Хадис

Жамағат намазының уәжіптігі

Кутуб ситтә, 7-том, 385-тарау · 7 хадис · № 2783–2789

Хадистер

2783
Кутуб ситтә, № 2783 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَتَى رَسُولَ اللَّهِ ﷺ رَجُلٌ أعْمَى، فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ إِنَّهُ لَيْسَ لِي قَائِدٌ يَقُودُنِي إِلَى الْمَسْجِدِ، وَسَأَلَ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ أَنْ يُرَخَّصَ لَهُ، فَلَمَّا وَلَّى دَعَاهُ ﷺ فَقَالَ لَهُ: هَلْ تَسْمَعُ النِّدَاءَ؟ قَالَ: نَعَمْ. قَالَ: فَأجِبْ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.) зағип бір кісі келіп: “Уа, Алла елшісі! Мені мешітке жетектеп әкелетін ешкім жоқ”, – деді де, намазды үйінде оқуға рұқсат сұрады. (Алла елшісі әуелі рұқсат берді.) Ол кері бұрылып кеткенде, Алла елшісі оны қайта шақырып: “Азанды естисің бе?” – деп сұрады. Кісі: “Иә”, – деді. Алла елшісі: “Ендеше, азанға үн қат”, – деді (үйінде оқуына рұқсат бермеді)».1

Түсіндірме

1. Мүслим мен Нәсәи келтірген нұсқаларда қосымша мәлімет бар. Мүслимдегі нұсқада Алла елшісінің (с.а.с.) әлгі кісіге әуелі рұқсат бергені айтылады.

2. Нәуәуи былай дейді: «Бұл хадисте «жамағатпен намаз оқу әрбір кісіге парыз» дегендерге дәлел бар. Дегенмен ғалымдардың басым көпшілігі бұл пікірге: «Әлгі кісі Расулалладан (с.а.с.) «Намазды үйінде оқыған жағдайда үзірі себепті жамағат сауабын ала ала ма?» – деп сұраған», – деп жауап берген. Өйткені үзірі бар кісіге жамағатқа бару міндетті болмайтындығы жайлы ғалымдардың бірауызды көзқарасы бар. Дегенмен Расулалланың (с.а.с.) әуелі рұқсат беріп, кейіннен бұл рұқсатты алып тастауы сол кезде келген жаңа уахи себепті болуы мүмкін немесе Расулалланың ижтиһадынан туындаған болуы мүмкін. Себебі ғұламалардың пікірінше, пайғамбарлар ижтиһад жасай алады. Ендеше, әуелі оған рұқсат берді, артынан мейлі үзірі себепті, мейлі жамағаттың басқасының келуімен орындалатын парыз кифая болуы себепті «жамағатқа келу саған уәжіп емес» дегісі келді. Сосын ол үшін ең дұрысы парыз емес мәндүп екенін білдіріп: «Сен үшін сауап жағынан да дұрысы азаншыны тыңдап, жамағатқа келуің» дегенді тұспалдап: «Олай болса, намазға кел!» – деген.

3. Хадисте аталған зағип кісі – Абдулла ибн Үммі Мәктум. Әбу Дәуіттің риуаятында оның аты анық көрсетілген.

Реті келгенде соқыр Абдулла ибн Үммі Мактумға қатысты риуаяттарда келген кейбір айырмашылықтарды айта кеткен орынды. Бұл жамағатқа үзбей барудың маңызын ұғуға көмектеседі. Ибн Хажардың айтуынша, «Расулалла бір күні түнгі намазда жамағатқа қарап: “Намазға келмегендердің барып үйлерін қиратқым келді”, – дейді. Ибн Үммі Мактум: “Уа, Расулалла, менің жағдайым, өзіңізге мәлім, жетектеп әкелетін адамым да жоқ”, – деді. Ахмад ибн Ханбалдағы риуаятта мына қосымша бар: “Мешіт пен арада ағаштар, құрмалар бар, үнемі жетектеп апаратын адам табыла бермейді”, – дейді. Расулалла (с.а.с.): “Азанды естисің бе?” – деп сұрайды: “Иә”, – дегенде: “Онда жамағатқа кел!” – деп, рұқсат бермейді». Ибн Хиббанның риуаятында азанды естігенін білгенде: «Еңбектеп болса да жамағатқа кел!» – дегені айтылады.

