Хадис

Кутуб ситтә, № 267

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
35. Сатып алуға және сатуға рұқсат етілмеген заттар
Нөмірі
№ 267 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 9
267
Кутуб ситтә, № 267 · тараудағы реті: 9

وَعَنْ رَجُلٍ مِنَ الْمُهَاجِرِينَ قَالَ: «غَزَوْتُ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ ثَلَاثًا أَسْمَعُهُ يَقُولُ: الْمُسْلِمُونَ شُرَكَاءُ فِي ثَلَاثٍ: فِي الْمَاءِ، وَالْكَلَإِ، وَالنَّارِ».

Қазақша аудармасы

Мұһажирлердің бірі былай дейді: «Алла елшісімен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бірге үш рет жорыққа қатыстым. Оның “Су, жайылым шөбі және от – мұсылмандарға ортақ үш нәрсе” дегенін естідім».1

Түсіндірме

Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осы үкім арқылы жаһилия дәуірінде кең тараған әдетті тоқтатты. Ол кезде біреу белгілі бір жайылымды өз малына ғана бөліп алып, өзгелердің ол жерге мал жаюына тыйым сала алатын. Алла елшісі иесіз жердің шөбін пайдалануға ешкім бөгет бола алмайтынын айтты. Ал біреудің жеріндегі шөпті немесе оның ыдысқа құйып алған суын иесінің рұқсатынсыз алуға болмайды.

Кей ғалымдар от дегенде тұтатуға жарайтын тас пен отын сияқты заттарды да түсінген. Олардың пікірінше, мұндай заттарды иен даладан алуға ешкім бөгет жасай алмайды. От тұтату үшін шоқ не соған ұқсас нәрсе сұраған адамды бос қайтаруға болмайды дегендер де бар.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Буюғ», 62 (3477); Ибн Мәжа, «Руһун», 16 (2473).