Хадис

Құптан намазы

Кутуб ситтә, 7-том, 357-тарау · 8 хадис · № 2562–2569

Хадистер

2562
Кутуб ситтә, № 2562 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Бурайда

عَنْ بُرَيْدَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَقْرَأُ فِي الْعِشَاءِ الْآخِرَةِ وَالشَّمْسِ وَضُحَاهَا وَنحْوَهَا مِنَ السُّوَرِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Бурәйдә (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) құптан намазында ﴿وَٱلشَّمْسِ وَضُحَىٰهَا﴾ “Күнге және оның шұғыласына серт!” деп басталатын “Шәмс” сүресін және соған ұқсас сүрелерді оқитын».1

Түсіндірме

Бұл риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) құптан намазында ең ұзын сүрелерді оқымай, көлемі «Шәмс» сүресіне шамалас сүрелерді оқығанын көрсетеді. «Сахихайндағы» бір риуаятта құптанды тым созбау керегі ескертілген. Алла елшісі (с.а.с.) Мұғаздың (р.а.) құптанда ұзын сүре оқығанын естіп, оны шақырды: أَتُرِيدُ أَنْ تَكُونَ يَا مُعَاذُ فَتَّانًا؟ إِذَا أَمَمْتَ النَّاسَ فَاقْرَأْ بِالشَّمْسِ وَضُحَاهَا وَسَبِّحِ اسْمَ رَبِّكَ الْأَعْلَى وَاللَّيْلِ إِذَا يَغْشَى. «Уа, Мұғаз, жұртты сынаққа салғың келе ме? Жұртқа имам болғанда “Шәмс”, “Ағла” және “Ләйл” сүрелерін оқы», – деді. Бұл риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) құптанда осы сүрелерді және соларға шамалас сүрелерді оқығанын білдіреді.

  1. 1Тирмизи, Салат: 231, (309); Нәсәи, Ифтитах: 71, (2, 173).
2563
Кутуб ситтә, № 2563 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Бәра

وَعَنِ الْبَرَاءَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ: كَانَ فِي سَفَرٍ فَصَلَّى الْعِشَاءَ الْآخِرَةَ فَقَرَأَ فِي إِحْدَى الرَّكْعَتَيْنِ بِالتِّينِ وَالزَّيْتُونِ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ. وَزَادَ الشَّيْخَانِ: «فَمَا سَمِعْتُ أَحَدًا أَحْسَنَ صَوْتًا أَوْ قِرَاءَةً مِنْهُ ﷺ».

Қазақша аудармасы

Бәра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бір сапарда құптан намазын оқыды. Екі рәкаттың бірінде ﴿وَٱلتِّينِ وَٱلزَّيْتُونِ﴾ “Інжірге және зәйтүнге серт!” деп басталатын “Тин” сүресін оқыды».1

«Сахихайнда» мына сөз қосылған: «Одан дауысы әдемі, одан көркем қырағат оқыған жанды кездестірмедім».

  1. 1Бұхари, Азан: 100, 102, Тәфсир, Тин 1, Тәухид: 52; Мүслим, Салат: 175, (464); Муатта, Салат: 27, (1, 79-80); Әбу Дәуіт, Салат: 275, (1221); Тирмизи, Салат: 231, (310); Нәсәи, Ифтитах: 72, (2, 173).
2564
Кутуб ситтә, № 2564 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ نَافِعٍ: «أَنَّ ابْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: كَانَ إِذَا صَلَّى وَحْدَهُ يَقْرَأُ فِي الْأرْبَعِ جَمِيعًا فِي كُلِّ رَكْعَةٍ بِأُمِّ الْقُرْآنِ وَسُورَةٍ مِنَ الْقُرْآنِ. وَكَانَ يَقْرَأُ أَحْيَانًا السُّورَتَيْنِ وَالثَّلَاثَ فِي الرَّكْعَةِ الْوَاحِدَةِ مِنْ صَلَاةِ الْفَرِيضَةِ».

