Хадис

Кутуб ситтә, № 2785

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
385. Жамағат намазының уәжіптігі
Нөмірі
№ 2785 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
2785
Кутуб ситтә, № 2785 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أثْقَلُ صَلَاةٍ عَلَى الْمُنَافِقِينَ صَلَاةُ الْعِشَاءِ، وَصَلَاةُ الْفَجْرِ، وَلَوْ يَعْلَمُونَ مَا فِيهِمَا لَأتَوْهُمَا وَلَوْ حَبْوًا وَلَقَدْ هَمَمْتُ أَنْ آمُرَ بِالصَّلَاةِ فَتُقَامَ، ثُمَّ آمُرَ رَجُلًا يُصَلِّي بِالنَّاسِ، ثُمَّ أَنْطَلِقُ مَعِي بِرِجَالٍ مَعَهُمْ حِزَمٌ مِنْ حَطَبٍ إِلَى قَوْمٍ لَا يَشْهَدُونَ الصَّلَاةَ فَأُحَرِّقَ عَلَيْهِمْ بُيُوتَهُمْ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ. «الْحَبْوُ» الْمَشْيُ عَلَى الْأيْدِي وَ الرَّكْبِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Мұнафықтарға ең ауыр тиетін намаздар – құптан мен таң намаздары. Осы екеуінің сауабын білсе, еңбектеп болса да келер еді. Намазға қамат айтқызып, бір кісіге жұртқа намаз оқытуды тапсырып, сосын қолдарына бір-бір бау отын ұстаған адамдарды ертіп, намазға келмеген жұртқа барып, үйлерін өздерімен қоса өртеп жіберуді ойладым”, – деді».1

Түсіндірме

1. Осыған ұқсас риуаяттың соңында: «...Шамасы жете тұра намазға келмегендердің үйлерін қиратайын», – деген қосымша бар.

2. Хадис бірнеше нұсқада, түрлі қосымшалармен жеткен. Кей нұсқада Алла елшісі (с.а.с.) намазға келмегендердің үйлерін өртеуді ойлағанын «Жанымды құдірет қолында ұстаған Алланың атымен ант етемін» деп, антпен бекіткен.

3. Алла елшісі (с.а.с.) жамағаттан жалтаратын екіжүзділердің осы мінезін сынаған. Хадистің бір нұсқасында: «...Олардың бірі мешіттен етті сүйек табатынын білсе, жамағатқа міндетті түрде келер еді», – делінген.

4. Кей ғалымдар осы хадиске сүйеніп, жамағатқа қатысу айн парыз деген үкім шығарған. Олар: «Жамағат намазы сүннет болса, оған келмегендердің үйін өртеймін деп қорқытпас еді. Кифая парыз болса, Алла елшісімен (с.а.с.) оқығандар өзгелердің атынан да міндетті өтеген болар еді», – деген. Ата, Әузағи, Ахмад, Шәфиғи, сондай-ақ хадис ғалымдары Әбу Сәур, Ибн Хузайма, Ибн әл-Мунзир және Ибн Хиббан осы пікірде болған. Бұхари осы пікірді қуаттайтын Хасан Басридің мына сөзін жеткізеді: «Анасы баласына жаны ашып, құптан намазына бармауын айтса, оған бағынбағаны жөн».

Бұл үкім жамағат намазының парыз екендігін білдіреді. Өйткені ғұламалар нәпілдерге қатысты тыйымдарда ата-анаға бағыну керектігін, ал парыздарда бағынуға міндетті еместігін бекіткен. Мәселе түсінікті болу үшін тағы да Хасан Басриден ибн Хажардың жеткізген риуаятын келтірейік: «Хасан Басриден: «Нәпіл ораза ұстаған біреуге анасы оразаңды бұз десе, не істеуі керек?» – деп сұрағанда, «Оразасын бұзады, қазасын өтемейді. Бұл кісі әрі ауыз бекіту, әрі анасына бағынудың сауабын алады», – деді. Осы сөзден кейін қайтадан: «Анасы түнгі намазды жамағатпен оқуға тыйым салса, қайтпек?» – деп сұрағанда: «Оған тыйым салатындай анасының құқы жоқ, өйткені ол парыз», – деп жауап берді. Жамағаттың үкімінде астамдыққа барып, «намаздың дұрыстығы үшін шарт» екендігін айтқандар да кездескен. Дегенмен бұл көзқарас қолдау таппаған. Шәфиғи мен оған дейінгілер, Ханафи мен Мәликилерден көптеген ғалымдар кифая парыз деген. Қалғандарының көпшілігі бекітілген сүннетке жатқызған.

