وَعَنْ عُقْبَةَ بْنِ عَامِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «لَا يَحِلُّ لِامْرِئٍ مُسْلِمٍ يَبِيعُ سِلْعَةً يَعْلَمُ أَنَّ بِهَا دَاءً إِلَّا أَخْبَرَ بِهِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ فِي تَرْجَمَةِ بَابٍ.
Уқба ибн Амир (р.а.): «Мұсылманға өзі білетін тауар кемшілігін сатып алушыға айтпай сату адал болмайды», – деген. Бұхари бұл сөзді бір тараудың тақырыбында келтірген.1
Түсіндірме
Бұл риуаят Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ел басшысы ретінде базарды ара-тұра аралап, сауда барысын тексергенін көрсетеді. Ол базарға сауда жасау үшін келген кезінің өзінде бақылау жүргізген. Бұл істің мемлекет назарында болуы керектігі де осыдан аңғарылады.
Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бидайдың дымқылын жасырмауды талап етуінен, сатушының үйіндіні тұтас сатпақ болғанын аңғаруға болады. Егер ол бидайды өлшеп, бөліп сатса, астындағы дымқыл бидай көрінер еді де, алдауды көздеген деуге негіз болмас еді. Демек, өнімді буып, жәшікпен, себетпен не қаппен тұтас сатқанда, бетіне сапалысын салып, кемшілігін сатып алушыдан жасыру – харам. Үстіңгі және астыңғы тауардың сапасында елеулі айырма болса, сатып алушы мәмілені бұза алады. Болмашы айырма мұндай құқық бермейді, өйткені саудада тараптардың бірі аздап ұтылуы қалыпты саналады.
Кей ғалымдар осы хадиске сүйеніп, елге сыйлы, ізгі адамдардың да сауда үшін базарға баруын сүннет санаған. Имам Мәлик: «Бұрын адамдар базарға шығып, сол жерде бас қосып отыратын. Ибн Омар да базарға жиі барып отыратын», – деген. Яхия ибн Сағид: «Сағид ибн әл-Мусайяб пен Ибн Омар азат еткен Сәлимнен кейбір риуаяттарды екеуі базарда сұхбаттасып отырған кезде алдым», – дейді. Мұны сахаба Абдулла ибн Буср ән-Насри (р.а.) туралы мына риуаят та қуаттайды: «Ол жұма намазынан соң мешіттен шығып, базарды бір аралап келетін де, мешітке қайта кіріп, құлшылығын жалғастыратын. Одан “Неге бұлай істейсің?” деп сұрағанда: “Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осылай істегенін көргенмін”, – деп жауап берген».
- 1Бұхари, «Буюғ», 19-тараудың тақырыбы. Ибн Мәжа, «Тижарат», №2246 (мағыналас нұсқа).