Қазақша аудармасы

Нафиғ былай дейді: «Ибн Омар (р.а.) жеке намаз оқығанда төрт рәкаттың әрқайсысында “Фатихамен” бірге Құраннан бір сүре оқитын. Кейде парыз намаздың бір рәкатында екі-үш сүрені қатар оқитын. Ақшамның алғашқы екі рәкатында да “Фатихамен” бірге бір-бір сүре оқитын».1

  1. 1Муатта, Салат: 26, (1, 79).
2565
Кутуб ситтә, № 2565 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Амр ибн Шұғайыб әкесі арқылы атасынан

وَعَنْ عَمْرٍو بْنِ شُعَيْبِ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ قَالَ: «مَامِنَ الْمُفَصَّلِ سُورَةٌ صَغِيرَةٌ وَلَا كَبِيرَةٌ إِلَّا قَدْ سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَؤُمُّ بِهَا النَّاسَ فِي الصَّلَاةِ الْمَكْتُوبَةِ» أَخْرَجَهُمَا مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Амр ибн Шуғайб әкесінен, ол өз әкесінен мына сөзді жеткізген: «Алла елшісінің (с.а.с.) жұртқа парыз намаз оқытқанда ұзын-қысқасына қарамай, муфассал сүрелердің бәрін оқығанын естідім».1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», 133 (№814). Ибраһим Жанан бұл риуаяттың «Муаттада» кездеспейтінін ескерткен.
2566
Кутуб ситтә, № 2566 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ: بَعَثَ رَجُلًا عَلَى سَرِيَّةٍ وَكَانَ يَقْرَأُ لأَصْحَابِهِ فِي صَلَاتِهِمْ فَيَخْتِمُ بِقُلْ هُوَ اللَّهُ أَحَدٌ. فَلَمَّا رَجَعُوا ذَكَرُوا ذَلِكَ لِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ، فَقَالَ: سَلُوهُ لِأىِّ شَىْءٍ يَصْنَعُ ذَلِكَ؟ فَسَأَلُوهُ. فَقَالَ: لِأَنَّهَا صِفَةُ الرَّحْمَنِ، فَأَنَا أُحِبُّ أَنْ أَقْرَأَ بِهَا: فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أخْبِرُوهُ أَنَّ اللَّه تَعَالَى يُحِبُّهُ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бір адамды әскер жасағына басшы етіп жіберді. Ол серіктеріне намаз оқытқан сайын қырағатын ﴿قُلْ هُوَ ٱللَّهُ أَحَدٌ﴾ “Былай деп айт: Ол Алла жалғыз!” деп басталатын “Ықылас” сүресімен аяқтайтын. Қайтып келгенде, серіктері бұл жайды Алла елшісіне (с.а.с.) айтты. Ол: “Одан мұны неге істейтінін сұраңдар”, – деді. Сұрағанда, әлгі кісі: “Бұл сүреде Рахманның сипаттары баяндалған. Оны оқығанды жақсы көремін”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Оған Алла Тағаланың өзін жақсы көретінін хабарлаңдар”, – деді».1

Түсіндірме

Бұл хадисте бірнеше мәселе қозғалған:

• Бір рәкатта зәм сүре ретінде екі не одан да көп сүре оқуға болады. Мұны осы риуаяттың өзінен байқауға болады: жасақ басшысы әр рәкаттың соңында «Ықылас» сүресін оқыған. Мұны Ибн Аббас пен Әнәстен жеткен риуаяттар және Нафиғтың №2564 риуаяты да қуаттайды. Бұхаридегі Әнәс хадисі сол оқиғаның басқа нұсқасы болуы да, бөлек оқиға болуы да мүмкін. Соңғы ықтимал басымырақ.2

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Ансардан бір кісі Құба мешітінде жұртқа имам болатын. Ол әр рәкаттың қырағатын “Ықылас” сүресінен бастап, содан кейін басқа сүре оқитын. Намаздың соңына дейін осы тәртіпті ұстанатын. Серіктері оған: “Қырағатты ‘Ықыласпен’ бастап, оны жеткіліксіз көргендей тағы бір сүре қосасың. Не соны ғана оқы, не оны қойып, басқа сүре оқы. Бір рәкатта екеуін қатар оқыма”, – деді. Имам: “Мен оны тастамаймын. Осылай оқытқанымды құптасаңдар, имамдық ете беремін. Ұнамаса, имамдықтан бас тартамын”, – деді. Жамағат оны араларындағы ең абзал кісі санап, басқа біреудің имам болуын қаламады. Алла елшісі (с.а.с.) оларға соққанда, болған жайды баяндап берді. Ол имамды шақырып: “Уа, пәленше! Серіктеріңнің айтқанын неге істемейсің? Осы сүрені әр рәкатта оқуыңа не себеп?” – деп сұрады. Ол: “Бұл сүрені жақсы көремін”, – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Оған деген сүйіспеншілігің сені жәннатқа кіргізеді”, – деп сүйіншіледі».

