б.); Ибн Мәжа, «Тижарат», 22 (№2192).
293
Кутуб ситтә, № 293 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ أَبِي بَكْرٍ: «أَنَّ جَدَّهُ مُحَمَّدَ بْنِ عَمْرٍو بَاعَ ثَمَرَ حَائِطٍ لَهُ يُقَالُ لَهُ: “الْأَفْرَاقُ” بِأَرْبَعَةِ آلَافِ دِرْهَمٍ، وَاسْتَثْنَى بِثَمَانِمِائَةِ دِرْهَمٍ».

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Әбу Бәкірдің айтуынша, атасы Мұхаммед ибн Амр «әл-Әфрақ» деп аталатын бағының жемісін төрт мың дирһамға сатқан. Соның сегіз жүз дирһамға татитын құрмасын саудадан тыс қалдырған.1

Түсіндірме

Ғалымдардың үкіміне сай, бақтың жемісі тұтас сатылғанда, өнімнің үштен бірінен аспайтын бөлігін саудадан тыс қалдыруға болады. Сатылмайтын ағаштардың санын көрсетіп, оларды бөлек алып қалуға да рұқсат етілген.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Буюғ», 18 (2-т., 622-б.; №1820).
294
Кутуб ситтә, № 294 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ مَالِكٍ رَحِمَهُ اللَّهُ أَنَّهُ بَلَغَهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ: «نَهَى عَنْ بَيْعٍ وَسَلَفٍ». أَخْرَجَهُمَا مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен риуаят бойынша, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сауда мен қарызды бір мәмілеге біріктіруге тыйым салған.1

قَالَ: وَتَفْسِيرُ ذَلِكَ أَنْ يَقُولُ الرَّجُلُ لِلرَّجُلِ: آخُذُ سِلْعَتَكَ بِكَذَا وَكَذَا عَلَى أَنْ تَسْلِفَنِي كَذَا وَكَذَا، فَإِنْ عَقَدَ بَيْعَهَا عَلَى هَذَا فَهُوَ غَيْرُ جَائِزٍ.

Имам Мәлик мұны былай түсіндірген: «Бір кісі екіншісіне “Маған осынша қарыз берсең, тауарыңды осындай бағаға аламын” дейді. Сауда осы шартпен жасалса, оған рұқсат жоқ».2

Түсіндірме

«Сәләф» сөзі екі мағынада қолданылады.

1. Сәләм – тауардың ақысын алдын ала төлеп, тауарды кейін алу. Мысалы, егістіктен алынатын бидайдың белгілі мөлшерін ақысын күні бұрын төлеп сатып алу.

