1. «Тәшәһһуд» сөзі тілдік тұрғыдан «куәлік ету» дегенді білдіреді. Ол «Әшһәду ән лә иләһа иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһу уә расулуһ» деп айтылады. Бұл сөздермен адам Алланың бірлігін, Мұхаммедтің пайғамбарлығын мойындап, мұсылман екенін білдіреді. Оны шын көңілмен айтқан кісі иман келтірген саналады. Ислам сенімінің негізін ықшам қамтыған бұл куәлік сөздің қадірі жоғары. Оны жиі айту насихат етіліп, ол ең абзал зікірлердің қатарына қосылған.
2. Тәшәһһуд – намаздағы отырыста оқылатын зікірдің атауы.
3. Тәшәһһуд деп осы дұға оқылатын отырысты да атайды. Отырыста өзге дұғалар да оқылса да, оның атауы тәшәһһуд болып орныққан. Бұл отырыс «жәлсә» немесе «қағда» деп те аталады. Үш және төрт рәкатты намазда екі тәшәһһуд, екі рәкатты намазда бір тәшәһһуд оқылады.
4. Жоғарыда айтылған риуаяттар намаздағы отырыста айтылатын дұғаларды білдіреді. Расулалладан (с.а.с.) жеткен риуаяттарға қарайтын болсақ, тәшәһһудтің сөздерінде айырмашылықтар бар. Сол себепті Шәфиғилер қабылдаған риуаят пен Ханафилер қабыл еткен риуаят арасында кейбір айырмашылықтар кездеседі. Алайда «бірінші отырыста оқылатын тәшәһһуд пен екінші отырыстағы тәшәһһудтің айырмашылығы» деген нақты мәселе жоқ. Бұхаридің: «Бірінші отырыстағы тәшәһһуд» деп екіге бөліп қарастыруы ол дұғаның мәтініндегі айырмашылықтан тумаған, сол тәшәһһудтің үкіміне байланысты солай бөлген. Өйткені кейбір ғалымдар екінші отырыста оқылатын әттәхиятты «уәжіп» деп бекітсе, біріншісіне ондай үкім бермеген. Ілгергі ғалымдардан Омар ибн әл-Хаттаб, Хасан Басри, Шәфиғи, бір риуаятта Ахмад ибн Ханбал, Ләйс, Исхақ, Табари (р.а.) «уәжіп» деп үкім берген адамдардың қатарына кіреді. Ханафилер: «Тәшәһһуд және одан кейін оқылатын салауат – мұстахаб, бір әттәхият оқылатындай уақыт отыру уәжіп» деп үкім айтқан.
Ханафилер Ибн Мәсғуд (р.а.) жеткізген тәшәһһудті, ал Шәфиғилер №2628 хадистегі Ибн Аббас (р.а.) жеткізген нұсқаны негізге алады. Ибн Мәсғуд бұл дұғаны Алла елшісінен (с.а.с.) сөзбе-сөз үйренгенін және Пайғамбарымыз оны жұртқа үйретуді бұйырғанын айтады. Ахмад ибн Ханбал да Ибн Мәсғудтың риуаятын, ал имам Мәлик Ибн Омардың риуаятын негізге алған.
Ғалымдар риуаятпен жеткен тәшәһһудтердің кез келгенін оқуға болатынына келіскен.
5. Автор тәшәһһуд дұғасын Алла елшісінің (с.а.с.) Миғраж түнінде Алламен сұхбаттасқан сәтімен байланыстырады. Сол түсіндірме бойынша, жұрт атынан елші болып таңдалған Пайғамбарымыз Аллаға жақындық мәртебесіне жеткенде, Алланың құлдары атынан: «Тағзым, ізгі сөздер мен құлшылық Аллаға тән», – деп сәлем береді. Раббысы: «Уа, Пайғамбар! Саған Алланың сәлемі, рақымы мен берекесі болсын», – деп жауап қатады. Елші өзіне және сол сәтте өзі өкіл болған құлдарға амандық тілеп: «Бізге және Алланың ізгі құлдарына сәлем болсын!» – дейді. Осы сұхбатқа куә болған Жәбірейіл (а.с.): «Алладан басқа құдай жоқ екеніне және Мұхаммед Алланың елшісі екеніне куәлік етемін», – дейді. Осылайша мүміннің миғражы іспетті намаздағы тәшәһһуд жүрегі сергек адамға Алла елшісінің құлшылық ғұмырындағы ең биік белесті күн сайын бес рет еске түсіреді.
6. Тәшәһһудтегі кейбір сөздердің мағынасы
• «Әт-тахият» – «тахия» сөзінің көпше түрі. Ол «сәлем» дегенді білдіреді. Ғалымдар бұл сөзге «мәңгілік», «ұлылық», «апат пен кемістіктен амандық», «патша» деген де мағына берген. Әбу Сағид әд-Дарир тахияның патшаның өзі емес, оған сәлем бергенде қолданылатын сөз екенін айтқан. Хаттаби оны арабтардың патшаларына ғана айтқан арнаулы сәлемі деп түсіндірген. Ибн Құтайбаның пікірінше, әр патшаның өзіне тән сәлемі болғандықтан, сөз көпше түрде келген. Хаттаби мен Бағауидің түсіндіруінше, патшаларға айтылған сөздерден тағзым мағынасы ғана алынып, «Барша тағзым Аллаға тән» делінген.
Мұхибб әт-Табари осы түсіндірмелерді жинақтап, «тахия» сөзі аталған мағыналардың бәрін қамтуы мүмкін деген.
