Хадис

Кутуб ситтә, № 2566

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
357. Құптан намазы
Нөмірі
№ 2566 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 5
2566
Кутуб ситтә, № 2566 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ: بَعَثَ رَجُلًا عَلَى سَرِيَّةٍ وَكَانَ يَقْرَأُ لأَصْحَابِهِ فِي صَلَاتِهِمْ فَيَخْتِمُ بِقُلْ هُوَ اللَّهُ أَحَدٌ. فَلَمَّا رَجَعُوا ذَكَرُوا ذَلِكَ لِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ، فَقَالَ: سَلُوهُ لِأىِّ شَىْءٍ يَصْنَعُ ذَلِكَ؟ فَسَأَلُوهُ. فَقَالَ: لِأَنَّهَا صِفَةُ الرَّحْمَنِ، فَأَنَا أُحِبُّ أَنْ أَقْرَأَ بِهَا: فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أخْبِرُوهُ أَنَّ اللَّه تَعَالَى يُحِبُّهُ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бір адамды әскер жасағына басшы етіп жіберді. Ол серіктеріне намаз оқытқан сайын қырағатын ﴿قُلْ هُوَ ٱللَّهُ أَحَدٌ﴾ “Былай деп айт: Ол Алла жалғыз!” деп басталатын “Ықылас” сүресімен аяқтайтын. Қайтып келгенде, серіктері бұл жайды Алла елшісіне (с.а.с.) айтты. Ол: “Одан мұны неге істейтінін сұраңдар”, – деді. Сұрағанда, әлгі кісі: “Бұл сүреде Рахманның сипаттары баяндалған. Оны оқығанды жақсы көремін”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Оған Алла Тағаланың өзін жақсы көретінін хабарлаңдар”, – деді».1

Түсіндірме

Бұл хадисте бірнеше мәселе қозғалған:

• Бір рәкатта зәм сүре ретінде екі не одан да көп сүре оқуға болады. Мұны осы риуаяттың өзінен байқауға болады: жасақ басшысы әр рәкаттың соңында «Ықылас» сүресін оқыған. Мұны Ибн Аббас пен Әнәстен жеткен риуаяттар және Нафиғтың №2564 риуаяты да қуаттайды. Бұхаридегі Әнәс хадисі сол оқиғаның басқа нұсқасы болуы да, бөлек оқиға болуы да мүмкін. Соңғы ықтимал басымырақ.2

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Ансардан бір кісі Құба мешітінде жұртқа имам болатын. Ол әр рәкаттың қырағатын “Ықылас” сүресінен бастап, содан кейін басқа сүре оқитын. Намаздың соңына дейін осы тәртіпті ұстанатын. Серіктері оған: “Қырағатты ‘Ықыласпен’ бастап, оны жеткіліксіз көргендей тағы бір сүре қосасың. Не соны ғана оқы, не оны қойып, басқа сүре оқы. Бір рәкатта екеуін қатар оқыма”, – деді. Имам: “Мен оны тастамаймын. Осылай оқытқанымды құптасаңдар, имамдық ете беремін. Ұнамаса, имамдықтан бас тартамын”, – деді. Жамағат оны араларындағы ең абзал кісі санап, басқа біреудің имам болуын қаламады. Алла елшісі (с.а.с.) оларға соққанда, болған жайды баяндап берді. Ол имамды шақырып: “Уа, пәленше! Серіктеріңнің айтқанын неге істемейсің? Осы сүрені әр рәкатта оқуыңа не себеп?” – деп сұрады. Ол: “Бұл сүрені жақсы көремін”, – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Оған деген сүйіспеншілігің сені жәннатқа кіргізеді”, – деп сүйіншіледі».

Бұл кісі Күлсум ибн әл-Һидам болған деседі. Риуаят бір рәкатта зәм сүре ретінде екі бөлек сүре оқуға болатынын қуаттайды. Бұл жайында өзге риуаяттар да бар.

• Екінші мәселе – намаздың барлық рәкатында бір сүрені қайталап оқу.

• Тағы бір мәселе – намазда сүрелерді Құрандағы реттен өзгеше оқу. Әр рәкаттың соңында не басында «Ықылас» сүресі оқылғанда, сүрелердің Құрандағы реті сақталмайды. Ибн Хажар риуаяттарда мұның өзге мысалдары да барын айтады. Фиқһ ғалымдары сүрелердің реті уахимен белгіленгеннен гөрі сахабалардың ижтиһадына сүйеніп қалыптасты деп қарағандықтан, қырағатта сол ретті бұзуға қатаң қарамаған.

Мәселен, шафиғилер мен мәликилер сүрелердің Құрандағы ретін сақтауды абзал санаған. Ханафилер мен ханбалилер ретті бұзуды мәкрүһ деген.

  1. 1Бұхари, «Азан», 106, «Таухид», 1. Мүслим, «Салат», 263 (№813). Нәсәи, «Ифтитах», 69 (2/171). Ибраһим Жанан, «Кутуб-и ситтә тәржүмә уә шәрхи», 8-том, 427–428-бет.
  2. 2Ибн Хажар риуаяттардағы айырмашылықтарды ескеріп, мұнда екі бөлек кісі айтылған деген. Бірі «Ықыласты» қырағаттың басында, екіншісі соңында оқыған. Бірі жәннатпен, екіншісі Алланың сүйіспеншілігімен сүйіншіленген.