2. Сәләф қарыз, яғни пайда көздемей берілетін ақшаны да білдіреді. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қарызды немесе сәләмді саудамен бір мәмілеге біріктіруге тыйым салған. Мұндай мәміледе тауар әдеттегі бағасынан қымбат сатылуы немесе қарыз сол тауарды алуға ынталандыру үшін берілуі мүмкін. Қарыздан шарт арқылы пайда табу өсімге жатады, ал өсімге тыйым салынған. Мысалы, тойға мата алмақ болған кісінің ақшасы жетпейді. Ол мата сататын саудагердің өзінен қарыз алып, сол ақшаны матаның ақысына қайта төлейді. Кей ғалымдар хадисті былай түсіндірген: мата алушы егін жиналған кезде тапсыру шартымен саудагерге бидай сатады. Бидайдың ақысын алдын ала алып, сол ақшаға әлгі саудагердің матасын сатып алады. Мұнда сауда мен сәләм бір мәміледе ұштасады. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осындай мәмілеге тыйым салған.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Буюғ», 69 (2-т., 657-б.).
  2. 2Мәлик, «Муатта», «Буюғ», 69 (2-т., 657-б.).
295
Кутуб ситтә, № 295 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «غَزَوْتُ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَتَلَاحَقَ بِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ وَأَنَا عَلَى نَاضِحٍ لَنَا قَدْ أَعْيَا. قَالَ: فَتَخَلَّفَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فَزَجَرَهُ وَدَعَا لَهُ فَمَا زَالَ بَيْنَ يَدَيِ الْإِبِلِ. فَقَالَ لِي: كَيْفَ تَرَى بَعِيرَكَ؟ فَقُلْتُ: بِخَيْرٍ قَدْ أَصَابَتْهُ بَرَكَتُكَ. قَالَ: أَفَتَبِيعُنِيهِ؟ قَالَ: فَاسْتَحْيَيْتُ، وَلَمْ يَكُنْ لَنَا نَاضِحٌ غَيْرُهُ. قَالَ: فَقُلْتُ نَعَمَ، فَبِعْتُهُ إِيَّاهُ عَلَى أَنَّ لِي فَقَارَ ظَهْرِهِ حَتَّى أَبْلُغَ الْمَدِينَةَ، قَالَ فَقُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ إِنِّي عَرُوسٌ، فَاسْتَأْذَنْتُهُ فَأَذِنَ لِي فَتَقَدَّمْتُ النَّاسَ إِلَى الْمَدِينَةِ حَتَّى أَتَيْتُ الْمَدِينَةَ فَلَقِيَنِي خَالِي فَسَأَلَنِي عَنِ الْبَعِيرِ فَأَخْبَرْتُهُ بِمَا صَنَعْتُ فِيهِ فَلَامِنِي، وَقَدْ كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ قَالَ لِي حِينَ اسْتَأْذَنْتُهُ: هَلْ تَزَوَّجْتَ بِكْرًا أَمْ ثَيِّبًا؟ قُلْتُ: بَلْ ثَيِّبًا. قَالَ هَلَّا بِكْرًا تُلَاعِبُهَا وَتُلَاعِبُكَ؟ قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ: تُوُفِّيَ وَالِدِي وَلِي أَخَوَاتٌ صِغَارٌ فَكَرِهْتُ أَنْ أَتَزَوَّجَ مِثْلَهُنَّ فَلَا تُؤَدِّبُهُنَّ وَلَا تَقُومُ عَلَيْهِنَّ، فَتَزَوَّجْتُ ثَيِّبًا لِتَقُومَ عَلَيْهِنَّ وَتُؤَدِّبَهُنَّ. قَالَ: فَلَمَّا قَدِمَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ الْمَدِينَةَ غَدَوْتُ عَلَيْهِ بِالْبَعِيرِ فَأَعْطَانِي ثَمَنَهُ وَرَدَّهُ عَلَيَّ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бірге бір жорыққа шықтым. Су тасуға пайдаланатын түйемізге мініп келе жатқан едім. Түйе әбден қалжыраған екен. Алла елшісі (с.а.с.) мені қуып жетті. Ол кейінірек қалып, түйені айдады да, оған дұға етті. Содан бастап түйем өзге түйелердің алдына түсіп жүрді. Ол кісі менен “Түйеңнің жүрісі қалай?” деп сұрады. “Жақсы, шарапатыңыз тиді”, – дедім. “Маған сатасың ба?” – деді. Басқа су таситын түйеміз жоқ еді. Сонда да ұялып, “Иә”, – дедім де, Мәдинаға дейін өзім мінетін болып, түйені саттым. Сосын “Уа, Алланың елшісі, жақында отау құрған едім”, – деп рұқсат сұрадым. Ол рұқсат берген соң, жұрттың алдына шығып, Мәдинаға жеттім. Мені нағашым қарсы алып, түйені сұрады. Не істегенімді айтып бергенімде, мені кінәлады.