Ибн Хажар жалғастырып: «Ғұламалар мұны соқыр болса да Үммі Мактумға жалғыз жүріп келу қиындық тудырмайтын, себебі көп соқырлар солай жорамалдаған. Ибн Хузайм мен кейбір ғалымдар «Барлық намаздарда жамағатқа бару парыз» дегенде осы хадиске сүйенді. Жамағатқа бармау жайында рұқсат ететін өзге риуаяттардан гөрі осыны таңдаған. «Себебі рұқсат тек уәжіп болғандарға тән», – делінген. Дегенмен бұл пікір сол күйі қабылданбаған. Ибн Дақиқул-Ид мұның астарынан басқа жағдай байқаған. Ол жағдай хадистің сыртқы мәнін ұстанып, мағынаны шектегісі келмегендерге тән. «Хадис белгілі бір намаздарды меңзеген, басқа намаздарға емес тек сол намаздарға қатысудың уәжіптігін білдіреді», – дейді.

Ибн Дақиқул-Ид хадистерде таң намазы мен түнгі намазға тоқталғаны себепті өзге намаздардың табыс табу және т.б. мәселелермен шұғылданып, аталған екі уақыттың мұндай еместігін, әсіресе, кешкі намаздың уақыт аздығы себепті үйге қайту, кешкі асты жеу, ораза ұстағандар үшін ауыз ашу уақыты болғаны, ал таң мен түнгі уақыттардың ондай еместігі, бұл намаздарға келмей үшін жалқаулық болмаса басқа сылтау жоқтығын білдіреді. Осы екі намазды жамағатпен оқуды жалғастырғанда, көршілердің араластығы жақсара түседі, әрі таң намазымен бәрі жиналып жаңа күнді құлшылықпен бастаса, түнгі намазбен сол күнді құлшылықпен аяқтауға мүмкіндік табады. Әбу Һурайрадан Ажлан жеткізген Ахмад ибн Ханбалдағы риуаятта хадистердегі ескерту үйі мешітке жақын бола тұра келмегендерге арналған. Бұдан бұрын да айтылған түнгі мен таң намаздарының басқаларға емес, екіжүзділерге көбірек ауыр тиетінін айтқан хадис осы жорамалды қуаттайды.

  1. 1Мүслим, Мәсәжид: 255, (653); Нәсәи, Имамат: 50, (2, 109); Әбу Дәуіт, Салат: 47, (552).
2784
Кутуб ситтә, № 2784 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ سَمِعَ الْمُنَادِيَ فَلَمْ يَمْنَعْهُ مِنَ اتِّبَاعِهِ عُذْرٌ لَمْ تُقْبَلْ مِنْهُ الصَّلَاةُ الَّتِي صَلَّاهَا. قِيلَ: وَمَا الْعُذْرُ؟ قَالَ: خوْفٌ، أَوْ مَرَضٌ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Кім азаншыны естіп, бөгейтін орынды үзірі болмаса да, жамағатқа келмесе, оның оқыған намазы (толық сауаппен) қабыл етілмейді”, – деді. “Үзір деген не?” – деп сұрағанда: “Қорқыныш немесе ауру”, – деп жауап берді».1