Бұл кісі Күлсум ибн әл-Һидам болған деседі. Риуаят бір рәкатта зәм сүре ретінде екі бөлек сүре оқуға болатынын қуаттайды. Бұл жайында өзге риуаяттар да бар.

• Екінші мәселе – намаздың барлық рәкатында бір сүрені қайталап оқу.

• Тағы бір мәселе – намазда сүрелерді Құрандағы реттен өзгеше оқу. Әр рәкаттың соңында не басында «Ықылас» сүресі оқылғанда, сүрелердің Құрандағы реті сақталмайды. Ибн Хажар риуаяттарда мұның өзге мысалдары да барын айтады. Фиқһ ғалымдары сүрелердің реті уахимен белгіленгеннен гөрі сахабалардың ижтиһадына сүйеніп қалыптасты деп қарағандықтан, қырағатта сол ретті бұзуға қатаң қарамаған.

Мәселен, шафиғилер мен мәликилер сүрелердің Құрандағы ретін сақтауды абзал санаған. Ханафилер мен ханбалилер ретті бұзуды мәкрүһ деген.

  1. 1Бұхари, «Азан», 106, «Таухид», 1. Мүслим, «Салат», 263 (№813). Нәсәи, «Ифтитах», 69 (2/171). Ибраһим Жанан, «Кутуб-и ситтә тәржүмә уә шәрхи», 8-том, 427–428-бет.
  2. 2Ибн Хажар риуаяттардағы айырмашылықтарды ескеріп, мұнда екі бөлек кісі айтылған деген. Бірі «Ықыласты» қырағаттың басында, екіншісі соңында оқыған. Бірі жәннатпен, екіншісі Алланың сүйіспеншілігімен сүйіншіленген.
2567
Кутуб ситтә, № 2567 · тараудағы реті: 6

وَعَنْ شَقِيقٍ بْنِ سَلَمَةَ قَالَ: «جَاءَ رَجُلٌ إِلَى ابْنِ مَسْعُودٍ فَقَالَ: إِنِّي أَقْرَأُ الْمُفَصَّلَ فِي رَكْعَةٍ. فَقَالَ ابْنُ مَسْعُودٍ: أَهَذًّا كَهَذِّ الشِّعْرِ، وَنَثْرًا كَنَثْرِ الدَّقَلِ؟ لَكِنَّ النَّبِيَّ ﷺ كَانَ يَقْرَأُ النَّظَائِرَ السُّورَتَيْنِ فِي رَكْعَةٍ: الرَّحْمَنَ وَالنَّجْمَ فِي رَكْعَةٍ. وَاقْتَرَبَتْ وَالْحَاقَّةَ فِي رَكْعَةٍ، وَالطُّورَ وَالذَّارِيَاتِ فِي رَكْعَةٍ، وَإِذَا وَقَعَتْ وَنُونَ فِي رَكْعَةٍ، وَسَأَلَ سَائِلٌ وَالنَّازِعَاتِ فِي رَكْعَةٍ، وَوَيْلٌ لِلْمُطَفِّفِينَ وَعَبَسَ فِي رَكْعَةٍ، وَالْمُدَّثِّرَ وَالْمُزَّمِّلَ فْي رَكْعَةٍ، وَهَلْ أَتَى وَلَا أُقْسِمُ بِيَوْمِ الْقِيَامَةِ فِي رَكْعَةٍ. وَعَمَّ يَتَسَاءَلُونَ وَالْمُرْسَلاتِ فِي رَكْعَةٍ، وَالدُّخَانَ وَإِذَا الشَّمْسُ كُوِّرَتْ فِي رَكْعَةٍ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ. وَهَذَا لَفْظُ أَبِي دَاوُدَ، وَقَالَ هَذَا تَأْلِيفُ ابْنِ مَسْعُودٍ، وَذَكَرَهُ عَنْ عَلقَمَةَ وَالْأسْوَدَ وَلَمْ يَذْكُرِ الْبَاقُونَ السُّورَ. وَالْمُرَادُ «بِالهَذِّ» سُرْعَةُ الْقِرَاءَةِ وَالْعَجَلَةِ فِيهَا». «الدقلُ» رَدِيءُ التَّمْرِ فَلَا يَجْتَمِعُ ليُبْسِهِ وَرَدَاءَتِهِ. وَ«النَّظَائِرُ» جَمْعُ نَظِيرَةٍ وَ هِيَ: الْمِثْلُ وَ الشِّبْهُ.