Рұқсат сұраған кезімде Алла елшісі (с.а.с.) “Бұрын тұрмыс құрмаған қызға үйлендің бе, әлде некеде болған әйелге ме?” – деп сұраған еді. “Бұрын некеде болған әйелге”, – дедім. “Неге қызға үйленбедің? Бір-біріңмен ойнап-күліп жүрер едіңдер”, – деді. Мен: “Уа, Алланың елшісі, әкем қайтыс болды, жас қарындастарым бар. Өздерімен жасты қыз оларға қарайласып, тәлім бере алмас деп ойладым. Сол себепті оларды бағып, тәрбиелей алатын, бұрын некеде болған әйелге үйлендім”, – дедім. Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинаға келген соң, таңертең түйемді алып, алдына бардым. Ол маған ақысын төлеп, түйені де қайтарып берді».1

  1. 1Бұхари, «Жиһад», 49, 113 (№2861, №2967), «Уәкалат», 8, «Мәсәжид», 59, «Буюғ», 34 (№2097), «Истиқраз», 1, 7, «Мәзалим», 26, «Һиба», 23, «Шурут», 4, «Никах», 10, 121, «Нафақат», 12, «Дағауат», 53; Мүслим, «Мусақат», 109, «Салатул-мусафирин», 69, «Радағ», 54 (№715); Тирмизи, «Никах», 13 (№1100), «Буюғ», 30 (№1253); Нәсәи, «Буюғ», 77 (7-т., 297–300-б.); Әбу Дәуіт, «Ижара», №3505; Ибн Мәжа, «Тижарат», 29 (№2205).
296
Кутуб ситтә, № 296 · тараудағы реті: 6

وَفِي أُخْرَى قَالَ: «بِعْنِيهِ بِأُوقِيَّةٍ. قُلْتُ: لَا. قَالَ: بِعْنِيهِ بِأُوقِيَّةٍ، فَبِعْتُهُ وَاسْتَثْنَيْتُ حُمْلَانَهُ إِلَى أَهْلِي. فَلَمَّا قَدِمْنَا أَتَيْتُهُ بِالْجَمَلِ وَنَقَدَنِي ثَمَنَهُ ثُمَّ انْصَرَفْتُ فَأَرْسَلَ عَلَى أَثَرِي، فَقَالَ: مَا كُنْتُ لِآخُذَ جَمَلَكَ، فَخُذْ جَمَلَكَ فَهُوَ لَكَ». وَفِي أُخْرَى: «أَفْقَرَنِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ ظَهْرَهُ إِلَى الْمَدِينَةِ». وَفِي أُخْرَى: «لَكَ ظَهْرُهُ إِلَى الْمَدِينَةِ». وَفِي أُخْرَى: «فَشَرَطَ ظَهْرَهُ إِلَى الْمَدِينَةِ. قَالَ الْبُخَارِيُّ: الِاشْتِرَاطُ أَكْثَرُ وَأَصَحُّ». وَفِي أُخْرَى: «بِأَرْبَعَةِ دَنَانِيرَ، وَهَذَا يَكُونُ أُوقِيَّةً عَلَى حِسَابِ الدِّينَارِ بِعَشْرَةٍ». وَفِي أُخْرَى: «أُوقِيَّةَ ذَهَبٍ». وَأُخْرَى: مِائَتَيْ دِرْهَمٍ. وَأُخْرَى: بِأَرْبَعِ أَوَاقٍ. وَأُخْرَى: بِعِشْرِينَ دِينَارًا. وَأُخْرَى: فَإِذَا قَدِمْتَ الْمَدِينَةَ فَالْكَيْسَ الْكَيْسَ، وَفِيهَا: وَقَدِمْتُ الْمَدِينَةَ بِالْغَدَاةِ فَجِئْتُ الْمَسْجِدَ فَوَجَدْتُهُ عَلَى بَابِ الْمَسْجِدِ، فَقَالَ: الْآنَ قَدِمْتَ؟ قُلْتُ: نَعَمْ. قَالَ: فَدَعْ جَمَلَكَ وَادْخُلْ فَصَلِّ رَكَعَتَيْنِ، فَدَخَلْتُ فَصَلَّيْتُ، ثُمَّ رَجَعْتُ، فَأَمَرَ بِلَالًا أَنْ يَزِنَ لِي أُوقِيَّةً فَوَزَنَ لِي بِلَالٌ فَأَرْجَحَ. وَفِي أُخْرَى قَالَ: «فَلَمَّا ذَهَبْنَا لِنَدْخُلَ قَالَ: أَمْهِلُوا حَتَّى نَدْخُلَ لَيْلًا كَيْ تَمْتَشِطَ الشَّعِثَةُ وَتَسْتَحِدَّ الْمُغِيبَةُ».