Түсіндірме

Хадистің сыртқы мағынасына қарағанда, жамағатқа қатысу – намаздың дұрыс болуының шарты. Алайда ғалымдардың көпшілігі осы тақырыптағы риуаяттарды түгел қарастырып, намаздың дұрыстығын жамағатқа қатысумен шарттамаған. Мысалы, жамағат туралы алғашқы хадистерде (№2778–2779) жеке оқылған намаздың сауабы жамағатпен оқылған намаздан жиырма бес есе немесе жиырма жеті дәреже кем болғанымен, намаз ретінде қабыл болатыны аңғарылады. Сондықтан бұл хадистегі «қабыл етілмейді» деген сөзді ғалымдар «толық сауаппен қабыл етілмейді» деп түсіндірген. Аудармада осы мағына жақша ішінде берілді.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 47 (551).
2785
Кутуб ситтә, № 2785 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أثْقَلُ صَلَاةٍ عَلَى الْمُنَافِقِينَ صَلَاةُ الْعِشَاءِ، وَصَلَاةُ الْفَجْرِ، وَلَوْ يَعْلَمُونَ مَا فِيهِمَا لَأتَوْهُمَا وَلَوْ حَبْوًا وَلَقَدْ هَمَمْتُ أَنْ آمُرَ بِالصَّلَاةِ فَتُقَامَ، ثُمَّ آمُرَ رَجُلًا يُصَلِّي بِالنَّاسِ، ثُمَّ أَنْطَلِقُ مَعِي بِرِجَالٍ مَعَهُمْ حِزَمٌ مِنْ حَطَبٍ إِلَى قَوْمٍ لَا يَشْهَدُونَ الصَّلَاةَ فَأُحَرِّقَ عَلَيْهِمْ بُيُوتَهُمْ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ. «الْحَبْوُ» الْمَشْيُ عَلَى الْأيْدِي وَ الرَّكْبِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Мұнафықтарға ең ауыр тиетін намаздар – құптан мен таң намаздары. Осы екеуінің сауабын білсе, еңбектеп болса да келер еді. Намазға қамат айтқызып, бір кісіге жұртқа намаз оқытуды тапсырып, сосын қолдарына бір-бір бау отын ұстаған адамдарды ертіп, намазға келмеген жұртқа барып, үйлерін өздерімен қоса өртеп жіберуді ойладым”, – деді».1

Түсіндірме

1. Осыған ұқсас риуаяттың соңында: «...Шамасы жете тұра намазға келмегендердің үйлерін қиратайын», – деген қосымша бар.

2. Хадис бірнеше нұсқада, түрлі қосымшалармен жеткен. Кей нұсқада Алла елшісі (с.а.с.) намазға келмегендердің үйлерін өртеуді ойлағанын «Жанымды құдірет қолында ұстаған Алланың атымен ант етемін» деп, антпен бекіткен.

3. Алла елшісі (с.а.с.) жамағаттан жалтаратын екіжүзділердің осы мінезін сынаған. Хадистің бір нұсқасында: «...Олардың бірі мешіттен етті сүйек табатынын білсе, жамағатқа міндетті түрде келер еді», – делінген.

4. Кей ғалымдар осы хадиске сүйеніп, жамағатқа қатысу айн парыз деген үкім шығарған. Олар: «Жамағат намазы сүннет болса, оған келмегендердің үйін өртеймін деп қорқытпас еді. Кифая парыз болса, Алла елшісімен (с.а.с.) оқығандар өзгелердің атынан да міндетті өтеген болар еді», – деген. Ата, Әузағи, Ахмад, Шәфиғи, сондай-ақ хадис ғалымдары Әбу Сәур, Ибн Хузайма, Ибн әл-Мунзир және Ибн Хиббан осы пікірде болған. Бұхари осы пікірді қуаттайтын Хасан Басридің мына сөзін жеткізеді: «Анасы баласына жаны ашып, құптан намазына бармауын айтса, оған бағынбағаны жөн».

Бұл үкім жамағат намазының парыз екендігін білдіреді. Өйткені ғұламалар нәпілдерге қатысты тыйымдарда ата-анаға бағыну керектігін, ал парыздарда бағынуға міндетті еместігін бекіткен. Мәселе түсінікті болу үшін тағы да Хасан Басриден ибн Хажардың жеткізген риуаятын келтірейік: «Хасан Басриден: «Нәпіл ораза ұстаған біреуге анасы оразаңды бұз десе, не істеуі керек?» – деп сұрағанда, «Оразасын бұзады, қазасын өтемейді. Бұл кісі әрі ауыз бекіту, әрі анасына бағынудың сауабын алады», – деді. Осы сөзден кейін қайтадан: «Анасы түнгі намазды жамағатпен оқуға тыйым салса, қайтпек?» – деп сұрағанда: «Оған тыйым салатындай анасының құқы жоқ, өйткені ол парыз», – деп жауап берді. Жамағаттың үкімінде астамдыққа барып, «намаздың дұрыстығы үшін шарт» екендігін айтқандар да кездескен. Дегенмен бұл көзқарас қолдау таппаған. Шәфиғи мен оған дейінгілер, Ханафи мен Мәликилерден көптеген ғалымдар кифая парыз деген. Қалғандарының көпшілігі бекітілген сүннетке жатқызған.

