Хадис

Кутуб ситтә, № 2790

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
386. Үзірлі себеппен жамағат намазына бармау
Нөмірі
№ 2790 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
2790
Кутуб ситтә, № 2790 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Итбан ибн Мәлик

عَنْ عِتْبَانَ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ: إِنَّ السُّيُولَ تَحُولُ بَيْنِي وَبَيْنَ مَسْجِدِ قَوْمِي، فَأُحِبُّ أَنْ تَأْتِيَنِي فَتُصَلِّيَ فِي مَكَانٍ مِنْ بَيْتِي أَتَّخِذُهُ مَسْجِدًا فَقَالَ ﷺ: سَنَفْعَلُ، فَلَمَّا أتَاهُ قَالَ: أيْنَ تُرِيدُ؟ فَأشَارَ إِلَى نَاحِيَةٍ مِنْ الْبَيْتِ، فَقَامَ ﷺ فَصَفَفْنَا خَلْفَهُ، فَصَلَّى بِنَا رَكْعَتَيْنِ». أَخْرَجَهُ الثَّلَاثَةُ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Итбан ибн Мәлик (р.а.) былай дейді: «“Уа, Алланың елшісі! Сел менің қауымымның мешітіне баруыма кедергі болады. Үйіме келіп, бір жерінде намаз оқысаңыз, сол тұсты намаз оқитын орын етіп алсам деймін”, – дедім. Ол: “(Иншалла,) барамыз”, – деді. (Әбу Бәкірді ертіп келіп, рұқсат сұрап үйге кірді.) “Қай тұста намаз оқығанымды қалайсың?” – деп сұрады. Үйдің бір бұрышын нұсқадым. Ол сол жерге намазға тұрды. Біз артында сап түзедік. Ол бізге екі рәкат (нәпіл) намаз оқытты».1

Түсіндірме

1. Бұхаридің бір нұсқасында кездесетін кейбір қосымшаларды жақша ішінде бердік. Хадистен шығарылған кей үкімдер сол тұстарға сүйенеді.

2. Итбан өз қауымына имамдық ететін. Көзіне зақым келіп, селдің салдарынан мешітке жете алмай қиналғанда, Алла елшісінен (с.а.с.) үйінде намаз оқуға рұқсат сұраған. Кей риуаятта Итбанның көзі көрмегені айтылады. Түрлі риуаяттарды салыстырған Ибн Хажар сол кезде Итбанның көзі әлі көргенін, бірақ зақымдануы мүмкін болғанын, көру қабілетін кейін жоғалтқанын айтады.

3. Басқа риуаяттарда Алла елшісімен (с.а.с.) Әбу Бәкірдің, тіпті Омардың (р.а.) да келгені айтылады. Алла елшісі (с.а.с.) үйге кірген бойда отырмастан: «Қай тұста намаз оқығанымды қалайсың?» – деп сұраған. Ибн Хажар: «Алла елшісі (с.а.с.) ол үйде намаздан кейін отырған. Ал Мүләйканың үйінде әуелі отырып, ас ішіп, сосын намаз оқытқан. Өйткені Мүләйка асқа шақырды, Итбан намаз оқуға шақырды. Содан бірінде астан, екіншісінде намаздан бастады», – дейді.

4. Хадистен шығарылған кейбір үкімдер:

• Көзі көрмейтін кісі имам бола алады.

• Басына түскен қиындықты айту айып саналатын шағымға жатпайды.

• Алла елшісінің (с.а.с.) заманында Мәдинада Пайғамбар мешітінен өзге мешіттер де болған.

• Жаңбыр, қараңғылық, сел секілді жағдайлар жамағат намазына бармауға үзір саналады.

• Үйде намаз үшін арнайы орын белгілеп қою – мәндүп. Мешітте үнемі белгілі бір орында намаз оқудың мәкрүһ саналуы сол амалды көзге түсу сияқты мақсатпен істеуге қатысты.

• Үй иесінің алдында имамдыққа шығуға тыйым салынғанымен, ерекше жағдайлар бар. Мемлекет басшысы қонақ болса немесе үй иесі рұқсат берсе, қонақтың имамдық етуі мәкрүһ саналмайды.

• Алла елшісінің (с.а.с.) намаз оқыған немесе табаны тиген жерінен тәбәрік алуға болады.

• Ізгі кісіні тәбәрік алу үшін шақырса, бүлік қаупі болмаған жағдайда ол шақыруды қабылдай алады.

• Дәрежесі жоғары кісі өзінен төмен дәрежедегі кісінің шақыруын қабылдай алады. Ізгі кісі келгенде одан тәбәрік алуға болады.

• Берген уәдеде тұру керек.

• Үй иесінің ренжімейтініне көзі жетсе, шақырылған адамға еріп баруға болады.

  1. 1Бұхари, Азан: 40, 50, 153, 154, Салат: 45, 46, Тәһәжжуд: 36, Мағази: 11, Әтғима: 15, Риқақ: 6, Иститаба: 9; Мүслим, Иман: 54, (33); Муатта, Қасрус-Салат: 86, (1, 172); Нәсәи, Имамат: 10, (2, 80).