Қазақша аудармасы

Басқа риуаятта былай делінген: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) “Түйеңді маған бір уқияға сат”, – деді. “Жоқ”, – дедім. Ол тағы да “Бір уқияға сат”, – деді. Сонда түйені үйге жеткенше өзім мінетін болып саттым. Мәдинаға жеткенде түйені алдына әкелдім. Ол ақысын қолма-қол төледі. Кетіп бара жатқанымда, артымнан кісі жіберіп шақыртты да: “Түйеңді иемдену ойымда жоқ еді. Түйеңді ал, ол өзіңдікі”, – деді».

Тағы бір нұсқада: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) түйені Мәдинаға дейін мініп баруыма берді», – делінген.

Басқа бір нұсқада: «Мәдинаға дейін түйеге сен мінесің», – делінген.

Тағы бір нұсқада: «Түйені Мәдинаға дейін мініп баруды шарт етті», – делінген. Бұхари: «Шарт қойылғанын айтатын риуаяттар көбірек әрі сенімдірек», – деген.

Бір риуаятта түйенің төрт динарға сатылғаны айтылады. Өзге нұсқаларда түйенің бағасы бір уқия алтын, екі жүз дирһам, төрт уқия немесе жиырма динар деп көрсетілген.

Тағы бір риуаятта Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мәдинаға жеткен соң перзент сүюді ойла», – деген. Сол риуаятта Жәбир былай дейді: «Мәдинаға таңертең келдім. Мешітке барсам, Алла елшісі (с.а.с.) есігінің алдында тұр екен. “Жаңа келдің бе?” – деп сұрады. “Иә”, – дедім. “Түйеңді қалдырып, ішке кір де, екі рәкат намаз оқы”, – деді. Кіріп, намаз оқыдым да, қайта шықтым. Сонда ол Біләлға маған бір уқия өлшеп беруді тапсырды. Біләл өлшеп берді де, үстіне біраз қосты».

Өзге бір риуаятта Жәбир (р.а.) былай дейді: «Кірмек болғанымызда Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): “Сәл кідіріңдер, түнде кірейік. Шашы ұйпа-тұйпа болған әйелдер шашын тарап, күйеуі сапарда жүрген әйелдер күтініп алсын”, – деді».1

Бір динар он дирһамға тең деп есептегенде, төрт динар бір уқия болады.

  1. 1Мүслим, №715, Жәбирдің Мәдинаға түнде кіру туралы риуаяты. Мағыналас нұсқа Бұхаридің «Никах» тарауында да берілген (№5246).
297
Кутуб ситтә, № 297 · тараудағы реті: 7

وَفِي أُخْرَى لِمُسْلِمٍ قَالَ: «بِعْنِي جَمَلَكَ هَذَا، قُلْتُ: لَا بَلْ هُوَ لَكَ. قَالَ: لَا، بَلْ بِعْنِيهِ. قُلْتُ: لَا، بَلْ هُوَ لَكَ يَا رَسُولَ اللَّهِ. قَالَ: لَا، بَلْ بِعْنِيهِ. قُلْتُ: فَإِنَّ لِرَجُلٍ عَلَيَّ أُوقِيَّةَ ذَهَبٍ فَهُوَ لَكَ بِهَا. قَالَ: قَدْ أَخَذْتُهُ فَتَبَلَّغْ عَلَيْهِ إِلَى الْمَدِينَةِ، فَلَمَّا قَدِمْتُ الْمَدِينَةَ قَالَ لِبِلَالٍ: أُعْطِهِ أُوقِيَّةَ ذَهَبٍ وَزِدْهُ، فَزَادَنِي قِيرَاطًا، فَقُلْتُ: لَا تُفَارِقُنِي زِيَادَةُ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَكَانَ فِي كِيسٍ لِي إِلَى أَنْ أَخَذَهُ أَهْلُ الشَّامِ يَوْمَ الْحَرَّةِ».