Жамағатты бекітілген сүннет дегендердің түсіндірмесі:

Жоғарыдағы хадистерден жамағаттың парыз екенін айтушылардан басқа бекітілген сүннет екенін алға тартып, көзқарастарына дәлел ретінде бірқатар жорамалдар мен айғақтар келтірген. Кейбірін былай деп көрсетуге болады:

1. Олардың пікірінше, хадистің өзі жамағаттың уәжіп еместігін көрсетеді. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.) намазға келмегендердің үйлеріне өзі барғысы келген. Жамағатқа қатысу айн парыз болса, жамағатты тастап, оларға бармас еді.

Бұл уәжге: «Уәжіпті одан маңыздырақ уәжіпті орындау үшін ғана қалдыруға болады», – деп жауап берілген.

2. Егер парыз болса, жамағатқа келмегендердің үйін өртеймін деп қорқытқан кезде намазы атқарылмай қалар еді. Өйткені ол кісі сөзді (баян) уақытпен шектеді. «Сөз кейде аятқа сілтеме жасаса, кейде нақты дәлелмен жасалады. Пайғамбарымыздың “Үйлерін өртегім келді” деген сөзі жамағатқа келудің уәжіп екенін білдіреді, мәселенің маңыздылығын жеткізу үшін осы жеткілікті», – деп жауап берген.

3. Хадис жамандыққа жол бермеу ретінде келген, шындығы мұрат емес. Негізгі мақсат – әсірелеп айту. Мұны Расулалланың кәпірлерді жазамен қорқытқанымен салыстыруға болады. Негізінде, ғалымдардың бірауызды пікірінше мұндай жазамен мұсылмандар жазаланбайды.

4. Расулалланың (с.а.с.) қорқытқанымен іс жүзіне асырмауынан «Егер жамағат намазы уәжіп болса, оларды кешірмес еді» деген пікір туындаған. «Бұл әлсіз тұжырым, себебі Расулалланың жазаны орындамауы, жамағат намазының уәжіп емес екенін білдірмейді. Олар бірте-бірте бұл әдетін тастап, намазға қайта келуі мүмкін. Хадистің кейбір нұсқасында Расулалланың үйлерін өртеймін деген жаза түрін неліктен орындамағаны айтылған. Ахмад ибн Ханбалдың Әбу Һурайрадан келтірген бір риуаятында былай делінген: «...Егер үйлерде әйелдер мен балалар болмаса, түнгі намазына тұрып, жастарға намазға келмегендердің үйлерін өртеуді бұйырар едім».

5. Бұл ескерту айтылған кезде белгілі жамағат емес, тек намазға келмегендер меңзелген. Ибн Мажа келтірген Усама ибн Зәйдтің (р.а.) риуаятында да былай делінген: «Мына ер кісілер не жамағатқа келмеуді қояды, не олардың үйін қиратамын».

6. Хадис екіжүзділердің әрекетін жасамауға шақырып, соларға ұқсаудан абай болу керек деген маңызды ескерту үшін айтылған.

7. Хадис екіжүзділер жайында айтылған. Сол себепті хадистегі қорқыту жамағатқа бармауға қатысты емес, сол себепті жамағат мәселесіне жеткілікті дәлел бола алмайды. Екіжүзділердің шынайы намазы болмайтынын біле тұра, жамағатқа барып қосылмауы себепті оларды тәрбиелеуге көңіл бөлу қисынсыз» деп те айтылған. Расулалла (с.а.с.) олардың ниетін біле тұра, жүзін кері бұрып, оларды жазалаудан тартынған. Мәселен, мына сөзін солар туралы айтқан: «Мен адамдарға «Мұхаммед жолдастарын өлтіріп жатыр» деп айтқызбаймын».

Бұл пікірге де қарсылық білдіргендер: «Бұл сөз дұрыс болу үшін Расулалла (с.а.с.) “Мұнафықтарды жазаламау маған уәжіп” деуі керек. Анығында, бұлай айтқанын көрсететін ешқандай дәлел жоқ. Ендеше, оларды жазалау өз еркінде. Ендеше, Расулалланың мұнафықтарды жазалаудан бас тартуы оларды жазаламаудың уәжіптігіне дәлел емес».