Жамағатты бекітілген сүннет дегендердің түсіндірмесі:

Жоғарыдағы хадистерден жамағаттың парыз екенін айтушылардан басқа бекітілген сүннет екенін алға тартып, көзқарастарына дәлел ретінде бірқатар жорамалдар мен айғақтар келтірген. Кейбірін былай деп көрсетуге болады:

1. Олардың пікірінше, хадистің өзі жамағаттың уәжіп еместігін көрсетеді. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.) намазға келмегендердің үйлеріне өзі барғысы келген. Жамағатқа қатысу айн парыз болса, жамағатты тастап, оларға бармас еді.

Бұл уәжге: «Уәжіпті одан маңыздырақ уәжіпті орындау үшін ғана қалдыруға болады», – деп жауап берілген.

2. Егер парыз болса, жамағатқа келмегендердің үйін өртеймін деп қорқытқан кезде намазы атқарылмай қалар еді. Өйткені ол кісі сөзді (баян) уақытпен шектеді. «Сөз кейде аятқа сілтеме жасаса, кейде нақты дәлелмен жасалады. Пайғамбарымыздың “Үйлерін өртегім келді” деген сөзі жамағатқа келудің уәжіп екенін білдіреді, мәселенің маңыздылығын жеткізу үшін осы жеткілікті», – деп жауап берген.

3. Хадис жамандыққа жол бермеу ретінде келген, шындығы мұрат емес. Негізгі мақсат – әсірелеп айту. Мұны Расулалланың кәпірлерді жазамен қорқытқанымен салыстыруға болады. Негізінде, ғалымдардың бірауызды пікірінше мұндай жазамен мұсылмандар жазаланбайды.

4. Расулалланың (с.а.с.) қорқытқанымен іс жүзіне асырмауынан «Егер жамағат намазы уәжіп болса, оларды кешірмес еді» деген пікір туындаған. «Бұл әлсіз тұжырым, себебі Расулалланың жазаны орындамауы, жамағат намазының уәжіп емес екенін білдірмейді. Олар бірте-бірте бұл әдетін тастап, намазға қайта келуі мүмкін. Хадистің кейбір нұсқасында Расулалланың үйлерін өртеймін деген жаза түрін неліктен орындамағаны айтылған. Ахмад ибн Ханбалдың Әбу Һурайрадан келтірген бір риуаятында былай делінген: «...Егер үйлерде әйелдер мен балалар болмаса, түнгі намазына тұрып, жастарға намазға келмегендердің үйлерін өртеуді бұйырар едім».

5. Бұл ескерту айтылған кезде белгілі жамағат емес, тек намазға келмегендер меңзелген. Ибн Мажа келтірген Усама ибн Зәйдтің (р.а.) риуаятында да былай делінген: «Мына ер кісілер не жамағатқа келмеуді қояды, не олардың үйін қиратамын».

6. Хадис екіжүзділердің әрекетін жасамауға шақырып, соларға ұқсаудан абай болу керек деген маңызды ескерту үшін айтылған.

7. Хадис екіжүзділер жайында айтылған. Сол себепті хадистегі қорқыту жамағатқа бармауға қатысты емес, сол себепті жамағат мәселесіне жеткілікті дәлел бола алмайды. Екіжүзділердің шынайы намазы болмайтынын біле тұра, жамағатқа барып қосылмауы себепті оларды тәрбиелеуге көңіл бөлу қисынсыз» деп те айтылған. Расулалла (с.а.с.) олардың ниетін біле тұра, жүзін кері бұрып, оларды жазалаудан тартынған. Мәселен, мына сөзін солар туралы айтқан: «Мен адамдарға «Мұхаммед жолдастарын өлтіріп жатыр» деп айтқызбаймын».