Қазақша аудармасы

Мүслимнің басқа риуаятында Жәбир былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) “Мына түйеңді маған сат”, – деді. “Жоқ, сіздікі болсын”, – дедім. “Жоқ, оны маған сат”, – деді. Мен “Жоқ, уа, Алланың елшісі, сіздікі болсын”, – дедім. Ол тағы да “Жоқ, маған сат”, – деді. Сонда “Бір кісіге бір уқия алтын қарыз едім, түйе сол бағаға сіздікі болсын”, – дедім. “Алдым. Мәдинаға осы түйемен жетіп ал”, – деді. Мәдинаға келгенімде, ол Біләлға “Оған бір уқия алтын бер, үстіне тағы қос”, – деді. Біләл маған бір қират1 артық берді. “Алла елшісінің қосып бергені жанымнан ажырамасын”, – дедім. Сол алтын Харра күні Шам әскері алып кеткенге дейін қалтамда сақтаулы тұрды».

  1. 1Мүслим, «Мусақат», №715. Ибн әл-Әсирдің айтуынша, қират көбіне динардың жиырмадан бір бөлігіне тең. Кей жерде оның мөлшері өзгеше есептелген.
298
Кутуб ситтә, № 298 · тараудағы реті: 8

وَلَهُ فِي أُخْرَى: «أَتَبِيعُنِيهِ بِكَذَا وَكَذَا وَاللَّهُ تَعَالَى يَغْفِرُ لَكَ؟ قُلْتُ: هُوَ لَكَ. فَمَا زَالَ يَزِيدُنِي، وَيَقُولُ: وَاللَّهُ تَعَالَى يَغْفِرُ لَكَ. قَالَهَا ثَلَاثًا».

Қазақша аудармасы

Мүслимнің тағы бір риуаятында Жәбир былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) “Түйеңді маған осыншаға сатасың ба? Алла сені кешірсін”, – деді. “Ол сіздікі”, – дедім. Ол кісі бағаны өсіре отырып, “Алла Тағала сені кешірсін” деген сөзді үш рет қайталады».1

  1. 1Мүслим, №715; салыстырыңыз: Нәсәи, «Буюғ», №4655.
299
Кутуб ситтә, № 299 · тараудағы реті: 9

وَفِي أُخْرَى: وَقَالَ لِي: «ارْكَبْ بِاسْمِ اللَّهِ». فَلَمَّا قَدِمْنَا الْمَدِينَةَ دَخَلَ النَّبِيُّ ﷺ الْمَسْجِدَ فِي طَوَائِفَ مِنْ أَصْحَابِهِ وَدَخَلْتُ إِلَيْهِ وَعَقَلْتُ الْجَمَلَ فِي نَاحِيَةِ الْبَلَاطِ. فَقُلْتُ لَهُ: «هَذَا جَمَلُكَ». فَخَرَجَ: فَجَعَلَ يُطِيفُ بِالْجَمَلِ وَيَقُولُ: «الْجَمَلُ جَمَلُنَا». فَبَعَثَ بِأَوَاقٍ مِنْ ذَهَبٍ فَقَالَ: «أَعْطُوهَا جَابِرًا». ثُمَّ قَالَ: «اسْتَوْفَيْتَ الثَّمَنَ؟» فَقُلْتُ: «نَعَمْ». فَقَالَ: «الثَّمَنُ وَالْجَمَلُ لَكَ».