Ибн Хажар мәселеге қатысты осындай пікірталасты келтіргеннен кейін былай дейді: «Менің түсінгенімше, бұл хадис мұнафықтарға қатысты. Себебі басқа хадистерінде Расулалла: «Мұнафықтарға түн мен таң намазы өте ауыр келеді», «...Олардың бірі осы екі намаздағы жақсылықтың қандай екенін білсе, еңбектеп болса да келер еді» деген. Бұл әдет кәміл мүминге емес, екіжүзділерге тән. Дегенмен бұл жердегі екіжүзділік дегенде күпірлікті қажет ететін екіжүзділік емес, күнәні қажет ететін екіжүзділік айтылып отыр. Бұған хадисте олар жайлы айтылған мына сөз дәлел: «Түнгі намаздың жамағатына қатыспайды» немесе Усама хадисіндегідей «Жамағатқа қосылмайды». Әбу Һурайрадан Язид ибн Әсам жеткізген әрі Әбу Дәуітте келетін мына риуаят бар: «...Артынан ауруы болмаса да намаздарын үйінде оқитындарға келейін». Бұл сөз анық түрде хадистерде меңзелген екіжүзділіктің күпірлік екіжүзділігі емес, күнәға себеп болатын екіжүзділік екенін көрсетеді. Себебі екіжүзді адам үйінде намаз оқымайды, халыққа көз қылып мешітте оқиды. Олар үйлеріне кірген кезде Алла Тағаланың хабар бергеніндей күпірлік пен мазақтарына көшеді.

8. Кейбірі: «Жамағатқа қатысу Исламның алғашқы кезінде екіжүзділердің намазға бармауының алдын алу үшін парыз етілген, кейіннен жойылды (насых етілді) деген.

9. Тағы бір пікір бойынша, хадисте намаз деп жұма намазы меңзелген.

Бұл пікірге: «Хадисте құптан намазы аталған. Оны жұма намазы деу дұрыс емес», – деген қарсы уәж айтылған.

Дегенмен ибн Хажар: «Бұл жерде мәселені зерделеу қажет, себебі хадистердегі ескертілген жайт жұма намазға қатысты ма, түнгі намазға қатысты ма, нақты емес», – дейді. Кейіннен мәселені анықтап былай дейді: «Бұл мәселе жайлы Әбу Һурайра ибн Үммі Мактум мен ибн Мәсғудтан келген риуаяттар уақытты білдіреді. Бұл Әбу Һурайра хадисінің кейбір нұсқаларында түнгі, кейбір нұсқаларында таң намазы, кейде екеуі де... Кейбірінде белгісіздеу. Кейбірінде жұма намазы. Бұл намаз Әбу Һурайра риуаятында жұма намазын білдіріп тұрған жоқ». Абдулла ибн Үммі Мактум хадистің де Әбу Һурайра хадисі секілді екенін айтады. Ибн Мәсғуд хадисте аталған намаздың жұма намазы екендігін анықтағанын, бұл хадистің де жеке дара риуаят екендігін айтады. Ибн Хажар жасаған түйін бойынша: «Бұл мәселені қозғайтын хадистер екі бөлек оқиғаны айтуда. Имам Нәуәуи мен Табари де осыны тұспалдаған».

  1. 1Бұхари, «Азан», 29, «Хусумат», 5, «Ахкам», 52. Мүслим, «Мәсәжид», 252 (№651). Мәлик, «Муатта», «Салатул-жамаға», 3 (1/129–130). Әбу Дәуіт, «Салат», 47 (№548–549). Тирмизи, «Салат», 162 (№217). Нәсәи, «Имамат», 49 (2/107). Арабша мәтінге ең жақын нұсқа – Мүслим, №651b.
2786
Кутуб ситтә, № 2786 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «لَقَدْ رَأَيْتُنَا وَمَا يَتَخَلَّفُ عَنِ الصَّلَاةِ إِلَّا مُنَافِقٌ قَدْ عُلِمَ نِفَاقُهُ أَوْ مَرِيضٌ. إِنْ كَانَ الْمَرِيضُ لَيَمْشِي بَيْنَ الرَّجُلَيْنِ حَتَّى يَأْتِيَ الصَّلَاةَ. وَقَالَ: إِنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ عَلَّمَنَا سُنَنَ الْهُدَى وَإِنَّ مِنْ سُنَنِ الْهُدَى الصَّلَاةَ فِي الْمَسْجِدِ الَّذِي يُؤَذَّنُ فِيهِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Байқағаным, арамызда екіжүзділігі белгілі мұнафық пен науқастан басқа ешкім жамағат намазынан қалмайтын. Тіпті науқастың өзі екі кісінің сүйемелдеуімен намазға келетін».