Бұл пікірге де қарсылық білдіргендер: «Бұл сөз дұрыс болу үшін Расулалла (с.а.с.) “Мұнафықтарды жазаламау маған уәжіп” деуі керек. Анығында, бұлай айтқанын көрсететін ешқандай дәлел жоқ. Ендеше, оларды жазалау өз еркінде. Ендеше, Расулалланың мұнафықтарды жазалаудан бас тартуы оларды жазаламаудың уәжіптігіне дәлел емес».

Ибн Хажар мәселеге қатысты осындай пікірталасты келтіргеннен кейін былай дейді: «Менің түсінгенімше, бұл хадис мұнафықтарға қатысты. Себебі басқа хадистерінде Расулалла: «Мұнафықтарға түн мен таң намазы өте ауыр келеді», «...Олардың бірі осы екі намаздағы жақсылықтың қандай екенін білсе, еңбектеп болса да келер еді» деген. Бұл әдет кәміл мүминге емес, екіжүзділерге тән. Дегенмен бұл жердегі екіжүзділік дегенде күпірлікті қажет ететін екіжүзділік емес, күнәні қажет ететін екіжүзділік айтылып отыр. Бұған хадисте олар жайлы айтылған мына сөз дәлел: «Түнгі намаздың жамағатына қатыспайды» немесе Усама хадисіндегідей «Жамағатқа қосылмайды». Әбу Һурайрадан Язид ибн Әсам жеткізген әрі Әбу Дәуітте келетін мына риуаят бар: «...Артынан ауруы болмаса да намаздарын үйінде оқитындарға келейін». Бұл сөз анық түрде хадистерде меңзелген екіжүзділіктің күпірлік екіжүзділігі емес, күнәға себеп болатын екіжүзділік екенін көрсетеді. Себебі екіжүзді адам үйінде намаз оқымайды, халыққа көз қылып мешітте оқиды. Олар үйлеріне кірген кезде Алла Тағаланың хабар бергеніндей күпірлік пен мазақтарына көшеді.

8. Кейбірі: «Жамағатқа қатысу Исламның алғашқы кезінде екіжүзділердің намазға бармауының алдын алу үшін парыз етілген, кейіннен жойылды (насых етілді) деген.

9. Тағы бір пікір бойынша, хадисте намаз деп жұма намазы меңзелген.

Бұл пікірге: «Хадисте құптан намазы аталған. Оны жұма намазы деу дұрыс емес», – деген қарсы уәж айтылған.

Дегенмен ибн Хажар: «Бұл жерде мәселені зерделеу қажет, себебі хадистердегі ескертілген жайт жұма намазға қатысты ма, түнгі намазға қатысты ма, нақты емес», – дейді. Кейіннен мәселені анықтап былай дейді: «Бұл мәселе жайлы Әбу Һурайра ибн Үммі Мактум мен ибн Мәсғудтан келген риуаяттар уақытты білдіреді. Бұл Әбу Һурайра хадисінің кейбір нұсқаларында түнгі, кейбір нұсқаларында таң намазы, кейде екеуі де... Кейбірінде белгісіздеу. Кейбірінде жұма намазы. Бұл намаз Әбу Һурайра риуаятында жұма намазын білдіріп тұрған жоқ». Абдулла ибн Үммі Мактум хадистің де Әбу Һурайра хадисі секілді екенін айтады. Ибн Мәсғуд хадисте аталған намаздың жұма намазы екендігін анықтағанын, бұл хадистің де жеке дара риуаят екендігін айтады. Ибн Хажар жасаған түйін бойынша: «Бұл мәселені қозғайтын хадистер екі бөлек оқиғаны айтуда. Имам Нәуәуи мен Табари де осыны тұспалдаған».

  1. 1Бұхари, «Азан», 29, «Хусумат», 5, «Ахкам», 52. Мүслим, «Мәсәжид», 252 (№651). Мәлик, «Муатта», «Салатул-жамаға», 3 (1/129–130). Әбу Дәуіт, «Салат», 47 (№548–549). Тирмизи, «Салат», 162 (№217). Нәсәи, «Имамат», 49 (2/107). Арабша мәтінге ең жақын нұсқа – Мүслим, №651b.