عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «فِي كُلِّ الصَّلَاةِ يُقْرَأُ فَمَا أَسْمَعَنَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ أسْمَعْنَاكُمْ، وَمَا أَخْفَى عَلَيْنَا أَخْفَيْنَا عَلَيْكُمْ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Әр намазда Құран оқылады. Алла елшісі (с.а.с.) бізге қай қырағатты естіртсе, біз де оны сендерге естіртеміз. Қай қырағатты іштей оқыса, біз де іштей оқимыз».1
Түсіндірме
Хадистегі «естірту» сөзі қырағатты дауыстап оқуды білдіреді. Мұсылман ғалымдары жұма мен таң намаздарында, ақшам мен құптанның алғашқы екі рәкатында қырағат жария оқылатынына бірауыздан келіскен. Ақшамның соңғы рәкаты, құптанның соңғы екі рәкаты, бесін мен екінтінің барлық рәкаты іштей оқылады.
• Айт намазы мен истисқа (жаңбыр тілеу) намазына қатысты пікірлер әртүрлі. Ханафи мәзһабы екі намазда да қырағат дауыстап оқылады деген.
• Түнгі нәпіл намазда қырағатты дауыстап та, іштей де оқуға болады. Күндізгі нәпіл намаздың қырағаты іштей оқылады.
• Күн не ай тұтылғанда оқылатын намаз түнге тап келсе, қырағаты жария, күндізге тап келсе, іштей оқылады.
• Жаназа намазы күндіз де, түнде де іштей оқылады. Түнде дауыстап оқылады деген пікір де бар.
• Құптан сияқты түнгі намаздың қазасын келесі күні дауыстап оқиды. Күндізгі намаздың қазасын іштей оқыған абзал. Дауыстап оқуға да болады.
• Бесін сияқты күндізгі намаздың қазасын күндіз өтесе, қырағатты іштей оқиды. Түнде өтесе, дауыстап оқыған абзал. Іштей оқуға да болады.
Бұл жердегі «іштей оқылады» және «дауыстап оқылады» дегендер сүннетті білдіреді. Тәртібі ауысып кетсе, намаз бұзылмайды әрі сәһу сәждесі қажет болмайды.
- 1Әбу Дәуіт, Салат: 129, (797); Нәсәи, Ифтитах: 58, (2, 163); Бұхари, Азан 104; Мүслим, Салат: 43, (396).