Саид Нұрси «тахият» сөзін барлық тіршілік иесінің өз ғұмырымен білдірген тәсбихі деп түсіндіреді. Миғраж түні Алла елшісі (с.а.с.) сәлем орнына «Әт-тахияту лилләһи» деген. Мұның мәні: «Уа, Раббым! Бар тіршілік иесінің өз өмірімен білдірген тәсбихі және Жаратушысына табиғатымен ұсынған тартулары Өзіңе ғана тән. Мен де оларды ойыма алып, иманыммен Өзіңе ұсынамын».
• «Әс-салауат» – «салат» сөзінің көпше түрі. «Дұға» мағынасында қолданылады, бес уақыт намазды да білдіреді. Кеңірек мағынада шариғатта бекітілген парыз, уәжіп және нәпіл құлшылықтардың бәрін қамтиды. Кей ғалым оны күллі ғибадат деп түсіндірген. Тағы бір топ «әт-тахият» сөзбен, «әс-салауат» іспен атқарылатын құлшылықтарды, «әт-тайибат» мал-мүлікпен берілетін садақаларды білдіреді деген. Саид Нұрси «әс-салауатты» барлық жан иесіне тән құлшылықтар деп түсіндірген.
• «Әт-тайибат» – «тайиба» сөзінің көпше түрі. Ол жақсы, таза, көңілге жағымды нәрселерді білдіреді. Ибн Хажар оны «сөздің көркемі» деп түсіндірген. Осы хадисте ол Алланы мадақтауға лайық сөздерді білдіреді. Патшаларға айтылған мадақтың Алланың сипаттарына сай келмейтіні мұның аясына кірмейді. Ғалымдар «тайибатқа» мынадай мағыналар да берген.
• Алланы еске алу.
• Дұға, мадақ секілді ізгі сөздер.
• Ізгі істер. Бұл кең мағынаға сөз, іс және сипат та кіреді.
Ибн Дақиқ әл-Ид былай дейді: «Тахияны сәлем мағынасында ұқсақ, патшаларға көрсетілген тағзымның бәрі Аллаға тән деген сөз. Оны мәңгілік деп ұқсақ, оның Аллаға тән екені анық, өйткені мәңгі қалатын – бір Алла. Шынайы билік пен кемел ұлылық та солай. Салат белгілі құлшылықты не құлшылықтың барлық түрін білдірсе, оны Аллаға ғана бағыштау қажет. Рақым мағынасында ұқсақ, кемел рақым Аллаға тән, Ол қалағанына рақым етеді. Дұға мағынасында алсақ, мәні айқын. Мен “әт-тайибатты” сөзге қатысты түсіндірдім. Оны сөзді, істі және сипатты түгел қамтитын кең мағынада ұққан абзалырақ болуы мүмкін».
Құртуби былай дейді: «“Аллаға тән” деген لِلَّهِ сөзі құлшылықты бір Аллаға ықыласпен арнауды еске салады. Сондай-ақ патшалардың билігі мен осы жерде аталғанның бәрі ақиқатында Аллаға тиесілі екенін мойындау мағынасы болуы мүмкін».
• «Әс-сәләм». Ғалымдар «сәләмді» амандықты білдіретін қимыл атауы деп түсіндіреді. Оның мағынасы – айыптан, апаттан, кемшілік пен жамандықтан аман болу. Ол – Алланың көркем есімдерінің бірі. Аллаға қатысты «кемшіліктен пәк» дегенді білдіреді. «Әссәләму аләйкә» сөзі – жамандық пен бәле-жаладан аман болуды тілеген дұға. Кейбір ғалымдар оны «Әс-Сәләм есімінің шарапаты саған болсын» деген ізгі тілек деп те түсіндірген.
«Сәләм» сөзіне әлиф-ләм жалғанып, ол «әс-сәләм» түріндегі айқын атауға айналған. Әлиф-ләмді белгілі сәлемге меңзеу деп алсақ, мағынасы: «Уа, Пайғамбар, бұрынғы пайғамбарлар мен елшілерге берілген сәлем саған да болсын. Бұрынғы үмбеттерге берілген сәлем бізге және бауырларымызға да болсын». Оны жалпы мағынада түсінсек, баршаға мәлім шынайы сәлем саған да, бізге де болсын деген сөз.
Хаким әт-Тирмизи былай дейді: «Намаздағы бұл сәлем – тозақтан аман қалуды тілеген дұға. Одан үлес алғысы келген кісі ізгі болуы керек. Әйтпесе бұл ұлы игіліктен құр қалады». Факиһани намаз оқушы осы сөздерді айтқанда пайғамбарларды, періштелерді және мүміндерді еске алса, сөзі ниетіне сай келетінін айтқан. Ғалымдар әттәхияттың мағынасына және содан туындайтын сауалдарға кеңінен тоқталған. Бұл жерде мәселені созбай, бөлім соңында Саид Нұрсидің түсіндірмесін келтіреміз.
7. Тәшәһһудтен кейінгі дұға
№2623 және №2624 риуаяттарда соңғы отырыста тәшәһһудтен кейін қалаған мадақ пен дұғаны айтуға рұқсат етілген. Кейінгі риуаяттарда сондай дұғалардың үлгілері берілген. №2626 риуаятта тәшәһһудті оқып болған соң тұруға да болатыны айтылған.
Осы риуаяттарға сүйенсек, соңғы отырыста тәшәһһудтен кейін мадақ айтып, дұға етуге болады. Дұғаны тиісті шеңберде таңдауға ерік берілген. Қалаған адам дұға оқымай-ақ қоя алады. Ханафи дереккөздерінде бұл дұғалардың Құранда келуі немесе хадисте бекітілуі шарт деп көрсетілген.