Хадис

Кутуб ситтә, № 2659

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
367. Алла елшісінің намаз оқу үлгісі
Нөмірі
№ 2659 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
2659
Кутуб ситтә, № 2659 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әли

وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مِفْتَاحُ الصَّلَاةِ الطَّهُورُ، وَتَحْرِيمُهَا التَّكْبِيرُ، وَتَحْلِيلُهَا التَّسْلِيمُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِي.

Қазақша аудармасы

Әли (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Намаздың кілті – тазару. Намаздан тыс амалдарды тыйымға айналдыратын – бастапқы тәкбір, ал оларды қайта рұқсат ететін – соңғы сәлем».1

Түсіндірме

1. Намазға тұру үшін тазару шарт. Сол себепті Алла елшісі (с.а.с.) оны бейнелі түрде кілт деген. Нәуәуи былай дейді: «Үмбет ғалымдары сумен немесе топырақпен тазармай намаз оқу харам екеніне бірауыздан келіскен. Бұл парыз бен нәпіл намазға, тілауат пен шүкір сәждесіне, жаназа намазына бірдей қатысты. Жаназа жайында Шағби мен Мұхаммед ибн Жәрир әт-Табариден “Жаназа намазын дәретсіз оқуға болады” деген бөлек пікір жеткен. Алайда ғалымдар бұл пікірді жарамсыз деп санаған. Кісі себепсіз әрі біле тұра дәретсіз намаз оқыса, күнәға қалады. Біздің Шәфиғи мәзһабымызда да, көпшілік ғалымдардың пікірінде де оны кәпір демейді. Әбу Ханифадан жеткен бір пікірде шариғатты ойынға айналдырғаны үшін кәпір деп есептеледі».

2. Намазды бастайтын ифтитах тәкбірін «тахрим» деп атайды. Осы тәкбірден намаз басталып, сөйлеу, күлу, ішіп-жеу және дүниелік іспен айналысу секілді намазға жатпайтын әрекеттерге тыйым салынады.

Намаз соңындағы сәлем «тахлил» деп аталады. Сәлемнен кейін намаз үстіндегі тыйымдар алынады. Хадисте وَإِحْرَامُهَا التَّكْبِيرُ وَإِحْلَالُهَا التَّسْلِيمُ «Намаздың ихрамы – тәкбір, ихлалы – сәлем» делінген. Намаз тыйымдарын бастайтын тәкбір қажылық тыйымдарын бастайтын ихрамға ұқсатылған. Ифтитах тәкбірін «тахрима» деп те атайды.

  1. 1Әбу Дәуіт, Таһарат: 31, (61); Тирмизи, Таһарат: 3, (3).