Ибн Мәсғуд сөзін былай жалғады: «Алла елшісі (с.а.с.) бізге тура жолдың сүннеттерін үйретті. Азан айтылатын мешітте намаз оқу – сол сүннеттердің бірі».

2787
Кутуб ситтә, № 2787 · тараудағы реті: 5

زَادَ أَبُو دَاوُدَ: «وَمَا مِنْكُمْ مِنْ أَحَدٍ إِلَّا وَلَهُ مَسْجِدٌ فِي بَيْتِهِ، وَلَوْ صَلَّيْتُمْ فِي بُيُوتِكُمْ وَتَرَكْتُمْ مَسَاجِدَكُمْ تَرَكْتُمْ سُنَّةَ نَبِيِّكُمْ، وَلَوْ تَرَكْتُمْ سُنَّةَ نَبِيِّكُمْ لَكَفَرْتُمْ».

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіттің риуаятында мынадай қосымша бар: «Әрқайсыңның үйіңде намаз оқитын орын бар. Намаздарыңды үйде оқып, мешіттеріңді тастасаңдар, пайғамбарларыңның сүннетін тастаған боласыңдар. Ал пайғамбарларыңның сүннетін тастасаңдар, күпірлікке ұрынасыңдар».1

Түсіндірме

1. Ибн Дәйбағ Әбу Дәуіт бір хадис ретінде келтірген риуаятты екіге бөліп берген. Риуаяттың бір бөлігі де түсіп қалған. Әбу Дәуіттегі толық нұсқаның аудармасы мынадай: «Ибн Мәсғуд былай дейді: “Бес уақыт намазды азан айтылған жерде оқыңдар. Бұл – тура жолдың сүннеттерінің бірі. Ұлы әрі айбынды Алла өз пайғамбарына (с.а.с.) тура жолдың сүннеттерін шариғат етіп бекітті. Арамызда екіжүзділігі анық мұнафықтан басқа ешкімнің намаздан қалмағанын көрдім. Тіпті науқас адам екі кісінің сүйемелдеуімен келіп, саптан өз орнын алатын. Әрқайсыңның үйіңде намаз оқитын орын бар. Намаздарыңды үйде оқып, мешіттеріңді тастасаңдар, пайғамбарларыңның (с.а.с.) сүннетін тастаған боласыңдар. Ал пайғамбарларыңның сүннетін тастасаңдар, күпірлікке ұрынасыңдар”».

2. «Сүнәнул-һуда» тіркесі «Сәнәнул-һуда» деп те жеткізілген. Екеуі де мағыналас әрі «тура жолдар» дегенді білдіреді.

3. Науқас адамның екі кісінің сүйемелдеуімен мешітке келуі жамағат намазына қаншалықты мән берілгенін көрсетеді.

4. Түсіндірмеге сәйкес, хадистегі «мұнафық» сөзі күпірлігін жасырып, өзін мұсылман етіп көрсеткен кісіні білдірмейді. Мұндай адам кәпір саналады. Егер осы мағына меңзелсе, жамағатқа қатысу парыз саналар еді әрі хадистің соңы басындағы оймен үйлеспес еді.

Әли әл-Қаридің пайымынша, хадисте екіжүзділіктің жамағаттан қалуға себеп болғаны айтылған. Бұдан жамағат намазының уәжіп екені аңғарылады. Жорамалға негізделген дәлелмен парыз бекітілмейді. Нәуәуи бұл риуаятты Алла елшісінің (с.а.с.) «үйлерін өртеп жібергім келеді» деп ескерткен адамдары мұнафықтар болғанына дәлел санайды (№2785 хадис).

5. Жамағат намазын уәжіп санайтын ғалымдардың пікірінше, хадистегі «пайғамбарларыңның сүннеті» деген сипаттама жамағаттың үкімі тек сүннет екенін дәлелдемейді. «Сүнәнул-һуда» тіркесінің тілдік мағынасы кең, уәжіпті де, парызды да қамтиды. Оның үстіне бұл уәжіп сүннетпен, яғни хадиспен бекітілгендіктен, оны сүннет деп атау орынды.

