وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «بَاعَ حَسَّانُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ حِصَّتَهُ مِنْ بَيْرُحَاءَ مِنْ صَدَقَةِ أَبِي طَلْحَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، فَقِيلَ لَهُ: أَتَبِيعُ صَدَقَةَ أَبِي طَلْحَةَ؟ فَقَالَ: أَلَا أَبِيعُ صَاعًا مِنْ تَمْرٍ بِصَاعٍ مِنْ دَرَاهِمَ؟». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.
Әнәс (р.а.) былай дейді: «Хассан (р.а.) Әбу Талханың (р.а.) садақаға берген Бәйруха бағынан өзіне тиген үлесті Мұғауияға жүз мың дирһамға сатты. Одан “Әбу Талханың садақасын сатып жатырсың ба?” деп сұрағанда, ол: “Бір сағ құрманы бір сағ дирһамға сатпас па едім?” – деді».1
Түсіндірме
Риуаяттарда айтылғандай, ﴿لَنْ تَنَالُوا الْبِرَّ حَتَّىٰ تُنْفِقُوا مِمَّا تُحِبُّونَ﴾ «Жақсы көрген дүниелеріңнен Алла жолында жұмсамайынша, ізгілікке жете алмайсыңдар»2 деген аят түскенде, сахабалар өздері жақсы көретін дүниелерінен садақа бере бастады. Әбу Талха суы тәтті, көлеңкесі саялы, көркімен Мәдинаға танылған Бәйруха бағын садақа етті. Көркі келіскен бұл баққа Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) де ара-тұра келіп тұратын. Әбу Талха аятта уәде етілген ізгілікке (биррге) жетуді қалап, ең жақсы көретін, ең құнды осы мүлкін Алла елшісінің жөн сілтеуімен туыстарына бөліп берді. Риуаятта сол бақтан Пайғамбарымыздың ақыны Хассанға (р.а.) да үлес тигені айтылады.
Кей деректерде Әбу Талха бақты уақыпқа берген делінеді. Алайда Хассанның өз үлесін сатуы бақтың туыстарына меншікке берілгенін аңғартады. Уақып мүлкін Хассанның (р.а.) сатуына рұқсат болмас еді. Дегенмен Әбу Талха бақты уақыпқа берерде «Үлесін сатуға мұқтаж болған адам сата алады» деп шарт қойған болса, кей ғалымдар мұндай шартты жарамды деп санайды. Әли (р.а.) және тағы бірқатар ғалым уақыпта мұндай шарт қоюға болады деген. Мұхаммед ибн әл-Хасан әл-Махзуми «Ахбар әл-Мәдина» еңбегінде Мұғауияның бақтағы сол үлеске жүз мың дирһам төлегенін жазады. Мұғауия (р.а.) сол жерге «Қасру Бәни Һудайла» деген атпен белгілі сарай салдырған.