Қазақша аудармасы

Басқа бір риуаятта Жәбир былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) маған “Алланың атымен мін”, – деді. Мәдинаға жеткенде, Пайғамбар (с.а.с.) бір топ сахабамен мешітке кірді. Түйені тас төселген тұсқа байлап, мен де ішке кірдім. Оған “Міне, түйеңіз”, – дедім. Ол кісі сыртқа шығып, түйені айнала қарап, “Түйе біздікі екен”, – деді. Сосын бірнеше уқия алтын алдыртып, “Мынаны Жәбирге беріңдер”, – деді. Одан кейін “Ақыңды толық алдың ба?” – деп сұрады. “Иә”, – дедім. Сонда ол “Ақша да, түйе де өзіңдікі”, – деп, түйемді қайтарып берді».1

Түсіндірме

№295-тен бастап келтірілген риуаяттардан Жәбирдің (р.а.) Алла елшісіне (с.а.с.) түйе сатқан оқиғасы бірнеше нұсқада жеткенін көреміз. Бұл оқиға неке, жиһад, сауда-саттық және кісінің қадір-қасиеті секілді тақырыптарға қатысты үкімдерді қамтиды. Сондықтан хадис жинақтарының әртүрлі бөлімдерінде оқиғаның түрлі қыры баяндалған.

Ғалымдар хадистегі кейбір жайттарды әртүрлі түсіндірген. Мысалы, Алла елшісі (с.а.с.) түйеге қанша төлеген? Риуаяттарда әртүрлі сома аталады. Сол нұсқаларды өзара үйлестіріп, түсіндіру хадис шәріптеушілерін көп іздендірген. Арнайы зерттеушілерге қажет осы егжей-тегжейге тоқталмай, ғалымдар ортақ назар аударған бірнеше тұжырымды келтірейік.

1. Кей ғалымдар осы риуаятқа сүйеніп, көлік малын біраз уақыт мініп жүру шартымен сатуға болады деген. Әбу Ханифа мен Шафиғи мұндай мәмілені жарамсыз деп санаған.

2. Хадисте бұрын тұрмыс құрмаған қызға үйленудің абзалдығы айтылған. Балалардың күтімі мен тәрбиесін ойлаған кісі үшін бұрын некеде болған әйелге үйлену де орынды болуы мүмкін.

3. Үлкендер мен жақын достар үйлену сияқты мәселелерге көңіл бөліп, жөн сілтегені дұрыс. Осындай қамқорлық таныту – мұстахаб.

4. Жетімдердің тәрбиесіне көңіл бөлу керек. Олардың жағдайына қарай бұрын некеде болған әйелге үйлену отбасы үшін абзал болуы мүмкін. Бұрын тұрмыс құрмаған қызға үйленуге берілген кеңес бұған кедергі болмайды. Жәбирдің (р.а.) оқиғасы отбасы мен ортаның жағдайы мұндай таңдауға қалай ықпал ететінін көрсетеді.

5. Жорықтан қайтқанда қолбасшы рұқсат берсе, жауынгерлер топтан озып, ілгері жүре алады.

6. Сапардан үйге қолайлы уақытта оралуды көздеу – мұстахаб.

7. Жәбирдің (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) алдында орны ерекше болған.

8. Бұл оқиғадан Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) асқан жомарттығы көрінеді.