6. Хадисте жамағат намазын тастау күпірлік деп аталған. Біз мұны нығметке шүкірсіздік ету, яғни жамағатпен оқудың сауабы мен Алланың берген игілігін бағаламау, оны жоққа шығарғандай әрекет ету деп түсіндік. Ал Хаттаби секілді ғалымдар: «Жамағатты тастау адамды бірте-бірте күпірлікке жетелейді. Осылайша ол исламнан біртіндеп алыстап, ақырында діннен шығып кетеді», – деп түсіндірген.

Кейбір ғалымдар бұл хадисті жамағат намазының уәжіп екеніне дәлел еткен.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», 47 (№550). Мағыналас нұсқалары: Мүслим, «Мәсәжид», 256 (№654); Нәсәи, «Имамат», 50 (2-том, 108–109-беттер).
2788
Кутуб ситтә, № 2788 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «وَسُئِلَ عَنْ رَجُلٍ يَصُومُ النَّهَارَ، وَيَقُومُ اللَّيْلَ، وَلَا يَشْهَدُ الْجَمَاعَةَ، وَلَا الْجُمُعَةَ، فَقَالَ: هَذَا مِنْ أهْلِ النَّارِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббастан (р.а.) күндіз ораза ұстап, түнде намаз оқитын, бірақ жамағат пен жұма намазына келмейтін бір адам жайлы сұрағанда, ол: «Бұл – тозақтықтардың бірі», – деп жауап берді.1

Түсіндірме

1. Бұл хадис – жамағат намазын әркімге жеке парыз деп санайтындардың дәлелдерінің бірі. Олар: «Жамағатқа қатысу сүннет болса, одан қалған адам тозақпен ескертілмес еді. Ал кифая парыз болса, Алла елшісі (с.а.с.) мен жанындағылар оны орындаған соң өзгелердің мойнынан міндет түсер еді. Сонда жамағаттан қалғандарға мұндай ескерту жасалмас еді», – деген.

2. Тирмизи хадисті былай түсіндіреді: «Жамағат пен жұма намазын жақтырмай, елемей, қадірін түсіргендіктен бармағандарға тозақ ескертілген».

  1. 1Тирмизи, Салат: 162, (218).
2789
Кутуб ситтә, № 2789 · тараудағы реті: 7

وَعَنْ أُمِّ الدَّرْدَاءِ قَالَتْ: «دَخَلَ عَلَيَّ أَبُو الدَّرْدَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا وَهُوَ مُغْضَبٌ فَقُلْتُ: مَا أَغْضَبَكَ؟ فَقَالَ: وَاللَّهِ مَا أَعْرِفُ مِنْ أَمْرِ مُحَمَّدٍ ﷺ شَيْئًا إِلَّا أَنَّهُمْ يُصَلُّونَ جَمِيعًا». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Үммі Дәрда (р.а.) былай дейді: «Әбу Дәрда (р.а.) алдыма ашулы күйде келді. Одан: “Неге ашуландың?” – деп сұрадым. Ол: “Алламен ант етемін, олардың жамағатпен намаз оқитынынан басқа Мұхаммедтің (с.а.с.) жолынан қалған ештеңе көріп тұрған жоқпын”, – деп жауап берді».1

Түсіндірме

1. Бұл хадис алғашқы мұсылмандардың көзге түсер қасиеттерінің бірі жамағатпен намаз оқу болғанын аңғартады. Түсіндірмешілер Алла елшісінің (с.а.с.) бұйрығына қалтқысыз ерген мұсылмандардың намаздарын үнемі жамағатпен оқығанын айтады. Ибн Хажар: «Алла елшісінің (с.а.с.) заманында адамдардың жайы ол дүниеден өткеннен кейінгі кезеңге қарағанда әлдеқайда жақсы еді. Әбу Бәкір мен Омардың (р.а.) дәуірі де өзінен кейінгі кезеңнен жақсы болды. Әбу Дәрда бұл сөзді өмірінің соңына қарай айтқан. Ол кез Османның (р.а.) халифалық дәуірінің аяқ шеніне сәйкес келеді», – дейді.

2. Хадис дін ісінде өзгеріс болып, мүмін оған тосқауыл қоя алмаса, кемінде наразылығын білдіре алатынын көрсетеді.

  1. 1Бұхари, Азан: 31.