Қазақша аудармасы

Шақиқ ибн Сәләма былай дейді: «Бір адам Ибн Мәсғудқа келіп: “Бір рәкатта муфассал сүрелердің бәрін оқимын”, – деді. Ибн Мәсғуд (р.а.): “Өлеңді судыратқандай, жарамсыз құрманы шашқандай асығып оқисың ба? Пайғамбар (с.а.с.) бір рәкатта бір-біріне ұқсас екі сүрені оқитын: бір рәкатта ‘Рахман’ мен ‘Нәжмді’, бір рәкатта ‘Қамар’ мен ‘Хаққаны’, бір рәкатта ‘Тур’ мен ‘Зәриятты’, бір рәкатта ‘Уақиға’ мен ‘Қаламды’, бір рәкатта ‘Мағариж’ бен ‘Назиғатты’, бір рәкатта ‘Мутаффифин’ мен ‘Абәсаны’, бір рәкатта ‘Мүддәссир’ мен ‘Мүззәммилді’, бір рәкатта ‘Инсан’ мен ‘Қияметті’, бір рәкатта ‘Нәбә’ мен ‘Мурсәлатты’, бір рәкатта ‘Духан’ мен ‘Тәкуирді’ оқитын”1, – деді».

Бұл – Әбу Дәуіт келтірген нұсқа. Ол: «Бұл – Ибн Мәсғудтың сүрелерді орналастыру реті», – деп, риуаятты Алқама мен Әсуадтан жеткізген. Өзге жинақтарда сүрелер аталмаған. «Һәзз» дегеніміз – қырағатты жылдам, асығыс оқу. «Дәқал» – құрғап, сапасы кеткендіктен бірікпей шашылатын нашар құрма. «Назаир» – «назираның» көпше түрі, «ұқсас, тең» деген мағына береді.

Түсіндірме

1. Ибн Мәсғудқа келіп, муфассал сүрелерді бір рәкатта оқығанын айтқан адамның Нәһик ибн Синан әл-Бәжәли екені Мүслимнің бір риуаятында анық аталады.

2. Муфассал сүрелердің қай сүреден басталатынына қатысты пікірлер №2555 хадистің түсіндірмесінде берілген.

3. Мүслимнің бір риуаятында Нәһик әңгімені Ибн Мәсғудтан бір сөздің оқылуын сұрап бастайды: «Уа, Әбу Абдуррахман, мына сөзді әлифпен оқисың ба, йамен оқисың ба? ﴿مِن مَّآءٍ غَيْرِ ءَاسِنٍ﴾ “суы әсте лайланбайтын һәм борсымайтын” деп оқисың ба, әлде مِنْ مَاءٍ غَيْرِ يَاسِنٍ деп пе?» Ибн Мәсғуд оның сұрағын құптамай: «Құранды тұтас меңгеріп, тек осы сөз ғана қалды ма?» – дейді. Әлгі адам муфассал сүрелерді бір рәкатта оқып шығатынын айтқанда, Ибн Мәсғуд қырағатты өлеңдей судыратып оқуды сөккен. «Судырату» деп аударылған «һәзз» сөзі асығып, тез-тез оқуды білдіреді. Ибн Мәсғуд мұндай қырағатты жарамсыз құрманың шашылуына ұқсатқан. Ол Құранның мағынасы мен рухына бойламай, ой жүгіртпей, тек тілмен асығыс оқуды айыптаған. Мұндай қырағат басқа риуаяттарда да сыналған: «Кей адамдар Құран оқиды, бірақ оқығаны кеңірдегінен әрі аспайды. Жүрекке жетіп, сонда орнықса ғана пайда береді».

4. «Ұқсас екі сүре» дегенде қандай ұқсастық меңзелген? Бір ғалымдар насихаты мен хикметі, енді біреулері аят саны шамалас деген. Ибн Хажар мағына ұқсастығы меңзелген деген пайымды қуатты пікірлердің бірі санаған.

5. Намаздың бір рәкатында бірден көп сүре оқуға болады. Риуаят екі сүрені қатар оқуға рұқсат екенін көрсетеді. Екіден көп оқуға да рұқсат. Пайғамбардың (с.а.с.) муфассал сүрелерді қатар оқығаны, сирек болса да «Бақара» тәрізді ұзын сүрелерді қосып оқығаны да риуаят етілген.