  1. 1Бұхари, «Жиһад», №2861.
300
Кутуб ситтә, № 300 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا، أَنَّ بَرِيرَةَ جَاءَتْهَا لِتَسْتَعِينَ بِهَا فِي كِتَابَتِهَا وَلَمْ تَكُنْ قَضَتْ مِنْ كِتَابَتِهَا شَيْئًا. فَقَالَتْ لَهَا عَائِشَةُ: ارْجِعِي إِلَى أَهْلِكِ فَإِنْ أَحَبُّوا أَنْ أَقْضِيَ عَنْكِ كِتَابَتَكِ وَيَكُونَ وَلَاؤُكِ لِي فَعَلْتُ. فَذَكَرَتْ ذَلِكَ بَرِيرَةُ لِأَهْلِهَا فَأَبَوْا، وَقَالُوا: إِنْ شَاءَتْ أَنْ تَحْتَسِبَ عَلَيْكِ فَلْتَفْعَلْ، وَيَكُونُ لَنَا وَلَاؤُكِ؛ فَذَكَرَتْ ذَلِكَ لِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَقَالَ: لَهَا ابْتَاعِي وَأَعْتِقِي فَإِنَّمَا الْوَلَاءُ لِمَنْ أَعْتَقَ، ثُمَّ قَامَ فَقَالَ: «مَا بَالُ أُنَاسٍ يَشْتَرِطُونَ شُرُوطًا لَيْسَتْ فِي كِتَابِ اللَّهِ تَعَالَى؟ مَنِ اشْتَرَطَ شَرْطًا لَيْسَ فِي كِتَابِ اللَّهِ فَلَيْسَ لَهُ، وَإِنِ اشْتَرَطَ مِائَةَ شَرْطٍ، شَرْطُ اللَّهِ تَعَالَى أَحَقُّ وَأَوْثَقُ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.

Қазақша аудармасы

Айшадан (р.а.) жеткен риуаятта былай делінеді: «Бәрира мұкатаба бойынша берешегін өтеуге жәрдем сұрап, Айшаға келді. Ол сол уақытқа дейін берешегінің ешбір бөлігін өтемеген еді. Айша оған: “Иелеріңе қайт. Олар сенің берешегіңді менің өтеуіме разы болып, уәлә құқығыңды маған берсе, берешегіңді өтеймін”, – деді. Бәрира мұны иелеріне жеткізді. Олар келіспей: “Саған сауап үшін жақсылық жасағысы келсе, жасай берсін. Уәлә құқығы бізде қалады”, – деді. Айша болған жайды Алла елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жеткізді. Ол: “Бәрираны сатып ал да, азат ет. Уәлә құқығы азат еткен кісіге тиесілі”, – деді. Содан соң Алла елшісі орнынан тұрып: “Адамдарға не болған, Алланың кітабында жоқ шарттарды қояды? Кім Алланың кітабында жоқ шарт қойса, жүз шарт қойса да, оның шарты жарамсыз. Алланың шарты бәрінен әділ әрі берік”, – деді».1

Түсіндірме

Бәрира бинт Сафуан (р.а.) тегі қыбти күң еді. Иесі мен күйеуінің кім болғаны жөнінде риуаяттар әртүрлі. Иелері Бәрирамен мұкатаба келісімін жасасқан. Келісілген соманы төлеген соң, Бәрира бостандық алуға тиіс еді. Азаттық құны тоғыз уқия болып белгіленді. Ол жылына бір уқиядан (қырық дирхам күміс) төлеп, тоғыз жылда бостандыққа шығатын еді. Хадисте айтылғандай, Бәрира осы берешегін өтеуге Айшадан (р.а.) жәрдем сұрады. Айша уәлә құқығы өзіне өтсе, жәрдемдесуге келісті. Бәрираның иелері бұл құқықтан бас тартпаған соң, мәселе Алла елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жеткізілді. Ол уәлә құқығы азат етушіге тиесілі екенін айтты.

Хадистегі «Китабуллаһ» сөзі осы мәселеде Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бекіткен үкімге қатысты айтылған. Ислам ғұламалары осы тәрізді сөздерге сүйеніп, Алла елшісінің үкімдері де Құран үкіміндей қабылдануға тиіс деген тұжырым жасаған. Алла елшісі арқылы жеткен мұндай үкімдер Құран үкімінің күшіне ие. Бұл өкілеттікті оған Құран берген. وَمَا آتَاكُمُ الرَّسُولُ فَخُذُوهُ «Пайғамбар сендерге не жеткізсе, соны шын көңілден қабыл алыңдар…»2. Тағы бір аятта وَأَطِيعُوا اللَّهَ وَالرَّسُولَ «Аллаға һәм елшісіне қалтқысыз бағыныңдар…»3 делінген. Құран Елшіге бағынуды бұйырғандықтан, оның үкімін Құран үкіміндей қабылдап, «Китабуллаһтан», яғни Алланың кітабынан деп айтуға болады.

