وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّهُ كَانَ يَقُولُ: مِنَ السُّنَّةِ إخْفَاءُ التَّشَهُّدِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِي.
Қазақша аудармасы
Ибн Мәсғудтан (р.а.) мына сөз жеткен: «Тәшәһһудті дауыстамай оқу – сүннет».1
Түсіндірме
Бұл риуаят тәшәһһудті дауыстамай оқудың сүннет екенін білдіреді. Ол – сахабаның сөзі, бірақ үкімі жағынан мәрфуғ. Хадис пен фиқһ ғалымдары сахабаның «Бұл – сүннет» деген хабарын осы тұрғыдан түсіндірген. Айшадан (р.а.) жеткен риуаятта мына аяттың тәшәһһудке қатысты түскені айтылған: ﴿وَلَا تَجْهَرْ بِصَلَاتِكَ وَلَا تُخَافِتْ بِهَا وَٱبْتَغِ بَيْنَ ذَٰلِكَ سَبِيلًا﴾ «Әрі намаз оқығаныңда дауысыңды қатты шығарма, әрі тым бәсеңдетіп те жіберме, екеуінің ортасындағы жолды ұстан.»2