6. Құранды байыппен, мағынасына ой жүгіртіп оқу керек. Асығыс оқу – мәкрүһ.

7. Екі рәкатты намаздың екі рәкатында да қырағат мөлшері шамалас болғаны абзал. Таң намазының бірінші рәкатын ұзағырақ оқу абзал екені жоғарыда айтылды.

  1. 1Бұхари, Азан: 106, Фәдәилул-Құран: 6, 28; Мүслим, Мусафирин: 275, (822); Әбу Дәуіт, Салат: 326, (1396); Нәсәи, Ифтитах: 75, (2, 175, 176); Тирмизи, Салат: 422, (602).
2568
Кутуб ситтә, № 2568 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Әбу Зәрр

وَعَنْ أَبِي ذَرٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ: قَامَ حَتَّى أَصْبَحَ بِآيَةٍ؛ وَالْآيَةُ: إِنْ تُعَذِّبْهُمْ فَإِنَّهُمْ عِبَادُكَ. وَإِنْ تَغْفِرْ لَهُمْ فَإِنَّكَ أَنْتَ الْعَزِيزُ الْحَكِيمُ». أَخْرَجَهُ النِّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Зәрр (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) таң атқанша намазда бір ғана аятты қайталап оқыды. Ол аят мынау еді: ﴿إِن تُعَذِّبْهُمْ فَإِنَّهُمْ عِبَادُكَ وَإِن تَغْفِرْ لَهُمْ فَإِنَّكَ أَنتَ ٱلْعَزِيزُ ٱلْحَكِيمُ﴾ “Егер оларды азаптаймын десең, шүбәсіз, олар Сенің құлдарың. Ал егер оларды кешірсең, Сен ұлысың, һәм асқан даналық иесісің!”1».2

Түсіндірме

Бұл риуаят бір аятты әр рәкатта қайталап оқуға болатынын көрсетеді. Әр рәкатта әртүрлі аят немесе сүре оқыған абзал. Бұл жайында №2535 хадистің түсіндірмесінде айтылған.

  1. 1«Мәида» сүресі, 118-аят.
  2. 2Нәсәи, Ифтитах: 79, (2, 177).
2569
Кутуб ситтә, № 2569 · тараудағы реті: 8

وَعنْ أَبِي سَلَمَةَ «أَنَّ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: صَلَّى بِالنَّاسِ الْمغْرِبَ فَلَمْ يَقْرأْ فِيهَا فَلَمَّا انْصَرَفَ قِيلَ لَهُ مَا قَرَأتَ؟ قَالَ: كَيْفَ كَانَ الرُّكُوعُ وَالسُّجُودُ؟ قَالُوا: حَسَنًا. قَالَ لَا بَأسَ إذًا». أَخْرَجَهُ رزين.

Қазақша аудармасы

Әбу Сәләма былай дейді: «Омар (р.а.) жұртқа ақшам намазын оқытты. Намазда қырағат оқымады. Намаздан соң оған:

– Құран оқымадыңыз ғой, – деді.

– Рукуғ пен сәжде қалай болды? – деп сұрады ол.

– Жақсы болды, – деп жауап берді жұрт.

– Ендеше, намаз орындалды, – деді».1

Түсіндірме

Бәйхақи бұл хадисті намазда қырағатты ұмытқан адамнан қырағат міндеті түседі дегендер мен түспейді дегендердің пікірлері берілген тарауда келтірген. Хадис әлсіз. Басқа бір жолында Омардың (р.а.) сол намазды қайта оқығаны анық айтылады. Ғұламалар Алла елшісінің (с.а.с.) «“Фатиха” оқылмаған намаз толық емес» деген хадисіне сүйеніп, бұл риуаятпен амал етпеген.

Осы риуаят жайында сұрағанда, имам Мәлик: «Омар (р.а.) солай істеген деп ойламаймын, бұл хадисті де қабылдамаймын. Омар ақшам намазында солай істесе, жамағат оған бірден ескертер еді. Мұндай болуы мүмкін емес. Меніңше, кімде-кім солай істесе, өзінің де, оған ұйығандардың да намазы дұрыс болмайды», – деген.

  1. 1Рәзин қосқан риуаят. Бәйхақи оны «Сүнән» жинағында келтірген (2/381).