Уәлә – азат етілген құл мен оны азат еткен қожайынның арасында орнайтын туыстық байланыс. Бұл «уәлә әл-итақа» деп аталады. Тегі белгісіз адам тегі белгілі кісімен бауырластық келісімін жасап: «Сен менің қамқоршым бол. Мен өлсем, мұрама ие боласың. Қылмыс жасасам, менің атымнан құн төлейсің», – дейді. Осы келісімнен туындайтын байланыс «уәлә әл-муалат» деп аталады.

Хадистен бірнеше үкім шығады.

1. Құл мен қожайынының мұкатаба келісімін жасасуына рұқсат.

2. Уәлә құқығы азат етушіге тиесілі.

3. Достық, өзара жәрдем, біреудің себепші болуымен ислам қабылдау немесе панасыз баланы тауып алу уәлә құқығын тудыра ма деген мәселеде фиқһ ғалымдарының пікірлері әртүрлі. Шафиғи мәзһабы бойынша аталған жағдайлар уәлә құқығын тудырмайды. Ханафи ғалымдары бұл құқықты жоғарыда айтылған екі жағдаймен шектейді. Олар: «Уәлә әл-итақа мен уәлә әл-муалат қана жарамды», – дейді.

4. Бидғат шыққан кезде мемлекет басшысы араласуға тиіс.

5. Қателікке көпшілікке ортақ сөзбен назар аударған жөн. Осы риуаятта Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Адамдарға не болған…» деп, теріс істі осылай көрсеткен.

6. Мұкатаба келісімін жасасқан күңнің жұмыс істеуіне күйеуі кедергі бола алмайды.

7. Күңнің күйеуі де құл болса, әйелінің мұкатаба келісімін жасасуына кедергі бола алмайды.

  1. 1Бұхари, «Мәсәжид», 70, «Зекет», 61, «Буюғ», 67, 73 (2155, 2168), «Итқ», 10, «Мәкатиб», 2–5 (2563, 2565), «Һиба», 7, «Шурут», 3, 10, 13, 17, «Талақ», 16, «Кәффарат әл-айман», 8, «Фараид», 19, 20, 22, 23. Мүслим, «Итқ», 5 (1504). «Муатта», «Итқ», 17 (2/780). Әбу Дәуіт, «Итқ», 2 (3929–3930). Нәсәи, «Буюғ», 85–86 (7/300). Тирмизи, «Буюғ», 33 (1256), «Уасая», 7 (2125). Ибн Мәжа, «Итқ», 3 (2521).
  2. 2«Хашр» сүресі, 7-аят.
  3. 3«Әли Имран» сүресі, 132-аят.
301
Кутуб ситтә, № 301 · тараудағы реті: 11

وَفِي أُخْرَى قَالَ: «اشْتَرِيهَا وَأَعْتِقِيهَا وَلْيَشْتَرِطُوا مَا شَاءُوا». فَاشْتَرَتْهَا فَأَعْتَقَتْهَا، وَاشْتَرَطَ أَهْلُهَا وَلَاءَهَا؛ فَقَالَ النَّبِيُّ ﷺ: «الْوَلَاءُ لِمَنْ أَعْتَقَ، وَإِنِ اشْتَرَطُوا مِائَةَ شَرْطٍ».

Қазақша аудармасы

Тағы бір риуаятта Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Айшаға (р.а.): «Бәрираны сатып ал да, азат ет. Иелері қалаған шартын қоя берсін», – деді. Айша Бәрираны сатып алып, азат етті. Иелері Бәрираның уәлә құқығы өздеріне тиесілі болсын деген шарт қойды. Сонда Алла елшісі: «Олар жүз шарт қойса да, уәлә құқығы азат етушіге тиесілі», – деді.1

  1. 1Бұхари, «Шурут», 10 (2726).